Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Қараңғы түнектегі беймәлім бейне

  • © proza.ru

    © proza.ru

Жақындағана өзімнің туған ағам Жанат қаланың орталығынан үй сатып алған болатын. Орталық деген аты болмаса, сенуіңіз әсте қиын. Бұл маңда у-шуы көп көлік атаулы да саябыр. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын салынған үй болса керек, төменгі жағындағы кірпіштеріне су тиіп үгіліп, іргетасы жерге кіріп көрінбей қалған. Арзанға түскені көрініп тұр. Әйтпесе қала тұрғындары мұндай үйдің құр орнына ат басындай алтын сұраудан да тайынбайтын заман болып алды емес пе?!


Сол үйдегі анау-мынау құрылыс жұмыстарын жалғыз өзім жасадым. Күні бойғы ауыр жұмыстан шаршағандықтан шығар, балғын денеме көрпе тиісімен ұйықтап кетіппін. Не өңім, не қорқынышты түсім екені белгісіз… Тұншығып бара жатыр екенмін. Бір заматта өз-өзіме келгендей болып есімді жинай бастадым. Кіреслі-шығасылы сәтте аңғарғаным… Бір алапат күш тамағымнан алып тұншықтырып жатқандай, алқымыма батқан біреудің күшті саусақтарын сездім. Өкпеме ауа жетпей, булыққан күйі ояна келсем, кеудеме бір қыз мініп алыпты. Төбе-құйқамнан біреу дыз еткізіп ұрып қалған сияқты болды. Үстінде қандай киімі болғанын есіме сақтамаппын. Өлім мен өмір, үрей мен қорқыныштың арасында жатқан адамда қайдан ес болсын. О, сұмдық. Бұл кім? Бұрын-соңды көрмеген адамым. Жүрегімнің дүрсілі құлаққа естіліп, шыбын жанымның шырылдап кеткені соншалық:


– Ке… – деген екі әріпті аузымнан әрең шығардым. «Кешіріңіз сіз кімсіз», әлде «кет, жоғал,албасты» деп айтқым келді ме білмеймін, тіпті ол жағы маған әлі күнге белгісіз. Аузымнан шыққан екі әріптен соң жаңағы қыздың саусақтары болымсыз ғана босай бастады. Санама сан алуан ойлар келіп, бір сәт ол да, мен де қимылсыз қалдық. Сәлден соң адамшошырлық дауыспен айғай салдым. Дауысымның соншалық сүреңсіздігінен өзімнің де өн-бойым шымырлап кетті. Ал, ол ғайып болды. Түн түнегіне сіңіп.


Бұл жерде бір сәтке болсын қалмау керектігімді ойға алып, орнымнан тұрып үлгерген бетте сыртқа қаша жөнелдім. Жон арқама біреудің тырнақтары тағы батты. Мені үйдің ішінде қалдырып өлтірмек пе? Бұл ұры ма, әлде жын-шайтан ба? Сыртқы есіктің ілгегін көтеріп қалдым да, есікті бірақ теуіп шығып, лезде артыма бұрылдым. Ешкім жоқ. Жын ұрды деген осы шығар, не үшін қашып шықтым. Ұры-қарақшы дейін десең, басы мауқиып ұйықтап жатқан менде несі бар. Оның үстіне қатты ұйықтап жатыр екем, ұрлыққа түскен болса анау-мынау заттарды алып қаша жөнелмес пе еді. Алайда мұнда ешқандай жиһаз болмағандықтан мені өлтіріп кетпек болды ма екен. Үйге қалай кірген, сыртқы есік жабық тұр ғой. Ұры болса қайда кетті, қалай қарай қашты, көруім керек еді. Қайдағы ұры, ол әйел ғой… Міне, осындай жұмбақ пен қорқынышқа толы сұраулы ойларыммен арпарысып, алақтадым да қалдым. Жартылай жалаңаш қалпыммен далада тұрғанымды аңғардым. Есімнің жинала бастағаннан немесе ұйқымның шайдай ашылып кетуінен болар. Е, тәйрі «қорыққанға қос көрнеді» деген, мүмкін қорқынышты түсім болар. Қайтадан үйге қарай беттедім. Ақырын адымдап, тың тыңдадым өзімше тұрып алып. Өлі тыныштық. Жаңағы қорқынышты елес болмаған тәрізді. Не үшін сыртта жүрмін. Ол егер шынымен болмаса…


Түнгі жылымық желден бойым жеңілдеп қалған сияқты. Жаңағы өзім тұра қашқан орныма келіп қайта жаттым. Аяқ-қолда аздаған діріл, көңілде ептеп қорқыныш білінеді. Тас қылып көрпені қысып жатып, көзімді одан әрмен қаттырақ жұмып жата бердім. Шын үрей билегенде ұйқы да келер емес. «Тезірек ұйықтап кетсем екен, жаңағы қорқынышты түсім ғой, тек жақсы түс көрейінші» деп Жаппар иеме жалынып жатырмын… Көзім ілінер-ілінбесте бір тықыр естілді. Құлағыма жақын маңнан… Біреу жүрген секілді. Көзімді ақырын ашып, өзім жатқан төсектің бас жағына қарадым. Бетіме адамның көлеңкесі түсті. О, сұмдық. Енді байқадым, босағада шаштарын жайып жіберген жаңағы бейтаныс сұлу тұр. Басымды көтере салдым да, аз уақыт бұрынғы әрекетімді қайталап, тағы да табытта жатқан адамды аяғынан тік тұрғызарлық дауыспен айғай сала айбат шектім. Ол тағы да ғайып болды… Тағы да қараңғылыққа сіңіп кете барды. Шығуға беттеп, есікке жақындай бергенімде «тоқташы» деген әйел дауысын құлағым шалды. Иен үйде, қараңғы түнектен қорқынышты дауысты есту неткен ауыр еді…


Далаға жүгіріп шықтым. Табалдырықтан аттай бере, әйел күлкісі естілді. Сондай бір қорқынышты, тап біреудің мені әжуалап күліп тұрғаны іспетті. Ауланың сыртына қарайладым. Бәрі ұйқыда жатыр. Жарық атаулыдан еш сыңай білінбейді. Аспанда көрінген ай да, бұлт арасына жасырынды. Түн түнегінде екі жан қалған сияқтымыз мен және ол. Егер ол жан болса,әрине… Сірә, мен жалғыз шығармын. Үйге қайтып беттемедім, таң уағының жақын екенін де сездім. Ауланың ішіндегі бір кісілік орындықта отыра бердім. Дәл осы жерде ештеңе де қорқынышты емес секілді. Қалай оянғаным, қалай қашып шыққаным, оның шашы, көзі,иә,оның қорқынышты көзі, маған қарағаны бәрі, бәрі көз алдымнан тізіліп өтіп жатыр. Бұл не жұмбақ? Мен мұндай дүниелерді тек шетел киноларынан ғана көргенмін. Көрдім деймін ғой көруге мүлде құштар емес те едім. Біртүрлі жаным түршігетін. Ал сондай жағдай менің басымда болып өткеніне сене алар емеспін. Көз ілмедім, санамда сапырылысқан ойлармен таңды да атырдым ғой, әйтеуір. Оған да тәубә…


Төңірек күн сәулесіне шомыла бастағанда үйге кірдім. Түндегідей емес ешқандай да қорқыныш жоқ. Түк те болмаған сияқты. Тап-тамаша үй. Түндегі орныма барып қайта жаттым. Алай-дүлей көңіл басылып қалған. Жүректің мазасызданғаны да білінер емес. Айнала жарық, түндегі елес, түн түнегі енді мені жұта алмастай… Ұйықтап кетіппін. Біреудің самбырлағанын, міне қасыма келгенін сездім. Түртіп қалды. Кірпіктерім бір-бірінен айырлысқан кезде түндегі айғайға басам ба деген ой келген. Бірақ қасымда тұрған Жанат ағам екен.


– Иә, батыр қалың қалай? – деді ағам жымиып. Маған сұраулы жүзін қадап алыпты, бет-бейнемнен жағдайымның жақсы еместігі көрінген болар.


– Жаман. Түні бойы ұйқы көрмедім. Бұл үйде елес бар екен,– дедім мен.


– Қайдағы елес, иен үйде жалғыз жатып елегізгендікі ол,– деді Жанат, жайбарақат қана. Мен орнымнан атып тұрып ағама қарай жақын бардым да:


– Шын айтам сізге. Тамағымнан алып қылқындырды. Шаштарын жайып жіберген бір ару қыз екен. Тіпті жантүршігерлік күлкісін айтсаңшы…,– дедім де кешегі түннің қорқынышын елестетіп, тосырқап қалдым. Ол кезде ағам маған жақындау жерде тұрған орындыққа жайғасқан еді.


– Мен сені иен үйде қалған күзетші десем, өзің бір сужүрек екенсің ғой. Жарайды, енді бұдан былай қасыңа біреуді қонаға шақырып ал, әйтпесе, ару қыз тағы бір жолы тамағыңнан «аймаламақ» түгіл, сүйіп кетер. Елес мүмкін өзіңнің мойын бұрмаған қыздарың шығар түнде келіп қорқытып өш алып жүрген. Ондай қыздарың жоқ па? Алдымен соны анықтап алу керек. Біле білсең өмірде «махаббат азабын тартқан әйелден қорқу керек» деген сөз бар,– деді ағам. Маған біраз уақыт ыржалақтай қарап бөгелді де, қарқылдай күлді. Күлкісі түндегі елес қыздың күлкісіндей біртүрлі жаман боп шықты. Ағамның күлкісімен аралас түндегі күлкі де құлағымның түбіне әлсін-әлсін жеткендей бір мазасыз күй кештім.


– Қайдағы «өш алушы қыздар»? Сіз неге сенбейсіз өз көзіммен көрдім шаштарын жайып жіберген бір арудың кеудеме мініп, мені буындырып жатқанын. Босағада телміріп қарап тұрғандағы жанары өңменіңнен өтеді. Әрине, сізге еш нәрсе қорқынышсыз, таң ата үйге келдіңіз. Түнгі елестің жұрнағы да қалмаған шақта,– деп бұрылып кеттім.


– Қайран,қиялиым-ай,– Жанат осы жерде үздігіп, терең күрсініп алды,– Бұрын кәрі әжең «Пәленшекеңнің баласын оқу соғып кетіпті» деп мүсіркеп отырушы ед. Оқу соққан адам сендей болар. Түндегі – елес емес. Ол сенің қалың кітаптардан оқыған кейіпкерлеріңнің жинақталып, қыз болып қорқынышты түсіңе енуі. Басқа бір нәрсенің барына өз басым сенгім келмейді. Осы қаланың басқа аудандарындағыдай бұл жердегі үйлер, бағзы замандағы бейіттердің үстіне салынбаған. «Аз білсең, көп өмір сүресің» дейтін бе еді, сені оқу соққан. Әлде, жақын күндері шет елдің «ужас» киноларына телміріп көз майыңды тауысып па едің?


– Кино, оқу не деп кеттіңіз? Бар деймін мұнда, болған кеше, басымнан кешірдім…,– дей бергенімде ағам орнынан тұруға ыңғайлып:


– Жарайды. Бар болса бар шығар. «Өзің қорықсаң да, өзгені қорқытпа». Оны қойшы мен тапсырған шаруаларды бітірдің бе,– деді немқұрайлы еріндерін жыбырлатып.


– Иә,– дедім мен қинала жауап қатып. Оның мүлде кешегі оқиғаны ұғып та, сезініп те тұрмағанын байқап. Төсекке барып қайта жаттым. Өлердей ұйқым келгендіктен. Осыдан былай ағам екеуміздің арамызда бұл жайлы әңгіме болған жоқ. Маған сенбейтінін аңдадым. Ол мені осының бәрін ойынан шығарды деп ойлап жүрді. Жанат ағамның үйін «күзетуімді» қойғанымнан бастап маған бір қырсық жабысты.


Айықпас дерт деуге келмес. Психологиялық күйзеліс. Тынышым бұзылып, түнгі ұйқым қашты. Қараңғы бөлмеге қарай ұйықтауға бет алғанда әлгі «ару» алдымнан шыға келе құшағын айқара ашып, тұншықтырып тастайтындай еді. Сондықтан кей күндері күндіз ұйықтауға мәжбүр болатынмын. Немесе таң атар атпас төсекке жатып, сабағыма кешігіп баратынды шығардым. Қырсық жабысқан түндегі оқиғаны жолдас-жораларыма әңгіме қылып айттым. Көбі сенбеді. Ал қалған азы ешқандай да көмек қолын соза алмай қиналды. Бәлкім сол «аздардың» өзі осындай қорқынышты дүниені бастарынан кешірді ме екен.


Жанат ағамның «аз оқу керек» деген ақыл-кеңесін артығымен орындап жүрдім. Қалың кітап бетін қойып, жұқалтаң-жұқалтаң оқулық кітаптарының бетін әрең ашатынмын. Мектепте,яғни сабақ үстінде ғана. Зауқым болмайтын. Ұйқысы бұзылған адам, сабақты қойып тамақты қабылдаудан да қалады екен. Күнім мен түнім өзгергеннен бастап, мінез-құлқым да өзгерді. Шын жанашыр достар азайды. Үй-ішім, ата-анам тосын мінезіме таң қалған жоқ. Басында анабір қорқынышты түннен соң аздап секем алған. Артынша естерінен шығарды-ау деймін. Мен сол қалпы ұмыта алмадым. Олар: «жастық отының жалыны жас жігіттің басында» деп ойлаған. Біреуге ғашық боп қалу, соны түнімен ойлап, көрер таңды көзімен атырған сан ғашықтың есебінде санап қойыпты. Тұп-тура осылай бір ай жүрдім. Жындануға шақ қалдым, ендігі мекенімнің жындыхана екенін жүрегім сезіп жүрді. «Қияли» деп санағаны бар, «Ғашық боп қапты» деп ойлағаны бар, бәрі менің орнымның жындыхана екенін білді. Ештеңе айтпады да, аянышты сезімге толы көздерім құтқарған шығар. Тек түні бойы далада сенделіп сүйретемін де жүрем құр сөлдерімді. Бәлкім солай да болар ма еді, егер Жанат ағам да менің қорқынышты хәлімді қайталамағанда…


Бір күні таңертең Жанат аға келді біздің үйге. Ата-анам жұмыста. Менен кейінгі бауырларым сабақта болатын. Ұйқы деген жау ылғи да мені алғашқы сабаққа ұйықтап баруға мәжбүрлейтін. Әрине,бұл менің қырсық жабысқаннан бергі ауруым екенін ұғынатын шығарсыз. Күндіз болса да, мен үшін «түн» ұйықтап жатқам.


– Қалың қалай,– деп оятты мені. Алқынып жүгіріп келгені білініп тұр. Ентігіп әзер амандасты.


– Қалым «жақсы»,– дедім, жаман болса да, «сол елесті ойлап мазаланатын несі бар» деп айта ма деген күдікпен.


– Сенің сөзің расқа шықты. Біздің үйде елес бар екен. Дәп өзің айтқандай тамақтан алып буындыратын арудың да барына көзімді жеткіздім.


– Қойыңызшы аға, сіз де қайдағыны айтып, мен сияқты қорқынышты бірдеңе оқыған шығарсыз,– дедім мен, сәл жымиып. Ойынды ұмытсам да, қалай күлуді әлі естен шығармап едім.


– Қалжың деп тұрсың ба, сендім, көрдім. Кешірші, саған сол кезде сенбегенім үшін міне дәл осы түн бойы өкініп шықтым,– деді ағам бір түрлі ыңғайсызданып. Манадан бері мені өзінше мазақтағаны болар деп көңіл аудармаған едім, бір бәленің болғанын су жүрегім бе, қу жүрегім бе сезді-ау әйтеуір.


– Сонда не болды,– дедім. Ағам басын шайқап, жұтынып алды да:


– Кеше таңертең жеңгең, қарындасың Айгерімді ертіп, төркініне кеткен,– деп ағам түндегі басынан өткен оқиғасын бастады,– Үйде жалғыз қондым. Сенің анада айтқан әңгімеңді онша көп миымда сақтап, ойлағам жоқ. Шын сенбеген едім. Қамсыз көңілмен алаңсыз ұйқыға берілдім. Түн ортасында бір оянып далаға шығып келіп, қайта жаттым. Содан бір уақытта,– деп жалғаса беретін ағамның бұдан былайғы әңгімесі дәл менің басымнан өткендегідей өрбіген екен. Ағам далаға қашып шығыпты. Ағамның тамағы тырналған. Елес қыздың өткір тырнақтары тәнін тілгілеп тастапты. Әңгімесін аяқтап болғанда спорт киімінің алқымын ашып көрсетті оны маған.


– Дәл осы қалпыңызда жеңгейдің алдына апарып, «мына кісі сіз жоқта, бір жас қыздармен ойнас жасапты, ләззәтқа толы түннің естелігі болсын дегендей тамағына таңба басып кетіпті» десе сенер ме еді,– дедім мен қалжыңдап. Өткен кегімді өзімше қайтарған болып.


– Қойшы-ей,сенде қылжақтай бермей,– деп зекіп тастады да,– анау қарсыда тұратын Бекбол көршім «сол үйде өз ажалы емес, біреудің қолынан бір қыз өлген» деді. Тықылдап сұрай беріп едім «анық-қанығын көшенің басында тұратын Томарбай ақсал біледі» дейді. Не істеу керек, соған барамыз ба,– деп Жанат ағам қарап отыр. Қамал алар қырыққа келген ағамның шарасыз күйін көріп аяп кеттім. Түнектегі елес әбден сілікпесін шығарған екен… Осыдан соң еңсені басқан ұйқы қашты. Екеуміз Томарбай ақсақалдың үйіне тарттық. Денсаулық сұраудан басталатын амандасуымызды айтып кіріп барғанда ол үйінде жатты. Бірден білгіміз келген нәрсемізді сұрадық. Темекісін тұтатып алып, ағамның үйіне көз тастап қойды да:


– Е, мына сендердің үйлерің қарғыс атқан үй. Адам тұрақтап болмайды. Алты жыл бойына сатылмай тұр еді,сендер алдыңдар. Арзанға түсті ме,– деді Томарбай Жанатқа қарап.


– Иә, үш мың долларға алдым.


– Білесің бе, қаланың орталығында мұндай бағаға үй жоқ.


– Енді ескілеу ғой, содан ба деп ойладым – деді Жанат ағам күмілжіп.


– Сонда не болған мына үйде,– дедім мен білгім келгендіктен шыдамсызданып.


– Бұл үйде бір жесір әйел ұлымен тұрған. Күйеуінен жастай қалыпты. Жалғыз өзі ұлын өсірді. Ұлының есімі есімде қалмапты. Ерке, шолжаңдау бала ед, бастауыш сыныпта жүргенде ұрлықпен аты шықты. Сол жылдары осы маңдағылардың ұсақ-түйек заттарын сол ұрлайтын. Көбіне кешіріп шешесіне айтпайтынбыз. Не керек сол бала өсе бере,– деп ақсақал аз кідіріс жасады.


– Бұзық болды ма,– дедім. Арыдан басталған ұзақ сөзді тыңдап отырғанымызды аңғартып.


– Жастайынан бұзылды. Темекі, арақ дегендеріңді бізден көп дәмін татқан шығар ол, сол кездің өзінде «наша» шегіп жүретін деп естігем. Сол пақырың үйінде бір қызды зорлап, қылқындырып өлтіріп тастапты. Қыздың өлігін ауласына көміп, қылмысын жасырып жүргенде артынан бәрі ашылды,– деді Томарбай.


– Сонда ана үйдегі елес,– дей бергенімде, тағы бір тал темекісін тұтатып үлгерген ақсақал:


– Иә, сол қыздың аруағы. Өзі сондай сұлу болыпты. Біреудің қолынан өлген немесе жаны тынышталмаған адамның елесі қалады дейді білетіндер. Бұл елес жалғыз сендерді емес, талайдың зәре-құтын қашырған. Ұлы сотталып кеткен соң, жесір әйел үйін сатып кеткен. Сол үйге көшіп келген бір отбасының ұлы да сол үйде өлді. Бір жұмбақ жағдай.


– Қалай өзінен-өзі ме,– деді Жанат. Талайдан бері үнсіз отырған, өзінің бар екенін аңғартқысы келген сияқты.


– Өзінен-өзі өле ме, сол елестің алақанынан құтыла алмады ғой бейшара. Оның жасы үлкен емес, өзіңдей бозбала болатын,– деді Томарбай мені нұсқап, – үйде бала жалғыз қалған ғой, түннің бір уағында, шашы жалбыраған біреу қылқындырған екен. Үйінен қашып, айғайлап жүріп, тереземізді қағып бізді оятты. Көршілерінің көбі ішіп алған деген оймен, есіктерін де ашпады, далаға да шықпады. Жүзіне қарасам ұрттап алғанға ұқсамайды. Артынан еріп үйіне бардым. Терезенің жанынан өте бергенімізде үйдің ішінде біреу жүгіріп өткендей, көлбең ете түсті. Орнымда тапжылмай тұрып қалдым,– деді Томарбай


ақсақал. Біздің бетімізге кезек-кезек үңіліп алды. Не айтқанымды ұғынасың ба дегендей. Мен елестің үйде жүргенін ойша көз алдыма келтірдім.


– Терезеден ұзақ қарадым. Ешкім жоқ секілді. Әлгі балаға қарасам, қаңтардың аязында екі күн, екі түн түнеген адамдай қалш-қалш етеді. Қайта бұрылсам, терезенің ар жағынан бір бейтаныс әйелдің ытқып шығып, тістерін ақситып ыржалақтай қарағаны… Қол-аяқта дәрмен жоқ. «Аллалап» арт жағыма қарай құлап түстім. Көрші бала қолтығымнан демеді. Біздің үйге қарай зыта жөнелдік…


– Көршілеріңіз әлгі жағдайдан соң, көшіп кеткен болар,– дедім мен Жанатқа қарап. Саған да ол үйден кету керек деген сыңай білдіріп.


– Жоқ, олар көшпеді. Бірақ ана бала жынданып кетті. Түнде шошынып айқайлап, далаға қарай бетімен қаша жөнелетінді шығарды. Амалы қалмаған туыстары оны жындыханаға жіберіп тыныш тапты. Алты айдан соң, бала келді аман-есен жазылып.


– Басынан өткенінің бәрін ұмытып па,– деді ағам.


– Есі түзу, есті адам ондайды ұмыта ма, дәрі дегенің уақытша ғана тыныштандырған болып шықты. Арада бір-екі ай өткенде, көрші-қолаң шуласты да қалды. Бала бақилық болып кетіпті. Сол үйде ешқандай тіршіліктің белгісі білінбеген соң, жақын жердегі көршілері барып, есікті жұлқыса


Жалғасы бар

Қуат Қиықбай

 




Көрілген: 1724    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 16.10.2017, 10:01

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30