Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы

Дуа мен дауа немесе Айтолқынның айласы

Бұл мақаланы редакцияға студент қыз алып келді. Өз басынан кешірген оқиғаны баяндаған ол өмірде кездесетін жағдайды шынайы суреттеген. Мақала жастарды жат әдеттен сақтандыру мақсатында жарияланды. Автордың көзқарасы мен жазу мәнері сақталды. Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды.

«Жетім бұрыш»

Қаңтардың суығы бүйірімді тесіп барады. «Жетім бұрыш» аталып кеткен қарғыс атқыр бұрышқа тағы келіп тұрмын. Бүгін – үшінші күн. Сандалып, сабылған жұрт. Қытайда тігілген жұп-жұқа аяқ киімнің табанынан сыз өтіп, өн бойым жылынар емес. Пәтерін жалға берушілердің айтуынша, мұнда алаяқтар көп көрінеді. Жанымда құрбым Гүлдана бар. Бір кезде қасымызға ұзын етекті, басына хиджаб киген жылы жүзді қыз келді. Есімі – Айтолқын. «Сендерге пәтер керек пе?». Біз бас изедік. «Менің қасыма өздерің сияқты жібі түзу қыздар керек еді», – деді ол. Пәтерінің суретін көрсетіп, бағасын айтты. Тәуір көрінді. Бірден келістік.

Айтолқынның айласы

Өз басым Айтолқынға имандай сендім. Алла жолында жүрген, хиджаб киген жанға күдік келтірудің өзі күнә сияқты. Ол: «Киім үлгіме қарап жаман ойлап қалмаңдар! Адасып, басқа жолда жүрген адам емеспін», – деп ескертіп те қойды. Жылы пәтер, ыстық ас – бізді өз үйімізге келгендей үйіріп кетті. Шай ішіп отырып әңгімелестік. Айтолқын бізге еңбекқор қыз болып көрінді. Оқуын оқып, жұмысын істеп, үйіне ақша жіберіп отырады. Былай айтқанда, жап-жас қыз ауылдағы ата-анасының жағдайын жасап отыр. Бізден екі-ақ жас үлкен болса да, әпкеміздей, үлгі тұтар кісіміздей көрініп кетті.
Айтолқын күндіз-түні жұмыста. Бір үйде тұрсақ та, бір-бірімізді сирек көреміз. Гүлдана екеуміз үйге келген соң сабаққа дайындалып, ерте ұйықтап қаламыз. Уақыт өтіп жатты. Бірте-бірте Айтолқын бұрынғыдай емес, көңілсіз жүретін болды. Саябақта серуендеп, үйге кештеу келсек, Айтолқын пәтердің қабырғасына түсініксіз жазуы бар суреттер іліп тастапты. Өзі бірдеме оқып, күбірлеп жүр. Мазасы болмай тұрған соң, назар аудармадық. Ертеңіне құрбымның отбасында бір жағдай болып, ол біраз уақытқа ауылына кетіп қалды. Бөлмеде жалғыз екенімді білген Айтолқын бірге отырып ас ішуге шақырды. Ыңғайсызданып, бас тарттым. Қайта-қайта шақырды. Өзі көңілді екен. Тамақтанып отырып әңгіме айттық.
Біздің оңаша қалуымыз бірнеше күнге ұласты. Тіпті бауыр басқандаймын, онымен әңгімелескен ұнай бастады. Өзім негізі ашық-жарқын адамдармен тез тіл табысып кететінмін. Әңгіме айтсам ағымнан жарылып, бар сырымды ақтарып қоятын аңқаулығым тағы бар. Жатырқап, жатсыну деген мінез жоқ. Айтолқынға осы қасиетім ұнапты. Күннен-күнге әңгімеміз жарасып жүрді. Жұмыстан ерте қайтатынды шығарды. Құр келмей, маған тәтті-тәмелек, шоколад алып келеді. Менің тәтті құмар екенімді біліп, алса керек. Өзім де оны асыға күтетін болдым. Таңды таңға жалғап сырласатын жақын құрбыға айналып кеттік. Айтолқынның мен туралы көп білгісі келетінін байқадым. Сұрағанының бәрін айттым. Бір күні Гүлдана да келді. Сағынысып қалыппыз. Өткен-кеткенді айтып отырғанбыз. Бір кезде есікті тарс еткізіп ашып, аяғын қатты-қатты басып Айтолқын келді. Сырт киімін шешпестен бөлмесіне кіріп кетіп, содан біразға дейін шықпады. Телефонмен сөйлесіп, біреулермен ұрысты. Екі сөзінің бірі – «Субхан Алла!». Бір кезде өксіп жылады. Гүлдана екеуміз оны сырттай бағып, бөлмемізде отырмыз… Жұбатайық деп қасына бардық. Түсі сұрланып, өңі қашып кетіпті. Көзі бір нүктеге қадалып, екі иығы теңселіп отыр. Сыртынан қарағанда, сондай қорқынышты. Бейне жын ұрған адам сияқты. Ол есін жиып, бізге «жағдайым жақсы уайымдамаңдар!», – деді. Содан кейін «Жұмыстағы ағалар ғой, фитна шығарып жатқан. Мен де қарап қалмаймын! Көрсетемін оларға», – деді тепсініп. «Фитна» дегенін кейін түсіндік, арабша «бүлік шығару» деген сөз екен.
Ертесі сабақтан келсек, Айтолқын ас әзірлеп жүр. Әдетте мұндай кезде үйде болмайтын. Өзі көңілді. «Қыздар, дастарханға келіңдер!», – деді бізге. Қазанға балық асып қойыпты. Дәрістен нәр татпай келген студентке үйдің асы бөлек қой, шіркін! Сорпасын құйып берді. Иісі мұрын жарады. «Қарындарың ашқан шығар? Сендерге арнап дайындадым», – деп, бізге жігі-жапар болып жатыр. «Кешегі қылығым үшін кешірім сұраймын. Қорқып қалмадыңдар ма?», – деп өзін жуып шайған болды. Бір қызығы, ол әлгі нән балықтан нәр татпады. Гүлдана да жарытып жемеді. Балықты ұнатпайды екен. Ал, мен сияқты Каспийдің қызы үшін балықтың жөні бөлек қой! Айтолқын: «Балықты жақсы көреді екенсің ғой. Бұл саған арналған тамақ. Бір қазан қылып пісірдім. Қалағаныңша іш», – деді.

Оқытылған судың азабы

Үйде Айтолқынмен әңгімесі жарасатын мен ғана. Гүлдана екеуінің жұлдызы қас. Оңаша шақырып алып, үнемі бірдеме береді. Сенбі күндерінің бірінде үйде Гүлдана жоқ еді. Айтолқын бес литрлік құтыдан су құйып берді. Ішінде арабша жазылған қағаз бар. «Мынаны ішіп ал, ішіңді тазалайды», – деді. Мен бірдеме айтайын деп едім, ол сөзімді бөліп «Бірінші асқазаныңды, содан кейін адамның ішінде жын болады. Бұл соны тазалап, шығарады. Өзім де ішемін, жақсарып қалдым», – деп, суды аузыма тосты.
– Неге сарғайып кеткен? – дедім.
– Жазу маймен жазылғандықтан, суға сіңіп, сарғайып тұр.
Бұрын Айтолқын басымыз қосыла қалғанда, діни әңгімелерді жиі айтатын. Көкейімде жүрген сауалға жауап тауып, діни біліміне қызығатындықтан, айтқанына күдіксіз сенемін! Суды да күдік-күмәнсіз ішіп алдым. Сол күні түнде Айтолқынның даусынан шошып ояндым. Анасына айғайлап ұрысып жатыр. «Сендерді көрмеспін, үйге де бармаймын. Мен жоқпын! Мені ұмытыңдар! – дейді зіркілдеп. – Анаған айт: көп іше бермесін! Ит құсап көшеде не істеп жатыр? Көрші Азамат хабарласып айтты».
Имани әңгіме айтып жүрген адамның анасына ұрысып сөйлегені маған ұнамады. Орамал тағып, намаз оқып жүрген қыздың мұндай мінезі көңіліме ауыр тиді. Оның тосын қылығынан үрейленіп жатып, ұйықтап кетіппін.
Соңғы уақыттары көп ұйықтай беретін болдым. Ештеңеге зауқым жоқ. Жата бергім келеді. Оның үстіне, түсініксіз түс көріп, жиі бастырылып қалып жүрдім. Сабаққа бармаудың қырық сылтауын ойлап тауып аламын. Төрт қабырғаға қамалып қалғандаймын. Бөлме іші түнеріп тұратын болды. Бұрын далада көп серуендеп, кітап оқып, театр мен киноға барудан жалықпайтынмын. Ауру адамның кейпіне еніп кеттім. Ал Айтолқын кейде момын, кейде жын ұрған жандай көрінетін болды. Қысқаша айтқанда, бірде – бүйе, бірде –түйе. Ол мінезіне де әбден үйрендім. Қыстың көзі қырауда басқа барар жер жоқ. Үйім 3 мың шақырым шалғайдағы Маңғыстауда. Бойымда сиқыр бар сияқты, Айтолқынның қасынан кеткім келмейді.
Ертеңіне түсте орнымнан әрең тұрдым. Байқаусызда айна алдындағы Айтолқынның сөмкесін құлатып алдым. Көтеріп жатқанымда ішінен суреттер шашылып қалды. Арасында менің әлеуметтік желіге соңғы жариялаған суреттерім де жүр. Аң-таң қалдым! Ол мұның бәрін не үшін шығарып алған? Не істемек ойы бар? Ол бір жерге шығып бара жатыр екен. Менің түрімді көріп абдырап күліп жіберді. «Саған айтқан едім ғой, бір ақи жігітпен таныстырамын деп. Сол жігіт сенің суреттеріңді сұратып еді. Түріңді көргісі келеді», – деді. «Оның телефоны жоқ па еді?». «Ол интернетте отырмайды. Оларға ғаламторға шығуға болмайды», – деп қысқаша қайырды.

Даудың басы

Тұрақты жұмысы болмаған соң, әр жерден нәпақа теру Айтолқынға ауыр тиген болуы керек, жүйкесі де сыр бере бастағандай. Гүлдана екеумізге себепсіз ұрыса беретінді шығарды. Сөз қайтарып береке таппайсың. Ондайда «Субхан Алла» деп көзін қадағанда үрейің ұшады. Оның не бір сырласатын құрбысы да жоқ. Кейде бұл қыз қалай жалғыз өмір сүріп жүр деп ойлайтынмын.
Көктем келіп, оқу орнымыз бірнеше күнге демалыс берді. Менің уайымым Гүлдана қасымнан кетеді, Айтолқынмен жалғыз бірге тұруға тура келіп тұр. Содан Айтолқын алқынып-жұлқынып үйге келді. Сүйінші сұрап, жұмыс тапқанын айтты. Мен де қуанып жатырмын. Сөйтсем, оның ойы маған да жұмыс тауып бермекші екен.
– Не жұмыс? – дедім.
– Тауар тасимыз, – деді.
– Қажеті жоқ. Жұмыс істемеймін, – дедім.
Айтқанына көнбесімді білген соң, «Онда үйден кет!», – деді ол. Барар жер, басар тауымның жоқ екенін де жақсы біледі. «Ертең кетемін», – дедім. Ертесі денем ауырлап, күйіп-жанып ояндым. Тіпті қозғалуға шамам жоқ. Ақшамға дейін қимылсыз жаттым. Соңында жақындарыма хабарластым. Жедел жәрдем шақырдық. Олар ауруханаға алып кетті. Медбике түрлі дәрі-дәрмек егіп жатыр. Қызуымның түсер түрі жоқ. Түрім бозарып, көзім шүңірейіп, құр сүлдем қалды. Диагнозымды ешбір дәрігер анықтай алмай жатыр. Екі күннен кейін өзіме келіп, тәуір болдым. Тәбетім де ашылды. Дәрігерлер үйге қайтуға әрең дегенде рұқсат берді.
Саябақта жаяу жүріп келемін. Қараңғы өмірден жарық әлемге келгендей күй кештім… Үйге жақындаған тұста ауылдағы құрбым хабарласты. «Ертең Алматыға жұмыс бабымен бара жатырмын. Пәтер жалдап жатырсың ғой, қасыңда екі-үш күн болуға рұқсат ететін шығарсың?, – деді. «Келе бер», – дедім. Құрбым келіп кеткен соң басқа жер тауып алармын деп ойладым. Айтолқын салқынқанды амандасып, жағдайымды сұрады. Мен де іштей ренішімді баса алмай, суық сөйлеп «үйге ертең ауылдан құрбым келеді» дедім. «Жоқ, үйге артық адамның келгенін қаламаймын», – деп бажырайып қарады. Ашуым басыма теуіп «Сенен рұқсат сұрап тұрған жоқпын. Жай ескертіп жатырмын. Қарсы шығатындай, бұл сенің жекеменшік үйің бе?», – дедім мен де зіркілдеп.

Біз қалай тоналдық?

Құрбымды күтіп алып, үйге келдік. Екеуміз өткен күндерді еске алып, әңгіме айтыстық. Айтолқын үйден ерте шығып кеткен еді, екі сағат өтпей қайтып келді. Қабағын түйіп алған. Мені бөлек шақырып «Мен саған не дедім? Үйге ешкім келмесін дедім ғой. Ескертемін, дәл қазір кетпесеңдер, басыңа бәле үйіріледі. Абай бол!», – деп үйден шығып кетті.
Мен ашумен айтқан шығар деп, құрбыммен қаланы қыдыруға кетіп қалдық. Қас қарайғанша сыртта болдық. Үйге келсек, есік ашық-шашық, сыртынан құлыптанбаған. Үйдің іші тас қараңғы. Жарықты қосып қалып едім. Астаң-кестең болып, бәрі шашылып жатыр. Тонап кетіпті. Көз жасым көл болып, отыра қалып, еңіреп тұрып жыладым. Бір жағы қорқыныш, екіншіден, қонақ боп келген құрбымның алдында өлімнен бетер ұят болды. Ол менен бетер боздады. Үйге қомақты ақшасын қалдырып кеткен еді. Менің де ақшам мен алтындарым бар еді. Бәрін үптеп кетіпті. Айтолқын да ізім-қайым жоқ. Құрбым «Сол қыз ұрлаған сияқты, ұры алыстан келмейді», – деді. Мен мұндай жағдайдың болғанына сене алар емеспін. Бір кезде үйге Айтолқын да келді. Ол да біз сияқты шошып, жылайтын шығар деп ойлағанмын. Былқ етпей, көгеріп-сазарып тұрып алды. Мен жыладым. Ол «Дүние үшін жылап не көрінді саған?», – деп өзіме айқайлады. Мен одан әрмен қорқа бастадым. Аздан кейін бір топ ер адам келді. Олар үйді тексерді. Мен де зәре жоқ. «Біз кетеміз», – деп жиналдық. Олар «Қайда барасыңдар? Сендер шығарсыңдар тонаған?», – деп өзімізге жабысты. Біз шырылдап жатырмыз. Полицейлерге хабарластым. Бір қызығы, есіктің құлпы бұзылмаған. Айтолқынның ешқандай дүниесі ұрланбапты. Келген қызметкерлер үйді тексеріп, саусақ ізін алудың орнына таңға дейін тергеп, бізді ешқайда жібермеді. Қағаз толтырдық. Үйдің иесінің телефоны өшіп тұр. Құрбым екеуміз бөлек сөйлесуге шығып кеттік. Келсек, бәрі бірге әңгіме айтып бұрышта сөйлесіп тұр. Үйдің иесін бұрын көрмегенмін. Бірақ естуім бойынша, ол кісі де заң саласында қызмет ететін адам көрінеді. Үйдің алдында бір емес, бірнеше бақылау камерасы тұр. «Камерадан қараңыздаршы!» деп қанша жалынсам да, жергілікті тәртіп сақшылары басқа сұрақ қойып, бізді әбден шаршатты…
Ақыр соңында арыздың бәрін қайтарып аламыз деп, әрең құтылдық. Құзырлы орган қызметкерлерінің өз істеріне соншалық құлықсыз болғанын, үй иесінің де хабарсыз кетуі түсініксіз жайт болды. Тіпті әлгілердің тергеп-тексеруінің өзі көңілімізге күдік ұялатты. Саусақ, аяқ киім ізін де тексерген жоқ. Біздің жас екенімізді, қорқып тұрғанымызды байқап, басынғандай, түсініксіз «қойылым» ойнап тұрғандай көрінді бізге…

Түйін

Айтолқынмен бірге болған аз ғана айлар мен үшін бірнеше жылға созылған қара түнектей болды. Әлгі бөлмеден құтылғаныммен, тапа тал түсте де өз көлеңкемнен үрейленіп тұратын болдым. Өз үйімде ата-анамның жанында қорғансыз сезінудің орнына белгісіз бір қорқыныш билей берді. Қараңғы түскенде, тіпті зәрем қалмайды. Өмірге деген қызығушылығым бояулап, өлім туралы көп ойлайдым. Аяқасты жылай беретінді шығардым. Әке мен шешем бұл қылығымды көріп қорқа бастады. Бір күні «бәрі бітті, өмір сүргім келмейді» дедім. Түрімді көрген байғұс шешем еңіреп жылап жіберді. Әкеме қарап: «обалына қалып жүрмейік, бұл қыз бір бәлеге ұрынған», – деп дереу бір кісілерге алып барды. Бойыма жабысқан қара күшпен біраз арпалыстым. Мешіттердің табалдырығын тоздырып, бұл бәледен құтылмайынша, тыныш ұйқыдан қалдым. Бір кісінің айтқаны есімде. Қария маған дем салып жатып: «Қызым, сені біреу оқытқан. Дуаланған су беріпті. Фотосуретіңді, киімдеріңнің бәрін теріс оқумен оқытып, дуалап тастапты. Мұндай жағдайдан аман шығудың өзі қиын. Қасыңдағы қыздан құтылғаның олжа болған екен», – деді.
Айтпақшы, осы жағдайлардың салдарынан оқуымды да уақытында аяқтай алмай, бір жылға қалып қойдым.

Раушан Бекжанқызы
jasqazaq.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста