Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Қасқыр-адамдар туралы аңыз бен ақиқат

  • © amigos.lv

    © amigos.lv

Қасқыр-адамдардың арамызда өмір сүретіні туралы алғаш естіген кезде бойымды үрей билеп, жаным түршігіп, қиялым сан-саққа жүгіргенін білемін. Бірақ сенбедім. Ол – аңыз, ертегі. Адамдардың қиялынан туған дүние. Қасқыр-адамдар (оборотень) тек кино мен кітаптарда ғана кездеседі. Өзім сүйіп көретін «Ымыртта» (Сумерки) фильміндегі қасқырға айналып кететін жігіттің сезімі, ішкі түйсігі, махаббаты, өмір сүру қалпы дәл осы күнге дейін жазушы мен режиссердің қиялында дамыған бейне деп келдім. Сол киноны көрген сайын өз-өзімнен тынысым тарылып, тынышым кете бастады. Ал егер қасқыр-адамдар шынымен бар болып шықса ше?


Әртүрлі мистикалық көркем әдеибеттерді оқыған ондағы негізгі ой шынайы өмірден алынатынына көз жеткізе бастадым. Құбылмалы бейне – адамның мақұлыққа айналуы. Олар – қарғысқа ұшыраған ұрпақтың өкілдері. Оларды бұл тағдыр тәлкегінен өлім ғана құтқара алады. Олар ешқашан қартаймайды, ауырмайды. Олар бір сәтте әлемнің кез келген жерінде пайда бола алады. Әрине, бұл кино мен кітапта ғана бар әдемі аңыз. Шынымен солай ма? Жоқ, әлде…


Неге қасқыр?


Қасқыр туралы біздің түсінігімізде не бар. Көне түркілер көк бөрінің ұрпақтары дегенді жиі естиміз. Дала тағысы қасқыр ешқашан қолға үйретілмейді. Оларды ешқандай цирктен, адамдардың жанынан кездестіріп көрген жоқпыз. Қасқыр – ерекше күштің иесі. Ол – біздің ұлттық танымызда киелі аң. Аталарымыз иен түзе кездескен қасқырдың жанарына тік қарасаң, тиіспей кетіп қалады деп отыратын. Аң өзінен қорыққан адам мен қорықпаған адамды бірден сезеді. Түнде жорытқанды жақсы көретін қасқырлардың мұндай ерекшеліктеріне қарап, шынымен бір тылсым күштің иесі ме деп қаласың…


Қасқыр-адам


Осы туралы ешқандай дәлел жоқ па екен деп ғаламторды ақтарып отырып тапқаным бір ғана шығарма болды. Өмірде болған оқиғаға құрылған жазушы Пьер де Ланкрдің 1610 жылы жазылған «Өзгергіштік» атты романында жеті жыл бойы шіркеуде қамауда отырған құбылмалы адам туралы баяндалған. Жан Гренье есімді жігіт түн ауа бастаған уақытта қасқыр бейнесіне еніп, адамдарға шабуыл жасайтын болады. Жазушы өзінің қасқыр-адаммен кездесуін шеберлікпен суреттейді. Оның бейнелуінше, Греньенің көздері қанталап кеткен, тырнақтары ұзын, кір-қожалақ, тістері қансорғыштың тісіндей өткір. Ланкрдің кейіпкері өзінің құбылмалы адам екенін жұрттан жасырмаған. Ол адамның қанын ішкеннен ләззат алатынын, әсіресе кішкене қыздардың қаны тәтті болатынын сот алдында тұрып мойындаған.


Адам бейнесінің құбылып, аңға айналуы мүмкін екені орта ғасыр жазбаларында жиі кездескенімен, қазіргі кезде бізге бәрі ертегідей. Қайдан білеміз, бәлкім олардың ұрпақтары бүгін де ортамызда шығар. Тек адамдар ол туралы тіс жармауға уәде беріскен болуы да мүмкін ғой. Біле-білсек адам бойындағы кез келген ерекше қасиет, дарын, қабілет қанмен беріледі, ұрпақтан ұрпаққа тарайды.


Ликантропия


Аңыздарда адамның құбылуына бірнеше себептің түркі болатыны айтылған. Қарғыс, қара күш, қасқырдың тістеп алуы сияқты кез келген оқиға сананы жаулап алуы мүмкін. Құбылмалы адамға айналу медицина тілінде ликантропия деп аталады. Ликантропия грек тілінен аударғанда қасқыр-адам деген мағына береді. Ол – уақыт өте келе білінетін ауру түрі. Оның себебін осы уақытқа дейін ешбір дәрігер, ешқандай әулие шешіп айтып берген жоқ. Ликантропия талып қалудан басталады. Әсіресе ай толған кезде адамдар өз-өзінен өзгеріп, айға қарап қасқырша ұлиды, денесін тырналап, үстіндегі киімін жыртып тастайды. Тырнақтары ұлғайып, тілі ұзарады, беті-басын, денесін бір сәтте түк қаптап, даусы өзгеріп шыға келеді. Тізерлеп отырып алып, жер тырналауы да мүмкін. Қалай болғанда оның қылықтары айуанға ұқсап кетеді.


Расымен де ай толған кезде далаға шығып, айға қарап, қасқырша ұлитын, бет-бейнесінде өзгерістер пайда болатын жандар біздің елімізде де бар екен. Әрине, мұндай оқиғаның куәсі болған адамдар сөзімізге дәлел бола алмайды. Себебі қорқынышты жағдайды көргендердің көбісі жындыхананың тұрғынына айналып кеткен. Есінен адасқан адамға барып, осындай мақалаға байланысты бір ауыз сөз айтып бер деу тағдырының басқа салғанымен алысып жүрген жанға деген адамгершілік пен аяушылық шегінен асып кетер еді.


Қаншалықты қорқынышты болса да, біз бұған аңыз деп қарайық. Солай дей тұра, өз басым өмірде тылсым күштің барына және оның алдында адамдардың дәрменсіз екеніне сенемін. Сонымен бірге пенделердің санасында аңға айналуға құмартып тұратын белгісіз түйсік бар. Оған былтыр қайтыс болған жолбарыс-адамды мысалға келтіруге болады. Бүкіл денесінің бәріне әдейі түк өсіріп, бетіне жолбарыстың кейпіне ұқсайтындай етіп пластикалық операция жасатқан жан туралы ақпарат пен оның суреттері ғаламторды бір шулатқанын ешкім ұмыта қоймаған шығар.


Қасқыр-адамдар емделмейді


Иә, аңызға сенсек, ликантропияны емдеу мүмкін емес. Оларды өздерінен зор күш, яғни ӨЛІМ ғана жеңе алады. Негізінен, адамның құбылмалы бейнеге айналуына оның психологиялық жағдайы себеп. Өмірден баз кешіп, айналасындағылардан көңілі қалған, жалғыздықтан жапа шеккен жақындарымызды үнемі қолдап жүрмесек, құбылмалылық ауруына шалдығуы ғажап емес. Әдетте қасқыр болуға ұмтылу адамдардың ортасынан жалығып, еркіндікте өмір сүргісі келу, даланы аңсау сезімдерінен туындап, ай толған уақытта сол сезімдер күшіне еніп, адам өз-өзін билей алмай қалады екен. Олар қасқыр кейпіне еніп, қиялдарында өздерін бейне бір қасқырлар үйірінің көсемі ретінде сезінетін көрінеді.


Біз бәрін өткен шақта қарастыруға тиіспіз. Себебі саналы түрде алсақ, бүгінгі ұрпақ ешқандай елеске сенбейді, ештеңеден қорықпайды. Олар өткен ғасырлардан жеткен аңыздар мен ертегілердің шындықпен сәйкестігін зерттеу үшін жаралған. Сондықтан кейбірі қасқыр-адам қазақтың танымына жат дүние дейтін де шығар. Бірақ қасқырды кие тұтқан, ежелде қасқырдың басын байрағында бейнелеген халықтың ұрпақтары ретінде біз бұған бей-жай қарай алмаймыз.


www.kalaisyn.kz 




Көрілген: 1347    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 08.11.2017, 10:01

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қараша, 10:48
    ДОМОВОЙ
    18 Қараша, 16:43
    КІСІКИІК
    9 Қараша, 10:06
    Түннің құпиясы
    29 Қыркүйек, 11:03
    Түс жору
    26 Қыркүйек, 10:34
    Мәңгілік өмір мекені

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30