Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Күйеуімді дұғалатып едім...

  • © alashainasy.kz

    © alashainasy.kz

Жылдар қатпарында қалған сонау бір оқиғаны есіме жиі аламын. Ол кезде жас болдық. Жастыққа албырттық тән емес пе?! Кешірімділік деген аз болады. Сол кезде жасағаныңа кейін өкінетін кездер көп. Мен де осы бір өкінішімді «Алаш айнасына» хат қылып жолдадым.


Порталға жарияланған түрлі хаттарды оқығанда бір жеңілдеп қаламын. Құрбымды тапқандай, оны тыңдағандай ісерге бөленетін кезім мол. Өзім де бүгін іштегі сырымды ақтарып, бір жүктен жеңілдесем деймін.


Сырым екеуміз студент кезде үйленгенбіз. Шынымды айтсам, оны сүйген-сүймегенімді де білмеймін. Бірақ әбден бауыр басып кеткен едім. Оқу бітірер жылы екеуміз шаңырақ құрдық. Тойымыз болып, балалы болдық, диплом алдық.


Ерте тұрмыс құрғаныма өмір бойы өкіндім. Оқуымды жалғастыруым керек болатын. Мен ше, бәрін керісінше істедім. Жастықпен ақымақтық жасап, «Күйеуге тиетін уақыт жетті. Оқу бітті! Енді не істеймін? Студенттік шақта кездеспеген күйеу енді қашан кездесер десің?» деген ойларға шырмалып, Сырымның етегінен ұстадым.


Рас, Сырым жаман жар болған жоқ. Керісінше, мен өте ерке әйел болдым. Ерке өскен маған сол кездегі дағдарыс қатты әсер етті. Жаңа ғана оқу бітірген жас адамға жұмыс қайдан кездесе қойсын? Сырымда не ақша, не үй, не жұмыс жоқ. Әке-шешесі де жұмыссыз отырған ол кезде.


Бастапқыда біз пәтер жалдап тұрдық. Сырым ұсақ-түйек жұмыстарда жүрді. Бірақ пәтер жалдауға ақша шақ келмей, кейін ауылға қайттық.


Біз үшін барлық сәтсіздік атаулы бала туғанда басталды. Бірақ мен әлі күнге дейін өзіме кезіккен бақытсыздықты тағдырдан емес, Сырымның туыстарынан келген кесапат деп көремін.


Мезгілім жақын болғандықтан, біз қалада әке-шешемнің үйінде тұрып жаттық. Бір күні мен қайынағамның көлігімен ауылға барып қайтатын болдым (қайынжұртыма). Сырым бұл кезде ұсақ-түйек жұмыстар атқарып жүрген. Қалаға қайтарда қайынатам бір қой сойып берді. Және берген 5 литр қымыздары бар.


Содан қалаға кіре берісте қайынағам мені көліктен түсірді де, «өзің бірдеме қып жетерсің» деп, кетіп қалды. Бір қойдың еті мен бес литр қымыз! Қалтамда көк тиын ақша жоқ, ол кезде ұялы телефон да жоқ біреуге хабарласатындай. Өзім жүктімін. Әрең дегенде әлгі заттарды сүйретіп, аялдамаға жеттім. Түскен соң да үйге жетуге қыруар жер жүру керек. Не болса да бәрін тартқыштап сүйрете жүріп, үйге жеттім. Сол күні түнде ішім қатты ауырып, шыдай алмадым. Бірақ дәрігерге барумен ісім болған жоқ. Келесі күні басылды деп, жүре бердім.


Бір апта өткенде әлгі қайынағамның әйелі, яғни, абысыным босанды. Ол перзентханадан шыққанда, қаладағы қайынапаларым, менің күйеуім бәрі ауылға баратын болды. Менің барғым келмеген. Себебі ішімнің ауырғаны бар, оның үстіне, жетісіп тұрған көлік те жоқ. Анам да жібергісі келмеп еді. Күйеуім ренжитін болғандықтан, амалсыздан көлікке міндім. Көлікте 7-8 адамбыз. Арт жақтағы жолаушылардың бірі – нәрестелі абысыным, бірі – менмін. Яғни, біріміз балалы, екіншіміз - жүкті әйел. Қысылып-қымтырылып ауылға жеттік. Ол жақтағылар мәз. Шілдехана болды, ырду-дырду. Жол бойы қысылып, машинада селкілдеп жеткен менің таңертең ішім ауырып, толғақ басталды да кетті. Бұл уақытта бала әлі 8 айлық болатын. Барлығы абыр-сабыр болды.


Дәрігер шақырылды. Олар «қалаға жете алмайсыңдар» деген соң, үйде босанып қалдым. Босанғанда баланың дауысы мүлдем шықпады. Бірақ дәрігерлер оның бәрін дұрыс түсіндірген жоқ. Мен қайдан білемін? Енем перзентханаға жібермей, сол бойы үйде жатып қалдық. Сол жатыстың кейін тақсыретін тарттым.


Кейін қалаға келгенде баланың дімкәс екені белгілі болды. Туа сала перзентханаға келгенде ондай болмас та еді. Бала мойнын ұстамады, басқа балалар сияқты өспеді. Барлық ауру атауды соның бойына үйір болды. Біресе жөтеледі, біресе аузы уылып кетеді, біресе қызуы көтеріледі. Үйде болғаннан ауруханада болатын күндерім көп болды.


Біресе дәріге ақша болады, біресе болмайды. Ауру баламен жатпаған ауруханам, бармаған емшім қалмады. Әйтеуір бір болмашы, әлсіз үміттің жетегінде өмір сүріп жаттым.


Өте ашушаң болып кеттім, жүйкем тозыңқы. Бірдеңе болса күйеуімді кінәлап шыға келемін. Ауруханада жатсам, артымнан туыстары немесе шешесі іздеп келуді білмейді. Сонысына ыза болып, өшімді содан ала салатынмын. Ұрыс-керістен, ашушаң әйел мен ауру баладан жалыққан болуы керек, ағасының көлігімен кісі тасып жүрген күйеуім бір жас қызбен кездесуді бастады.


Оның не істеп жүргенінен бейхабармын. Күйеуді ойлайтын хал жоқ. Тіпті ол қыдырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Сол күйі басқа бір облыста тұратын қайынапам шақырып, баланы емшіге көрсетеміз деп, мен ұзаққа жолаушылап кеттім.


Ол жақта үш ай жүрдім. Күйеуім әне келем, міне келем деп алдаусыратып, ақыры келмеді. Мен емге ақша керек қой деп жатын жиһазымды сатып кетіп едім. Қалтамда соның ақшасы бар болатын. Күйеуім көлікке дөңгелек алса, біздің артымыздан келетінін айтқан соң, оған дөңгелекке деп шытырлатып ақша санап, салып жібердім. Ол кезде бірсыпыра ақша болатын. Содан келген күйеуім жоқ.


Үш ай бойы баланы емшіге қаратып, массаж жасатып, мен үйге қайттым. Ол кезде күйеуім өзінің қарындастарымен бір үйді жалдап тұрып жататын.


Бірінші қабаттағы көрші келіншек мені көріп:


– Оооооо, келіп қалғансың ба? Балаң қалай? Сен жоқта күйеуің бір қызды кіргізіп алған. Бірге тұрып жүрген екеуі. Пәленше деген техникумда түгенше деген студент қыз, - деп салды.


Өзім үш ай бойы жат жерде жалғыз қиындық көріп, ауру баламен алысып келген менің қаным басыма бір-ақ шапты. Әй-шәй жоқ, әлгі техникумға жетіп барып, қызды іздедім. Менің іздегенімді біреулер айтып қойып, ол жоламай, қашып кетті. Содан мен де қайтпай, мұғалімдеріне жолығып, одан үйіне барып, қыздың істеп жүргенін елдің бәріне жайып, шулатып кеттім.


Мұндай иттікті кешіре алмай, үйге келіп барлық дүние-мүлікті тиеп алып, кеттім де қалдым.


Күйеуім болса: «Біреудің жас баласын жамандап, ұятқа қалдырғаның не?» - деп, өзімді кінәлап қояды. «Ұятқа қалдырғың келмесе, соны ал!» - дедім мен де.


Менің күндерім ауру баламен арпалысып өтіп жатты. Қаңғалақтап ана дәрігерге барасың, бір жерден бір хабарландыру көріп қалсаң, оған барасың. Ақша жоқ, шешемнің пенсиясына әбден жармасып алғанмын. Соның ескі пальто, анау-мынауын киіп жүре беремін.


Кейін күйеуім әлгі қызға үйленді де, маған ерегесті ме, білмеймін, әйтеуір, әке-шешесі аста-төк той жасап берді.


Олар балалы болды. Ал менің балам көрмеген теперішті көріп, бұл дүниеден қиналып кетті. Есіктен төрге домалап, жер-көкке сыймады жаны қиналғанда. Балам қатты қиналғанда, сасқанымнан бір күні күйеуімді іздеп барып, таңғы 7-де есігін қақтым. Ол кезде әлі үйленбеген кезі еді. Мені есіктен итеріп шығарып:


- Сол баланы үкіметке тапсырайық дегенде тапсырмаған өзіңнен көр! Баланы жырлап маған келуші болма! – деп, қуып жіберді.


Тауым шағылып, өксік қысып, кетіп бара жатқанымда есіктің алдына шыққанда бір мысқыл күлкіні құлағым шалып қалды. Жоғарыға қарасам, бесінші қабаттағы балконнан маған оның әлгі жүріп жүрген қызы ішегі қатып мазақтап күліп тұр екен. Содан ары қарай есім кіресілі-шығасылы сияқты болды. Сол жерде мешіт бар еді, соған қарай қалай беттегенімді білмеймін. Мешітке дұрыс киім киіп бару керек қой. Ал мен үйден қысқа балақ шалбар мен кеудесі ашық кеудеше киіп шыға салған болатынмын.


Молда құран оқып отырғанда мен ішімнен «Ауру балам екеумізді басынған албастыны құдай, өзің таба гөр!» деп қарғап отырдым. Орнымнан тұра бергенде солдалардың бірі:


- Қарындас, келесі жолы мешітке бұлай киініп келмеңіз! – дегені әлі құлағымда сайрап тұр.


Одан соң да не көрмедім? Балам қиналып өлгенде күйеуім той жасап жатты. Одан бір уыс топырақ бұйырмады.


Бірақ уақыт бәрін ұмыттырады екен. Жылдар өте келе күйеуім екеуміз көшеде кездесіп қалсақ, ол маған сыйластық танытып, барар жеріме апарып тастап, дұрыс көңіл танытып жүрді. Сөйте-сөйте біз кездесіп тұратын болдық. Бір күні ол мені өзінің үйіне алып барды. Әйелі жоқ екен.


Бұрынғы қиындық көрген күндерім есіме түсіп, бойымды ыза мен кек буып тұрды. Көз алдыма қиналып өлген балам елестеді. Сөйтіп, ол далаға шығып кеткенде олардың отбасылық суреттері мен әйелінің шұлығын сөмкеме салып алдым. Бұрын шұлықты дұғалайды екен деп еститінмін. Өзімнің істеп тұрған ісімнің далбаса екенін біліп тұрмын. Білсем де, ақыл-ойымды ерегес жаулап алды.


Үйге келген соң дұға кітапты алып, дұғаларды келсін-келмесін бірінен соң бірін сұңқылдап оқып, әлгі шұлық пен суреттің үстінен қара түтінді будақтатып, ойыма келгенді жасадым. Суреттің күлін шашып тастадым.


Дұға жасау күнә екенін де білемін. Бірақ «Біреудің отбасына қиянат жасаған адам неге бақытты болуы керек?» деген сұрақ мазалап, әлгі отбасымды ойрандаған әйелдің де өзім сияқты бақытсыз болуын қалап тұрдым.


Менің жасағаным жай ойын сияқты ғой. Дұға деп айтуға да келмес. Сонда да күйеуімнің әсте жолы болмайды. Енді ақша жинап, құтайып келе жатса, жол апатына ұшырайды, біреудің көлігін соғып кетеді. Әйтеуір өзін бір оқиға күтеді де тұрады. Соған қарағанда, «дұғаның» әсері болғаны анық...


Автор: Марфуға Қайрат 


alashainasy.kz




Көрілген: 3721    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

бейсенбі, 05.10.2017, 09:41

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30