Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Елес зират...

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Көріпкел


Сапарға шыққанымда, поезда Ресейден ата қонысқа қонақ боп келген әжеймен таныстым. Әжей әңгімешіл екен. Әңгіме арасында өзінің көріпкелдігі бар екенін айтты. «Көңілім түскен адамның болашағы туралы айтамын. Ауру-сырқауынан емдеймін. Кез келген адамды қарамаймын», – деді ол. Содан соң емшілік қасиет атадан балаға жалғасып келе жатқанын әңгімеледі. Ендігі сөзді әжейге берсек.


«Жасым жетпісте. Көріпкелдік маған өмірімнің екінші жартысында қонды. Орыстың ортасында жүрген соң, ащы судан да таттық. Содан бір күнде бәрін қойып, намазға жығылдым. Маған бұл қасиеттің қонатынын ең алдымен әкем білді.


Әкемнің көріпкелдігі сонша, қолмен қойғандай бәрін айтып беретін. Бір жылы қатты ауырдым. Жұмысбасты болған соң дәрігерге көрінбей жүр едім, болмады. Қатты талықсып құлағанымда, жедел жәрдем ауруханаға жеткізіпті. Түннің бір уағында терезенің тұсынан дауыс естілді. Жеті түнде кім келді деп таңырқағам, әкем екен. Пәлен шақырым жерден жедел жеткен ол аттан түспей, екінші қабатта жатқан менің палатамның тұсынан дауыстап тұр.


«Қызым, мені тыңда. Дәрігерлер ертең саған ауыр дәрі жазып берер. Оның ешқайсысын ішпе. Құрсағыңда ер бала өсіп келеді. Ақылымды алсаң, дәрі ішпе. Ертең жиналып үйге қайт, жағдайың жақсарады, құлыным», – деді әкем.


Айтқандай-ақ, таңертең өзімді жақсы сезіндім. Бір қызығы, өзімнің аяғым ауыр екенін сол уақытқа дейін білмеппін. Әрі ол кезде қазіргідей УЗИ деген атымен жоқ. Әкемнің тап басып білгеніне таң қалдым.


Әкем сол жолы маған бойыма қасиет қонғанын айтты. Содан бері ақ жолдан адаспай келемін».


Атаның әруағы


Кейде «әруақ көрдім» дегендерге сене қоймайтынымыз бар. Бірақ сол әруақтың расымен бар екеніне күмән келтірмейміз. Мұндайға шын ықыласымен сенетіннің бірі Бауыржан да әруақты көргенін айтады.


Қазақтың салтында үйдің үлкенін ата баласы дейді. Бауыржан да бір үйдің үлкені, ата-әжесінің еркесі боп өсті. Әсіресе, әжесі көп өбектегендіктен бе, етегіне оралып қалмайтын. Атасы соғысты көрген ардагер, тұйық мінезді кісі болатын. Сонысынан ба, немерелерін еміреніп еркелеткенін көрмейсіз. Ең қатты еркелеткені сол – баланың маңдайынан иіскеп, басынан шертетін. Мұнысына сол үйдің кішкентайлары да үйреніп алған. Тақыр басынан саусағымен тыңқ еткізсе, атасының көңілі жібігені деген сөз.


Атасы қайтыс болғанда Бауыржан небәрі 11 жаста ғана болатын. «Өлім» деген суық сөзді ұғынып үлгермеген кезі. Атасы жоқ екеніне көзі үйренсе де, көңілі сене қоймаған. Марқұмды оң жаққа қойып, жерлеп келген соң сол бөлмені ретке келтіріп, әжесі екеуі жататын. Іргедегі қатар тұрған қос төсектің бірінде әжесі жатса, атасының бұрынғы орнына немересі жатады. Сол түні ол атасының әруағын көреді.


«Атамның портретін іргеге іліп қойған еді. Соған қарап жатып атамды ойладым. Түннің бір уағы болғанша ұйқым келмеді. Бір кезде көзім іліне бергені сол еді, біреудің құлағымды түртіп, шекемнен шертіп кеп қалғаны. Атамның күтпеген жерден осылай істейтін әдеті барды. Сол есіме түсіп, орнымнан «Ата!» деп атып тұрыппын. Көзім бірден портретке түсті. Портреттегі қара лентаны көріп, көңілім қайта құлазып кетті».


Болған оқиғаны айтқанында «Атаң сені еркелеткені ғой», – деді әжесі маңдайынан сипап. Расымен, немересі есіне алып жүрсін деген болар.


Сағым зират


Тоғыз жолдың торабында сан қилы тылсым оқиғалар кездеседі. Орыстың балгер кемпірлері сиқыр жасарда дауа іздеп келген кісіні осындай жол торабына шығарады екен. Рас болса, жолдардың түйіскен жерінде энергия шоғыры жиналады дейді. Мұндай жерлерде тылсым құбылыстардың болуы содан шығар, бәлкім.


Бірде бір жолдасымның су жаңа машинасына отырып, қара жолмен құйғытып келе жатқанбыз. Күн кешкіріп қалған кез. Жолдың тоғысқан жеріне келген кезде көлігіміз сыр беріп, тура жолдың ортасында тұрды да қалды. Жүргізуші түсіп, көлікті ашып қарап жатыр. Әрі шұқылап, бері шұқылап, ақауын таба алмады. Он бес-жиырма минуттай солай тосылып қалдық. Сөйтіп тұрғанда жолдың ар жағындағы бейітке көзіміз түсті. Бейіт көргенде бет сипайтын әдетіміз емес пе. Бір мұсылман жатқан болар деп бет сипадық. Сәлден соң көлік өзінен өзі жөнге келді де, жолға шықтық. Сонымен осы оқиға ұмытылғандай болған.


Қайтар жолда дәл сол тұспен келе жатқанда әлгі бейіт жаққа көзім түсті. Бірақ оны бұрынғы тұрған жерінен таппадым. Дәл сол жолайрық екеніне күмән жоқ. Оны қасымдағылар да мақұлдады. Бірақ бейіт жоғалып кетіпті.


Елге келген соң ол жолайрық туралы жүргізушілерден естідім. Расымен жолға шыққандар ары-бері өтіп жүргенде буалдыр бейітті бірде көрсе, бірде көрмейді екен. Не жұмбақ екенін өздері де түсіндіре алмайды.


Беймәлім бейне


Інім кішкентайында тым мазасыз болатын. Жай кездері түртпектегені ештеңе емес, ұйықтап жатқанда жұлқылап оятып, ыржалаңдап тайып тұратын. Осы әдетін білетін мен де кейде оның өзіме тиісетін сәтін бағып жүрем.


8-класс оқып жүрген жылдың жазы. Әжемнің үйінде тұрып жаттым. Көшеде өзім құралпы ұлдармен күні бойы ойнап келіп, шаршап ұйықтап кетіппін. Бір кезде біреу жұлқылап оята бастады. Ұйқылы-ояу жатып «Әп, бәлем, қолға түстің бе?!» деп ойлап үлгердім. Айнала беріп, шапалақпен шарт еткізіп тартып жібердім. Қатты ұрғаным сонша, қолым қызып кетті. Орныма бұрылып, қайта жаттым. «Бұл неғып айғайлап жыламай жатыр?» деп ойлап, артыма қарағанда ешкімді көрмедім. Көзімнің алдына інімнің бейнесі емес, күңгірт түсті бас көлбеңдегендей болды. Ұйқы басып тұрған соң оның біріне мән бермей, қалғып кеттім.


Бірнеше сағаттан соң ұйқымды қандырып, орнымнан тұрдым. Уақыт кеш болыпты. Үйде кешке дейін ешкім болмайтыны енді есіме түсті. Сонда мені жұлқылаған кім болды екен?


Қармақшылық тұрғын жазған тылсым жазу


БАҚ бетінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының бір тұрғыны туралы ақпарат тарады. Рас болса, ол он төрт жылдан бері өзге түгіл өзі де түсінбейтін белгісіз белгілерді жазады екен.


Жұмбақ жазудың иесі — Бауыржан Орынбаев. Жасы отыз бірде. Түсініксіз жазуларды 17 жасынан бастап жаза бастаған. Бүгінде құпия жазбаларының саны 41 қалың дәптерді толтырып үлгеріпті. «Бауыржаннан өзі жазып-сызған белгілерді оқып беруін сұрай қалсаңыз, ол еш мүдірместен зуылдата жөнеледі. Алайда жазған-сызғандарының мән-мағынасын ашып айтып бере алмайды. Ол оқып жатқанда құдды бір қисса-дастанды жатқа айтып жатқандай әсерге енеді. Бауыржан айтқан сөздерді ести қалсаңыз не араб, не парсы халықтарының көне тілі ме деп қаларыңыз анық. Себебі әр сөздің дыбыс-ырғағы араб-парсы тіліне өте ұқсас келетінін аңғарасыз. Ал оған белгісіз бір дауыс «осыны жазасыз!» деп бұйыратындай», – деп жазады басылымдар.


Бір қызығы, Бауыржан өз жазбаларын дін өкілдері мен ғалымдарға көрсеткенімен, әзірге бұл тылсым күш, белгісіз құпияның сырын аша алмапты.


otarka.kz 




Көрілген: 2474    Пікірлер: 0

бейсенбі, 31.05.2018, 10:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы
    3 Шілде, 10:45
    Тағдыр құпиясы
    28 Маусым, 10:51
    Гипноз
    27 Маусым, 10:34
    Қос боз...
    26 Маусым, 10:46
    Ажал...
    21 Маусым, 09:02
    Көне күмбез құпиясы
    20 Маусым, 10:14
    Екі рет өлген жігіт
    19 Маусым, 10:40
    Судағы құбыжықтар
    6 Маусым, 11:05
    Түс көру және жору
    31 Мамыр, 10:53
    Елес зират...
    20 Мамыр, 17:01
    Күн мінажатханасы
    18 Мамыр, 11:16
    Өзге əлем

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31