Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Күйеуімнің аруағымен бірге тұрып жүрмін...

  • © Психотерапевт онлайн

    © Психотерапевт онлайн

Осы бір түсініксіз жайды «Алаш айнасы» оқырмандарына айтып, ой бөліссем деп шештім. Бұрын адамдар аруақ туралы айтса, ойдан құрастырып айтып отырғандай көрінетін. Алайда қазір мен осындай бір күйге тап болдым. Оны қалай түсінерімді де, түсіндіруді де білмеймін. Сіздерге ұғынықты болу үшін әңгімені басынан бастайын.


Қазір жасым 48-де. Жолдасым екеуміз 26 жыл отастық. Екі қыз өсірдік. Олардың екеуі де тұрмыста. Басқа қалада тұрады. Үлкен қыздың бір ұл, бір қызы, кіші қыздың бір қызы бар. Күйеуім «қу басымыз сопайып, үйде екеуміз ғана отырамыз ба, үлкен қыздан туған немерені бауырымызға алайық» дегенде, «жұмысты қайтемін, зейнеткерлікке шыққан соң алармыз» деп көнбегем. Сонда күйеуім «жаман айтпай, жақсы жоқ, жазым боп мен қайтыс болып кетсем жалғыз қаласың ғой» деген еді. Сол кезде оған мән бермей «не болса, соны айтпашы» деп ренжігем. Қазір ойласам, ол сол әңгімені жайдан-жай айтпаған екен. Шамасы, құдай оған бірдеңені сездірген-ау! Өйткені, сол бір әңгімеден соң көп өтпей, осы жазда күйеуім аяқ асты жүрек талмасынан көз жұмды. Сөйтіп, марқұм күйеуім айтқандай, қу басым сопайып, үйде жападан жалғыз қалдым.


Күйеуімнің қырқын өткізгенге дейін қыздарым кезектесіп қасымда болды. Әкелерінің қырқы өткен соң қыздар өз үйлеріне қайтты. Үйде жалғыз қалдым. Сол күннен бастап, түсініксіз жағдайға тап болды. Демалыс күні болатын, түскі астан кейін төсекке қисайып жатқам. Бір сәт төбе жағымда біреудің тұрғанын сезіндім. Шошып, орнымнан тұрдым. Елес көрінген болар деп ойладым. Десе де, қорқынышымды әзер бастым. Ертеңінде жұмыстан келіп, тамағымды ішкен соң, бір қағаздарымды жазып бітірейін деп жазу үстелінің басында отырғам. Бір уақытта арқа жағымда біреудің тұрғанын сездім. Ақырын басымды бұрдым. Ешкім көрінбейді, бірақ дәл қарсы алдымда біреудің тұрғанын анық сезіп тұрдым. Мұрат (күйеуімнің аты) деп дауыстадым. Үн жоқ, алайда қарсы алдымда біреудің ақырын қозғалғаны сезіледі. Неге екенін қайдам, осы жолы қорқыныш сезімі болған жоқ. Өзімді қолға алып «Мұрат маған алаңдама, менің жағдайым жақсы, мені тыныш қой» дедім. Сол сәтте Мұраттың ақырын кеткенін сездім. Ертеңінде арнайы тамақ жасап, жеті шелпек пісіріп, құран оқыттым. Қыздарыма айтсам, «жалғыз болған соң елегізіп адамға неше түрлі көрінеді, біздің біреуіміздің қолымызға кел, ауырып қаласың» дейді. Мен күйеуімнен қалған қара шаңырақты, жұмысымды тастап қайда барам?! Ертең мен үшін олардың отбасында реніш болып жатса ше? Мұны олар ойламайды.


Екі аптадай Мұрат мені мазалаған жоқ. Бірақ, бір қызығы мен оны күтіп, іздейтін болдым. Соны сезді ме көп ұзамай ол тағы келді. Алаңсыз ас үйде шәй ішіп отырғам. Кенет арқа жағымда біреудің тұрғанын сездім. Сезіп отырмын, дәл сол, Мұрат. Қорыққам жоқ, қайта артқа бұрылсам кетіп қалар деп қорқып, бұрылмай отыра бердім. Қалай айтқанымды білмеймін «Мұрат сен болсаң белгі бер» дедім. Бір кезде екі иығыма ақырын ғана қойылған екі қолды анық сездім. Ақырын қолымды иығыма апарып, қолының үстіне қойдым. Неге екенін қайдам, оның иығыма қойған қолын сезгенмен, қолыммен оның қолын сезе алмадым. Солай біраз отырған соң ол кетті.


Ертеңінде, Мұрат тағы келді. Шәй ішіп отырғанда иығыма қолын қойды. Оның қолын сезінбесем де, қолымды иығыма апарып, «Мұрат бүгін кетпеші, осында қалшы» дедім. Ол ақырын иығымды қысты. Сол күні ол қасымда жатты. Қыздарыма айтып едім «сенің жүйкең шаршаған, бүйтіп жүре берсең жүйке ауруына шалдығасың» деп жылап-еңіреп, қоярда қоймай, емханаға апарып тексертті. Менімен сөйлескен соң дәрігер «аздап жүйкеңіз шаршаған, денсаулығыңызда кінәрат жоқ, мүмкіндік болса, санаторийге барып, демалып қайтыңыз» деді. Қыздарым қоймай жұмыстан демалыс алғызып, 10 күнге санаторийге жіберді. Санаторийде үш-төрт күн болған соң, мен үйімді, дәлірек айтқанда Мұратымды сағындым. Ол мені үйде күтіп отырған сияқты болады да тұрады.


Расымен де солай болды. Келген күні-ақ оның үйде екенін сездім. Менің келгеніме қуанған сияқты. Қай бөлмеге барсам, сол бөлмеге барады. Мен онымен кәдімгідей сөйлесемін. Ол менің сөздерімді есітіп, түсінетін сияқты. Тек жауап қайтара алмайды. Жұмысқа шыққан соң осы жағдайды бірге жұмыс істейтін жақын танысыма айттым. Ол менің бетіме бажырая қарап «сен психотерапевтке көрін» деп кеңес берді. Тағы бір құрбыма айтсам ол да «жүйкең шаршаған, сосын саған солай елес көрініп жүр, дер кезінде емделмесең науқастанып қаласың» дейді. Қыздарымның да айтатыны сол. Бәрі маған қарсы. «Молдаға оқытып, үйді тазартып, ондай күйден арылу керек» дейді. Ал менің Мұратымнан айырылғым келмейді.


Құрметті «Алаш айнасы» оқырмандары, менің бұл күйім науқастық па? Маған қандай кеңес бересіздер?


Автор: Дария, Алматы облысы

alashainasy.kz/




Көрілген: 2569    Пікірлер: 3
Пікірлерді оқу (3) preloader

сейсенбі, 05.09.2017, 10:34

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қараша, 16:43
КІСІКИІК
9 Қараша, 10:06
Түннің құпиясы
29 Қыркүйек, 11:03
Түс жору
26 Қыркүйек, 10:34
Мәңгілік өмір мекені
15 Тамыз, 10:05
Малғұндар мекені

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30