Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Бос үйде телефон тұтқасын көтерген кім?

  • © Day.Az

    © Day.Az

Осыдан оншақты жыл бұрын Алматыға жұмыс іздеп келдім. Екі күн іздеп, бір жерден жұмыс таптым. Жалақысы аздау екен. Бірақ жалғызбасты адамның күнкөрісіне жетеді. Ақшаны үнемдеу үшін жұмысқа жаяу баратындай жерден арзан пәтер іздедім. Жеке секторға келіп, бір көшенің бас жағынан екі-үш үй өткенде «үй жалға беріледі» деген тақтайшаға көзім түсті. Аулада екі үй тұр. Бірі сәл үлкендеу, екінші кішкентай (времянка). Дәу де болса, кішкентай үй жалға берілетін шығар деп топшыладым.


«Хозяйн» деп айғайлап едім, үйден 70-тен асып қалған әжей шықты. Пәтер іздеп жүргенімді айттым. Әжей мені ішке бастады. Мен ойлағандай, кіші үй жалға беріледі екен. Бағасы да көңіліме қона кетті. Үйдің іші керемет болмағанмен, тұруға жарайды. Кішкентай екі бөлме. Ас бөлмеде ескі тоңазытқыш пен газ пеші, стол мен екі орындық тұр. Қажет ыдыс-аяқ та бар екен. Жатын бөлмеде екі төсек пен ескі теледидар. Ең бастысы жеке үй, өзім қожа, өзім би.


Сол кезде ұялы телефонның қажеттіліктен гөрі нағыз сән болып тұрған тұсы ғой. Қалтада арзан екі телефон. Керемет іскер адам секілді бірі қызметтік (дос-жаран, тамыр танысқа), екіншісі жекеге арналған (дәлірек айтқанда, түгел қыз-келіншектердің нөмірі жазылған). Пәтерге жайғасып, жұмысқа кірісіп кеттім. Жалақыға дейін әлі біраз бар. Сондықтан көше қыдырмаймын. Жұмысқа тура барып, тура қайтам. Демалыс күндері әжейдің көңілін табайын деп үй шаруасына көмектескен болам. Кішкене көмегім тисе болды, «жүр шәй іш» деп қонақ қылады. Әңгімесін айтады. Айтуынша шалының қайтыс болғанына 5-6 жыл болыпты. Қызы бөлек тұрады екен. Бірақ анасын көп іздей қоймайтын сияқты. Айтуына қарағанда, немере қызы жиі хабар алып тұрады екен.


Жұмысқа шыққаныма екі апта болған. Күндегі әдет бойынша, сол күні де жұмысқа жаяу бардым. Күнде тыным таппайтын жеке телефоным сол күні үнсіз болды. Телефонның қауты бітіп қалды ма екен деп, түскі астан кейін алаңдап, телефонды тексермек болып қарасам, қалтамда жеке телефоным жоқ. «Үйде қалса игі, жолда түсіп қалса қолды болды-ау» деп ойладым. Не болса да телефон соғайын, тапқан кісі болса сыйақы ұсынып көрермін деген үмітпен, шеткері шығып, тез-тез жеке нөмірімді тердім. Қоңырау барып тұр. Үміт оты жарқ ете қалды. Біреу тұтқаны көтерді. «Алло, алло» деймін. Жауап жоқ, тек арғы жақтан біреудің демалғаны естіледі. Оған естілмей тұр ма екен деп «алло, мен естіп тұрмын, сөйлей беріңіз» дедім. Бірақ ол телефонды сөндіріп қойды. Қайта хабарластым. Тағы солай. Оншақты рет телефон соқтым. Телефонды көтереді, бірақ жауап бермейді. «Тағы бір рет хабарласайын, жауап бермесе қоярмын» деп жеке нөмірімді тағы тердім. Бұл жолы да телефонды біреу көтерді. «Алло, есітіп тұрсыз ба?» деп қатты-қатты айғайлап сөйледім. Сәл үнсіздіктен кейін біреу «есітіп тұрмын» деп жауап қатты. «Мен телефонның иесі едім» деп сөзімді жалғастыра бергенде, телефонды сөндіріп қойды. Одан кейін бірнеше рет телефон соқтым, бірақ одан кейін ешкім жауап бермеді. Сонымен бар үміт үзілді.


Телефонның жоғалғанынан бұрын ондағы қыз-келіншектердің нөмерінен айырылып қалғаныма өкіндім. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Кешке жұмыстан көңілсіз қайттым. Үйге кірген соң шамалы тынығып алайын деп төсекке қисайдым. Сәлден кейін теледидар қосайын деп орнымнан тұрдым. Қарасам, жоғалды деген телефоным теледидардың үстінде тұр. Қуанып қалдым. Бірақ, артынша, «сонда маған кім телефоннан жауап берді» деген ой келгенде, жон арқам шымырлап кетті. Үй құлыптаулы. Кіліт тек менде ғана. Сонда телефонмен сөйлескен кім? Бойымды үрей биледі. Бір салқын ауа желпіп өткендей болды. Үйдің іші тұманданып бара жатқандай көрінді. Үйден қашып шықтым.


Жұмыста бірге істеп жүрген бір жігітке хабарласып, сол күні соның үйінде түнеп шықтым. Оған болған жағдайды айттым. Бірге отырып, телефонды тексердік. Менің тоғыз қоңырауыма жауап берген. Соңғы жауап бергендегі сөйлесу уақыты 20 секундқа созылыпты. Одан кейінгі 9 қоңырауға жауап бермепті. Тоғыз қоңырауға жауап беріп, тоғыз қоңырау жауапсыз қалғаны сәйкестік пе әлде оның бір сыры бар ма білмедім.


Ертеңінде заттарымды алып, ол пәтерден көштім. Телефонды жарты бағасына сатып жібердім. Содан кейін пәтерде жалғыз тұрған емеспін. Бірақ «телефон тұтқасын көтерген кім?» деген сұрақ әлі күнге жауапсыз қалды.


Бекмырза, Алматы облысы


alashainasy.kz

 




Көрілген: 1460    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 26.01.2017, 11:20

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қараша, 10:48
    ДОМОВОЙ
    18 Қараша, 16:43
    КІСІКИІК
    9 Қараша, 10:06
    Түннің құпиясы
    29 Қыркүйек, 11:03
    Түс жору
    26 Қыркүйек, 10:34
    Мәңгілік өмір мекені

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30