Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Түн ортасында терезе қағатын бала бейне...

  • © alashainasy.kz/

    © alashainasy.kz/

2000 жылдардың басында мен де, күйеуім де жұмыссыз қалдық. Мен еріксіз базар жағаладым. Тапқыным күнделікті шәй мен наннан артпады. Бұрын есепші болып қызмет атқарған күйеуім қара жұмыс істегісі келмей, үйде жатып алды. Ұрыс-керіс басталды. Ақыр аяғында ажырасып тындық. Содан кейін басымнан өткен бір тылсым жағдайды «Алаш айнасы» оқырмандарына айтып беруді жөн деп шештім.


Ажырасқан соң ешқандай тартыс-талассыз, сотсыз-ақ қаланың «Юго-восток» ықшамауданындағы үш бөлмелі пәтерімізді сатып, ақшасын екіге бөліп алатын болып келістік. Алушы да тез табыла кетті. Үйдің жарты ақшасын күйеуім алды да, жарты ақшасы қолыма тиді. Алайда, ол ақша жеткенмен бір бөлмелі пәтер алғым келген жоқ. Ал, дәл сол ықшамауданнан екі бөлмелі үй сатып алуға қолдағы ақша аздық етті. Сондықтан, «Пришахтинск», «Майқұдық» ықшамаудандарынан пәтер қарай бастадым. Қайда жүрсем де жарнамалық газетке шұқшиып отырам. Көшеде жүрсем, ілінген хабарландырды шолам. Қолымдағы ақша «Майқұдық» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтерден артылып та қалады. Бірақ ол қаланың қиыр шеті және мен жұмыс істейтін орталық базардан өте қашық. Сондықтан сәті болса, осы ауданнан арзан пәтер кезіксе деген үміт болған.


Бір күні таңертең жұмысқа бара жатып аялдамада ілінген хабарламаға көзім түсті. «Юговостокта» екі бөлмелі пәтер сатылады» деп жазыпты. Бағасы арзан. Менің ақшам жетіп тұр. Жаңылыс жазылған шығар деген күдік те болды. Десе де көрсетілген телефонға хабарластым. Тұтқаның арғы жағынан жауап қатқан әйел кісі сол баға екенін растады.


Үйдің нақты адресін сұрап алып, сол күні-ақ қасыма базарда бірге істейтін құрбымды ертіп, сонда тарттық. Пәтер 5 қабатты үйдің бесінші қабатында орналасқан екен. Оған қоса бұрышта орналасқан. Пәтерге соңғы рет қашан жөндеу жұмысы жүргізілгенін болжау қиын. Ананы көргенде құрбым «мына пәтерді алма» деп ат-тонын ала қашты. Жөндеу жұмысының өзіне қанша ақша қажет деп шыр-пыр болды. Бірақ менің ақшама осы маңнан бұдан өзге екі бөлмелі пәтер алу мүмкін емес еді. Базарға да таяу. Осыларды айтып құрбымның бетін бері бұрдым. Біраз жылдардан бері базарда сауда жасап жүрген құрбым маған қарағанда пысықтау еді. Сол пысықтығына салып, «онда бағасын түсірейік» деді. Онда өзің саудалас деп құрбымды алға салдым.


Үй иесінің ішімдік ішетінін білген құрбым мені арақ алып кел деп жұмсады. Екі стакан арақтан кейін үй иесі ағынан жарылды. Айтуынша, түрмеден шығып келгеніне екі ай болған (бірақ не үшін қамалғанын айтпады). Ол түрмеде отырғанда пәтерде бір таныстары тұрған. Сол екі жыл тұрғаны үшін таныстары біраз ақша берген көрінеді. Шамасы сол ақша таусылайын деген болса керек. Сондықтан осы пәтерін сатып, «Майқұдық» ықшамауданынан бір бөлмелі пәтер алмақ көрінеді. Ал қалған ақшасын қажетіне жаратпақ екен. Үй иесінің жібігенін байқаған құрбым кемшілікті тізбектеп, жөндеу жұмысына да бірталай ақша қажет болатынын айтып, бағаны түсіруді сұрады. Басында қиналыс білдіргенмен, арақтың күші ме сәлден соң-ақ «жарайды» деп келісімін берді.


Сол күні-ақ, нотариуске барып, сату-сатып алу келісімін жасадық. Пәтерді бір аптада босатып беретін болып келістік. Бұрынғы иесі көшіп кеткен соң пәтерді жөндеуге кірістім. Құрбым жөндеу жұмыстарын арзан бағамен істейтін бір таныстарын әкелді. Жөндеу жасалған соң үй іші мүлде басқа кейіпке еніпті. Ауылға апарып тастаға үй жиһаздарын қайта алып келдім. Құрбымның кеңесі бойынша, үй сатып алудан артылған ақшаға Алматыдан барып тауар алып келдік. Тауар көбейген соң пайда да көбее түсті.


Жағдайым жақсара бастаған соң ауылдан мектеп бітірген сіңлім мен 5 жасар қызымды алдырдым. Өйткені жалғыздық адамды жалықтырады екен. Ал жалғыздықтан жалыққан адамның қия басуы ештеңе емес. Өйткені, жалғыз қалғанда адамға неше түрлі ойлар келеді екен. Кейде сондай ойлардан арылу үшін ащы судан да сілтеп жібересің. Мұның жақсылыққа бастамасын тез түсіндім. Ауылдан сіңлім мен қызымды алдыруымның тағы бір себебі осында еді.


Жаз мезгілі болған соң қараңғылық кеш түседі. Жұмысқа баратын болған соң мен өз бөлмеме кіріп ертерек жатып қалам. Сіңлім мен қызым қонақ бөлмеде теледидар қарап, ойнап кештеу жатады. Бір күні сіңлім «түнде біреу терезе қақты» деді. Бесінші қабаттағы пәтер терезесін біреу қақты дегенге кім сенеді? Мен де сенгем жоқ. «Саған солай есітілген шығар» дедім. Тағы бір-екі күннен кейін тағы біреудің терезе қаққанын айтты. Ол жолы да аса мән бермедім. Арадан тағы екі-үш күн өткенде түн ортасында біреудің терезе қаққанын және терезе сыртынан қарап тұрған біреудің бейнесін көргенін, қорқып түнімен ұйықтай алмағанын айтты. Сонан соң оларды жатын бөлмеге жіберіп, өзім қонақ бөлмеде жататын болып шештім.


Ойыма әрдеңе оралып түн ортасына дейін ұйықтай алмай жаттым. Бірақ ешқандай бөтен дыбыс есітпедім. Бір аптадай тыныштық орнады. Енді ұмыт бола бастағанда терезе қағу қайта басталды. Енді құпия бейне жатын бөлменің терезесін қағуға көшті. Келесі күні үшеуміз де қонақ бөлмеге жаттық. Екінші күні терезенің тықылынан оянып кеттім. Тыңдасам, біреудің ақырын терезе қаққаны анық есітіліп тұр. Ілініп қалған бір нәрсе желмен терезеге соғылып жатқан шығар көрейін деп терезе алдына бардым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Терезеден кішкентай бала күліп қарап тұр. Қатты қорыққаннан айғайлап жібердім. Менің айғайымнан сіңлім мен қызым да шошып оянды. Сол күні таңды көзбен атырдық.


Ертеңінде бұл жайлы базардағы құрбыма айттым. Ол сенбегендей кейіп танытты. Мен оған меннен бұрын сіңлімнің көргенін, менің де алғашында оған сенбегенімді айтқан соң барып ойланып қалды да, мешітке барайық деді. Ол ойын мен де құп көріп мешітке бардық. Имамға болған жайды баяндап бердім. Имам «ол құран дәм еткен атуақтар, одан қорықпаңдар, олар ешқандай зиян жеткізбейді, мал сойып, ата-бабалар рухына құран бағыштаңдар» деді. Имамның айтқанын орындаған соң терезе қағу тоқтады. Алайда арадан бір айдай уақыт өткенде қайта басталды.


Сол күні сіңлім қонақ бөлмеде жатты да, біз қызымыз екеуміз жатын бөлмеде ұйықтадық. Түн ортасында терезенің тықылынан ояндым. Алғашында қорыққанмен кейін көзімнің қиығымен терезе жаққа қарадым. Тағы сол өткендегі баланың бейнесі тұр. Маған қызымды көрсететін сияқты. Шошып кеттім. Ертеңінде ауылдан анамды шақыртып қызымды беріп жібердім. Сіңлім де кетем деген, бірақ маған сауда жасауға көмектесесің, ақша табасың деп оны алып қалдым. Бір жағынан ана үйде жалғыз қалудан да қорықтым.


Сол күні түнде терезені қатты-қатты соққан дыбыстан шошып ояндым. Кәдімгідей қатты-қатты дүңкілдеген дыбыс есітіліп тұр. Қарасам сол баяғы баланың бейнесі. Тек бұл жолы жүзінде күлкі жоқ. Қыбағы қатулы. Тура бір маған ренжіп тұрғандай. Сіңлім қорыққаннан басын бүркеп алыпты. Бұл жағдайдың қанша уақытқа созылғанын білмеймін, бір кезде бала бейне жоқ болып кетті.


Ертеңінде, базарға сіңлімді жібердім де өзім үйде қалдым. Ондағы ойым көршілермен сөйлесу, мешітке бару еді. Сыртқа шықсам, есік алдында үш көрші кемпір отыр екен. Олардан үйдің бұрынғы иелері туралы сұрадым. Апалардың айтуына қарағанда, бұрынғы үй иелері ішімдікке жақын болған екен. Бірге ішетіндер арасында жанжал болып, күйеуі пышаққа түсіп өлген. Әйелі 5 жасар баламен қалған. Арадан бір жыл өткенде, қыстың күні көңілдесімен бірге ішімдікке тойып алған әйел түнде баласын далаға шығарып жіберген. Суыққа тоңған бала сол маңдағы темір гаражды барып паналаған. Баланың суыққа тоңып қалған жартылай жансыз денесін гараж иесі таңертең тауып алған. Жедел ауруханаға апарғанмен дәрігерлер баланы өлімнен арашалап қала алмаған. Бала тәрбиесіне салғырттық танытты деп айыптап, сот анасын екі жылға бас бостандығынан айырған екен.


Апалардың әңгімесінен кейін бұл жайдың мәнісін ұққандай болдым. Мешітке барып сол баланың аруағына арнай құран оқыттым. Имамға болған жағдайды айтып бердім. Имам терезе қаққан, үйге кіре алмай жүрген баланың аруағы екенін, оның өзі теңдес баламен ойнағысы келгенін, қызымды ауылға жібергеніме ренжігенін айтты. Алайда, ол сөздерге сенер сенбесімді білмедім. Бірақ бір тылсым құдіреттің барына анық көзім жетті.


Сол жағдайдан кейін пәтерді сатуға қойдым. Бағасы сәл арзандау болған соң ба, алушы тез табыла кетті. Алғашында бұл үйдің сырын айтайын деп ойлағам. Бірақ алмай қояр деп ол ойымнан қайттым. Оның үстіне үйді сатып алған әлі баласы жоқ жас отбасы екен. Олардың сәбиі болмаған соң бала бейне оларды мазаламас деп те ойладым. Біразға дейін шағымданып жүрер ме екен деп алаңдап жүрдім. Алайда олардан ешқандай хабар болған жоқ. Соған қарағанда бәрі де дұрыс болған болса керек.


Назым, Қарағанды қаласы

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1269    Пікірлер: 0

жұма, 17.11.2017, 10:43

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
23 Сәуір, 14:40
Қарғыс атқан тағдыр
20 Сәуір, 11:54
Киіктің киесі
9 Сәуір, 12:01
Қыз рухы
9 Сәуір, 11:32
Балшы
6 Сәуір, 11:39
Уақыт
4 Сәуір, 10:54
От–Ару
3 Сәуір, 10:54
Жалғызаяқ жол
31 Наурыз, 10:51
Балбал-қаз
28 Наурыз, 10:56
Тораңғылы
13 Наурыз, 11:41
Алтын ұсынған жын...
12 Наурыз, 11:42
Дуалау деген рас екен
11 Наурыз, 11:02
Көлдегі елес ару
7 Наурыз, 11:40
Жолайрық
28 Ақпан, 10:10
Киіктің киесі
25 Ақпан, 23:30
Адамның 10 қорқынышы
23 Ақпан, 11:55
О дүниеден оралу...
18 Ақпан, 23:50
Өлінің астынан өту
29 Қаңтар, 11:30
Оқ дарымайтын адам...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
сәуір
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30