Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Бала кезімізде мазаратта болған қорқынышты оқиға

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Әрбір адамда балалық шақта бастан өткерген, естен кетпей қалған оқиғалар болады ғой. Менің де балалық шағымда сондай оқиғалар болған. Сол оқиғаның бірін «Алаш айнасы» редакциясына жолдап отырмын.


Бала кезіміздегі күнде ойнайтын қызықты ойынымыз қараңғы түскенге дейін «соғыс», қараңғы түскен соң «шпион» болатын. Кеш қараңғы түсе бастағанда соғыс тоқтайды. Бас командиріміз Түзел болатын. Ол ішіміздегі үлкеніміз, 7-сыныпта оқиды. Ал, біз алтыншы сыныпта оқимыз. Бәріміз соның айтқанына бағынамыз. «Неміс бол» десе неміс боламыз, «совет бол» десе совет боламыз. Үйге де Түзелден рұқсат болғанда ғана қайтамыз. Өйткені, егер кімде-кім айтқанын орындамаса, келесі күні ойынға қоспай қоятын. Сондықтан, бәріміз командирдың айтқанын бұлжытпай орындаймыз.


Түзел үлкен болған соң ба жоқ әлде қорықпай ма, әйтеуір шпион ойнағанда ауылға жақын орналасқан мазараттың ішіне кіріп тығылып қалатын. Қалғанының бәрін қолға түсіргенмен Түзелді ұстай алмаймыз. Өйткені біз мазаратқа жақын баруға қорқамыз. Сөйтіп, көбіне Түзелдің командасы жеңіп кететін. Жеңілген команда ертеңінде үйден нан, құрт, конфет алып келуі тиіс. Солай екі күн қатарынан жеңілген соң, біздің команданың капитаны Мырзабек Темірхан екеумізді оңаша шақырып алып, «біз де кешке шпион ойнағанда мазаратқа барып тығыламыз» деді. «Қорықсаңдар орынбасар етіп басқа балаларды қоям» деген соң, командирдің орынбасары лауазымынан айырылып қаламыз дедік пе әлде қорқақ деген атқа қаламыз дедік пе, әйтеуір келісім бердік.


Кешке соғыс бітіп, шпион басталды. Бұл жолы тығылу кезегі біздің командада. Күндіз келіскендей, ойын басталысымен Мырзабек, Темірхан үшеуміз мазаратқа қарай қаштық. Түгел болмаса, қарсылас команданың ізкесерлері мазаратқа кіре алмайды. Ал мына жақта ұсталғандарға поролді айтқызу үшін де Түзел керек. Сонан соң ол бізді мазаратқа тығылады деп ойламайды. Белгіленген уақытта команданың барлық мүшесі қолға түспесе, жеңеміз. Ойын шарты солай. «Шпион» басталысымен Мырзабек мазаратқа қарай жүгірді. Біз де оның соңынан еріп мазарат ішіне кіріп кеттік. Мырзабек мазараттың орта тұсына барып бірақ тоқтады. Бірлі-екілі темір қоршаумен қоршалған және қабырғасы бір метрдей етіп кірпішпен қаланған бейіттер болмаса, ол кезде біздің ауылда бейіттер қоршалмайтын. Сондай, қабырғасы кірпішпен қаланған бейіттің панасына барып тығылдық.


Алғашында еш қорыққан жоқпыз. Сәл тынығып, ентігімізді басқан соң бойды қорқыныш билей бастады. Дыбыс шығаруға қорқып, үнсіз жатырмыз. Бізге қорықпаңдар деп жүрген Мырзабекте де үн жоқ. Өзіміз тым-тырыс жатқан соң сыртқы дыбыстар анық есітіле бастады. Адамның күрсінген, ыңыранғаны секілді дыбыстар құлаққа келіп жатыр. Бір кезде Мырзабек «адамның жылағаны есітілді» деді. Оны Темірхан да құптады. Мен де адамның ыңыранған дауысын естігендей болдым. Жан-жақты бақыламақ болып басын көтерген Мырзабек жалма-жан қайта жата қалды. Мен қарсылас команданың балалары іздеп келген екен деп ойлағам. Оған қуандым да. Өйткені қасымызда Түзел болса қорықпаймыз. Алайда, олай болмай шықты.


Басын көтергенде Мырзабек анадай жердегі бейіттің үстінде шам жанып тұрғанын көріпті. Енді үшеуміз де басымызды көтеріп сол жаққа қарадық. Бір емес, бірнеше бейітте шам жанып тұр. Бойды одан сайын қорқыныш биледі. Мазараттан шығайық десек, жаңағы шам жанып тұрған бейіттер шығыс есік жақта. Бір кезде Темірхан «ананы қараңдар» деп қолын созып, қарсы жақты көрсетті. Қорқыныштан жылауға шақ қалдым. Қарсы жақта бізден 20-30 метрдей жерде ақ киімді кісілер мазарат ішін аралап жүр. Бірдеңе іздеп жүрген сияқты. Маған бізді іздеп жүрген сияқты көрінді.


Қорыққанымыз сонша бағанағы бейіт үстінде жанып тұрған шамды да ұмытып, мазараттан шығар қақпаға қарай жүгірдік. Мен жүгіру жағынан жақсы болатынмын. Алда Мырзабек, екінші мен, соңымызда Темірхан келеді. Темірхан ірі денелі және күшті еді. Бірақ толық болған соң шығар, тез жүгіре алмайтын. Қимыл-қозғалысы да епетейсіз еді. Бір сәтте алда келе жатқан Мырзабек тоқтай қалып, «ана жерде бірдеңе тұр» деп қақпа жақты көрсетті. Расымен де үлкен қарайған бірдеңе тұр. Отыра қалдық. Артымызға бұрылсақ Темірхан жоқ. Ақырын ғана Темірхан деп шақырдық. Еш дыбыс есітілмейді. Қаттырақ дауыстап, тағы екі-үш рет шақырдық. Бірақ Темірхан жауап қатпады. Темірханнан жауап болмаған соң кері жүрдік.


Бағанағы тығылған жерімізге жақындағанда қорыққаннан жүрегіміз жарыла жаздады. Ақ киінген екі кісі Темірханды екі қолынан жетектеп келе жатыр. Мырзабек екеуміздың айғайлап жылаған дауысымыз бір-бірімізден қатты шыққан болар. Айғайлап жылап, алды-артымызға қарамай қаштық. Мазараттың шығар қақпасының алдында тұрған дәу қара нәрсені де байқамай, Мырзабектің үйіне жетіп бірақ тоқтадық. Өксігіміз басылмай, сөйлей алмай тұрмыз. Біраз уақытта өзімізге келіп, болған жайды айттық.


Үшеуміздің әкелеріміз тағы төрт-бес көршілерді ертіп мазаратқа бет алды. Темірханның қай жерде қалғанын көрсетесіңдер деп бізді де ерткен. Барсақ, Темірхан мазарат қақпасынан 10-15 метр жерде ес-түссіз жатыр. Үлкен кісілер Темірханды үйіне алып келіп, дәрігер шақыртыпты. Темірханда ешқандай дене жарақаты да, дене қызуы да болмаған соң дәрігер таңның атуын күтуге кеңес беріп кетеді.


Темірхан ертеңінде көзін ашқанмен, сөйлей алмаған. Беті қисайып, көзі қылиланып қалыпты. Сонан соң ата-анасы оны аудандық ауруханаға апарып емдетті. Темірхан ауруханаға барған соң тілге келген. Ауруханадан шыққан соң да екі айдай беті қисайып, көзі қылиланып жүріп, кейіннен жақсы болып кетті.


Темірхан жақсы болып кеткен соң мазаратта не болғанын сұрадық. Ол бізден қалай қалып қойғанын білмейді. Жалғыз қалған соң қасына қайтыс болған атасы мен әжесі келіп, оны жетектеп мазараттан шығарып жібергенін ғана айтады. Басқа ештеңе есінде жоқ.


Жоғарғы сыныпта оқып жүргенде сүйектің құрамында фосфор болатынын, оның қараңғы мезгілде жарық шығаратын қасиеті бар екенін білдім. Сол кезде бейіт үстінде шам болып көрінген фосфордың жарығы ма екен деп ойлаймын. Мазараттың шығар қақпасы алдындағы дәу қара бейне сірә, қорыққанда көрінген елес болған-ау. Бірақ, осы күнге дейін, Темірханды жетектеп мазараттан шығарған ақ киімді кісілерге түсінік таба алмай қойдым.


Автор: Қалдар Көмекбаев

alashainasy.kz




Көрілген: 2032    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 25.09.2017, 10:11

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30