Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Үш рет ескерту берген кім болды екен?

  • Үш рет ескерту берген кім болды екен?

    Үш рет ескерту берген кім болды екен?

Бұл өмірдің біз сырын ұғына бермейтін құбылыстары аз емес. Менің де басымнан сондай бірер жайлар өткен еді. Солардың өмірімді өзгертуге әсері тиген біреуі туралы айтқым келеді. 


Өң мен түсті ажырата алмай қалдым 


Бұл 1992-жылы болған еді. Күз мезгілі болатын. Ол кезде малды түнде жаятын. Әкем бір ағайынның тойына баратын болып, қойды түнету маған жүктелді. 


15-ке енді аяқ басқан кезім. Түнде жалғыз мал бағу үрейлендірсе де жігіттік намысым жеңіп, қорқынышты іште тұншықтыруға бел байладым. Қараңғылық қоюланып, ен далада ештеңе көрінбейтін кезге дейін бойымды үрей билемеді. Кейін желдің ескені құлағыма түрлі дауыстар әкеліп жатқандай жан-жағыма елеңдеу­мен отырдым. Алдыма үйірген малдың жайы сол сәтте мені ешқандай қызықтырмады. 


Уақыт 3-тер шамасында совхоздың бес гектар жерге еккен жүгері алқабынан маған қарай біреулердің келе жатқанын сездім. Екпіндете келе жатқанын жүгері собықтарының тербетілген дауысынан білуге болады. 


О, тоба! Қарсы алдымнан бойлары аласа, сақалды қариялар шыға келді. Зәре-құтым қалмай, қашайын десем, аяқтарым басқызбайды. Түсім дейін десем, қойлардың абыр-сабыры, бұл кісілердің тыныс алғаны – бәрін-бәрін сезіп тұрмын. Әлде елес пе? 


Дәл жаныма екі қадам жер қалғанда олар кілт тоқтап, біреуі: «Балам, сені біраздан бері бақылап жүрміз. Сенің бұл жүргенің дұрыс емес. Діни сауатыңды арттырып, науқастарды емде! Әйтпесе басыңа қиын күндер көп түспек. Осыны ескертпек ниетте келдік. Ойлан!» – деді де, көзден ғайып болды. 


Қорқыныштан тістерім сақырлап, денем қалшылдап, бар білген «бісмілләмді» айтып, таңды көзбен атырдым. Үйге келе сала не көріп, не естігенімді түгел әке-шешеме баяндап бердім. Олар мұны «қорыққанға қос көрінедіге» балады. 


Бұл көрініс кейін ұмытылып та кетті. Баламын ғой, мән бермедім. 


Арақтың кесірінен адам өлді 


Жылдар жылжып, есейіп, оң-солымды таныған кезде үйдегілер: «Үйленесің. Жалғыз баланың қызығын ертерек көргіміз келеді», – деп шарт қойды. Бұл кезде 18 жастамын. Алғашқыда қарсылық білдіргеніммен кейін ойландым. 


Келіншекті әкелген соң әке-шешем тойдың қамына кірісті. Бала күнімнен дүние-мүлікке бас ауыртыңқырамай өскендіктен басты шаруамды атқардым, келін әкеліп бердім, болды деп тіршілігімді істеп жүре бердім. 


Мал түнетуді әкем міндетіне алғанымен той мәселесіне көбірек дайындалған ол кісі бұл істі қайта маған тапсырды. Пісіп тұрған жүгеріні орып, собығын жинайтын мезгіл еді. Бұрынғыдай емес, қорықпадым. 


Сол баяғы әдет бойынша жүгері егістігінің төмен жағында отырмын. Таңға жуық күйсеп жатқан қойлар үркіп, тапырақтап кетті. Баяғы оқиға есіме түсіп, тілімді кәлимаға келтіре бердім. Аталардың бірі баяғыша жылдам келді де: «Әй, бала, неге намаз оқымай жүрсің? Имам-молда бар емес пе ауылда, сауатыңды жетілдірсеңші! Бұл ескертуден бөлек, тағы да талабымыз бар айтатын. Жақында үйіңде той өтеді. Әкең мен анаңа айт, тойыңда арақ-шарап қойылмасын! Тыңдамасаңдар, кісі өледі. Бұл – екінші ескертуіміз!» – деді. Сосын қабағы қатулы ақсақалдар бір сәтте жоқ болды. 


Күн ұясына батар сәтте малды алдыма салып, үйге қайттым. Бар болғанды айтып, бұл ескертулерге құлақ асуымыз керегін жеткізіп едім, ата-анам келіспеді. «Ағайындардан ұят қой. Осы күнге дейін арақсыз өткен той көргенім жоқ!» – деп әкем шорт кесті. «Ендеше тойды менсіз өткізіңдер!» – дедім де, ашуланып, сырт­қа беттедім. 


Көптен күткен күн де келіп жетті. Уайымым күшейіп, адам ажалына себеп болмайын деп тойға қатыспас үшін қашып кеттім. Улап-шулаған туыстарым тауып алып, киіндіріп, тойдың төріне отырғызып қойды. Ішімнен қылпылдап отырмын. Қуанышымызды бөлісуге келген жақындарым мәз-мейрам. Билеп-секіріп, тойды қыздырып жатыр. Осыларды көрген соң көңілденейін дедім бе, уайымым сейіле бастады. 


Бір кезде әкем, әкемнің ағасы мен інісі өзара сыбырласып, қақпадан шығып кетті. Соңынан орамалы желбіреп анам, жеңгелерім шықты. Бір нәрсенің болғанын білдім. 


Зар жылаған әйелдер. Шулаған адамдар. Той тоқтады. Сөйтсек, көрші үйдің балалары ішімдікке сылқия тойып, төбелескен. Солардың біреуі сол жерде ауыр тиген соққыдан өлген. Баласының денесін құшақтап жылаған ата-ананың зарлы даусы жер-жаһанды күңірентіп жіберді. Өкінгенім-ай! Әкем мен шешеме қарадым, олар да таусылып тұр. Өздерін кінәлі санап тұрғандай... 


Діни сауатымды аштым 


Ал үшінші ескерту ақпан айында болды. Әкем жиенім Қаныбек екеуі арбаға шөп тиеп әкелмек болып кетті. Бір отар малды қайтарып мен тұрмын. Бір кезде даланы тұман басқандай түнеріп, дауыс шықты. «Бұл саған соңғы ескертуіміз. Неге мешітке барып, діни сауат алмайсың?!» – деп арқамнан түрткен еді, шал­қамнан құладым. Одан арғысын білмеймін. 


Көзімді ашсам, ауыл имамы Ермек Бекбосынов дем салып отыр екен. Жанында – жылаған ата-анам. Өзіме келген соң Ермек не болғанын сұрап, маған арабша үйрететінін айт­ты. Алланың құдіреті шығар, маған арабша жазу, оқу қиын болған жоқ. Тез меңгердім. Ескіше білім алып, Жолғабас ауылындағы мектепке орналасып, үш жыл араб тілінен сабақ бердім. Сосын ауылдың имамы болдым. Жиырма жыл бойы Ақбастау ауылы тұрғындарының діни сауатын жетілдіріп, қайырымдылық шараларға мұрындық болдым. 


Қазір науқастардың тамырын ұстап, дем саламын. Аллаға құлшылык етіп, ақ жолдан таймауға бекіндім. Басымнан өткен жайттардан түйгенім, Алланың берген сынақтары – пендесін дұрыс жолға бет бұрсын дегені. Егер үш рет берілген ескертуден кейін де нәтиже шығармағанымда не боларын кім білсін... 


Асан ЖАМАЛБЕК.


Бәйдібек ауданы.


Түркістан облысы.


www.zamana.kz




Көрілген: 2383    Пікірлер: 0

жұма, 17.08.2018, 20:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 10:40
    Мәңгілік мендік боласың
    19 Қыркүйек, 11:00
    Қанмен серттесу
    16 Қыркүйек, 11:39
    Балшы
    13 Қыркүйек, 10:19
    Өлген адамның жаны...
    11 Қыркүйек, 11:07
    Шындыққа айналған әзіл
    10 Қыркүйек, 11:09
    Аруақ мекендеген үй
    7 Қыркүйек, 11:06
    Кездесуге келген аруақ
    6 Қыркүйек, 12:20
    Түнде терезе қаққан кім?
    3 Қыркүйек, 12:04
    Жол бойындағы жалғыз үй
    29 Тамыз, 11:09
    Қылтұзақ
    28 Тамыз, 11:12
    Жат құшақ
    22 Тамыз, 11:33
    Сырмақ шерткен сыр
    2 Тамыз, 11:26
    Шайтанның азғыруы
    3 Шілде, 10:45
    Тағдыр құпиясы
    28 Маусым, 10:51
    Гипноз
    27 Маусым, 10:34
    Қос боз...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31