Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

"Алмалы сайдағы" атты әскердің елесі

  • © 1zoom.ru

    © 1zoom.ru

Әңгіменің әлқисасын бастамай тұрып, бала кезімде болған бір оқиғаны еске ала кеткенді жөн көріп отырмын. Төмендегі жайтқа мұның да қатысы болуы мүмкін. Әлі есімде, 1983 жылдың тамыз айының соңы. Малшылар жайлаудан түсіп жатқан уақыт. Әкем колхоздың қойын бағатын болғандықтан жайлауға барып, таудан қойды айдасып түсу керек болды. Қой Тарбағатай тауының Шөпшібай деген жайлауында болатын. Таудың иір-қиыр жолымен қойды етекке айдап түсу кем дегенде бір күнді алатын шаруа. Әкем, оның көмекшісі және мен таңсәріден қойды жая айдап, ымырт үйіріле етекке түстік.


Түнемелікке тоқтаған жеріміз Алмалы сай деп аталады. Қойды иіріп, сонда қондық. Тау салқын. Киізді жартылай жамылып, ұйықтап кеткенбіз. Таң алдында дүңкілдеп атылған мылтық дауысын естігендей болдым. «Аң-құстан малды қорып, мылтық атып жүрген әкем болар» деп ұйқылы-ояу жатырмын. Мылтықтың дауысы үдей түсті. Жүздеген адам бірінен кейін бірі атып жатқан сын-ды. Тіпті, өзгешелеу тарсылдап атылған пулеметтің де дауысын естігендеймін. Айналамызда қым-қуыт атыс болып жатқандай. Ұрандаған дауыстар да естіліп қалды. Түсім болар деп ойлағанмын. Жоқ. Көзімді аштым. Таң бозымықтанып атып келе жатыр екен. Киізді сыпырып тастап басымды көтеріп, жан-жағыма қарағанмын. Әкем де, көмекшісі де ұйықтап жатыр. Қой орнында. Мылтықтың дауысы қайдан шықты деп жан-жағыма көз тастағанмын... Кенет, иә кенет кеше кешкісін қой айдап түскен соқпақпен он-он бес аттылы тауға өрлеп барады... Кейбірі мылтықтарын асынған, кейбіреуі қолдарына ұстаған, арттарына жалтақ-жалтақ қарайды. Соңдарынан біреу қуып келе жатқандай үркеді. Араларында жаралылары да бар сияқты. Атқа отырыстарынан-ақ көрініп тұр. Бәзбірінің бас киімін Буденовкаға ұқсаттым. Қып-қызыл жұлдыз көрініп тұр. «Қызыл әскерлер-ау» деймін ішімнен. Арып-ашқан топ көз алдымда тауға өрлеп барады. Менің бұл тұрысымды әкемнің дауысы бөліп жіберді. Сол-ақ екен, әлгі аттылы топ, көз алдымда сағымша ертіп, жоғалып жүре берді. «Балам, не болды?» деді әкем, кешегі өзіміз қой айдап түскен соқпаққа қарап, таңданысымды баса алмай тұрған маған. «Естіген жоқсыз ба, түнімен атыс болды. осы маңда. Ана жаққа бір топ қарулы адам өрлеп барады» дедім. Әкем маған бір, тау жолына бір қарады да, үндеген жоқ. Сосын темекісін тұтатты. «Саған да елес көрінген болар. Бұл сайға қонған адамдардың көбі сол бір елесті жиі көреді. Кезінде мен де көргенмін. Бұл сай қазір Алмалы сай атанғанымен кезінде «қанды өзек, ажал қақпасы» деп аталған. Сонау 1920 жылдары ақтың әскерлері, соның ішінде атаман Анненковтың қанішерлері осы жерді басып Қытайға өткен. Оларға қарсы «Таудың қызыл қырандары» деген партизан бөлімдері соғысқан. Партизандар осы тауды мекендеген. Оған әлі күнге осы таудың жар-жақпарларында жазылған жазулар, адам аттары куә. Осы біз қонған жерде анненковшылар партизандарға тосқауыл жасап қатты соғыс болыпты. Сол қырғында партизандардың жартысынан көбі қырылған екен. Содан бері осы жерде атыстың жаңғырығы, аттылы адамдардың елес-сұлбалары көзге шалынып қалады. Сенің көргенің сол болар. Бұл бір тылсым дүние ғой, біз біле бермейтін. Талай қыршын көктей солды. Солардың жан тапсырар алдындағы қиналысы болар, жұртқа елес болып көрініп жүрген. Бұл да бір құдіреттің күші». Осыны айтқан әкем мосыны құрып, шай қайнатуға кірісті. Дәл сол уақытта әкемнің айтқанына сенген жоқпын. Іштей «көзіме көрінген жын-пері болар» дедім де қойдым. Кейін ауылға келген соң, осы жөнінде сұрастырғанмын. Кейін Алмалы сайға байланысты небір аңызға бергісіз әңгімелерді естідім. Осы Үржар өңірінде құрылған «Таудың Қызыл қырандары» деген партизан бөлімдері болғанын, олар осы Тарбағатай тауында тұрғанын, ақтың әскерлерімен қалай соғысқанын білдім. Бірақ осы Алмалы сайда болған қанды қырғынның араға уақыт салып, жұрттың көзіне елес болып шалынатынына соншалықты сене қоймағанмын. Бірақ елестің болатынына енді сене бастағандаймын. Сөйтсем, Алмалы сайда көрінген көрініске ұқсас дүниелер әлемнің талай түкіпірінде бар екен.


...Елес толы мекенге жататын жердің бірі, әлемдегі үлкендігі жағынан үшінші орын алатын һәм Индонезия, Малайзия және Бруней секілді үш елдің иелегіне жататын Борнео аралындағы жалғыз жол. Халық оны «Өлім жолы» деп атайды. Осы жолмен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жапондар қолға түскен мыңдаған тұтқын ағылшын-австралия солдаттарын азаптап айдап өткен. Қалың жунглиді басып өтетін азап жолында жапондардың қорлық-зомбылығына шыдай алмай, мыңдаған тұтқындар шейіт болған. Әбден азаптап өлтірілген солдаттардың денесі айлап жол бойында ит-құсқа, құрт-құмырсқаға жем болып шашылып жатады екен. Арада жетпіс жыл өткен соң, кезінде тұтқын болып сол жолмен айдалған қазіргі уақытта отставкадағы майор Джон Таллох өткен күндерін есте қалдыру мақсатында сол жерге барып, «Өлім жолын» суретке түсірген екен. Бір таңғаларлық дүние, Джон Таллох бос жатқан жолды түсіргенімен, суретке азып-тозып, айдауда келе жатқан тұтқындардың сұлбасы шыққан. Бұл расында таңғалатын дүние еді. Джон мистикаға сенбейтін, реалист жан-тұғын. Бірақ суретке қарап, амалсыз өмірде сондай елестер болатынына шүбәлануға тура келген. Елес толы әскери жолдар әлемде жетерлік. Соның бірі, Ресейдің Иркутск облысымен Бурятия шектесетін жердегі Хамар-Дабан тауындағы Байкалск қаласына апаратын тау соқпағы. Жергілікті халық бұл жолды «өлім соқпағы», не болмаса «Шыңғыс хан жолы» деп атайды. Азамат соғысы тұсында, яғни, 1920 жылдары осы жолмен қызылдардан жеңілген ақтың генералы Каппеляның әскері кері шегінген. Қыстың қақаған суығында аштықтан және суықтан үсіп, әскердің тең жартысы осы жолда қалыпты. Өлгендерді жерлеуге ешкімнің мүмкіндігі болмаса керек-ті. Кейіннен осы маңға келген туристердің көбі белгісіз елестерді жиі көретіндігін айтқан. Тіпті, тау-тасты аралап жүргендер қару-жарақ, әскери орден-медальдар тауып алған. Тауып алғандарын жасырып, өздерімен бірге ала кеткен кейбір туристердің біразы түрлі бақытсыздықтарға тап болыпты...


Мұндай орындарды зерттей келе ғалымдар ондай жерлерді «әскери анамольды аймақ» деп атайтын болған. Мәселен, Великий Новгород қаласының маңындағы Мясной Бор деп аталатын орманды аймақ та осындай әскери қорқынышты мекенге жатады. Бір айта кетер жайт, бұл жерде 1942 жылы қызыл әскерлермен неміс-фашистердің арасында жан беріп, жан алысқан қанды қырғын болған. Сол қанды қасапта екі жақтан 1 миллионға тақау адам қаза болды. Орманды, батпақты жер болғандықтан қаза тапқандардың жартысынан астамы жерленбеген. Бәлкім, сол кезде жүріп жатқан қан майданда солдаттарды жерлеуге мүмкіндік болмаған да шығар. Қазіргі заманда еріктілерден құралған топтар сол соғыста қаза тауып, көмусіз қалғандардың шашылып қалған сүйектерін жиыстырып қайта жерлеу үстінде. Солардың айтқанына қарағанда, кейде түн ішінде қару асынған қызыл әскерлерді, ит жетектеп орман ішінде жүгірген неміс солдаттарының елестері жиі көрінеді екен. Тізе берсек, қанды қырғын болған аймақтарда осындай елестердің жиі байқалатындығы анықталған. Бірақ оның сыры неде? Әзірге ғалымдар нақты ештеңе айта алмауда. Бәлкім, 1983 жылы Алмалы сайда мен көрген елес те соның бірі болар.


Жалпы, бұл жұмбақ құбылысты парапсихологтар «хонтинг» деп атайды. Бұл термин «кейбір елестердің белгілі бір географиялық нүктеге байлануы» деген ұғымды білдіреді. Хонингтер қанды шайқастар өткен жерлерде жиі байқалатыны да сан түрлі ойларға жетелейді...




yvision.kz 




Көрілген: 1437    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 10.01.2018, 11:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы
    3 Шілде, 10:45
    Тағдыр құпиясы
    28 Маусым, 10:51
    Гипноз
    27 Маусым, 10:34
    Қос боз...
    26 Маусым, 10:46
    Ажал...
    21 Маусым, 09:02
    Көне күмбез құпиясы
    20 Маусым, 10:14
    Екі рет өлген жігіт
    19 Маусым, 10:40
    Судағы құбыжықтар
    6 Маусым, 11:05
    Түс көру және жору
    31 Мамыр, 10:53
    Елес зират...
    20 Мамыр, 17:01
    Күн мінажатханасы
    18 Мамыр, 11:16
    Өзге əлем

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31