Сен тұр - мен айтайын!

Өзін өлердей сүйген жігітке тұрмысқа шығып, арбаны екеулеп сүйреу керек пе еді

  • Өзін өлердей сүйген жігітке тұрмысқа шығып, арбаны екеулеп сүйреу керек пе еді

    Өзін өлердей сүйген жігітке тұрмысқа шығып, арбаны екеулеп сүйреу керек пе еді

Түнде қызық болыпты...))) Күлейін десем құдайдан қорқып отырмын.


«Бір туыстың баласы қыз алып қашып келіп, түнімен алысып, көнбеген соң ақыры үйіне апарып тастауға мәжбүр болыпты» деген хабар естідім.


Иә, иә. Алғашында мен де сіздердей өре түрегелдім. Ойыма бірден небір #Неполчи #Живи, #Свободу пәленшеге келді.


Бірақ баламен, шешесімен, куә болған адамдармен сөйлесе келе ойландым.


Болмай қалған күйеу бала шешесімен, өгей әкесімен пәтерде. Тырбаңдап, еңбек етіп, жанын бағып жүрген пақырлар. Шешесі дүкенді жалға алып сауда жасайды. Өз әкесінен кем болмаған адам құрылыста. Бала күндіз жұмыста, кешке шаршаған шешесінің орнына отырып саудагер болады. Ана «құрбандық» қыз сол көшенің аяқ жағында тұрады.


Екеуінің қыз-бен жігіт болып жүргеніне 2 жыл болған. Тіпті үй бос болған кезде қона-жатып дегендей. Қыздың шешесі мен екі бауыры да (олар да Шаңырақта пәтер жағалаған қазақтар) хабардар. Ұлдың шешесі де батасын беріп қойып, «қашан үйленеді» деп күтіп жүр.

Бірақ аяғы осындай болды.


Іс насырға шабайын дегенде қыздың шешесіне мән-жайды айтып телефон соқса: «көнбесе алып келіңдер үйге» деген. Шыңғырып, шашын жұлып арпалысқан қыздан кешірім сұрап, жалынып жалпайып, үйіне апарса милиция күтіп тұрыпты. Әйтеуір, әупіріммен жағдайды әрең реттеп, таң ата үйіне қайтқан жігіттің шешесі жыларман.


«Екі жылдан бері берекемді кетірді бұл қыз. Балам кешке менің орныма отыра қалса жетіп келетін. Менен тығып бір, тықпай бір ақша береді. Теспей сорып жүргенін білсем де шыдадым. Жүретін қызы ғой, берсе - берсін дедім»


Өгей әкесі шыж-быж. «Әкең аузы, бұ жынды қыстай қыздың есігінің алдының қарын күрейтін. – Е еркегі жоқ үй деп қарайласқаны шығар, күресе - күресін деп қой демедік»


23 жастағы бала кеңірдегін жыртып өлейін деп жатыр. Сүйем мен оны, сүйем!())


Көлік ішінде ойбайлап жатқан қызды көндіруге кірген жеңгенің басу айтқан сөзіне қыз: «мен күйеуге тимеймін, мен үйімді асырап отырмын, ертең шешем мен екі жас бауырымның күні не болады» дегенді айтып қалыпты.


Сүйген қызымен сөзін пісірмеген аңқау бала жігіт пе кінәлі? Қу, пайдакүнем қыздың «сауын сиыры» болып келген оның обалы жоқ шығар? Әлде қыз тұрмыстың қамытын мойнына тым ерте киіп алған сормаңдай ма?


Жалпы, үйдің тауқыметін қыздың мойына арту дұрыс па?


Д.Исабековтың «Әпкесі» есіме түседі. Сол кезде сол әпке құрбандыққа бармаса да сол балалар жетілер еді. Мына өмірде қанша «әпкелер» жүр. Өзі сүйремесе арба сынып қалардай көреді, соған өлердей сенімді. Мұндай әпкелердің түбінде бағы ашылып кететіні некен-саяқ. Бақытын тапса да өткен күндегі «мать терезалығына» көп жерде өкінеді.


Жақын құрбым да тура солай «арба» сүйреді. Анасының бір жағына шығып, жүгін азайтам деп сүйген жігітінен айрылды. Бауырларын аяққа тұрғызам деп көп қызықтан құр қалды. Қолын мезгілінен кеш сермеді. Сол себепті толық бақыт бұйырмады.


Сол құрбымның галстук тағып, шіреніп суретке түсетін бауырларының суретін қазір инстаграмнан көрген сайын 2000 жылдардың басы есіме түседі. Бауырын оқыту, үйлендіруге деп айлығын алдын-ала жаздырып алып немесе несиеге кіріп, жұмысқа жаяу барып, бір пирожкимен жүрек жалғап жүретін кезі. Таңнан кешке дейін жұмыста зорығып жүретіні. Құдайдың мұғалімдерге берген жалғыз сыйы – ұзақ еңбек демалысында даяшы болып ақша табатыны. Сол кезде өзі қаталдау қараған жоғары сыныптың балалары әдейі келіп тапсырыс беріп, дөрекі қылық көрсететіні. Бұл бейбақ тәртіп бойынша, «клиенттікі дұрыс» деп иіліп қызмет етуге мәжбүр болатыны. Ызаға булығып соны маған түнімен әңгімелеп беретіні. Бәрі есімде. Басу айтатынмын. «Ертең бауырларың бір-бір үй болады. Сол кезде сенің маңдайыңа күн тигізбей аялайды әлі. Еңбегің жанады» деп. Сөйткен шығар деп үміттенем.


Мына қыз мүмкін дұрыс істеген шығар. Еркінен тыс алып қашқан жерді тас-талқан қылып, басына бостандығын алды. «Ұят» деп бұға беретін замандастарына үлгі болды.


Әлде... өзін өлердей сүйген, өзі де кет әрі емес жігітке тұрмысқа шығып, арбаны екеулеп сүйреу керек пе еді. Кім біледі, ақ босаға, ақ батадан көгеріп-көктеп, жолдары ашылып жүріп берер ме еді?


Жоқшылық десе 90-шы жылдардың соңы есіме келеді. Студент кезде екі жалаңаяқ үйленіп алып, қатты тарыққанымыз. Бір біз емес. Қатарластарымыздың барлығының басында болған жай бұл. Бәрі арбасын екеулеп сүйреді. Ауылдағы қара бақыр көрмей отырған ата-ана, шиеттей бауырларының да қамытын қоса киді.

Бірақ солардың қоңыз теріп кеткен ешқайсы жоқ. Алды ірі қызметте, арты тұрмысын түзеп алды.


Біреуді ақтап, біреуді қаралау емес мақсатым. Сіз қалай ойлайсыз?


Зәуре Зақанқызы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 3832    Пікірлер: 0

сейсенбі, 17.04.2018, 10:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Қазан, 11:40
    Мұғалім туралы әзіл
    27 Қыркүйек, 22:40
    Сонда мен чёрт болдым ба?
    16 Қыркүйек, 16:17
    "Я тебя тоже люблю",- деді
    14 Қыркүйек, 12:38
    Бізді тонап отырған кім?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31