Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Бөлме есігін қаққан белгісіз елес

  • © Одноклассники

    © Одноклассники

Мен де басымнан өткен, адам сенгісіз бір оқиғаны «Алаш айнасына» жолдап отырмын. Өйткені сол оқиғаға әлі күнге түсінік таба алған емеспін. Ата- анам бірдеңе білетін сияқты бірақ маған айтпайды.


Отбасыда екі баламыз. Ағам меннен 14 жас үлкен. Айтуынша, анам ағамнан кейін ұзақ уақыт бала көтере алмай жүріпті. Дәрігерге, емшіге қаралып жүріп, 14 жылдан кейін мені тапқан екен.


Мен 15-ке келгенге дейін біз ауылда тұрдық. 2006-шы жылы қалаға көштік. Әкем ауылдағы жеке мал шаруашылығын ағама қалдырды. Себебі қаладан әкеме жақсы жұмыс табылды. Қарағанды қаласында тұратын, институтта бірге оқыған досы әкемді өзінің фирмасына жұмысқа шақырды. Сөйтіп қалаға көшіп келдік.


Алғаш көшіп келгенде үйді «Майқұдық» ықшам ауданынан алдық. Өйткені ол жерде үй арзан екен. Әкемнің айтуынша, мұндай ақшаға қала орталығынан екі бөлмелі пәтер де бермейтін көрінеді. Қысқасы, аз ақшаға үш бөлмелі пәтер алдық. Ата-анам арзан бағаға үй алғанына қуанса, мен қалаға көшіп келгенімізге қуандым. Өйткені ауыл балалары қалада тұрғанды мақтан көретінбіз. Үй кең. Менің еншіме жеке бөлме тиді. Әкем келген бойда жұмысқа кірісіп кетті. Көп ұзамай, анама да қала орталығындағы мектептен жұмыс табылды.


Жаңа көшіп келген біздің отбасымызды қонаққа шақырушылар көп болды. Ал менің ондай қонаққа барғым келмейтін. Өйткені үлкендер өзара әңгіме-дү құрып отырады да, мен бір бұрышта жалғыз қалам. Себебі біз барған үйлерде менімен жасты балалар жоқ еді.


Тағы бірде қонаққа бармай, үйде жалғыз қалдым. Ата-анам «бір өзің қорқасың» деп алаңдаушылық білдірді. Бірақ мен оларды «кішкентай бала емеспін, қорықпаймын» деп сендірдім. Қасыма шақырып алатын құрбым да жоқ. Сондықтан еріксіз үйде жалғыз қалдым.


Әкемнің достарының бәрі қала орталығында тұратын. Оған барып қайтқанша да біршама уақыт кетеді. Сондықтан қонақтан үйге келгенімізше түн ортасы ауып кететін. Бұл жолы да солай болар деп, кеш қараңғы түскен соң оларды күтпей-ақ жатып қалдым. Арада көп өтпей ас бөлмеде ыдыстың жерге түсіп сынғаны естілді. «Қаладағы үйлерде «домовой» болады» дегенді есітуші едім. Бірден ойыма сол келді. Жүгіріп барып, бөлменің есігін іштен іліп алдым. Қайта келіп, көрпенің астына тығылдым. Бойымды қорқыныш билеп, «енді не болар екен» деп үнсіз тың-тыңдап, қозғалмай жаттым. Бірақ одан кейін ешқандай бөтен дыбыс есітілмеді.


Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, әрдеңені ойлап ұйықтай алмай жатқам. Бір кезде мен жатқан бөлменің есігін біреу итергендей болды. Сәлден соң есік қағылды. «Ұры кірді ме екен, үйде кісі барын білсе, сескеніп қашып кетер» деген оймен «кім ол?» деп үн қаттым. Сәл үнсіздіктен кейін есік қайта тықырлады. Шамасы есікті ашпақ. «Қазір полиция шақырам» дедім. Ондағы ойым – ұрыны қорқыту. Бірақ есік артындағы белгісіздің кететін түрі жоқ. Қорқып қашу былай былай тұрсын, бір кезде ол сықылықтап күле бастады. Қатты дауыстап, «полиция үйде ұры жүр» дедім. Бірақ ол кезде телефонымды қайда қойғанымды таба алмай жүргем. Сол сәтте шырылдады. Бейтаныс номер екен, өшіре салдым. Тез анамның номерін тердім. Аптығып «мама үйде біреу жүрген сияқты» дедім. Анам « бөлмеден шықпа, қазір барамыз» деді. Сол сәттен бастап есік артындағы күлген дыбыс та, есіктің сықыры да сап тыйылды. 10-15 минуттай қозғалмай отырдым. Сонан соң ақырын басып есікке бардым. Ешқандай дыбыс есітілмейді. «Ұры кірген екен ғой, анамның қазір келеміз дегенін есітіп қашып кетті-ау» деп топшыладым. Бойымдағы қорқыныш сәл де болса сейілгендей. Бағанағы бейтаныс нөмір кім екен деп телефонға қарадым. Нөмір мүлде бөлек. Біздің нөмірге ұқсамайды. Көп сан. Шетелдік нөмір-ау деп ойладым. Не болса да қайта хабарласып білейін дедім. Қайта қоңырау шалдым. Телефоннан «мұндай нөмір біздің жүйемізде тіркелмеген» деген жауап естілді. Қайта хабарластым. Қайта сол жауап.


Солай телефонмен алысып отырғанымда әке-шешем де келді. Мен бар болған жағдайды айттым. Әкем терезелерді қарап шықты. Бәрі жабық. Есіктің құлпы да орнында. Олар есікті өз кілттерімен ашып кірген. Ас бөлмеге бардық. Ол жерден ешқандай сынған ыдыс көрінбеді. Анам «жалғыз болған соң қорққансың, сосын саған солай есітілген ғой» деді. Мен телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау келгенін айттым. Анам қарап «қай нөмір?» деп телефонымды өзіме қайта берді. Мен телефонға келіп түскен қоңыраулардың тізімін ақтара бастадым. Бағанағы белгісіз нөмір жоқ. Анам маған үреймен қарады. Шамасы шошынып, ауырып қалмады ма деп отыр-ау. Олар менің сөзіме сенбеген секілді.


Дүйсенбі күні анам мені дәрігерге апарып тексертті. Дәрігер «алаңдайтын ештеңе жоқ, бәрі дұрыс» деп шығарып салды. Неге екенін қайдам арада көп өтпей анам әкеме «мына үйден көшейік» деді. Кейде екеуі маған есітіртпей сөйлесіп отырады. Мен қастарына келсем, әңгімені доғара қояды. Қойшы, содан көп ұзамай ол үйден көшіп кеттік. Шамасы анам да бірдеңені сезді ау деп ойлаймын. Бірақ маған ол жайлы ештеңе айтпады.


Маржан, Қарағанды


alashainasy.kz 




Көрілген: 924    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 16.02.2017, 10:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    28 Мамыр, 10:07
    Құбыжық адам (видео)
    24 Мамыр, 08:44
    Айкезбе
    21 Мамыр, 11:07
    Гипноздың құдіреті
    5 Мамыр, 08:49
    Құбыжық бала
    27 Сәуір, 08:45
    Бала жылаған үй
    5 Сәуір, 08:49
    Аруақпен сұхбат
    22 Наурыз, 10:35
    Шайтандар мекені
    10 Наурыз, 09:12
    Әулие қыз

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30