Тілім-тағдырым

Псориаз бен алапесті емдейді екен

  • Псориаз бен алапесті емдейді екен

    Псориаз бен алапесті емдейді екен

 Медицинада емі табылмаған аурудың бірі – псориаз. Бұл ауру әсіресе жазда көп жайсыздық тудырады: жеңіл киінгендіктен жұрт алдында ыңғайсыздық тудыратыны өз алдына, терлеген сайын қышып, мазаны алады.


Денені жара басуының нақты себебі анықталмағандықтан псориаздың түбегейлі емі де жоқ. Сондықтан псориаздан зардап шегетіндер жылдар бойы ем іздеп әуреге түсетінін көріп жүрміз. Ал шымкенттік Асан Бердібаев (суретте) он екі жылдан бері сыры мен емі белгісіз осы ауруға шипа қондырып жүрген санаулы жанның бірі. Сондықтан оны еліміздің басқа облыстарынан іздеп келетін адам көп. Тіпті қазіргідей жаздың аптап ыстығында да аузы берік Асан ағада тыным жоқ: ауырдым деген адамға диагноз қойып, шөптерін қайнатып дәрі жасап, ұзақ күнге бір тыным таппайды. Осындай қарбалас арасында біз ол кісіден псориазды емдеу құпиясын сұраған едік.


Ағзадағы ауытқудың әсері


– Негізі денедегі дақ, бөртпе, жа­ра дегеннің бәрі ағза мүшесінің бірінде қандай да бір ауытқу барын білдіреді. Соны анықтау маңызды. Оның себебін біл­мейінше қанша жерден мазь жағып, компресс іс­тегенмен, псориазға ем қонбайды. Ал, жалпы, псориаз дұрыс тамақтанбау, ағза мүше­лерінің жұмысы ауытқуынан зат алмасуының бұзылуы, жүй­кеге салмақ түсу, стрестік жағдайлар, экологияның кері әсері, жаман әдеттер, ұйқының қалыпты болмауы сынды көптеген себептерден туындайды. Мен осы себепті анықтаймын. Сөйтіп оған себепші бол­ған, яғни қызметі бұзыл­ған ағза мү­шесін емдеймін.


– Ал псориазға не себеп екенін қалай анықтайсыз?


– Тамыр ұстай отырып қан айналымы арқылы ішкі ағза мүшелерінің қайсысында қандай ауытқу барын анықтаймын. Бауыр мен бүйректің де жайына ерекше мән беремін. Сөйтіп денеге жараның шығуына себеп болған жайды анықтап алып, соған сай дәрі әзірлеймін.


– Дәріні неден дайындайсыз?


– Емдік шөптерден. Оны дәріха­на­­дан алмаймын, жаз бен күзде емге керек болатын дәрілік өсімдіктерді өзі­міздің өңірдің таулы аймақтарынан: Қазығұрт тауының етегінен, Ақсу-Жабағлы жақтан, Сарыағаш пен Шардара, Созақ аудандарынан өзім те­ремін. Мысалы, күн ұзарған қазіргідей шақта Баба Түкті Шашты Әзіз әулие­ге зиярат ете барып, жол-жөнекей жусан, бидайықты теріп аламын. Бидайық ерте пі­сіп жетіледі. Оны жаздың басында теру керек. Ке­йін­гі барған сапарымда жалбыз бен адыраспан жинаймын. Негізі жалбыз дала жалбызы және сулы жалбыз болып екіге бөлінеді. Созақ жақтан дала жалбызын алсам, сулы жалбыз үшін Сарыағаш жаққа барамын. Бұл сулы өңірден арық-атыз жанында өсе­тін мыңжапырақ, өгейшөп, атқұлақ, итшоқан теріп аламын. Олардың әр­қайсысын дайындау әдісі бөлек болады. Ол денсаулық үшін, өсімдіктің емдік қасиеті арту үшін маңызды. Соны қатаң сақтай отырып, бірін көлеңкеде, бірін ашық күн астында кептіріп, түйіп, тиісінше матадан тігілген қап­шық пен шыны ыдыста сақтаймын.


Дәріге де дем салады


– Яғни әрбір науқасқа жеке-дара дәрі дайындап бересіз ғой?


– Солай болуы тиіс. Өйткені біреуде псориаз жаңа басталған болады. Енді біреулер он жылдан астам уақыт бо­йы ем таппай жүрген болуы мүмкін. Оның үстіне, ауру әркімде әр түрлі себептен өршиді. Адамның жасы, ағза мүше­ле­рінің жұмысы да назарға алынуы тиіс. Сонда ғана ем нәтижелі болады.


– Псориаздан зардап шегетіндер көп пе?


– Көбейіп келеді. Бұрын жасы елуден асқан адамдар келетін. Бұл жастағы адамда жүйкенің шаршауы да, ұйқының қанбауы да, ағза мүшелерінің жұмысы ауытқуы да кездесуі түсінікті жайт. Ал қазір псориаз жас қыз-жігіттерде, тіп­ті 10 жастағы балаларда да кез­десіп жүр.


– Сіз псориазды қанша уақытта емдеп-жаза аласыз?


– Ол адамның жасы, өмір салты, ағ­за ерекшелігі мен аурудың дәрежесіне байланысты. Алғашқы белгісі біліне бас­тағаннан емделсе, 2-5 ай аралығында толық сауығып кетуге мүмкіндік бар. Ал маған он жылдан астам уақыт бо­йы түрлі дәрі-дәрмек ішіп, ағзасын бұ­рынғыдан да улап, ауруын әбден асқындырған адамдар келіп жатады. «Кө­рінбеген жерім қалған жоқ», – дей тұра тез жазылғысы келетін оларға аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын түсіндіремін. Өйткені жылдарға созыл­ған ауру денеге сіңіп кетеді, онымен күресу оңай емес. Компресс жасайтын қайнатпа, ішуге арналған тұнба, денеге жағатын мазь 10-15 күнге жарамды. Сондықтан толық жазылғанша дәріні жаңалап отыруға тура келеді. Кейбі­рінде адамның жазылу барысына қарай емдік шөптер құрамын өзгертіп отырамын. Қайталап келе алмайтын алыс­та тұратын адамдар дәріні осындағы таныстарына өтініш айту ар­қылы алдыртып жатады. Оған мүм­кіндігі жоқтарға пойыз, автобус арқылы өзім де салып жіберемін. Өйткені маған се­ніп, көмек сұрап келген әр адамның то­лық сауығып кетуіне тілек­ші­мін. Сол үшін әрбір тұнба, мазь бен қайнатпаға Құран кәрім аяттары мен сү­ре­лерінен дұға оқып, дем саламын. Не­гізі мен емді келушіге дем салудан бастаймын. Сонда адамның бойы, рухы тазаланады. Рухы таза адамға шипа тез қонады. Өзіне арнап жасалған дәріге де дем салған соң ем нәтижелі бо­лады. Аян алып, мойныма алған қа­сиеттің жолы осындай.


Тағы қандай ауруларды емдейді?


– Тәжірибеңізде ем қонбаған адам болды ма?


– Өкінішке орай, мына бір оқиға ойым­нан кетпей қойды. Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысы, Сарқант қаласынан Гүлім деген қыз келген. Ол қыз­дың денесінде аппақ дақ – алапес кө­бейіп келе жатыр екен. Тиісті дәрілерін беріп жібердім. Кейін әкесі хабарласып, дәрілерін әкетіп жүр­ді. Бірақ сол қыз­дың денесіндегі дақ түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Дегенмен қоңырқай тартып, анық білін­бей­тін болды. Және ары қарай жайылып кетпей, көбеюін тоқ­татты. Әкесі көп жыл ізденгенде мұндай да нәтиже болмағанын айтып, осыған да өте риза екенін білдірді. Ал мен әлі күнге дейін «Сол қыз емделіп жүргенде дұрыс тамақтанбай, әлде жақпас бірдеңе, қазіргі зиянды дайын ас түрін жеп қойды ма екен?» деп ойлаймын. Содан бері емделіп жүрген адамдарға дұрыс тамақтану туралы шарт қоямын. Өйткені адамның толық емделіп жазылуы да, ары қарайғы саулығы да соған тікелей байланысты.


– Сіз қазір алапес жайлы айттыңыз. Тері ауруларының тағы қандай түрін емдей аласыз?


– Псориаздан бөлек дерматит, диатез, аллергия, іріңді жаралар мен алапесті емдеп жүрмін. Қан қысымы жоғарылар мен тұтқанақ (эпилепсия) ау­ру­ына шипа іздеп келетіндер де бар.


– Жаңа бір сөзіңізде аян алдым дедіңіз...


– Ол рас. Мен емші боламын деп ойлаған жоқпын. Тері ауруларын емдеуге бел бууыма өз басымнан өткен бір жай себеп болды.


– Айтып бересіз бе?


– Үлкен қызым витилигомен ауырды. Бұл 1997 жыл болатын. Ол кезде қызымның жасы 14-те еді. Дәрігерлерге көріндік, Ташкент те көрдік. Айт­қандарын бұлжытпай орындадық. Бірақ ешқандай көмек болмады. Көршілеріміз оны көргенде жұғады­ деп ойлап, қыздарымен ойнамас үшін екі үйдің арасын биік дуалмен қоршап тастады. Ол маған да, жұбайыма да, тіпті кішкентай қызыма да ауыр тиді. Қыз баланың денесінде дақ болуы тым қиын екен. Соны уайымдап жүргенімде түсімде екі рет аян алдым. Бірінде басында үлкен орамалы бар бір кемпір, әлде анам болар, кім білсін, жаныма келіп: «Қатты ойланба, әрекет ет, емі өз қолыңда. Мен айтқан шөптерден дәрі жасап бер», – деді. Тәуекелге бел будым. Арада 2 ай өткенде қыздың үс­тіндегі ақ дақтың ортасы қара мең сияқты өзгере бастады. Тағы 1,5 – 2 айда қызым толық жазыл­ды. Осыны естіген адамдар мені өздері іздеп келе бастады. Қашқақтап едім, қатты ауырдым. Осы кезде екінші аянды алдым. Ақыры 2004-2005 жылдары ниет етіп, тері ауруларын емдеуге бет бұрдым.


– Ал өзіңіздің мамандығыңыз қандай?


– Мен мал дәрігерімін. Бұл саланың да маған көп пайдасы тигенін айта кетейін. Академик Скрябин «Медицина адамды емдейді, ал ветеринар бүкіл адамзатты емдейді» деген. Мұнда үлкен мән бар. Біз ішіп-жейтін сүт, айран, қаймақ, ет жануарлардан алынады. Яғни біздің асымыз таза болуы маңызды екенін жоғарыда айттым. Тері ауруларына нәтижелі ем қондыра білуімде мамандығымның орны ерекше.


– Құпия болмаса, ем ақысын айтыңызшы.


– Алладан қонып, аянмен келген нәрсені сауда­ға сала алмаймын. Әйткенмен дәрі дайындауда оны теріп-жинау, әзірлеудегі еңбегім ақталса, емде­луші шын ниетімен риза болса, соған разымын.


– Уақыт бөлгеніңізге рахмет. Арқалағаны­ңыз алғыс болсын!


– Әумин!


Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.




Көрілген: 1856    Пікірлер: 7
Пікірлерді оқу (7) preloader

жұма, 17.03.2017, 14:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Мамыр, 14:19
    Қаназдық
    5 Сәуір, 15:13
    Қыжылдан құтылыңыз
    19 Наурыз, 18:56
    Адамның он екі мүшесі
    18 Наурыз, 20:44
    Балалардағы бронхит
    19 Ақпан, 13:12
    ҚҰЛАҚ КҮТІМГЕ ЗӘРУ
    23 Қыркүйек 2016
    Балалар артриті

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31