Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Беймәлім жаратылыс иесі атамнан баласын беруді сұраған екен

  • © Islam.kz

    © Islam.kz

Бала кезімде әкем өз әкесінің (атамның) басынан өткен оқиғаны айтып берген еді. Есейе келе сол оқиға жайлы талай ойладым, бірақ болған жағдайға еш түсінік таба алмадым. Сол оқиғаға әлі күнге түсінік таба алар емеспін. Атамның басынан өткен сол оқиғаны бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарына баяндап, бөлісуді жөн көрдім. Егер сондай оқиғалар туралы естіген кісілер болса, ойларымен бөлісер деп үміттенем.


Сегізінші сыныпта оқып жүргенде атам қайтыс болды. Негізі ол кісі өмірінің соңғы сәтіне дейін өте ширақ жүрді. Үнемі белдігіне қынға салынған пышақ тағып жүретін. Ал кейде өз-өзімен сөйлесіп, дауыс көтеріп ұрысып кететін. Кіммен, неге ұрысып жатқанын да біле бермейтінбіз. Ондай кездерде атамның жанына жақындауға қорқатынбыз. Өйткені, кей-кейде біреулермен қырық-пышақ болып ұрысып, тіпті белбеуінде тағулы тұрған қынынан пышағын суырып алып, «енді ешқайсысын бермеймін» деп бізге көрінбейтін әлдебіреулерге тұра ұмтылатын. Әлден уақытта барып басылатын. Әкемнің айтуынша, атам ондай күйге 60-шы жылдарда тап болған. Атамның сондай күйге тап болғаны жайлы әкем айтқан әңгімені басынан баяндайын.


Бір күні атам кеш болып қалған мезгілде көрші ауылдан келе жатады. Ауылға жақындап қалғанда жол бойында отырған, жас шамасы 4-5-тердегі қызды көреді. Адасып қалған болар деген атам, кімнің баласы екенін, мұнда қайдан келгенін сұрайды. Бірақ қыз бала жауап қатпайды. «Байғұс бала мылқау екен ғой, мына жерде қасқыр тартып кетер, ата-анасы іздеп жүрген шығар, ауылға барған соң ата-анасы да табылар» деп ойлаған атам қызды атына мінгестіріп, үйіне алып келеді. Үйге жеткенде қызды аттан түсірейін деп арт жағына қараса, қыз жоқ. Алғашында «жолда түсіп қалды ма» деп ойлайды. Бірақ қыз аттан құлап қалса, сезер еді. Демек мұның бір құпиясы болғаны. Атамның бойын үрей билейді. Кәлимасын қайтарып, аптығын басып, жан-жағына қарайды. Ешкім көрінбейді. Сосын үйге кіреді. Үйге кірген соң да атамның бойындағы үрей тарқамайды. Бір жағдайдың болғанын сезген әжем не болғанын сұрайды. Атам болған жағдайды айтып береді.


Ертеңінде, түнде ғана ойнап отырған әкемнің 9 жастағы қарындасы таңертең қатты ауырып тұрады. Не болғаны түсініксіз. Тілден қалып, көзін ашпайды. Науқастанған баланы қараған молда да, емші де нақты ештеңе айта алмайды. Жасаған ем-домдарының да көмегі болмайды. Атам мен әжемнің Алладан тілек тілеуден өзге амалдары қалмайды. Кеш болғанда, кенет атам өз-өзімен сөйлесіп, «бермеймін» деп жылай бастайды. Атамның мына күйін көріп қорқып кеткен әжем туыстарды шақыртады. Үйге келген үлкен кісілер «қызының ауырғаны жанына батқан болар» деп пайымдап, басу айтып, сабырға шақырады. Бірақ атам олардың сөзіне көңіл аудармастан «бермеймін» деп көкке қарап жылай береді. Әлден уақытта атам жылауын тоқтатып, өз-өзіне келеді. Үлкендердің «не болды?» деген сауалына «бір дауыс қызыңды бер деп сұрап қоймай жатыр» дейді. Сонда молда тұрып, «бұл шайтанның әрекеті, айтқандарына көнбе, бердім деп айтушы болма. Егер бердім десең қызыңнан айырыласың» дейді.


Бұл жағдай үш күн қайталанады. Кеш болысымен атам «бермеймін» деп жылай бастайды. Туыстары қасына жиналып «бермеймін де» деп атама қолдау көрсетіп отырады. Қатты шаршаған атам төртінші күні кеш батарда ұйықтап кетеді. Бір кезде қасында отырған туыстары атамның ұйықтап жатып «бердім» деген сөзін есітеді. Туыстары атамды жұлқып оятып «бермеймін де» дейді. Атам өң мен түстің арасында не болғанын білмей отырғанда анадай жерде ауырып ес-түссіз жатқан қызы «ух» деп күрсініп, жан тәсілім етеді. Әжемнің қызымайлап жылағанын көрген атам баласынан айырылып қалғанын кеш біледі. Жалма-жан « бермеймін» деп айғай салады. Бірақ, атам кешіккен еді. Сол кезде төрт күннен бері құлағына келіп жатқан «қызыңды бер» деген дауыс та тоқтайды.


Қызы қайтыс болған соң арадан 4-5 жыл өткенде атам тағы да өз-өзімен сөйлесіп, «енді ешқайсысын бермеймін» деп өзінен басқаның көзіне көрінбейтін белгісіз біреулермен ұрысуды бастайды. Ондай жағдай айына, кейде екі-үш айда қайталанып отырады. Кейін белгілі болғандай, құлағына «балаларыңның біреуін бер» деген дауыс қайта есітілерден бес-алты күн бұрын баяғы жол бойында кез болып, кенеттен ғайып болған 4-5 жасар қыз атамның түсіне кіреді. Түсінде сол қыз атамның қайтыс болған қызымен ойнап жүр екен. Сол түсті көрген соң көп ұзамай, атамнан баласының біреуін беруді сұраған дауыс қайта есітіле бастапты. Атам қынынан пышағын суырып алып, ұмтылғанда жаңағы дауыс сап тыйылады екен. Сол себепті атам үнемі белдігіне қынға салынған пышағын тағып жүретін болған көрінеді.


Есейгенде, «атама жол бойында жолыққан қыз бала кім болды екен? Атамнан баласын беруді сұраған кім? Жол бойында жолыққан кішкентай қыз бала мен атамның ғана құлағына есітілетін дауыстың арасында байланыс болған ба? Болса, ол қандай байланыс? Егер атам ұйықтап жатып «берем» демесе, қызы тірі қалар ма еді? Қызының науқасқа шалдығуына атамның атына мінгесіп, үйіне дейін келген қыз баланың қатысы бар ма? Санама сол сияқты талай сұрақ ұялады. Бірақ ешбіріне нақты, дәлелді жауап таба алмадым. Бір білерім қандай да бір тылсым құдіреттің әсері болған-ау. Бірақ ол қандай тылсым күш?


Темірхан Тасболатов

 alashainasy.kz/




Көрілген: 1857    Пікірлер: 0

сейсенбі, 27.02.2018, 11:14

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Қазан, 11:04
    "Өлім жолы"
    21 Қыркүйек, 10:40
    Мәңгілік мендік боласың
    19 Қыркүйек, 11:00
    Қанмен серттесу
    16 Қыркүйек, 11:39
    Балшы
    13 Қыркүйек, 10:19
    Өлген адамның жаны...
    11 Қыркүйек, 11:07
    Шындыққа айналған әзіл
    10 Қыркүйек, 11:09
    Аруақ мекендеген үй
    7 Қыркүйек, 11:06
    Кездесуге келген аруақ
    6 Қыркүйек, 12:20
    Түнде терезе қаққан кім?
    3 Қыркүйек, 12:04
    Жол бойындағы жалғыз үй
    29 Тамыз, 11:09
    Қылтұзақ
    28 Тамыз, 11:12
    Жат құшақ
    22 Тамыз, 11:33
    Сырмақ шерткен сыр
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31