Индустрия мен Инновация

Экономикамыздың негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығын дамыту қарқынды жүріп келеді

  • Экономикамыздың негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығын дамыту қарқынды жүріп келеді

    Экономикамыздың негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығын дамыту қарқынды жүріп келеді

Ауыл шараушылығын дамыту маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі болып табылатынын Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан нақты байқауға болады. Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Ауыл шаруашылығы сонау заманынан бері қазақ халқының негізгі күнкөріс көзі болып келді. Аталмыш сала бүгінгі таңда да өз мән-мағынасын жоғалтпай, ел экономикасының негізгі күретамырының бірі болып саналады.

Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмасына сәйкес Парламент «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң нақтылау барысында экономикалық ахуалға байланысты «Нұрлы Жол» бағдарламасының дағдарысқа қарсы шараларын толықтыратын агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды бюджет тапшылығына қарамай 20 миллиард теңгеге ұлғайтты. Атап айтқанда: мал шаруашылығы мен құс өсіру саласына бөлінетін субсидиялар – 11 миллиард теңге; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайын сауықтыру мақсатында ауылшаруашылық субъектілеріне арналған несиелік және лизингтік міндеттемелерді орындауға – 5 миллиард теңге; ауыл шаруашылығы техникаларын алу бойынша сыйақы мөлшерлемелерін жабуға – 3,5 миллиард теңге қосымша қаржы қарастырылды. Сонымен бірге, осы бағдарлама аясында ветеринария саласы бойынша сынақ лабораторияларын салу және кеңейтуге бұрын жоспарланған 5 миллиард сомадан бөлек, қосымша 500 миллион теңге жоспарланды. Республика халқының елеулі бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамыту – ел стратегиясының негізгі басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды күн тәртібіне қойып отыр.


Ел экономикасын әртараптандыру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін өркендетудің негізгі үш бағыты көрсетілген.


Біріншіден бұл салада еңбек өнімділігін арттыру үшін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді күрт арттырып, жаңа технологиялар мен дүние жүзі жетістіктерін өндіріске ендіру қажет- ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз –агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек.


Екіншіден елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұл үшін мүмкіндіктер бар.


Үшіншіден экспорттық әлеуетті іске асыру, бірінші кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерінің рыноктары. Осы мақсаттарды іске асыру нәтижесінде бірнеше түйткілдер бірден шешілмік. Ең бастылары – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы әртараптандыру. Кеден одағы жағдайында бәсекеге төтеп бере алатындай, нарықтық экономиканың талабына сай өнім өндіру ауылшаруашылық өндірісінің алдындағы басты міндет болып отыр.

Бұл істе Үкімет орасан зор қолдау көрсетуде. Егер 2007 жылы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалған инвестиция 55,9 млрд. теңге болса, 2010 жылы оның мөлшері – 96, 3 млрд. 2014 жылы 146,6 млрд. теңге болды, ал 2015 жылы одан да артық.


Мал өнімдерінің ішінде адамзаттың күнделікті тұрмысы үшін ең қажеттісі ет пен сүт.

Алматы қаласы тұрғындарын шұбатпен қамтамасыз етуде Алматы облысының ірі түйе шаруашылықтары және жеке қожалықтарымен қатар, шалғайда жатқан Кызылорда облысы да біраз үлес қосады екен. Шұбат сусын керек болса сусын, тағам десеңіз тағам. Құрамында адам ағзасына қажет, басқа тағамдарда кездеспейтін амин қышқылдары мен минералды заттар көп. Оны кептіріп, түйіршіктелген ұнтақтарын бірнеше ауруларға ем болатын дәрі-дәрмек ретінде шетелдерге шығарса, оның 1 тоннасы мыңдаған тонна мұнайдың құнына пара-пар болатыны да айтылып жүр. Жылқы малына ауылдық жерде көп көңіл бөлінуде. Оның еті мен қазы-қартасы және қымызы емдік қасиеті жоғары, сіңімді, диеталық тұрғыдан аса тиімді ұлттық тағамдар екені белгілі. Сүт өнімдерімен еліміздің сұранысын қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары біраз оң өзгерістер байқалуда.

Табиғаты әр алуан республика аумағында субтропикалық жемістерден басқа күнделікті қажет ететін жеміс-жидек пен бау-бақша, көкөніс және картоп дақылдары жақсы өседі. Олардың өнімімен барлық тұрғындарды, әсіресе, Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалалардың сұранысын толық қамтамасыз етуге болады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының ауа-райы өте қолайлы, жеміс және көкөніс дақылдарынан көп шығын жұмсамай, жоғары өнім алуға болады. Бұл халық тығыз орналасқан осы өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп және өнімнің өзіндік құнын төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі — өндірілетін астық. Дамыған елдерде жан басына шаққандағы оның мөлшері 1 тоннаға жуық екен.

Астық өнімдеріне деген сұраныс дүние жүзі бойынша арта бермек. 2009 жылы Астанада өткен халықаралық конференцияда АҚШ ғалымы Раттан Лал ХХІ ғасырдың басында ауыл шаруашылығы үлкен тұйыққа тіреліп отырғанын, оның басты себебі жер шарындағы халық саны 6,7 миллиардтан 2050 жылдары 9,2 миллиардқа жететінін, осыған байланысты астық өндіруді екі есеге арттыру қажеттігіне тоқталған еді. Ескеретін жағдай егіс көлемін арттыра беру мүмкін емес, керісінше, жан басына шаққанда оның көлемі төмендей бермек. Көптеген аймақтарда су тапшылығынан суармалы жерлер біртіндеп қысқаруда. Сондықтан да өндірілетін өнімді көбейтудің сара жолы егістік алқаптарды тиімді пайдаланатын агротехнологияларды жетілдіріп, оларды кеңінен өндіріске ендіру.

Астық өндіруде республиканың солтүстік өңірінің алатын орны ерекше, мұнда егіс көлемінің 80%-ға жуығы шоғырланған. Өткен жылы республиканың батыс аймағы құрғақшылық салдарынан қатты зардап шексе, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысы мен солтүстігі және солүстік-шығыс өңірлерінде көктем мен жаз айларында ауа-райы өте қолайлы болып, 20 миллион тоннаға жуық өнім жиналды. Диқандардың мұндай табысқа жетуіне астық дақылдарын егудің минималды және нөлдік технологияларын ендіру де біраз септігін тигізді. Мемлекет қолдауы нәтижесінде ірі мамандандырылған шаруашылықтар тұқым себетін, арамшөптер мен зиянкестерге қарсы пестицидтер шашатын кең алымды, өнімділігі жоғары заманауи техникалармен және астықты ысырапсыз жиып алатын комбайндармен жабдықталуда.

Соңғы жылдары елімізде құс өсіретін ірі кешендер қайтадан жанданып, құрама жем дайындау үшін жүгері дәніне сұраныс артуда. Оларға құрама жем дайындау үшін Ресей мен Украина және алыс шетелдерден 15-20 мың тонна жүгері дәні тасымалданды. Осыған байланысты Алматы және Жамбыл облысының суармалы жерлерінде жүгерінің үлесі артуда. Күздік бидайға қарағанда бұл дақылдардың түсімділігі 2 еседей жоғары, сондықтан экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Егін шаруашылығын әртараптандыруды шаруа қожалықтары негізгі өнімге бағаның күрт ауытқуынан қорғауды қамтамасыз ететін шара ретінде де қарастырған жөн. Сонымен қатар, бұл егін шаруашылығын ғылыми негізде жүргізудің сара жолы.

Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады. Ұлттық экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету экономиканы жемісті әртараптандырумен, республиканың орнықты дамуымен тікелей байланысты.

Кез-келген мемлекет үшін өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып, заман талаптарына сай күрделене түсіп, мемлекет және қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын жүйелі саясатқа айналды. Жаһандану үрдісі күшейген сайын ұлттық қауіпсіздік мәселесі, әсіресе экономикалық қауіпсіздік бағыты ерекше орын алды. Өйткені әлемдік қауымдастықта егеменді ел ретінде әрекет ету мемлекеттің экономикалық қуаттылығы, ал түбінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуінің бірден-бір көрсеткіші – ұлттық экономикалық даму деңгейі болады.

Қазіргі ұлттық экономиканың қуаттылығы өндіргіш күштердің даму деңгейімен ғана анықталмай, бірінші кезекте мемлекеттің сол өндіргіш күштердің немесе ұлттық экономиканың белсенді дамуына жағдай жасап, ұлттық мүдделерді анықтап, оларды қорғау мүмкіндігімен көрінді. Жаһандану үрдісінің ұлттық экономикаға тигізетін оң ықпалын барынша тиімді пайдалану мен оның теріс әсеріне тойтарыс беру мемлекеттің белсенді іс-әрекетімен жүзеге асады.

Экономиканы әртараптандыру экономикалық әлеуеттің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын құру мен халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру жөніндегі жоспарлармен үйлестіріледі.

Елбасы Жолдауының өзекті идеясы - экономиканы әртараптандыру болып табылады. Жалпы классикалық әртараптандыру - бір мезгілде бір-біріне ұқсамайтын қызмет түрлерін дамыту, сондай-ақ шығаратын өнім түрлерін кеңейту деген ұғым бойынша түсіндіріледі. Бүгінгі әртараптандыру - бұл ғасыр идеясы, жұмысты жаңаша қалыппен жүргізуге икемдеу дегенді де білдіреді. Дәл осы әртараптандыру үдерісі және қызмет тиімділігінің жаңа тетіктерін қарастыру шарасы - компанияның дамуын шапшаңдатып, қосымша табыс табуға, жаңа бәсекелестік басымдыққа жетелейді. Сондықтан да, әртараптандыруға нақты құрал ретінде жаңа көзқарас қалыптастыру қажет.

Қорытындылай келгенде, әлемдік дағдарыстың шарықтау шегіне жеткен былтырғы жылы Қазақстанда инвестициялық ахуал қалыпты сақталды. Ел әлеуетіне, болашақ экономикалық қадамдарға қарағанда әлі де сырттан қаржы тартуға мүмкіндіктер жоғары. Дегенмен де, бұған дейінгі қол жеткізілген нәтижелерді сараптасақ, Қазақстан негізінен шикізатқа бай мемлекет ретінде барша инвесторлардың назарына іліккен. Инвестицияның негізгі көзі де сол секторға жолданғаны анық көрінеді. Ендігі мақсат шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тарту болып табылады. Бұл ретте сарапшылар көбінесе жаңадан іске кірісіп отырған Кедендік одақтың әлеуетіне назар аудартып келеді. Өйткені, шикізаттық емес секторды дамытып, оған инвестиция тарту үшін ең әуелі тұтыну рыногының қаншалықты ауқымды қамтитындығына назар аударылатыны сөзсіз. Ал Кедендік одақ шеңберіндегі жалпы халық саны 170 миллионнан астамды құрайды, яғни бұның өзі аса ауқымды тұтыну нарығының бар екендігін білдіреді. Ендеше, басқа да басымдықтармен қоса алдағы уақытта шикізаттық емес секторға да инвестицияны тарту күшейеді деуге негіз бар. Бір сөзбен айтқанда, инвестиция тартымдылығы артқан сайын ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік те молая түседі.


Жақсылық Бейсенбаев,

Ажар Құдайберген




Көрілген: 286    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 11.11.2017, 18:13

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
6 Қараша, 20:04
Инновация игілігі

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30