Индустрия мен Инновация

Инновациялық белсенділікті арттыру мемлекеттік стратегияның маңызды бағыты

  • Инновациялық белсенділікті арттыру мемлекеттік стратегияның маңызды бағыты

    Инновациялық белсенділікті арттыру мемлекеттік стратегияның маңызды бағыты

Қазіргі уақытта Қазақстан шикізатқа бағытталған экономикадан инновациялық даму жолына, индустриалды-инновациялық экономика қалыптастыру кезеңіне қадам басты. Әлемдік экономиканың алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін игеруге және оны ұтымды пайдалана білуге талпынған мемлекеттер үшін бүгінгі уақыттағы басты мәселе индустриалды-инновациялық экономиканы қалыптастыру болып отыр. Сондықтан да ұлттық және ұлтаралық жоғары бәсекеде бәсекелестіктен қалып қоймау, алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болу мақсатында елімізде инновация саласына мемлекет тарапынан бірқатар жағдайлар жасалынып келеді.


Соңғы жылдары инновация мен ғылымға экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын факторлар ретінде көбірек мән беріп жатыр. Инновациялық белсенділікті арттыру экономикалық саясат пен мемлекеттік стратегияның маңызды бағытына айналды. АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания сияқты үдемелі даму бағытын таңдаған Қазақстан жоғары технологияның барлық жетекші салаларында өзіндік фундаменталдық және қолданбалы зертеулеріне негізделген жетілген технологиялы өндірісіті дамытпақшы. Айта кетерлік жайт, негізгі акцент инновацияның барлық кезеңдеріне түседі.


Дамыған елдерде инновациялық іскерлілікті қаржыландыру мемлекеттік те, жеке көздер арқылы да жүргізіледі. Батыс Европа мен АҚШ үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін қаржы ресурстары мемлекеттік және жеке капитал арасында тең бөлінеді. Өкінішке орай Қазақстанда инновацияны қаржыландыру әрқашан мемлекет ісі болып түр. Жоғары қаржылық тәуекел мен белгісіздікпен байланысты инновациялық жобаларды қаржыландыру кезінде венчурлық қорды құру сияқты түрлі кооперация түрлері қолданылуы мүмкін.АҚШ, Нидерланды, Германия, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания елдері әлемдегі ең ірі жоғары сапалы технологияларды экспорттаушылар болып табылады. АҚШ ең көп тәуекелге бел буатын болғандықтан, венчурлік бизнес саласы да бірінші орында. Елдің ғылыми-техникалық даму әлеуеті сәйкесінше сол елдің инновациялық жобаларының жүзеге асырушылық мүмкіндігін сипаттайды. АҚШ-та бюджеттік зерттеулерлер нөтижесінде патенттелген және федаралдық үкіметтің меншігі болып табылатын лицензияларды коммерциялық қолданыс үшін тегін тарату тәжірибесі де қолданылған.


Шетелде венчурлық капиталдың ірі көздерінің бірі зейнетақы қорлары болып табылады. Мысалы АҚШ-та 1978 жылы зейнетақы қорларына 5 пайыз активтеріне дейін венчурлық қаржыландыруға қолдана беруге рұқсат беретін Заң қабылданғаннан кейін зейнетақы қорлары осы саланы тез меңгере бастаған. Зейнетақы қорлары ең тұрақты инвесторлардың бірі болды. Олар экономикалық қиындықтар болған уақыттың өзінде венчурлық қаржыландырудың қарқынын төмендетпеді. Мысалы 1979 жылы зейнетақы қорларының венчурлық инвестициясы 255 млн долллардан 1986 жылы 45 млрд доллларға дейін жеткен.Зейнетақы қорларының венчурлық инвестициясының дамуына АҚШ еңбек министрлігінің жеңілдету, көмек бері жүйесінің рөлі болғандығын атап кеткен жөн. Сонымен бірге штат, жергілікті деңгейдегі төуекел операцияларын жеңілдететін түрлі бағдарламалар болған.


Меніңше Қазақстанда да зейнетақы қорларының активтерін венчурлық қаржыландыруға қолдануға болар еді. Өкінішке орай Қазақстандағы зейнетақы қорларының қаражатын нақты қайда, қалай инвестиция салып жатқаны туралы ақпарат жоқ немесе қарапайым ізденуші ретінде анық ақпарат таба алмадым. Бұл жүйедегі нақтылықтың, тазалықтың болмауын көрсетеді.


Инновациялық бизнесті қолдаудың жиі қолданылатын әдістерінің бірі шағын бизнестің иннвациялық жобасын іске асыру барысында туындаған белгілі бір сәтсіздіктерге байланысты салынған инвестицияға мемлекеттің кепіл болуы саналынады. АҚШ-тың шағын бизнес бойынша әкімшілігі шағын венчурлық фирмаларды құру мен дамыту үшін берілетін қарыз мөлшерінің барлық сомасының 75%-на кепілдеме ұсынады; дәл осындай түрдегі бағдарлама Канада да таралған: мұнда барлық қарыздың 90% на кепілдеме беріледі. Германия мен Франция бұл мақсатта екінші ретті кепіл болатын арнайы қаржылық институттар немесе мемлекет ең ірі акционер ретінде енген.Ұлыбританиядағы мемлекеттің кепіл болу тәжірибесі сәтті өткенін мысал ретінде көрсетуге болады. 1981 мен 1995 жылдар аралығында 50 мың қарыз шағын фирмалардың 22%-ы ғана қайтарылмаған [4]. Бұл негізгі идеяның жүзеге асқандығын көрсетеді.


Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) - бұл тауарлар мен қызметтерді өндіру мен сатудан пайда алу мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын тұрақты бизнес құрылымдар. ӘКК қызметінің негізгі мәні мемлекеттік және жеке секторды біріктіру жолымен өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу, кластерлік тәсіл негізінде бірыңғай экономикалық нарық құру, инвестициялар мен инновациялар тарту үшін қолайлы экономикалық орта қалыптастыру, өңірлерді әлеуметтік дамытуға, сондай-ақ пайдалы қазбаларды, оның ішінде мынадай пайдалы қазбаларды: газды (көмір қабаттарынан өндірілетін метаннан басқа), мұнайды, уранды қоспағанда, жалпы таралғандарын барлауға, өндіруге, қайта өңдеуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру.


Инновациялық экономика ғылым мен өндіріс интеграциясы, нәтижесі деп есептесек, тиісті қаржы ресурсынсыз еш іс бітпейді.


Сондықтан мемлекет екі жақ арасындағы байланысты дұрыс орнықтырса алғашқы жемістерді көріп қалармыз. Әдетте инновациялық іскерлік жоғары шамадағы анықталмаған тәуекелмен байланыстырылады. Сондықтан инновацияны қаржыландыратын жүйеге қаржы көздерінің көптігі, тез өзгеретін иннвациялық процессте икемділік және бейімділік сияқты қасиеттер тән. Сонымен бірге қаржыландыру жөнінде айтқанда венчурлық бизнесті қозғай кету керек.


Бұл сала Қазақстанда әлі толықтай дамымады, әлсіз тұстары өте көп. Венчурлық инвестицияны дамытып, оны ынталандыратын заң көлемінің жеткіліксіздігі мәселесі өзекті болып табылады. Сондықтан Қазақстанда оны дамыту үшін кезең-кезеңімен венчурлық инфрақұрылымды енгізіп, венчурлық инвестицияны мемлекеттік қолдауымен дамыту қажет.


Қазіргі таңда Қазақстан ғылым, білім, өндіріс бірлестігі арқылы құрылған инновациялық экономика салу үстінде. Экономаны әртараптандырып, сервистік-технологиялық модель мен өңдеуші саланы дамытып қана қоймай, өнімдерді сапалырақ, тезірек және арзанырақ өндіруге қол жеткізу керек. Әрине, бұл максималистік идея болса да қол жеткізуге болатынына сеніміміз мол.


Қазақстан Республикасын индустрииялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Экономиканы әртараптандыруды жеделдету» деген түйінді бағытын іске асыру үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVI-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау үшін және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген. Бағдарлама Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық- инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады және оны іске асыру тәжірибесі ескерілген. Бағдарлама Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының бір бөлігі болып табылады әрі күш-жігер мен ресурстарды секторлардың шектеулі аясына, өңірлік мамандануға шоғырландыра отырып, кластерлік тәсілді қолдану арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға және тиімді салалық реттеуге бағытталған. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1497 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі қағидаттары мен тәсілдерінің негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 4 маусымдағы № 579 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын инновациялық дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 қазандағы № 1092 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының перспективалы ұлттық кластерлерін қалыптастырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының және индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттардың ережелері мен қағидаттары, сонымен қатар Қазақстан қатысушы болып табылатын халықаралық келісімшарттардың нормалары ескеріле отырып әзірленген. Бағдарлама бизнес ахуалға ықпал ететін мемлекеттік саясат аспектілеріне өте тәуелді болып табылады. Бағдарламаның сәтті болуы Қазақстан Республикасының бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту (Doing business), елдің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату (Global Competitiveness Index), жасыл парақтар (Yellow Pages) қағидатын ескере отырып, жоспарлы жекешелендіруді жүргізу арқылы экономикаға мемлекеттік қатысу үлесін төмендету Қазақстанның ПИИ Инвестициялық сенім индексіне кіруі (FDI Confidence Index) адами капитал индикаторы бойынша алға қойылған міндеттерге қол жеткізуіне байланысты болмақ. Бұдан басқа, Бағдарламаны іске асыру тиімділігі қаржыландыру моделіне, оны іске асыруға бюджет қаражатын бөлудің толықтығы мен уақтылылығына тікелей байланысты.


Мемлекет бәсекеге түсуге қабілетті және тиімді ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешені индустриялық саясат дейміз. Өңдеуші өнеркәсіпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабілетті жөне экспортқа негізделген тауарларды, жүмыстар және қызмет көрсетулер өндірісі мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады. Бәсекеге түсу қабілеті дегеніміз қазақстандық кәсіпорындардың экспортқа шығарылатын өнімдерді өндіру қабілетін білдіреді. Басқаша айтқанда, өңдеуші өнеркәсіптің өнімі осындай әлемдік стандарттарға сәйкес келуі керек және баға бойынша бәсекелесуге қабілетті болуы тиіс.


Барлық әлеуетті бәсекеге қабілетті, оның ішінде экономиканың шикізаттық емес бағытындағы салаларда жұмыс істейтін экспортқа бағдарланған өндірістер индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары болып табылады. Ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттерді шешу мақсатында ғылымды көп қажет ететін және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл көзқарас экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлер үшін жұмыс істеп тұрған өндірістерді техникалық және ұйымдық жағынан жетілдіруге және экспорттық бағыттағы өнімнің жаңа түрлерін шығаруға кедергі жасамайды. Нақты ұсыныстар жеке секторда туындауы тиіс, ал екінші деңгейдегі банктер және құрылатын инвестициялық мемлекеттік даму институттары осындай ұсыныстарды жеке сектормен әріптестіктік қарым-қатынаста ықтимал іске асыру мақсатында арнайы әдістемелер негізінде оларға талдау жасайды. Нарықтық экономикалы елдердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдары бюджет қаражатын жеке кәсіпорындарға қаржы және инвестициялық қолдау көрсетуге жұмсауға тыйым салады.


Осыған сәйкес нақты жеке компанияларға қаржылық қолдау көрсету мемлекеттік сыбайлас жемқорлықтың көрінісі ретінде бағаланады. Төжірибе осындай көзқарастың дұрыстығын көрсетті. Әдетте, мемлекет нақты компанияларға тікелей қаржылық қолдау көрсете алмайды және онымен айналыспауға тиіс, бірақ экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыру мәселелерінде, жеке кәсіпорындарды жаңғыртуға, инновациялық процестерге қатысуға және осы арқылы өзінің өндірістік және бәсекелестік әлеуетін құруға және жақсартуға ұмтылуға ұйытқы әрі бастамашы болуы мүмкін және болуы тиіс. Ұлттық экономика соңғы жылдары үздіксіз даму үстінде. Алайда, біздің экономика бұрынғысынша шикізаттық бағытта қалып отыр. Экспорттың басым бөлігін алғашқы энергоресурстар, кен-металлургия шикізатының өнімдері, астық және ауыл шаруашылық шикізатының басқа да түрлері құрайды. Бұл тиімді жол емес. Біздің шикізат басқа елдерде терең өңдеуден өткеннен кейін нарыққа қайта шығарылады, соның ішінде Қазақстанға да қайта оралады. Бірақ бұл жолы біз оны әлемдік нарықтардың аса жоғары бағасымен сатып аламыз. Ол бағалар тұтынушылардың ақшалай табыстарының қазіргіден әлдеқалай жоғары денгейіне бағдарланған.


Осы орайда бүгінгі таңда экономиканы шикізаттық бағдарынан өңдеушілік бағдарға қарай диверсификациялау жолдарын толық айқындап алуымыз керек. Әрине еліміздің табиғи қазба-байлықтардың мол қорына иелік ететіндігі баршамызға мәлім, дегенмен де Қазақстанның кен байлығы - минералдық шикізаттардың қайтіп қалпына келмейтіндігі, әрі кен орындарының уақыт өте келе сарқылатыны белгілі.


Қазіргі кезде экономикалық байланыстармен қатар ақпараттар мен технологиялардыңда ғаламдық сипатқа ие болуы ішкі рыноктағы бәсеке мен халықаралық бәсекеге де сәйкесінше өзгерістер енгізіп отыр.


Мұны төмендегі тенденциялардан байқауға болады: біртекті өнім ұсынып отырған жабдықтаушылардың сыбайлас мекемелермен өндірістік байланыстарын нығайта отырып, шығындарын барынша азайтуға ұмтылысы; ұйымдардың бәсекеге қабілеттіліктерін көтеру мақсатында тік интеграция негізінде жетілдіру. Бәсеке ауқымына қарай инновациялық саясат сәйкесінше әртүрлі деңгейлерде - ұлттық, аймақтық, фирма, тауар теңірегінде жүргізілуі ықтимал.


Аймақтық және ұлттық деңгейде бизнестің бәсекеге қабілеттілігін кешенді түрде бағалау жүйесінде олардың жүргізіп отырған инновациялық саясатына ерекше назар аударылады.


Әлемдік деңгейде өнеркәсіп салаларындағы ғылыми зерттеулерге, ғылымға, жаңа технологиялық және инновациялық өнімге деген инвесторлар салымының жылдан жылға артуы, бәсекеге қабілеттілікті көтеруде өндірісті инновациялық тұрғыда дамытудың рөлі тереңдеп отырғандығының белгісі болып табылады. Қазіргі кезде Республикамыздың экономикалық дамуында жоғары табысты ауылшаруашылығы облысына инновацияларды енгізу, өндеуші тиімді кәсіпорындар құру мен осындай кәсіпорындармен жұмыс жасайтын субъектілерге қолдау көрсетуге баса назар аударылуда. Осының нәтижесінде, өңдеу өнеркәсібі өндірушіден тұтынушыға дейінгі баға саясатын дамытуы керек. Ол үшін қажетті деңгейде маркетингті дамыту, кәсіпорынның қосылған құны жоғары тағам өнімдерінің қауіпсіздік жүйелерін құру және шетелдік нарықтарға жаңа жоғары сапалы өнімдерді шығару қажет.


Экономикасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, әлемдік нарықтағы жоғары бәсекеге қабілеттілік жағдайында тек дамыған инфрақұрылымы бар мемлекеттер озады. Оларға жоғарыда аталып өткен бизнес-инкубаторлар,телекоммуникациялық жеке сауда желілері, технопарктер, инновациялық-технологиялық орталықтар, консалтингтік фирмалармен қаржы құрылымдары жатады. Осы шараларды орындау кезінде экономиканы ғана емес, мемлекеттік іске адамдардың қатынасын да өзгертіп бейімдеу керек.


Бағдарламаны қаржылай қолдаудың негізгі міндеті – қаржыландыру көздерінің құралдарын және қолжетімділігін кеңейту арқылы экономиканың басым секторларына инвестицияларды ұлғайту болып табылады. Мемлекеттік қолдау шараларын қолдану саясатының негізгі екпінін жеке меншік қаржы ресурстарын жұмылдыру арқылы жасау және екінші деңгейдегі банктердің және басқа да қаржы институттарының кредиттік қызметін индустрияландыру мақсаттарына шоғырландыру қажет. Бұл қаржылық институттардың тек қана өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларында ғана инвестициялық жобаларды қолдауға тиіс екендігін болжайды.


Г.А.Раматуллаева,

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің

«Қаржы» кафедрасының доценті, э.ғ.к.




Көрілген: 238    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 06.11.2017, 13:35

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
6 Қараша, 20:04
Инновация игілігі

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30