Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Жыландар шабуылына тап болған Жанкент шаһары

  • © voxpopuli.kz

    © voxpopuli.kz

Тіл ұшына орала кететін «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз тіркесі тектен-текке айтылған жоқ. Түбі бір түркі жұртының тамыр жайған, түп қазығы атанған өлкеде оған дәлел боларлық талай қазына жатыр.


Сырдарияның Арал теңізіне құятын сағасына жақын қоныс тепкен Жанкент шаһары жайында осылайша жылы лебіз білдіре аламыз. Жанкент дегенде ойымызға талай тарихи оқиғалар оралады. Бұл қалада исі түркі баласының абызы атанған Қорқыт атаның кіндігі кесілген. Қазақ өнерінде орны бөлек музыкалық аспап – қобыз да ең алғаш осы қалада жасалған деген дерек айтылады. Себебі қобыздың тұңғыш иесі Қорқыт ата емес пе еді? Сондай-ақ Жанкент дегенде атақты Бегім ана оқиғасы да елдің есіне түседі. Қысқасы, көне шаһар өткен кезеңнің бір үзігі секілді. Үңіле берсең, қаншама қазынаға кезігесің. Сол қазынаға құмартқан адам оған бойлай түскісі келеді. Жанкент жайлы білеміз, дегенмен әлі де ізденетін дүниелер жеткілікті.


Бүгінгі таңда бұл шаһар республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш санатына енгізілген. Сыр өңірінің Қазалы ауданына қарасты Өркендеу елді мекеніне іргелес жатыр. Қазіргі көрінісі – биік төбе сияқты топырақ басқан қорған. Деректерге сүйенсек, аталмыш ескі қала VІІ – ХІV ғасырларда Жанкент, Янги­кент атауымен өмір сүрген. Оғыздар елінің астанасы бол­ған. Жүздеген жылдар бойы осылайша оғыздардың бас ордасына айналған. Түрікмен тарихшысы Әбілғазы Баһадүр Жанкент аумағын оғыздардың ертеден ме­кендеп, ел билеген патшасы сол қалада өмір сүргенін жа­зады.


Ғылыми тұрғыдағы зерттеулер беріде жүргізілді. Орыс археологі Петр Иванович Лерх 1867 жылы Сыр жағасына келіп, Жанкенттің өткен кезеңін таразыға тартып, көптеген деректер тапты. Оны жазба жүзінде бүгінгі ұрпаққа мол мұра етіп тастап кетті. Орыс зерттеушісі Сергей Павлович Толстов та Жанкент тақырыбына біршама уақыт зер салғаны белгілі. Бұл қала маңайында Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы И.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мамандары да зерделі зерттеулер жасады. Қазақстандық Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары да бұл жерге ат басын тіреді. Жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де оғыздар астанасы жайында мол мағлұматтар жинауға атсалысып келеді.


Көне дәуірдің шежіресін тарқатқан ғалымдар Жанкенттің Ұлы Жібек жолы бойындағы іргелі сауда-саттық орнының бірі болғанын айтады. Ауызба-ауыз тараған әңгімелерге сүйенсек, бұл қалада аларман таң­дай қағатын әдемі кілемдер тоқылған деседі. Сондай-ақ тұскиіздер де жасалған. Жергілікті алтын қол­ды шеберлер ат-сайманын жасап, садақ-жебені де әзір­леп, көзе-сауытты да шығара білген. Жалпы ал­ғанда, Жанкент Мәуреннахр жерін Еуропа, Үндістан және Иран жерімен байланыстыратын ұлы керуеннің бойында бойлай орналасқан. Осыдан мың жылдай бұ­рын Арал теңізі аймағында тұз өндірісі дамыған де­лінеді. Еуропаның бірқатар елдері тұзды осы аймақтан ал­дыртқан екен. Соған дейін кәрі құрлықтағы халық тұз­сыз тамақ ішіп келген көрінеді.


Қала орынын орыс ғалымы Петр Ивано­вич Лерх алғаш қазып зерттеген. Ол кезде қала орны бүгінгідей жоғала қоймаған. Жанкенттің ескі қабырғалары сақталыпты. Кейбір архитектуралық дүниелері де жарым-жартылай сақталған. Тіпті бірқатар көшелерінің ізі де бар екен. Сырттай қара­ған адамға Жанкент үлкен төбе сияқты үйін­ді болып көрінген. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрге жуық. Қаз-қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар мен оқ ататын тесік көздер орнатылған оңтүстік қабырғасы сол кезде жақсы сақталған. Ал ең биік мұнара оңтүстік-батыс беткейінде орын тепсе, қаланың қақ ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарай болған көрінеді.


Көптеген зерттеулер барысында ғалым­дар үйлердің орны мен қабырғасын ашып көргенде бірқатар көріністерге көз қанық­тырды. Сол жұмыстарында олар сан алуан архитектуралық үлгілер, қабырғаға түсіріл­ген суреттер, күйдірілген кірпіштерді байқа­ған. Оған қоса көк және қызғылт шынымен жабылған көзе тақталар да көбірек кездес­кен. Сондай-ақ түрлі керамикалық дүние­лер мен өрнектер, көзе сынықтары қолға іліккен. Араб қарпімен әшекейленген сауыт­­тар және өзге де өнер өрнектерді ға­лым­дар тапты. Осындай орасан зор мәдени байлықтар Жанкенттің өркениетті өмір сүргенін дәлелдей түседі. Кезінде біздің ата-бабаларымыз талайды таңғалдырған дү­ние­лерді жасаумен айналысқанын мақта­нышпен айта аламыз.


Ғалымдар Жанкентті қазу барысында көне кезеңде әдемі дүниелер жасап шығар­ған шеберхананың орнын тапты. Шебер­хананы зерттеу жұмысында көп жайға көз жеткізілді. Атап айтқанда, онда кірпіш және көзе сауыт күйдіретін орындар бар екенін белгілі болды. Сондай-ақ көркі көз қанық­тыратын глазурь шыныларының шеберхана орындары да анықталды. Олардың барлы­ғында сол кезде өндірістен қалған жұмыс­тар­дың қалдығы көп табылған. Осындай құнды дүниелердің қатарында, араб қар­пімен жазылған кірпішті атап өтуге болады. Шеберхананы зерттеу барысында глазурь қорытатын пештің қалдығы табылып, ғалымдар осылайша қызық дүниеге кезікті. Бір қызығы, пештің үстінде шойын қазан сақталған. Тіпті оның ішінде глазурьдің ізі қатып қалғанға ұқсайды. Бұл құнды дүние­лер ХІІІ- ХІV ғасырлардағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) дәуірінің өркениетінен көрініс береді. Ғалымдар Жанкентті зерттеу барысында сол кезеңдердегі күміс және мыстан жасалған теңгелерді де тапты.


Жанкентті зерттеу барысында С.П. Толс­тов көптеген құнды дүниелерді жинақтады. Одан кейін де бұл жерде талай іс-шаралар жасалды. Осыған қарамастан біз көне шаһар­ды толық тани білдік деп айта алма­сы­мыз анық. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Жанкенттің нақты қай ғасырда іргесі қалан­ды, не себепті тіршілік етуін тоқтатты деген сауалдың түйіні тарқатылмай келеді.


Ендігі бір әңгіме – Қорқыт атаға қатысты. Араб географы Истахри осы аймаққа кел­генде Қорқыт ата жайында деректерді естиді. Аты аңызға айналған абыз жайында мәліметтерді тасқа басады. Жалпы алғанда, Қорқыт ата жайында түркі тілдерінде көпте­ген аңыздар мен әпсаналар айтылады. Сондықтан ескі түркі, парсы, араб жазбала­рында ол туралы көптеген әңгімелер айты­лады. Орта ғасырдағы белгілі ғалым Рашид ад-Дин «Жами-ат-тауарих» атты еңбегінің бір бөлігінде Қорқыт, оғыз және олардың ұрпақтары жайында бейнелейді. Зерттеу­шілердің айтуынша, Жанкенттен көптеген ғұламалар шыққан. Сондай-ақ түбі бір түр­кі­нің тереңнен тартатын тамырын әйгілейтін талай деректер де осы қала маңынан табылатыны айдан-анық.


Қаланың жойылуы жөнінде де біршама деректер кездеседі. Оның алғашқысы – Бегім ана оқиғасына байланысты. Бегім ана Жанкентті билеген Санжар ханның жұбайы болған. Оның пәктігіне күмән келтіріп, әйе­лі­нің екі қолын шауып, зынданға тастайды. Бегім ананың әкесі – Қарабура әулие оқиға барысына қатысты Жанкент қаласына келеді. Ол қызының ақ екеніне көз жеткізіп, Санжар ханға наразы екенін білдіреді. Кү­йеу баласы хандық құрған Жанкент қаласы содан кейін жыландар шабуылынан жер­мен-жексен қирапты деген деректер айты­лып жүр.


Тағы бір жорамал бар. Жанкент Азия мен Еуропаны жалғаған қала болды емес пе? Ұлы Жібек жолының кейіннен құрлық арқылы өтетін дүниежүзілік керуен жолдары қысқара бастайды. Осылайша, өркендеген Жанкенттің де ғұмыры аяқталады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жергілікті жұрт басқа аймақтарға қоныс аударады. Жанкенттің ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз. Ол жайында жазба деректерде ешқандай мәліметтер кездеспейді.


alashainasy.kz/


 




Көрілген: 2215    Пікірлер: 2
Пікірлерді оқу (2) preloader

дүйсенбі, 18.09.2017, 09:18

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30