Отбасылардың өзі екі бөлініп, екі жақтап күн көрудің қамына әбден кіріскен екен
Бүгін тағы бір досымнан шетелге барып жұмыс істеу туралы естідім. Оның айтуынша, бүгінде шекара асып, шетел барып, жақсы жалақы алып, жұмыс істеп келіп жатқан жастардың қатары күн сайын артып келеді. Жә, мақұл, шетел барып, жұмыс істедік делік, ал сол жақта, барған беті қалып қойып жатқандарды не істерсіз? Ертең осы елдің жүгін кім көтереді, халықтың саны қалай артады, дарындысы да, қарымдысы да кетіп жатса деген бір үрей сап ете қалды. Бір үзік ойдан арылып, әңгімесін ұзағынан тыңдауға бел будым. Ет асым уақыттан кейін өзімнің де көңілімнің құлазып, осы жетіспеушіліктен құтылғысы келетінін аңғарғандай болдым. Бүгінде шекара демесең, ел көріп, жер көріп, көз аясы кеңіп, көкірек көзі ашылып жатса, неге қолдамасқа деген тағы бір ой келеді. Осылай алуан ойдың жетегінде отырғанда, жаңағы досым өзінің құжаттары бітіп, соны қолына алып келе жатқанын сүйіншілеп жеткізді. Сасқанымнан балаңмен әйеліңді не істейсің деген сұрақты дүріс еткізіп қойып қалдым.
Олда барлық жағынан дайын екен. Олар бұл жақта квартира да тұра береді, мен өзім жұмыс істеп, олардың жағдайын жасап отырамын, жағыдайым жақсарғанда алып кетемін деді. Міне осылай отбасылардың өзі екі бөлініп, екі жақтап күн көрудің қамына әбден кіріскен екен. Енді бірдеңе айтудың қажеті шамалы екенін сезініп, ақ жол тіледім. Ішімнен е Аллам, осы отбасы үшін, жанын жалдап, әлемнің әр түкпірінде жүрген Қазақты аман қыла гөр, әлем тыныш болсыншы деген тілекті қайталай берді. Басқа не амал!
Нургайша Абдуахит
Фейсбуктегі парақшасынан