Сен тұр - мен айтайын!

Мұзға айналған көз жасы

  • Мұзға айналған көз жасы

    Мұзға айналған көз жасы

Он үш жасында темір торға түсіп, содан бері бесінші рет істі болып, ғұмырының жиырмадан аса көктемін, түрмеде өткізген кісіге: «Бала кезіңізден кінәдан айықпай келесіз. Қатені кім, қай жерден жіберді?» дегенімде: «Қате тәрбиеден кетті! Әкем мен анам ажырасты. Үйдегі үш ұл сүйікті әкеміздің бізді сатып кеткеніне сене алмадық. Өзімізді ешкімге керексіз сезініп, әке мейірімін үлкен жігіттерден іздедік. Олар бізді ұрлауға, тонауға, жеңіл табыс табуға үйретті. Анам да бізге көңіл бөлуден қалды. Содан бізді көше тәрбиеледі. Сөйтіп 13 жасымнан бері түрме екінші үйіме айналды» деп жауап беріп еді елуді еңсерген ер. Иә, дүниедегі ең ауыр және ең жауапты іс – адам өсіріп жетілдіру...


Бала титтейінен-ақ жарық әлем – әкенің жылы үні мен ана алақанының қасында түкке тұрмайтынын жан тәнімен ұғады. Мейірім таныта алмағандарға өкпелі ойдың жетегінде жүріп, жанұяда алмаған жылылықты жырақтан іздейді. Әлдекім арбаса – алданып, бәзбіреу көз жасын сүртсе – иланып, жақсы мен жаманды айыра алмастан жолдан қосылған жолшыбайдың жетегінде кете беретіні де сондықтан. Ал депрессияда жүрген адам айла асырғыш қулар үшін таптырмас олжа. Қалай да қақпанын құрып, қақпаға түсіру үшін бар амалын табады. Ал осындай айлакердің амалына алданғанын болары болып, бояуы сіңген соң ұққанда бәрі кеш...


Үйге барғым келмейді


Дәл қарсы алдымда отырған 15 жасар баланың анасы арнайы мектепке жиі іздеп келеді. Мұндағы балалардың жиі орындала бермейтін арманы да осы. Алайда Самат анасымен кездескен сайын сөзге келіп қалады. «Мені түсінбейді ол. Түсінгісі келмейді» деп қынжылды. Ол жақсы киініп жүру үшін өзі құралпы балаларды тонапты. 13 жасқа толған жылы ішуді үйренген. Соңыра мектепті қойып, көше кезіп жүрген баланы тәртіп сақшылары арнайы мектепке алып келіпті. Кетерінде жүзіме бұрыла қарап: «Мен осы мектептен тамақтың ыстық әрі тәтті болатынын, төсектің әппақ болатынын түсіндім. Үйіме барғым келмейді!» деді.


***


Өмірді енді танып, жауқазын гүлдей қауызын енді ашар шағында ойнақтап жүріп от басып, өмірдің тар жолында тайғақ кешкен балауса қыз көзін тіктей алмай ұзақ отырды. «Хат жазып берсем бола ма?» деді сосын қасында адам бары енді есіне түскендей жалт қарап. «Маған ба?» дедім мен әлденені дұрыс түсіне алмай қалдым ба деген оймен. «Жоқ,


адамдарға» деді ол күлімсіреп. Сәлден соң қолыма тиген хатта маржандай тізілген әріптің ар жағында 14 жасар талдырмаш қыздың тағдыры өксіп тұрғанын ұқтым...


Адамдарға хат


Менің жасым 14-те. Түсінгенім, ешқашан, ешкімге сенбеу керек. Менің өмірім тура бір ойын сияқты. Сол ойында үнемі мен ұтыла беремін. Өзім сүрген 14 жылда басымнан қызық та, қиын да сәттер өтті. Анам қасымда. Бірақ мен оның мейірімін көрмедім. Басқа аналар сияқты анам маған жылы сөз айтып, еркелеткен емес. Бойымда бір жақсы қасиет болса, мен оны бөтендерден үйрендім. Ата-ананың мейірімін көрмеу ең сорақы нәрсе ғой. Жалғыз сезінем өзімді. Жанымды ешкім түсінбейді, әлде түсінгісі келмейді. Ағам бар, әпкем бар. Бірақ олар да менен алшақ. Бақыт деген отбасының татулығы болса, демек менде бақыт жоқ...


«Өмір деген ағып жатқан бір өзен,


Сол өзенде бақыт іздеп келем мен». Бұл өз сөзім. Мен сол бала жүрегіммен бақыт іздеп жүріп, көршінің қыдырымпаз қызымен таныстым. Ол маған ішуді үйретті. Үйден қашып, көше кезіп, түнгі отырыстардың гүлі болуды үйретті. Иә, небәрі 13 жасымда. Дәл сол 13 жасымда өзімнен үлкен жігітке ғашық болдым. Ол мені шын сүйгеніне сенгенмін. Бірақ ол үйленіп кетті. Жігітім үйленген күні мен тамырымды кесіп, өлгім келді. Алайда аман қалдым... Ол қазір бақытты жан жары, баласы бар. Анда-санда әлеуметтік желіде хат алысып тұрамын. Бүлінген мен, менің тапталған қыз ғұмырым ғана...


Құрметті адамдар, балаларыңды жақсы көріңдерші! Әйтпесе олар өз бақытын іздеп жүріп мен сияқты адасып қалады. Мені алдымда жарқын болашақ күтіп тұр ма екен?! – деп аяқталыпты хат.


Иә, қапияда ақ мақтаға от тигендей күйік шалған тәні мен жанының жарасын, өзегін өртеген өкінішін осылай хатқа жазып ұсынды. Бірақ жас ғұмыр дертіне дауа таба алар ма екен?


Мұзға айналған көз жасы


Үлкен бөлмеде қырдың қызыл қызғалдағындай бір топ қыз мені күтіп отырды. Гүл ернінен ана сүті кебе қоймаған уыз қыздардың, уылжыған ғұмыры мен үріп ауызға салардай сұлулығын аядым. Жастықтың өзі сұлу. Ал мұндағы қыздар тіптен ажарлы. Жанарының жарқылы жаныңды қарып кетердей тап-таза, тұп-тұнық. Топ қыздың ішінен сытылып шыққан бірі «Сізбен оңаша сөйлескім келеді» деді.


Көкірегін қарс айырған өкініш өзегін өртесе керек, күрсініп салды. Иығын жапқан бұрымын саусағымен тарап отырып: «Мен туылған жылы анамның әпкесі қызын ұзатпақ болып, ұзату тойына дайындалып жатады. Той алдында қалыңдық үш сіңілісімен моншаға түседі. Сол той күні монша ішінде қалыңдықпен бірге үш сіңілісі бірдей уланып қайтыс болды. Анам әп-сәтте бар баласынан айырылған әпкесін аяп, мені балалардың орнын бассын деп ырымдап беріпті. Сол үйдің жалғыз қызы болып, үлде мен бүлдеге оранып, еркелеп өстім. Мен 13-ке толған жылы баққан анам өмірден озып, туған анам қолына алды. Бірақ мен өз анамды аңсадым. Туған анам маған тым суық. Бөтен. Менің маңдайымнан иіскесе, құшағына алса деп армандадым. Бірақ мұның бірі де болмады.


«Баққан ана» деген рас екен. Мені аялап өсірген адамның шын анам тырнағына да татымады. Өзегімді өртеген өкінішімді басу үшін дүкеннен ащы су алып іштім. Қабағым ашылмайтын. Бір күні үйге ремонт жасалып, ағам үй шаруасына көмектесетін қыздар ертіп келді. Ол қыздар маған жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетіп, құрақ ұшты. Басымнан сипап, еркелетіп, бар жағдайымды жасады. Жұмыстары біткен соң қыздар кетіп қалды. Мен осы үйге келгелі анамның орнын алмастырып, маңдайымнан иіскеп, мейірімін танытқан бойжеткендерді жақсы көріп қалған едім. Қимай қоштастым. Арада біраз күн өткен соң олар мені қайта іздеп келді. Сондағы қуанғаным-ай! Бірге қыдыратынымызды айтып, сыртқа ертіп шықты. Соңыра саунаға апарып, қомақты ақшаға сатып жіберді. Сол күннен бастап, мен саунада ер-азаматтардың қалауына қызмет еттім. Мені аз жігіт қалаған күні, оңдырмай ұратын. Ол жерден кері жол жоқ деп ойладым. Міне сөйтіп жезөкшеге айналдым... Ал мені туған адам неге мені іздемейді? Неге қоңырау шалмайды? Әкем ащы судың соңынан кеткен бейбақ еді, мені қайтсін?! Енді анам бар емес пе?... О дүниедегі шынайы анамның қасына барғым келіп, көп қабатты үйдің ұшар басынан секіруге бел будым. Алайда секіруге оқталған соңғы секундта өмір тәтті болып шығады... Неге Құдай алмайды мені?! Тірі өлікпін мен! Апа, қайдасың? Алып кетші мені!» деп көкірегіме басын қойып, солқылдай жылады. Қыздың көз жасынан ауыр не бар десеңші?! Бұдан арыға шыдай алмадым. Тағдыр тауқыметін арқалаған мекемеде әлдекім алқымымнан алып, атып ұрардай далаға атылдым.


Қарашада жауған қар жер бетін ақ гүлге орап алған шақ еді. Жол бойы құлазып, асығыс үйге келдім. Сырт киімімді шешуге оқталғанда жүрегім аунап түсті. Қыз жылаған иығым мұз болып қатып қалған екен...


Куралай Сейсенбеккызы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 461    Пікірлер: 0

жұма, 14.12.2018, 12:54

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Наурыз, 19:42
    Қайыршы болғым келеді
    18 Наурыз, 10:41
    Сөз түбі – тағдыр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31