Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Айнадан өзге бейнені көрем...

  • © planetatain.ru

    © planetatain.ru

Осы бір түсініксіз, қорқынышты жағдайдан қалай құтылу керектігін білмеймін. Мешітке де бардым, дәрігерлерге де көріндім, бірақ нәтиже болмай тұр. Сондықтан көптің бірінің кеңесі кәдеме жарап жатса деген оймен басыма түскен осы бір түсініксіз жағдайды «Алаш айнасы» оқырмандарының назарына ұсынып, кеңес күтем.


Негізі мұндай құбылыс алғаш рет 7-8 жасымда бой көрсеткен. Үшінші сыныпта оқып жүрген кезімде көрші үйдің қыздарымен ойнап отырғанбыз. Бір кезде менімен бір сыныпта оқитын көршінің қызы «Дана мына айнаның ішінде біреу отыр» деді. Қызық көріп, қолыма айнаны алып қарасам, айнада өз бейнеммен бірге тағы бір бейне тұр. Басқа қыздар да айнаға кезек-кезек қарап, өз бейнелерінен өзге ешқандай бейнені көрмегендерін айтты. Айнаны алып, қайта қарап едім ештеңе көрінбеді. Кешке жұмыстан келген ата-анама айтып едім, олар, маған елес көрінгенін, ол жайлы ұмыту керектігін айтты. Содан кейін ол туралы мүлде ұмытып кеттім. Одан кейін ондай жағдай қайталанған емес.


Қазір екі баланың анасымын. 5 және 3 жасар екі қызым бар. Екі жыл бұрын Қарағанды қаласына көшіп келдік. Осы жазда үй шаруаларын жасап жүргенімде қасыма 5 жастағы қызым келіп «мама ана жерде бір адам тұр» деді. Үйге біреу келген екен ғой деп есікке қарай жүрдім. Бірақ қызым «мына жақта» деп қонақ бөлмені көрсетіп, солай жүгіріп кетті. Ештеңені ұқпай, қонақ бөлмеге барсам ешкім жоқ. Қызым «әне» деп айнаны көрсетті. Айнаға қарап шошып кеттім. Айна бетінде баяғы бала кезімде көрген сол бір бейне тұр. Қызымды ертіп қонақ бөлмеден қашып шықтым. Бір жағынан қызым ол бөлмеге кірмесін деп, екіншіден өзім де қорқып, ол бөлменің есігін мықтап жауып қойдым. Күні бойы ол есікті қайта ашпадық.


Кешке жолдасым жұмыстан келген соң болған жайды айттым. Алайда жолдасым менің сөзіме сенген жоқ. Қайта мазақ етіп күлді. Мен шыдай алмай жылап жібердім. Менің жылағанымды көріп, сөзіме сенді ме, аяды ма, әйтеуір «шынымен бе?» деп қонақ үйге беттеді. Мен жолдасымның соңынан ердім. Ол қонақ бөлмеге кіріп, айнаға қарады. Ешқандай елестің жоқ екенін айтып, «келші, өзің қарашы» деді. Қорқыныштан денем дірілдеп тұрсам да, жолдасымның қасына барып, айнаға қарады. Расымен де ешкім жоқ. Айнада тек жолдасым екеуміздің бейнеміз ғана.


Сол бір жағдайдан кейін үйде балалармен жалғыз болғанда қонақ бөлмеге кірмеймін, кіре қалған жағдайда айнаға қарамайтын болдым. Кейіннен тіпті қонақ бөлмедегі айнаның бетін жауып қойдым. Сөйтіп жүргенде еңбек демалысым бітіп, жұмыс та басталып кетті. Бір күні бірінші, екінші сабағым жоқ болған соң жолдасымды жұмысқа шығарып салып, асықпай шәй ішіп болып жұмысқа жиналып жаттым. Жатын бөлмедегі айнаға қарап, боянып отырғам. Жерге түсіп кеткен памаданы алып, басымды көтергенде қорқыныштан жан дауысым шығып айғайлап жібердім. Айна бетінде баяғы бейне тұр. Есімді әрең жидым. Төсек жапқышты алып айнаның бетін жаптым да, киімдерімді алып балалар бөлмесіне барып асығыс киініп, жұмысқа кеттім. Сол күні жұмысым ерте бітті. Бірақ үйге баруға қорқып, жолдасымның балаларды бақшадан алып үйге келетін уақытын күтіп мектепте отырдым. Кешкі жеті шамасында үйге келдім. Жолдасым «қайда жүрсің, балаларға тамақ та дайындамапсың» деп реніш білдірді. Мен ештеңе деместен жылап жібердім.


Жолдасым «не болды, кім ренжітті?» деп сұрақты жаудырып жатыр. Жауап қатар шама жоқ, көз жасымды зорға тыйдым. Жолдасым не болғанын түсінбей дал «не болды, айтсайшы?!» деп бауырына қысты. Мен пана іздеп оның бауырына тығыла түсіп, көз жасқа тағы ерік бердім. Сәлден соң өзімді қолға алып, болған жайды айттым. Жолдасым үнсіз ойланып тұрды да, «бәрі жақсы болады» деп жұбатты. Жатын бөлмеге жолдасыммен бірге кіріп киім ауыстырып, тамақ істеуге кірістім. Мен тамақ істеп жүргенде жолдасым үйдегі айнаның бәрін балконға шығарып, орап тастапты. Тіпті балалар бөлмесіндегі шкаф бетіне орнатылған айнаны да алып тастапты. Тек жуынатын бөлмедегі айна қалыпты.


Айна біткеннің көзі құрыған соң желкемнен бір жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Алайда ол қуанышым ұзаққа созылмады. Ертеңінде таңертең тісімді ысып болған соң әдеттегіше айнаға қарадым. Айғай салып, жуынатын бөлмеден атып шықтым. Не болды деп жолдасым жүгіріп келді. Мен айнадан баяғы сол бейнені көргенімді айттым. Жолдасым ол айнаны да алып, балконға шығарып орап тастады. Жолдасымның не ойлағанын білмеймін, «ертең емшіге барайық» деді. Мен басымды изеп, келіскенімді білдірдім.


Ертеңінде емшіге бардық. Емші арғы аталарымыздың бірі елеусіз қалғанын, бұл соның аруағы екенін, аталарымызға арнап құран оқытуымыз керектігін айтты. Қой сойып, ас беріп, аталарымызға құран бағыштадық. Мешітке барып, арнайы құран оқыттық. Бірақ нәтиже болмады. Бір аптадан кейін дәрігердің қабылдауында бодым. Дәрігер жүйкені тыныштандыратын дәрі беріп, ештеңе ойламауға, көбірек дем алуға кеңес берді. Сосын жолдасым еңбек демалысын алып, дәрігердің кеңесі бойынша Қарқаралы маңындағы бір демалыс орнына барып, 10 күн демалып қайттық. Бірақ айнадағы бейнеден құтыла алмадым. Қазір айнаға қараудан қорқамын, өйткені сол бір бейне енді кез келген айнадан көрінетін болды.


Қазір шарасыз күйдемін. Біреулер басқа үйге көшіңдер деп кеңес берсе, енді біреулер мықты молдаға оқытылу керек дейді. Базбіреулердің «мынау жынданайын деген-ау» деген күдікпен қарайтынын да байқаймын. Мұндай күйді ешкімге де тілемеймін. Егер кімде-кім осындай жағдайға тап болып, одан арылған адамдар туралы есітіп-білген болса, сол жайлы айтса екен.

Автор: Дана ЕСІМБЕК

alashainasy.kz 




Көрілген: 1881    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

жұма, 08.09.2017, 10:12

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30