Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Ерекше қасиет қонған Ұябай домбырашы

  • Ерекше қасиет қонған Ұябай домбырашы

    Ерекше қасиет қонған Ұябай домбырашы

Ұлы даламыздың қасиет қонып, құт-береке дарыған аймақтарының құпия тылсым сырлары көп. Зерттеліп, ғылыми айналымға қосылғанынан, қосылмағаны әлі де көп деп ойлаймыз. Себебі, құпия сырларын ішіне бүккен құм төбелерді қоспағанның өзінде, ашық аспан астында жатқан жәдігерлер қаншама.


Өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыз қолданған құрылыс өнері мен мәдениетінің ерекшеліктерін сипаттайтын ескерткіштерінің бірі – Ұябай кесенесі.


Ұябай бойындағы сал-серілік, күйшілік өнер әкесі Ақжаннан дарыған. Себебі, Ақжанның өзі де өнерден құр алақан емес, шебер домбырашы. Осындай киелі өнерді бойына сыйдырған Ұябай, «мені домбыра тартудан кім жеңсе, соған ғана үйленемін» – деп өзіне-өзі шарт қойған. Күндердің күнінде бір қызбен күй жарысына түседі. Қыздан жеңілетіндей шамаға келгенде, қыз өзіне соншалықты ұнап тұрса да аяқ киімін шешіп жіберіп, башпайымен күй тартқан. Қаумалаған көптің алдында өзінің әдебін сақтап, мүмкіндігі болып тұрса да, күйші қыз жеңілгендігін мойындапты. Сонда әкесі Ақжан, «сезіміңді намысқа жеңдірдің, енді саған қыз жоқ. Енді менің алып берген қызымды аласың» деп, өзімен деңгейлес Құлымбай болыстың қызы Қымбатқа құда түседі.


Бұл жайында біз қазір Арал аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Тәңірберген Дәрменовтен естіген едік. Әрдайым тарихи мұралар жайында зерделі зерттеу жүргізіп жүрген ол кісінің айтуынша, кесенеге Ұябайдан кейін әкесі Ақжан мен әжесі Бөбекен және Ақжанның адал қызметші, жылқышысы жерленген. Төрт адамның мүрделері бар. Әкесі Ақжан өте киелі, қыдыр көрген, құманына қара су ұйыған қасиетті адам екен. Жылқышысының адалдығы сонша, ұйыған қара судан ерініне тигізіп, ауыз тиместен Ұябайға әкеліп беретін көрінеді. Есігін баққан қызметшісі болса да, бірін-бірі құрмет тұтқан, сыйлас жандардың, өнегелі өмірлерінің соңы о, дүниеде де бірге, қатар жатуларында болып тұр. Кеңестік идеология қаншама қаралап, қарама-қарсы қойса да, қазақ қоғамында осындай адамгершіліктің алтын арқауларының бар екендігін көлеңкелей алмады. Қазақтың киесі мен қасиеті де, осындай ақ жүрек, адамгершілігінде жатқандығын бүгінгі жас буынның біліп жүргендігі дұрыс деп есептейміз. Небір қиын-қыстау замандардың өзінде ұлтымызды құрып кетуден сақтап қалған бай мен кедейдің, нағашы мен жиеннің, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластық, бауырластық және адалдық сияқты құндылықтар екендігі бұлжымайтын ақиқат.


25 жасына дейін серілік ғұмыр кешкен Ұябай, атастырылған қызы Қымбатпен қалыңдық ойнап, құштар көңілдің қызуын басқан, қайтар сапарында айналасы тегіс көрінетін биік төбенің басына шығып, таң тамаша қалады. «Әкем Ақжан дүниеден қайтар болса, осы араға жерлеп, басына биік күмбезді кесене салдырамын» деп өзіне-өзі серт береді. Адамдардың өз ауызымен айтылатын осындай сөздер, кейде тағдырдың кері ағысы, иіріміндей болып өздерін тауып жататындығы бар. Мұндайды атамыз қазақ, «құдай ауызына салып, айтқызып отыр» деп жатады. Ұябайдың да ауызына құдай салған шығар, көп ұзамай барған сапарынан алған сыбағасы болар, кенеттен ауырып көп ұзамай қайтыс болды. Жанына балап, келешегінен үлкен үміт күткен сүйікті ұлының өліміне күңірене қайғырып теріс қарап жатып алған Ақжан, «баламның денесі қарайып кетіпті, көз тиген. Енді баламның баласына аманат: өнерден аулақ болсын» деп, ұрпақтарына өсиет қалдырған.


Ақжан мен Ұябайдың аруақ қонған киелі адамдар екендігінің нақтылы куәсі болған адамдар бар. 2009 жылы Қуандық ағаның өзімен бірге туған апасының қызы, туған жиені Гүлдана, аяқ астынан көтеріліп ауырып, ешкімге дес бермей арпалысты. Оның үстіне түнімен ұйықтай алмайтын жағдайға жетті. Дәрігерлерге көрінгенімен, еш дауа болмады. Қиналған сәтте өзінің де ынтасы нағашылары Ақжан мен Ұябайдың басына барып түнеуге ауып, олар да жиендерінің тілегін мақұл көрді. Оқиғаның куәсі болған Қуандық аға, кесененің ішіне барғанда Гүлдананың отыра қалып неше түрлі дауыспен аруақтармен тілдесе бастағандығын көрді. Біршама уақыт өткенде Гүлдананың ауызымен айтылған өзгеше бір дауыс, әй, Қуандық мына қызды сыртқа шығар бейіттің қабырғаларын сипасын демесі бар емес пе? Айтылған сөз бұйрық түрінде, сол сәтте орындалды. Кішкене демалған соң, сол жердегі Ұябай атымен аталып кеткен скважина суына бет-ауызын жуған Гүлдана ерекше ажарланып шыға келді.


Бейіт басына келгенше машина ішінде әрқайсысымызға бір тап беріп, арпалысып келген қыз осыдан кейін сабасына түсті. Ауылға келіп демалған соң, Гүлдана айналайын бейіт басына барғанда кімдермен сөйлестің деп, нағашысы сөзге тартты. Бір жағы ақ, бір жағы қарайып көрінген өте ажарлы, сұлу, келбетті кісі, «сен үшін төртқараның үш шалымен бірге бармаған жерім жоқ, келдің бе айналайын деді». Бұл кесенеге кірген бетте тура төрде Ұябайдың жатқан жері болатын. Гүлдананың сөзінен кейін барып, Ұябайға тіл-көз тиіп ауырғанда денесінің қарайып кеткендігі есіме түсті дейді, Қуандық аға.


Ұябайдың аян беруінен кейін, Гүлдана науқасынан толық жазылып намазға жығылды. Тұрмысқа шығып үш баланың анасы атанған ол, бүгінгі күні Алматы қаласында тұрады. Ешқандай дәрігерлік ем қонбаған Гүлдананың науқасы нағашыларының аян беріп, желеп-жебеуінен кейін қайталанған жоқ.


Әлі күнге дейін дамыған ғылымның өзі толық түсінік бере алмаған тылсым күштердің шарапаты, аруақтың киесі мен қолдауы деген ұғымдар біздің бәрімізді де ойландырып, тәубеге келтіретін құдірет екендігін мойындауға тиістіміз. Осы оқиғадан бірнеше жыл өткеннен кейін, елге келген Күлән деген құмалақшы әйел, «сіздерде аруақтармен тілдескен адам бар екен ғой» – деп таңданысын жасырмады.

Автор: Әділет Талаптан 




Көрілген: 1342    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 12.08.2017, 10:32

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қыркүйек, 11:03
    Түс жору
    26 Қыркүйек, 10:34
    Мәңгілік өмір мекені
    15 Тамыз, 10:05
    Малғұндар мекені
    2 Тамыз, 10:03
    Көз тиюдің сыры
    17 Шілде, 10:14
    Қорқынышты әңгіме

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31