Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Жылан жайлы аңыз көп айтылады

  • Жылан жайлы аңыз көп айтылады

    Жылан жайлы аңыз көп айтылады

Біздің халық жыланды қадірлеп, кие тұтады. Дегенмен оның түсі суық, кімді де болса тіксіндірері сөзсіз. 


Адамның жұмақтан қуылуына себепкер болған екен 


Жылан туралы жұрт арасында таралған мынадай аңыз бар: Әу баста, кезегі келгенде Алла-тағаланың әмірімен жылан мен тауыс екеуін жұмақ бағының кіре беріс қақпасына күзетшілікке қойыпты. Ал Ібіліс шайтан оларды өтірік мақтап, аз­ғырумен алдап Эдем бағына еніп кетеді. Ол баққа кіре сала Адам атаны айналдырады. Ол көнбеген соң Хауа ананы азғырып, Алланың жеме деген жемісін амалдап жегізеді. 


Хауа сол жерде жемістің біреуін жұлып, тістеп жейді де, қалған бөлігін Адам атаға ұсынады. Адам ата оны жұтқан кезде кенет ойланып, оң қолмен тамағын қысып қалған екен. Бірақ бәрі кеш, жеміс жұтқыншақтан өтіп кеткен. Ер адамдардың жұтқыншағы түйін сияқты болып қалғаны содан деседі. 


Аталған оқиғадан кейін Адам мен Хауа жұмақ бағынан аласталып, жер бетіне әкеліп тасталыпты. Бас күзетші жылан да ол жердегі қызметінен қуылып, жерге түскен. Ол Алланың қарғысымен қиналып, азығын жерде бауырымен жорғалау арқылы тауып жейтін болған екен. 


«Жыланбұзған» ауылындағы оқиға 


Ал біздің халық жыланды үй ішінде немесе ауласында көрсе, киелі жәндік деп оған ырымдап ағарған құяды, немесе ұн сеуіп жатады. 


Біздің Төлеби ауданында «Жыланбұзған» деген ауыл бар. Қариялардан ауызекі естуімізше, оның тарихы мынадай деседі: 


Баяғыда осында жесір кейуана өмір сүріпті. Оның жалғыз тоқал ешкісі бар, сүтін сауып ішіп, лақтарын шетінен сатып күн көреді екен. Кешке сауған сүтін құмыраға құйып қойып, таңертең пісіріп ішеді. Бірде сүтін пісірейін десе құмырада сүт жоқ болып шығады. Аң-таң болып, құмыраны төңкеріп көрсе, оның түбінен бір кесек саф алтын түседі. 


Кейуана келесі күні де осындай жайға куә болады. Күніге солай қайталана береді. Содан кейуана бір кесек алтынын Сайрам шаһарындағы бір зергерге апарып өткізіп, бірталай ақша алады. Ол ақшаға азық-түлік, киім-кешек сатып алады. Қысқасы, осы алтынның арқасында демде байып, қарық болып шыға келеді. 


Кейуананың тез байып кеткенін аңғарған бір сұғанақ көршісі оны аңди бастайды. Бәрін біліп алады да, арам ойын іске асырады, аңғал бейшараны буындырып өлтіреді. Сосын ешкінің сүтін пайдаланып, күніге сыйлық алтынға қарық болады. 


Бірде ол мұны місе тұтпай, араны ашылып, жыланның соңынан аңдып барып, оның кірген інін көріп алады. Сосын жыланның інін күрекпен талқандап, биік төбені бұза бастайды. Түнге қарай шаршап, үйіне келіп ұйқыға кетеді. 


Әлгі төбе Бадам өзеніне жақын маңда екен. Түнге қарай осы төбедегі ордалы жыландар шабуылға шығып, сол адамның жанұясымен қоса тағы біраз ағайын-туыстарын шағып өлтіріпті. Тек бір диқан туысқаны жылан қырғынынан қашып, Қазығұрт тауынан асып, Ташкентке қарай жансауғалап кетіпті. 


Күндердің бір күні Қазығұрт бөктеріндегі бір елдің бай саудагері Ташкентке мыңғырған қой-ешкісін сатуға апара жатып сол төбенің жанынан өтеді. Осы тұста мал басында келе жатқан дәу серкенің мүйізіне бір оқ жылан ұшып келіп оралады. Бұл бір киелі жылан шығар деп оған малшылардың ешқайсысы тиіспейді. Ол да ешкімге зиян келтірмей, адамдар демалған жерде серкенің мүйізінен түсіп, күнге қыздырынып жатады. Малды қайта айдаған кезде өз орнына жайғасып, мүйізге оралып кете береді.


Ташкентке жақындап, «Зәкарық» суынан өткен кезде жаңағы оқ жылан кенет бірден әуеге ұшып, ғайып болыпты. Оны көрген бай мен малшылар аң-таң болып қалады. «Бұл жылан тегін емес екен. Бізге Қыдыр болып ілесті-ау әу баста, енді біздің жолымыз болар» деп жорамалдайды бай. Сосын: «Мен ертерек барып, қона жататын орын дайындайын», – деп оза жортып алға кетеді.


Бай жолда егін суғарып жүрген диқандардың қосынан сусын ішіп, аздап демалыпты. Сонда отырып жолдағы өзі көрген жылан туралы айтып береді. Сол кезде диқандардың біреуі орнынан үрейлене атып тұрып: «Ол оқ жылан «Жыланбұзған» төбеден мені іздеп келе жатқан шығар!» – деп тыпырши бастайды. «Мені тез жасырыңдар!» – деп жалынып-жалбарынады.


Диқандардың арасында біреуі ескіше оқыған молда екен. «Сен саспа! Мен жыланға қарсы дұға оқып, арбайын, ал сен кетпенді төбеңе ұстап, үстіне жеті тандыр нан қой», – депті ол. Әлгі диқанды шұңқырға отырғызып, төбесіне кетпен ұстатып, оның үстіне жеті нанды қойған молда бар білген дұғасын оқи бастайды. Осы мезетте аспаннан жаңағы оқ жылан құйыла ысқырып келіп, дәл жаңағы адамның төбесіне шаншыла суылдап түсіпті. Ол алты нанды тесе өтіп, жетіншісіне келгенде өте алмай, тарс етіп жарылып кетіпті.


...Иә, бұл Құдайдың құдіретіне шара жоқ. Әлде диқанды молда оқыған дұға құтқарды ма екен? Немесе ас атасы – қасиетті нанның қуаты ма? Қысқасы, әлгі қашқын диқан тура келген қатерден аман қалыпты.


Ал әлгі төбенің маңындағы шағын ауыл содан бері «Жыланбұзған» деп аталып кетіпті. Ол – бүгінде адамдары өсіп-өнген, үлкен елді мекен. 


Шырмалбек ТАСҚОЖАТЕГІ


www.zamana.kz




Көрілген: 3127    Пікірлер: 0

жұма, 31.08.2018, 18:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 10:40
    Мәңгілік мендік боласың
    19 Қыркүйек, 11:00
    Қанмен серттесу
    16 Қыркүйек, 11:39
    Балшы
    13 Қыркүйек, 10:19
    Өлген адамның жаны...
    11 Қыркүйек, 11:07
    Шындыққа айналған әзіл
    10 Қыркүйек, 11:09
    Аруақ мекендеген үй
    7 Қыркүйек, 11:06
    Кездесуге келген аруақ
    6 Қыркүйек, 12:20
    Түнде терезе қаққан кім?
    3 Қыркүйек, 12:04
    Жол бойындағы жалғыз үй
    29 Тамыз, 11:09
    Қылтұзақ
    28 Тамыз, 11:12
    Жат құшақ
    22 Тамыз, 11:33
    Сырмақ шерткен сыр
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы
    3 Шілде, 10:45
    Тағдыр құпиясы
    28 Маусым, 10:51
    Гипноз
    27 Маусым, 10:34
    Қос боз...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31