Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Қылтұзақ

  • © kt.kz

    © kt.kz

Дәл сол күнi Мәриям шаршаған да, ауырған да кейiп танытпады. Әдетiнше кешкi асты әзiрледi, балабақшаға баратын Сәнияшын ұйықтатты. Қайта бәрi де тып-тыныш, алаңсыз болды ғой. Тек түнге таман Мәрияшқа бiреу қоңырау шалды. Әйелi тек «да, да» дей бердi.


Интернет арқылы шахмат ойнап отырған Әнуар оған көңiл бөлмедi. Мәриямның қай уақытта жатқанын да бiлмейдi. Шамамен түнгi 3-4 кезiнде қатты шошынған дауыстан оянып кеттi. Қараса, қара көлеңкедей болып әйелi төсекте бүрiсiп отыр. «Мәрияш, не болды?» — дегенi сол едi, ол жылап жiбердi. Әнуардың құшағына тығылды. Алайда неге шошынғанын айта алмады. «Жаман түс көрдiң бе?» — деген сұрағына: «Бiлмеймiн, бiрақ қатты қорықтым...», — деп жауап қатты.


Бәрi сол күннен басталды. Мәриям кiлт өзгердi. Қалада бұлаңдап өскен, мода қуып киiнiп, сауық-сайранды құр жiбермейтiн әйелi үйден шықпайтын болды. Етегi еден сызған қара, не сұр түстi көйлектер киiп, басын тұмшалап орайтын болды. Өзiнен-өзi қамығады, жылайды. Әр дыбысқа елеңдейдi, үрейленедi. Әнуар қанша рет жалынып та, ашу шақырып та сөйлестi. Не болғанын ашып айтуын талай рет сұрады, ал Мәриям болса дел-сал күйде егiле бередi. Әртүрлi себептер айтады. Сөздерi де түсiнiксiз. Қызын бiресе кеудесiне қысып өлiп-өшедi, бiресе ұрсып-зекидi. Кiшкене Сәнияш та шешесiнен қашқақтайтын күйге түстi. «Не де болса, бұл — психикалық дерт. Адам жайдан-жай осындай күйге түспейдi ғой» деген оймен Әнуар әйелiнiң басқа қалада тұратын әке-шешесiн шақыртты. Екi күннен кейiн ебiл-дебiлдерi шығып олар да жеттi. Сонда Мәриямның ағыл-тегiл жылағаны-ай! Күн сайын байынан таяқ жеп, қорлық көрiп жүрген жандай боздады. Айналып-толғанып әке-шешесi әзер жұбатты. Әнуар сол күнi қызымен әпкесiнiң үйiне кеттi.


— Сiздер оңашада Мәрияммен еркiн сөйлесiңiздер, бар мән-жайды анықтаңыздар. Дәл қазiр не дерiмдi бiлмеймiн. Сiздердiң алдарыңызда ақталатындай еш кiнәм жоқ. Керек болсам, шақырып аларсыздар.., — дедi.


«Бұл не сұмдық? Қайдан келген бәле?» — деген ауыр ойлардан өзi де мүжiлiп кеткен едi. Әбден шаршады. Түк бiлмеуден, түк түсiнбеуден шаршады. Бiр мистикалық құпия... Қызын аяды. Жасы небәрi бесте болса да, сезiмтал, зерек. Шешесi өзгергеннен берi еркелiгi азайды. Әкесiмен iлесiп балабақшаға томпаңдап барады, томпаңдап қайтады. Үйге келген соң да шешесiне жоламайды. Тек бiр күнi қағазға жапсырған гүлiн шешесiне ұсынып едi, Мәриям «молама қоятындай гүл екен» деп, төсек үстiне тастай салды. Осы сөзден кейiн Әнуар әйелiн жұлқылап: «Есiңдi жи! Сен әдейi iстейсiң осының бәрiн! Қызыңа қарашы, неге оны аямайсың? Не ойың бар, не жамандығың бар, ашып айт!» — деп айқайлады. Ал Мәриям мiз бақпай безерiп отырды да қойды. Өзге бiреуге айтсаң сенбейтiн жағдай...


Үшiншi күн дегенде Мәриямның әкесi звандады. «Жолығайық» — дедi. Әнуардың жүрегi шымырлап қоя бердi. Әйтеуiр, жақсылық емес екенiн ұқты. Жолығатын жерге жаяу бармақ болды. Асықпады. Несiне асығады? Жаман хабар жерде қалмайды... Кiшкене болса да уақыт ұтқысы келдi. Кiшкене болса да кеңiнен тыныстап, күш-қуат жинағысы келдi. Шынымен-ақ Мәриямның ақыл-есi ауысты ма? Құдай сақтасын, тұқымында ондай кесепат жоқ едi. Бетi аулақ... Онда не болды? Себеп-салдарсыз адам осылай өзгере ме? Әнуар жолдың ұзара түскенiн тiледi. Суық хабар естуге әл-дәрменi жоқ екенiн ұқты. Ештеңе бiлуге де, естуге де құлқы жоқ. Көз алдына қуыршақтай киiнiп алып, өзiне ел қарасын, таңдайын қақсын дегендей биiк өкшелi туфлиiмен асфальттi тесетiндей тебiне басып, сылаң қағып жүретiн Мәриямы елестедi. Кеше ғана дүние қызығына тоймай жүрген сұлу әйелi... ендi ол бүрiскен бейне...


Әнуар қайын атасын алыстан көрдi. Жол бойында алаңдап тұр. Креслода қасқайып отыратын, маңғаздана аяғын басатын адамды мынандай дәрменсiз халде көрудiң өзi Әнуарға әңгiменiң ауыр болатынын ұқтырды. «Ең болмаса мен әлсiздiк көрсетпейiн...» — деп денесiн тiктедi, көкiрегiн тазартқысы келгендей жөтелiп алды:


— Көп күтiп қалдыңыз ба?


Әңгiменi ол ақырын бастады. «Балам», — дедi. Жаутаңдап Әнуарға қарады да кеуде тұсын алақанымен басып бiраз тұрды. Жүрек шiркiн сыр бере бастаған-ау шамасы... Екеуi де үнсiз келiскендей жол бойындағы дәмханаға кiрдi.


— Әнуар балам, сен Мәриямның қасында жүрiп, оның не пәлеге ұшырағанын қалай ғана байқамадың?..


Қайын атасы күйзеле тiл қатты. Әнуарға кiнәлай қарады:


— Мәриям сектаға кiрген екен. Сен оны бiлдiң бе?


— О не дегенiңiз? Қайдағы секта?!


— Өзiм де анығын бiлмеймiн. «Лучик света» дей ме? Шетелдiк секта...


— Жаңа естiп тұрмын. Өткен жазда бiр дiни ұйыммен сапарға барып келдi. Маған мұндай туризм ұнамайды дедi содан кейiн. Соңғы жылы бiр элиталық клубқа барып жүргенiн айтқан. Онда ылғи өздерiн «элита» санайтын әйелдер бас қосады екен. Алғашқы взносы 500 еуро деп менен ақша да алды. Сол ақша адам саны көбейген сайын өзiне үстемемен қайтарылады деп түсiндiрдi.


— Тағы не бiлесiң?


— Сол клубқа мүше болу үшiн ақсүйек болуың керек екен. Мәриям менi олар бiрден қабылдады деп қуанып жүрдi... Иә, ендi ойыма түстi, тағы бiр жайсыз оқиға болған. Осыдан бес ай бұрын Мәриямды бiр сыған әйелi тонап кеттi. Бар алтынын, тiптi неке жүзiгiн, гауњар тас салынған сырғасы мен алқасын гипнозбен алып кеттi. Есiмде түк жоқ, тек бiр сыған әйелi менi тонағанын ғана бiлемiн, — деп зар жылады. Милицияға хабарлайын деп едiм, азар да безер болды. Содан садақа дедiк те қойдық...


—Тағы не байқадың?


— Киiм киiсi өзгердi. Кей кездесулерге ашық-шашық баруға болмайды деп оранып жүретiн шәлi сатып алды. Тағамды да талғап алатын болды... Менiң жұмысымның жауапты екенiн өзiңiз де бiлесiз, уақытым жоқ. Мәриямға сендiм... Ол еркiндiктi сүйетiн өзiңiздiң ерке қызыңыз емес пе? Ал мына жағдай... Миыма кiрмейдi...


– Балам, ендi менi тыңда. Сол секта Мәриямды қылтұзаққа түсiрiптi. Сендер бәрiнен айырылдыңдар...


– Қалайша?!.


– «Әкесi өлгендi де естiртедi», Әнуар балам. Мәриям сендер тұрған коттедждi де, өзiнiң және сенiң машиналарыңды сол сектаға сыйға тартыпты. Сол дүние-мүлiктiң барлық құжатын реттеп шетелдiк бiр миссионердiң атына аударыпты. Қызым тiптi оның аты-жөнiн де дұрыс бiлмейдi. Өткенде олар хабарласыпты... Айтуға ауыр. Айтпасам тағы болмайды. Олар осы айда Мәриямды «рухани тазару жолына түсiру үшiн» әкетемiз дептi. Содан кейiн сен үйiңдi, дүние-мүлкiңдi келiсiмшарттарды көрсеткен кiсiге өткiзесiң. Егер олай iстемесең, Мәриям қайтарылмайды. Мiне, бiздiң басқа түскен қасiрет... Айтпақшы, жоғалған неке жүзiгi де, басқа дүниелерiң де соның қолында. Қазiр олар тұрақтарын ауыстырыпты, нақты қайда екенiн бiлмеймiз. Бiрақ Мәриямға қоңырау шалып, бақылауда ұстап жүрген сияқты. Сорлы қызым... көзi ашық, пысық сияқты едi. Мына тұзаққа қалай түскенiн... Әуелгiде «сендер Жаратушының қолдауына ие болған ерекше, таңдаулы пендесiңдер!» деп басын айналдырған. Яки, элита. Осындай уағыздармен алдымен көкке көтерген, содан кейiн... Несiн айтайын, алдап-арбаудың бар тәсiлiн қолданған. Мәриям «клубтағы бар әйелдер солай iстедi, мен де iлестiм» – дейдi. Сөйтсе «элита» деген ханымдардың бәрi де сол сектаның мүшелерi екен. Қолдарына керектi құжаттарды түсiрген соң қорқыту, қорлау басталған. Тұзаққа түскен жалғыз бiздiң Мәриям емес... Таяуда сол клубқа барып жүрген Ләззат есiмдi жас келiншек өзiне-өзi қол жұмсапты...


Қайын атасы еңкiлдеп жылап жiбердi. Әнуар бәрiн жайбарақат қабылдады. Еш эмоциясыз. Сенгiсi келмедi... Мүлдем сенiмсiз әңгiме! Мына ХХI ғасырда осындай оқиға болады дегенге кiм сенедi? «На грани фантастики... или сумашествия...»


– Не iстеуге болады? Ана КНБ, КГБ дегендерге хабарлау керек сияқты...


Қайын атасы мұның жүзiне жалына қарады. Қайтсiн байғұс, қызының тағдыры қыл үстiнде тұрғаннан кейiн...


Әнуар бәрiн ендi түсiндi. Өткенде үйдiң, машиналардың құжаттарын қайта заңдастырам деп әйелi бiр қағаздарға қол қойғызған едi ғой. Ертемен бұл жұмысқа асығып бара жатқанда Мәриям артынан қалмай жүрiп қол қойғызды. ЦОН-нан өткiзу керек дедi. Бәрi шындық сияқты... Яғни сүйiктi жары мұны алдады. Тақыр жерге отырғызды. Бiрақ ендi ашу шақырғаннан не ұтады? Бұл ешкiмнен көмек сұрайтындай, не шағым айтатындай жайт емес. Бұл ақымақтықтан, кеудемсоқтықтан, көрсеқызарлықтан туындаған жайт...


Шынтуайтына келгенде, бар кiнә мұның өзiнде. Ол Мәрияммен соңғы рет қашан сөйлестi? Қашан еркелеттi? Тiптi жүзiне де анықтап бiр қарамапты-ау... Осыдан бiр ай бұрын... Иә, онда интернетте шахмат турнирi өтiп жатқан. Мәриям қасына келiп: «Жаным я влипла...» – деп сөз бастай бергенiнде, «подожди» деп, әйелiнiң сөзiн бөлiп тастады. Өйткенi литвалық қарсыласы шешушi партияда мұны тықсыра бастаған едi. Сол сайыс үш сағатқа созылды. Ақырында Әнуар чемпион атанды. Ур-а-а! Ал ендi чемпион не iстейсiң? Өз отбасыңды ойрандап отырған мына ойынды қалай жеңесiң? Қарапайым мұғалiмнiң кiтап кемiрген баласы... «Бiлiмдi мыңды жығады...» деген принциппен өмiр сүрген Әнуар өз өмiрiн неге арнады? Қолы неге жеттi? Неге сонша тыраштанды... Не үшiн? Құрып кетсiн! Осы да байлық па? Мәриямның бiр көз жасына тұрмайтын боқ дүние. Бәрi бос дүние...


Әнуар қайын атасына қарады. Қасқайып жүретiн ел ағасы қауқарсыз шалдай сықсыңдап жылап отыр. Әнуар кенет... кешiрiм сұрады. «Сенiп тапсырған қызыңызды қорғансыз қалдырыппын, жазықтымын» дедi. Содан кейiн тастүйiн жинақталды:


– Ертең сiздер Мәриям мен қызымды алып, бұл қаладан кетесiздер. Елге емес. Ресей жаққа. Менiң сенiмдi досым онда сiздердi паналата тұрады. Сол жiгiт арқылы хабарласып тұрамыз. Еш байланысқа шықпайсыздар. Өте сақ болу керек. Бұл қауiптi секта сияқты. Здесь все серьезно... Ал басқа шаруаны өзiм бiтiремiн. Қорықпаңыз, я же чемпион! – дедi.


Көптен берi кеудесiне қонақтамай жүрген шабытты күй, ақтық айқасты аңсаған қанатты күй қайта оралды.


Ертеңiнде әуежайдағы самолет Ресейге ұшып кеткенде ғана Әнуар өз жоспарын орындай бастады. Сол күнi су жаңа екi қымбат машинаны биiк шатқалдан тау етегiне құлатты. Үйiнен құжаттарын, бiраз киiмдерiн алды да, қалған дүниенiң бәрiн сыртқа шығарды. Тау етегiне қатарласа қоныстанған қоржын тамдағы көршiлерiне «Барып тасып алыңдар!» дедi. Байғұстарда ес қалған жоқ. Бөлмелердегi ауыр-ауыр жињаздарды күшене көтерiп, таласып-тармасып, екi сағат iшiнде үйдi жып-жылмағай еттi. Өңдерi тұрмақ, түстерiнде көрмеген қымбат, сәндi дүниелерден көздерi тұнған шiркiндер Әнуарға қарауға да мұршалары келмедi. Әкелерiнiң байлығын бөлiскендей бiрiнен-бiрi қызғанып, қырылысып та қалды. Тек бiр қартаң әйел ғана сынған айнаға қарап көзiне жас алды. «Қарағым, басыңа түскен ауыр күн осы айнадай күл-пәрше болсын. Азамат басың аман болсын!» – деп Әнуардың қолын сүйдi. Тұйыққа тiрелген ер-азаматтың жан қиналысын сезiп тұрғандай-ақ.


Таңға таяу екi қабатты коттедж лапылдаған отқа оранды...


Айгүл Асылбекова-Нөкербаева

zhasalash.kz 




Көрілген: 1759    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 29.08.2018, 11:09

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 10:40
    Мәңгілік мендік боласың
    19 Қыркүйек, 11:00
    Қанмен серттесу
    16 Қыркүйек, 11:39
    Балшы
    13 Қыркүйек, 10:19
    Өлген адамның жаны...
    11 Қыркүйек, 11:07
    Шындыққа айналған әзіл
    10 Қыркүйек, 11:09
    Аруақ мекендеген үй
    7 Қыркүйек, 11:06
    Кездесуге келген аруақ
    6 Қыркүйек, 12:20
    Түнде терезе қаққан кім?
    3 Қыркүйек, 12:04
    Жол бойындағы жалғыз үй
    29 Тамыз, 11:09
    Қылтұзақ
    28 Тамыз, 11:12
    Жат құшақ
    22 Тамыз, 11:33
    Сырмақ шерткен сыр
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы
    3 Шілде, 10:45
    Тағдыр құпиясы
    28 Маусым, 10:51
    Гипноз
    27 Маусым, 10:34
    Қос боз...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31