Өзінің өлетін күнін түсінде көрген жігіт (болған оқиға)

Өзінің өлетін күнін түсінде көрген жігіт (болған оқиға)

Бір досым бар. Машинасымен ауыл аралап жүргенін үйде отырып-ақ білемін. Оның машинасының сигналы ерекше. Басқалардікіндей бажылдамайды, қиқылдамайды. Үздіксіз созылып шығатын үйреншікті сигналдың орнына әлдебір әуен ойнап тұрады. Ол сигналды да әлденеше рет ауыстырды. Жасы қырыққа келсе де бала секілді.

Баяғыдан қалған ескі «Жигулиі» бар. Ол секілді көлігін ешкім де сәндей алмайтын шығар. Жаңалайды да жатады. Соңғы үлгідегі музыка ойнатқышты әуелі соның машинасынан көреміз. Кино көрсете беретін мониторды бірінші болып ауылда сол орнатқан болуы керек. Машинасына мінсең, фильмдерді де тамашалай бересің.
Бір жері сықырлап, сыр берсе болды, ұстаға шабады. «Машинамның бір жері бұзылса жаным жәй таппайды. Жөндеткенше асығамын» дейді өзі де. Машинасына деген махаббаты ерекше. Баласына жаны ашығандай, машинасының жайын кәдімгідей уайымдайды да жүреді. Солайша ерекше мәпелеп күткен соң ба, зауыттан шыққанына 20 жыл болған машинаға ұқсамайды. Ішіне мінсең сықыр еткен дыбыс жоқ, мотордың даусы тап-таза. Жап-жаңа машиналар секілді жүрісі де жайлы. Әуесің келеді...
— Мен мұның екінші әйелімін. Бірінші әйелі машина ғой. Машинасының жағдайын менен артық жасайды, — дейді әйелі кейде мұнысын жақтырмай.
Көлігін жаңалауды ойға да алмайды. «Өлгенше өзіммен бірге болады. Ұсталар мен запчастар аман болсын» дейді де, жүре береді. Әйтпесе, ауылда мұндай ескінің көзі саналатын «Жигулилер» сирек-ақ.

Сол досым бір күні мені үйіне шақырды. Құр бара салмай шақыру себебін сұрадым.
— Келе берсейші, әңгімелесейік. Сенімен шүйіркелеспегелі де көп болыпты.
Яғни, ешқандай туған күн емес, басқа емес. Жәй, менімен жүздескісі келіп шақырып отырған секілді.
«Шақырған жерден қалма». Әйелімді ертіп жетіп бардым. Былбыратып ет асып қойған екен. Ерекше дайындалған сияқты. Көп отырдық. Түннің бір уағы болғанша мені жібермеді.
— Өмір қысқа. Өтеді де кетеді. Ертең бір-бірімізді таппай, сан соғып өкініп қалармыз. Осылай сұқбаттасып, жиі бас қосып уақыт өткізгенге не жетсін, — деді досым.
Мұндай әңгімені айта бермеуші еді. Өмірдің бір күні зыр етіп өте шығатынын білсем де, мына сөздер мені селт еткізе алмады. Мұндай сөздерді көп оқи беріп етім өліп, құлағым үйреніп кетсе қайтем?
Таза ауа жұтып қайтайық деп тысқа шықтық. Қыс қақап тұр. Қысы жылы келетін түстікте де биыл бұл мезгіл ерекше ашулы. Бұлайша «тістеп алатын» аязды сирек көреміз. Жер қап-қара, әйтпесе. Қара суық. «Бұдан қар жауғаны жақсы еді» дейміз, онымен біз күткен қар жауа қоймайды да, тілегіміз орындалмайды.
Тыста да біраз әңгімелестік. Темекі тұтаттық. Аузымыздан көк түтін будақтап, қысқы таза, саф ауаны бүлдіріп, ластай бастады.
— Кеше түс көрдім, — деді досым сыртқа шыққан соң. — Айтсам қорқасың.
Мен елең ете қалдым. Даусының әуезіне қарасам, әлдебір қорқынышты бірдеңені баяндағалы жатқан сияқты. Ерекше түс болмаса маған айтпас еді ғой дейді бір ойым.
Не болса да естуге асықтым.
— Түнде түсті жорымайды дей ме, айтпайды дей ме, сондай бір ырым бар ғой. Сонда да айтайын. Түсімде бейіттерді аралап жүр екенмін. Бір кезде басқа-басқа емес, өз бейітімді көріппін. Өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта қараймын. Өзімнің суретім тұр! Өңім болғанда зәрем ұшар ма еді, түсім болған соң, әсері аздау болған болу керек, онша шошынбаппын. Сонда да кәдімгідей тіксініп қалдым. «Қашан өлгенмін?» деп те ойладым. Бәрінен бұрын, бейітте не жазулы тұр дейсің ғой?
— Не жазулы тұр екен? — деймін мен ар жағын естігенше тағатсызданып.
Жанып бітуге таяған темекісін құшырлана бір тартып алып, анадайға лақтырып жіберді де:
— Өзімнің өлетін күнім жазулы тұр екен, — деді жәй ғана.
Мұндай жауапты күтпеген менің денем шымырлап кетті. Түрлі-түрлі түстерді мен де көруші ем. Бірақ мынадай қорқынышты әрі қызықты түсті еш көрмеппін. Таң қалғаным яки қорыққаным белгісіз.
— Қай күн екен? Қай күн екені есіңде қалды ма?
Досым күлді.
— Менің қай күні өлетінімді білгенше асығып тұрсың ба?
Өз сұрағым өзімді ұялтып қойды. Бірақ менің орнымда кім болса да солай сұрар ма еді.
— Бастаған соң соңына дейін айтсайшы енді, — деймін. Менің тағатымды тексергісі келді ме, досым тағы да темекі тұтатты. Тұтатқанда асықпай тұтатты. Кейде осылай сабырлы бола қалатын да әдеті бар.
— Айтсам қорқасың ғой. — Аузынан көк түтін қоюлана шықты. — «12.12.2016» деп жазулы тұр екен...
— Мәссаған! Не дейді? 12 желтоқсан?
— Иә. Бар-жоғы екі күннен соң.
— Астапыралла...
— Иә, солай.
— Қой, «түс түлкінің тезегі». Құдай сақтасын.
— Білемін. Өзім де солай жорығым келеді. Бірақ бәрібір ішімде бір қорқыныш бар.
Не дерімді білмей іркілдім.
— Былай ғой. Ертелі-кеш ана жаққа кетеміз. Оған дау жоқ. Тіпті, 12 желтоқсан күні өліп қалсам да қолымнан түк келмейді. Сол үшін де уайымдаудың қажеті жоқ. Тек мына бала-шағамды ойлап отырмын. Әлі жастау. Мейлі, Алла өлтірмес оларды да. Өзім де әкесіз өстім ғой. Әкесіз өсу мына заманда соншалықты қорқынышты емес.
Ол түс жайлы ешкім де білмейді. Саған ғана айтып отырмын. Ол түсті көргеніме де екі аптадай болып қалды. Қорқынышты ойлармен алыса беріп, оған да бой үйретіп алдым. Үйге шақырған себебім сол, шынымен екі күннен соң олай-бұлай болып кетемін бе, армансыз сырласып қалайын деген ой еді.
— Жеті шелпек таратпадың ба?
Аузыма түскен сөз осы болды. Шыннан ажал келсе, жеті шелпектің де арашашы бола алмайтынын білемін, әрине.
— Тараттым.
— Бір малды сойып, құран оқытпадың ба?
— Ой қойшы. Мына аязда жұртты әбіржітіп неғылам? 12 желтоқсаннан аман өтсем ғана бір малды сойып, қан шығарам...

Ол жерден кетіп, үйге жеткенше досымның қорқынышты түсін ойлаумен болдым. Адамның ойы өзіне дұшпан ғой. Сенің ырқыңа көнбей біраз жерге барып қалады. Досым екі күннен кейін расымен де... Ары қарай ойлауға да қорқамын.
Жастыққа бас қойғанда да көзіме бейіттерді аралап, өз құлпытасына өзі қарап тұрған жүрген досым елестей берді.
— Бері кел, міне, қарасайшы, — дегендей болады. Мені жанына шақырып алып, әлдебір құлпытасты нұсқайды. Соның бейіті. Суреті, өлетін күні... Өзі айтқандай, тұп-тура.
— Қазір, — деп қолына әлдебір үшкір затты алды да, өлетін күні жазулы тұрған жерді қырнай бастады.
— Әй, не істеп жатырсың? — деймін түсінбей.
— Өлетін күнімді өзгертемін.
Қарап тұрмай мен де оған көмектесе бастадым. Біз қырнаған сайын цифрлары құрғыр бұрынғыдан да жалтылдап, айқын көріне бастады.
Қырнап жатырмыз. Жүйкеге тиетін қышырлаған дауыс құлағымызды жауыр қылса да тоқтамадық.
Өшіре алмай әбден сілеледік.
— Қолым талып кетті, — деп досым отыра кетті. Менің де қарым талып кетіп, қолымдағы үшкір затты тастай салдым.
— Неге өшпейді бұл? — деп досым жыламсырады. Мен де жыламсырадым. Дәп бір досымның тағдыры сол бір жазуға байланып қалғандай.
— Тағдырдың жазуын өзгерте алмайсың! — деген дауыстан селк еттім. Жан-жағыма қарадым. Досымнан басқа ешкім жоқ.
Ғайыптан естілген құдіретті дауыс тағы қайталанды.
Отырған орнымнан атып тұрдым.
Орнымнан емес, жатқан орнымнан атып тұрыппын. Таң әлдеқашан атып кетіпті. Әйелім сериал қарап отыр екен.
— Тыныштық па? Шошып ояндың ғой? — деді маған үрке қарап.
Манадан бергі бейіттегі жазуды қырнап отырғанымыз түсімдегі жәйттер болып шықты.
«Тағдырдың жазуын өзгерте алмайсың!» дегенді телесериалдағы әлдебір еркек жанындағы әйелге айтып жатыр екен. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Мені оятқан дауыс түсімде емес, өңімде айтылып жатқанын қарасаңызшы...

Екі күн зыр етіп өте шықты. Екі күн бойы досым есімнен кетпеді. Жасы не-бары қырықта ғана. Ана түстің тегін емес екені жайлы ойлай-ойлай ой түбіне жете алмай, оны өліп қалады деп іштей жорамалдағаным үшін өз-өзімді жазғырып алдым да, түс ауған соң үйіне қарай аяңдадым. Досым ауласында машинасын қыздырып жатыр екен. Аман екенін көріп, шүкіршілік еттім.
— Жол болсын?
— Орталыққа, дүкенге. Келіншегім анау-мынау продукта әкеліп бер деген соң.
— Бүгін ешқайда бармай-ақ қойсаң қайтеді осы?
— Неге?
— Білмеймін. Бір түрлі боп тұрмын.
Досым күлді.
— Өткендегі түс шығар, сені уайымдатып жүрген. Қорықпа, өлмеймін. Өлсем де, бұл дүниеден өткен адамдардың біріншісі де, соңғысы да мен емеспін. Кім өлмей жатыр.
— Ол дұрыс қой. Бірақ мезгілсіз өлімнің несі жақсы?
— Мезгілмен өліп, менің қолымда деймісің? Қызықсың сен де...
Үйінің сыртқы есігінен келіншегі басын қылтитты.
— Әй, барсаң тезірек барып келсейші, кешкі асты ертерек пісірейін де.
Келіншегін бір түрлі жақтырмай қалдым. Досымды ажалға итермелеп тұрған секілденді...
Досым машинасына отырды да:
— Сен қайда барасың? — деді маған.
— Ешқайда. Жәй, өзім жүрмін.
— Отыр, ендеше. Үйіңе жеткізіп салайын.
Біздің үйге тез жеттік. Машинадан түсе:
— Абайлап жүрші. Жайырақ айда. Қайтарда шеткі көшемен қайт, — деп ескертуді де ұмытпадым. Досым ақырын қозғалып жөней берді. Көзіммен ұзатып салдым. «Соңғы көруім шығар» деген ой санама келе қойды. «Құдай сақтасын» дедім артынша.
Үйдің қақпасын аша бере тарс ете қалған дауыс құлағыма келді. Біздің ауладан не-бары екі-үш үй ары ғана жердегі бұрылыстан шыққан сияқты. Артынша адамдардың у-шуы құлағыма жетті. Әлдебір «тревоганы» көз алдыңа әкелетін шу. Досыма бірдеңе болғаннан сау ма?
Жалма-жан солай қарай жүгірдім. Жүрегім кеудемді тесіп жіберердей болып атқақтап, не ойлап үлгермедім десеңші. Түнде көрген түсім, өзгертілмейтін тағдыр, ондағы бейіттегі уақыт... Шынымен де түстің айны-қатесіз орындалғаны ма?
Құдайдың құдіретіне таң қалып отыруға мұршам да жоқ еді. Жүрегім әлсіз болса талып қалар ма ем, талмадым.
Оншақты қаралы адам жиналып қалыпты. Қазір ғана солай қарай кеткен досымның «Жигулиі» бұрылыстағы айыр бағанға тұмсықтан қадалыпты.
Зәрем зәр түбіне кеткен мен дереу руль жаққа ұмтылдым. Бетінде қан-сөлі де қалмай, бозарып кеткен досымды жұрттар машинадан көтеріп алып, жерге түсірді. Әлдебіреулер үйінен көрпеше әкеліп, сыз жерге төсеп, досымды сонда жатқызды.
— Адам аман ба?
Бірінші сұрағым сол болды.
— Аман екен.
— Еш жері ауырмап па?
Досым сау сияқты. Су ішкіздік. Өз-өзіне келе алмай біраз жатты.
Адамдар дабырласып жатқан. Бетоннан құйылған электр бағанаға соғылған «Жигули» екі бүктелуге сәл қалыпты.
— Қазір мына машина өртенуі мүмкін. Қашыңдар былай! Балаларды алыңдар! — деді арамыздан әлдебіреу.
Айтқандай, машинаның мотор жағы лау етіп, өртене жөнелді... Сол кезде «Жедел жәрдем» сигналдата келіп, досымды алып кетті.

Бұрылысқа жете бере досымның машинасының «самоторможениесі» ұстап қалыпты. Яғни, бір дөңгелегінің тежегіші өз-өзінен іске қосылып, машина рульге бағынбай, бір жаққа қиғаштай тартқан. Бұрын мұндайды көрмеген досым сасқалақтап, тежегішті емес, газды барынша басып жіберген. Ар жағы түсінікті. Бағанға соғылып, көзінің оты жарқ ете қалған. «Өлдім» деп ойлап үлгеріпті.
Мотор жағы өртенген ескі көлік енді жөндеуге келмейді.

Ертесіне досыма ауруханаға бардым. «Кей сүйектері ауырып қалғаны болмаса, оншалықты қауіп жоқ» деген хабар келген соң тыныш ұйықтағанмын. Мені көріп, күлімдеген досыма көзім түсті де, 12 желтоқсаннан аман өткеніне қуандым.
— Тынышталдырғыш укол ғана жанымды сақтап тұр. Әйтпесе денем қақсап, ұйықтай алмай шығар ем. Мейлі, бұл да өтер, аман қалғанымды айтсайшы.
Машинасының өртенгенін естіпті.
— Кәдімгідей ішім ашып жатыр. Өз еңбегіме сатып алған көлік қой, қанша дегенмен. Әлі біраз жыл тоқтамай жүріп тұратын еді. Әлде де көрер жарығым бар екен. Мен жақтағы дөңгелектің тежегіші қатқанда не болар еді?
Үйімнің тұсында түсіп қалғанымның дұрыс болғаны кешелі бері енді миыма тепті. Онымен бірге дүкенге барғанымда не болар еді деген ой пайда болуы мұң екен, денем дірілдеп кетті.
Тірі қалғанына шүкіршілік етсе де, бәрібір дүние өзекті өртемей тұрмайтын сияқты. Өткендегі жайсыз түсі мына апатқа көрінген секілді.
— Айтпақшы, бүгін де түс көрдім. Қандай түс десейші?
— Сенің де түсің таусылмайды екен. Тағы да бейіт жайлы ма?
— Иә. Дәл таптың. Өткендегі бейіт. Тек бір жазуды көріп таң қалдым.
— Қандай жазу?
— «1996-2016» деп тұр екен. Яғни, ол менің бейітім емес. Мен 1996 жылғы емеспін ғой.
— Қалайша? Суретім тұр деп ең ғой.
— Тұра берсін. Әлемде маған ұқсайтын, 1996 жылы туған тағы бір пенде бар шығар да.
— Ммм... Демек, саған ұқсайтын біреу өмірден өткен болар...

Солайша, досымның түсі 20 жыл мінген машинасын жалмады. Айтпақшы, 20 жыл демекші. Ойыма бірдеңе сарт ете қалды. Машинасының зауыттан шыққан жылы 1996 болса. Есіме тағы да бейіттегі «1996-2016» жазу түсті. 2016 жылы 12 желтоқсанда жарамсыз қалса. Міне қызық. «Түсіндегі бейіт машинасынікі ме?» деп ойлауға қорықтым.
Оның машинаға деген махаббаты керемет еді ғой. «Машинама бірдеңе болса, жүрегім кәдімгідей ауырады» дейтін. Онысына мен күлетінмін. Жүрегінің жартысы саналатын машинасы кеше келмеске кетті. Әнеки, түстің кереметі. Түсіңде басқаша, өмірде басқаша өрбиді. Біз болсақ, көбіне тікелей жорып әлек боламыз. Бұл түстің өзіне емес, машинасына ауғаны да дұрыс болыпты.

Осы ойымды досыма айтқанша асығып, қазір ғана өзім кіріп-шыққан аурухана ауласына қайта беттедім.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

Baq.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста