Сен тұр - мен айтайын!

О кезде менің "орысшам" осындай тұғын

  • О кезде менің

    О кезде менің "орысшам" осындай тұғын

Бала кезімізде ауылдағы клубтың ең алдындағы орындықтарға жайғасып ап, ол бұйырмаса еденге малдасқұрып отыра кетіп киноның басталуын күтетінбіз. Бір уақтар болғанда киномеханиктің бөлмесінің маңдайындағы тесіктен залдың төріндегі қабырғаға жарық түсіп, кино басталады.


Бірден емес әрине, алдымен жазулары шығады. Оны "титр" деп айтатынын мұнда білдік қой. Кино басталғанша, балалар, сол жазуларды экранға шыққанын шыққанша "шемішкеше шағып", оқи бастаймыз. Ондайда балалар арасында "Кім бірінші оқып, үлкендердің көзіне түсер екен" деген ішкі бәсеке де жүріп жатады.

Әдетте тыныш жүретін мен сол күні қандай түлен түрткенін қайдам, экрандағы жазуларды оқу "жарысына" қатысып кеткенімді білмей қалыппын. "Бірдеңені білмесең, дұрысы, үндемеу керек" деген даналар сөзін о кезде кім үйретті дейсің маған. Жұрттың балалары шулап, экрандағы жазуларды бірінен кейін бірі оқып жатқан соң қайдан білейін, ақ қабырғаның бетіне жарқ ете қалған:


"С С С Р" деген жазуды көре салысымен:


"СЫ-СЫ-СЫ-СЫР" деп саңқ ете қалғам ғой. Жоқ, әлде "ЫС-ЫС- ЫС-ЫР" дедім бе екен? Не десем де, осы екеуінің біреуін бар даусыммен қарғаша қарқ еткіздім енді.


Сол сол-ақ екен, зал толы адам ду күлмесі бар ма. Әуелгіде "сонша күлгені несі?" дегендей аң-таң боп отырып қалдым. Сосын "не бүлдірдім?", "қай тұстан қате жібердім?" ойладым қапаланып.

Жұрттың ду ете түскен күлкісі бірте-бірте басылып, кейбіреулері ара-тұра әлі де кеңкілдеп отырған тұста біреу:


"ЕС-ЕС-ЕС-ЕР" деп оқылады ғой" деп құлағыма сыбырлады.


О кезде менің ата-бабаларымның ана тілінде С-ны, яғни Сы әрпін "ес-ес-ес" деп оқу тіл үндестігін бұзу болып табылады деп дауласу қайда, оған білім де, өмірлік тәжірибе де жеткіліксіз ғой, "сауатсыздығыма" құлағым қызарып, ұялып кеттім де, содан бастап мылқау адамша "титр" оқу деген бәлеге жоламайтын болдым.

Бірде тағы "қызық" болды. "Қызық" деп отырғаным қазір ғой, ал ол кезде көрші қыздың алдында бетімнің оты шыққаны бар.

Мамыр айы болатын. Бір мұғаліміміз "емтихан тапсырасыңдар" деп билеттің сұрақтарын жазғызды. Көркем жазудан бастауыш класта "4" пен "5" алғаным бар, жазуым жақсы. Кейін отызшақты сұрақтан тұратын оны ерінбей-жалықпай жаңа дәптерге қайта көшіріп шықтым. Бірақ... өліп-талып, әдемілеп қайта көшіргенімді қайтейін, бір класс жоғары оқитын көрші қыз жазғаныма бір қарады да:

- Белет емес, билет деп жазылады, - деп ала көзімен бір атты да, дәптерімді өзіме қайтарып берді. Үнінде "сырың белгілі болды" дегендей мысқыл бар. Дәптерімді де басымнан нұқығандай ғып па, әйтеуір жаман ғып қайтарып берді енді.

Бұдан да өлтіре салғаны жақсы еді. Дәл сол жерде қара жердің тесігі бар болса кіріп кетуге дайын ем, бірақ ондай тесік жоқ болғандықтан және түріме қарамай "қырындап" жүрген көрші қыздың сүйріктей саусақтарынан дәптерімді үндемей алдым да, үйге қарай сүмірейіп кете бардым.

Менің орнымда батылдау басқа бала болғанда "біз, қазақтар, "билет" дегенді "белет" деп айтамыз" деп дауласа кетер ме еді, ал мен болсам өзімнің "билет" деген сөзді қате жазғаныма, оны осы уақытқа дейін білмей келгеніме көңілім жаман қабартып, өте қатты ұялдым.

Қазір енді, "кітапты" әдейі "кітаб", "Москваны" әдейі "Мәскеу" деп жазатын жазушы көкелерімді оқып отырып, сол кезде, негізі, дұрыс оқып, дұрыс жазғанмын екен-ау деп өзімді өзім жұбатып қоям.


Көсемәлі Сәттібайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан


 




Көрілген: 414    Пікірлер: 0

жексенбі, 18.11.2018, 17:01

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Желтоқсан, 16:21
    Тәртіп бар еді ол кезде
    17 Қараша, 18:16
    Хиджап туралы нүкте
    11 Қараша, 19:42
    Несіне жылайсыздар?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31