Сен тұр - мен айтайын!

Перзенттеріңіз бар болса өз қолдарымен топырақ салып жер қойнына берсе екен

  • Перзенттеріңіз бар болса өз қолдарымен топырақ салып жер қойнына берсе екен

    Перзенттеріңіз бар болса өз қолдарымен топырақ салып жер қойнына берсе екен

ҚАЙРАН, ҚАРИЯ-АЙ!


(Әңгіме немесе өмірдің өзі сабақ)


Наурыз мерекесі таяп қалған күндердің бірі еді. Алматыдағы Абай, Момышұлы көшесінен жоғары қарай жаяу аяңдап бара жатқам. Алдымда рүкүкте тұрғандай таяғына сүйеніп алға қарай құлай еңкейген бір қария ілбіп кетіп барады екен. Сол қолындағы бірнеше пәкеті жерге тиіп кетпеу үшін шынтағын бүкірейген денесінен жоғары асыра иіп алыпты. Төмен салбыраған пакеттері соның өзінде бірде жерге тиер-тимес көтерілсе, бірде тротуарды сыпыра сырғиды.


Жалпы, көшеде қыйналып жүгін көтере алмай бара жатқан адамдарды жиі кездестірем. Жаным ашып, тым болмаса бара жатқан бағытымыз айырылысатын жерге шейін көмектесе қояйын десем, керек емес деп ат тонын ала қашады. Түсінем, қалада адамдар бір-біріне деген сенімін жоғалтқан. Ал енді мынау алдымдағы әрең жүріп келе жатқан қарияның жөні мүлдем бөлек. Сондықтан, бұл кісіні қуып жете бердім де: "Ақсақал, егер қарсы болмасаңыз, мен сізге кішкене көмектесейін, қаласаңыз үйіңізге шейін жүгіңізді апарысайын" дедім. Бетіме таңырқай бір қарады да, көп ойланбастан қолындағы пакеттерді маған ұсынды. Әжептеуір салмағы бар екен. Қария: "Пакеттерімнің жартысын көтеріссең жетеді, жартысын өзім алып жүрейін" деді. Мен онысына көнбей: "Ақсақал, бұларды көтерудің маған түк те қиындығы жоқ. Жүгіңізді мен алайын, ал сіз менімен қатарласып жүре беріңіз" дедім. Ол кісі қуана келіскендей болды. Күн тәп-тәуір жылы болатын, оның үстіне кәдімгідей қасқарайып қараңғы түсіп те қалған. Момышұлынан ары-бері өтіп жатқан көліктерден түскен жарықтан қарияның тершіген маңдайы жылтырап көрініп қалады. Сонысына қарағанда жүре-жүре малшына терлеген сияқты.

– Ақсақал, қайдан келе жатыр едіңіз, – дедім, жүрісімді баяулатып, ол кісіден озып кетпеуді ойлап.

– "Арыстан" базарынан.

– Соншама алысқа барған екенсіз ғой, өзіңіз шаршап та қалған сияқтысыз. Керек заттарыңызды анау "Магнумнан" сатып алуға болмас па еді?

– "Магнумда" бұлардың бірі де сатылмайды. Сатылған күннің өзінде базардағыдан әлдеқайда қымбат болар еді. Өзің білетіндей Наурыз мерекесі таяп қалды, сондықтан сый-сияпатымды ертерек әзірлеп қояйын дегенім ғой, балам!

– Ниетіңіз жақсы екен, сыйлықтарыңыздың тізімін жасап, үйдегі немерелеріңізді жұмсасаңыз мұнша қиналмас едіңіз.

– Иә, оның рас. Мен – жалғызбын. Біз тұратын үйді бұрын – "Ардагерлер үйі" деп атайтын. Қазақшалап айтқанда, қазір "Қарттар үйінде" тұрып жатырмын. Өзің айтқандай тізім жасап, жиған зейнетақымның бір бөлігін ұсынып, сондағы күтушілерге өтініш жасап көрдім. Сөзіме ешкім құлақ аса қоймағасын, өзім әкелейін деп шештім.

– Қалай ойлайсыз, айналаңызда тартуыңызды бағалайтын жандар бар ма өзі?

– Кім білсін, бәлкім бағалайтын адам жоқ та шығар! – осы сөзді айтқанда қария күмілжіп қалды.

– Онда несіне осыншама әурелендіңіз?

– Е балам. Мен әкеле жатқан тарту-таралғылардың бәрі де арзан. Бұларды өз шама-қарқымша сатып алдым. Сондықтан, бұларды менен алғанда айналамдағылар аса қуана қоймас. Бірақ, олар қуанбайды екен деп, қол қусырып қарап отыра алмаймын. Ең бастысы, мейрам күні мен өзіме ұнаған жандарға сыйлық беремін.

– Оныңызға қосылам, ақсақал, Алла ниетіңізге жеткізсін. Қолтығыңыздан кішкене демейін! – Мен оның сол қолтығынан оң қолыммен ұстадым да кішкене жоғарырақ көтеріп жүрдім. – Енді сізге жеңілдеу болды ма?

– Әрине, балам. Қолтығымның астына қанат біткендей жеңілдеп қалдым. Бейне ұшып келе жатқандаймын. Міне, біздің үйге жетіп те қалдық. Сыртқы қақпадан кіргізіп жіберсең болғаны, күзетханада аздап демалып алам да, ары қарай өзім бара берем.

– О не дегеніңіз, ақсақал. Күзетші рұқсат етсе, мен сізді үйіңіздің алдына шейін апарайын, егер де үстіңгі қабатта тұрсаңыз, заттарыңызды тұратын бөлмеңізге шейін кіргізіп беруге әзірмін.


Қақпаны жасы қырықтарды алқымдаған қазақ жігіт ашты.

– Бұл кісіге бүгін ешқайда бармай-ақ қойыңыз. Кеш болып қалды. Қараңғыға қалсаңыз жүруіңіз қиынға соғады. Ертең ертерек барыңыз – деп едім, базарға бүгін бармасам түнде ұйықтай алмаймын деп, мені тыңдамады. Үйіне шейін жеткізем десеңіз, ішке сізді де кіргізейін.

– Әрине, рахмет. Мен қарияны тұратын жеріне шейін жеткізіп салайын. Ақсақал, сіз үйіңізге жетіп алып бір-ақ демалыңыз. Мен сізді осылай демеп, заттарыңызды жеткізіп берейін, жарай ма?

– Жарайды, балам, өркенің өссін.

– Шаршамадыңыз ба?

– Жоқ, балам. Сен мені қолтығымнан демегелі бері ұшып-қонып келем. Әңгімеміз де жарасатын сиықты.

– Әңгіме сізден болсын, ақсақал. Өзіңіз жайлы бір ауыз болса да айтыңыз.

– ...

Қария өзі жайында тіс жармады, Наурыз мейрамына байланысты қысқаша әңгімеледі де қоя салды. Мен де ол кісіні қазбаламадым. Бір кездері осы "Ардагерлер үйіне" келіп, осында жатқан біраз қарттармен, мекеменің басшыларымен, күтушілерімен сұхбаттасқанымды, оны бір журналға жариялағанымызды айтпадым. Әсіресе бұл үйде сол жылдарда Білім және Ғылым министрінің орынбасарының да жатқанын айта алмадым. Кәрі қойдың жасындай қысқа ғұмыры қалған сол ақсамайлы аталар мен ақжаулықты әжелерге тек зейнетақы алған кезінде ғана бала-шаға, немерелерінің келгіштейтінін де айта алмадым. Ал сол қариялар ажал сағаты жетіп, қайтыс болғанда әлгі безбүйрек ұрпақтарының оларды жер қойнына беруден қашып, осы үйге жоламай қоятынын естігенде төбе шашымның шымырлап, қабырғама қатты батқанын да айта алмадым.


Қария үйге жетісімен сыртқы есіктен қайта беруімді өтінді. Мен оның заттарын ішке кіргізіп бердім. Кіре берісте ақ халатты жасамыстау әйел отыр екен. Ол бізге көңіл аудармады, мен сыртқа шығып кері қайтқанға шейін қолындағы ұялы телефоннан бас көтермеді.


Қайран, қария-ай! Наурыз мейрамына деп бар ынтаңызбен сатып алған тарту-таралғыңызды сыйлық ретінде алғандар шын ниеттен қуанса екен. Құдай тағалам сіздің Ұлы Мейрам құрметіне деп терлеп-тепшіп еткен еңбегіңізді сауаптан жазса екен! Әсіресе, егер де перзенттеріңіз бар болса, тым болмаса қайтыс болған сәтіңізде өзге біреулердің балалары сияқты теріс айналып кетпей, жаназаңызға қатысып, өз қолдарымен топырақ салып жер қойнына берсе екен.


Қайрат Дүйсен-Парман

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1061    Пікірлер: 0

сейсенбі, 27.03.2018, 12:14

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    7 Шілде, 17:43
    Өйткені, ол ОЛ ғой.

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31