Индустрия мен Инновация

Тілектес ЕСПОЛОВ: Ауыл шаруашылығын инновациялық жолмен дамыту – ел экономикасына серпін бермек

  • Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик

    Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик

– Құрметті Тілектес Исабайұлы, Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда қандай елеулі жетістіктерге қол жеткіздік? Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын заман талаптарына сай дамытуда қандай күрделі мәселелер бар.


– Бүгінгі күні жаңа заманның талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін, ең алдымен, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Әлемде орын алып отырған қаржы-экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, елімізде әр салада индустриалды-инновациялық бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, мемлекетіміздің ауылды дамытуға қатысты тың бастамаларының оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады. Елбасы жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деді.

Ауылдың заманауи талаптарға жауап беруі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне және өнеркәсіпті қажетті шикізатпен қамтамасыз ету қабілеттілігіне байланысты. Ауылды көркейту ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттер қатарында қала береді. Ел халқының 43,0 пайызы, яғни 7,7 миллион адамның ауылдық жерлерде өмір сүруінің өзі ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын дәлелдей түседі. Ауыл халқы қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында агроөнеркәсіп секторын дамытуда қомақты табыстарға қол жеткізуде. Соңғы 10 жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 4 есеге, ал ауылшаруашылық өнімдерді экспорттау 3 есеге өсті. Бұл – Елбасының агросектор бойынша тапсырмаларының орындалып жатқандығының дәлелі.

Кейінгі жылдары еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық бағытта дамыту арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Астық өндірісінің қарқынды дамуы арқылы Қазақстан әлем алдында өзінің «астық державасы» мәртебесін айқындады. Қазіргі уақытта еліміз дүниежүзінің 70 мемлекетіне 5-тен 10 миллион тоннаға дейін астық экспорттайды. 2016 жылы елімізде 23,7 миллион тонна бидай алынып, рекордтық өнім жиналды. 2016 жылы ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 35 пайызға өсіп, оның көлемі 228 миллиард теңгеге жетті. Республикамызда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Майлы және азықтық дақылдарды өсіретін алқаптардың аумағы кеңейді. Қазіргі кезде майлы дақылдар 2,0 миллион, мал азықтық дақылдар 3,5 миллион гектар жерге себіледі. Осыдан-ақ елімізде агроөндірістік кешеннің жаңа сипатта дамуына барынша жағдай жасалып отырғанын көруге болады. Дегенмен, қоғам мен уақыт алмасқан сайын ауылшаруашылық мамандарына қойылатын талаптар да заманға сай жаңаруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жаңа Жолдауында «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында, әлемдік нарықта экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті, сапалы өнімдер өндірісін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенін дамыту әр аймақтың өз ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілгені тиімді. Мысалы, елдің оңтүстік аймақтарында көкөніс пен жеміс-жидек, қант қызылшасын, күріш, мақта өсіруге басымдылық берілсе, солтүстікте астық өндірісі бірінші орында. Осы талаптарға сай әр ауданда, әр облыста табиғи-климаттық факторды есепке ала отырып, аграрлық салаларды дамытуды қолға алуға тиіспіз. Жергілікті жерлерде өсіруге қолайлы және пайдасын әкелетін дәнді дақылдардың сорттарын, көкөніс пен жеміс түрлерін өсіруге шаруалардың мамандануы ауылды көркейтері сөзсіз.

– Мемлекет басшысы еліміздің аграрлық саласын әрдайым назардан тыс қалдырған емес. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде кейінгі кезде қандай заңнамалық құжаттар мен тиімді бағдарламалар жасалуда? Қазақстанның агроөндірістік кешенінде отандық өнімнің үлесі қандай деңгейде?

– 2016 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы», 2017 жылы «Жайылымдар туралы» жаңа заңдар қабылданды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Үкіметте бекітіліп, қазіргі уақытта іске асуда. Биылғы Жолдау міндеттері бойынша 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығын субсидиялау мен несиелендірудің жаңа шарттары жүзеге асырылатын болады. Ауылшаруашылық кооперативтеріне арнайы салық жүйесі енгізіледі. Жер салығынан басқасына 70 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 5 жыл ішінде суармалы егіс алқабын 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу көзделуде. Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемі ұлғаяды. Алдағы 5 жыл ішінде мемлекет тарапынан осы салаға 2,3 триллион теңге қаржы бөлінетін болады.

Бүгінгі күні Қазақстандағы кейбір тұтынылатын азық-түлік өнімдерінің 40 пайызы импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сырттан әкелінетін өнімдердің барлығы дерлік өңделген дайын өнімдер және оларға жыл сайын орташа 1,8 миллиард АҚШ доллары жұмсалынады. Сондықтан бірінші кезекте отандық агронарықта алдыңғы қатарлы агротехникалық шаралар кешенiн қолдануға бағытталған ірі тауарлы шаруашылықтар қалыптастырып, «алқаптан тұтынушыға дейінгі» технологиялық үрдісті қамтамасыз ету қажеттігі туындады. Әлеуеттері үлкен кәсiпорындарда ғана инновациялық технологиялар мен ғылыми жобалардың нәтижелерiн енгiзуге болатынын уақыттың өзі дәлелдеді.

Қазіргі кезде ауыл шаруашылығындағы агроқұрылымдардың ұсақтығы ең өзекті мәселе. Олардың саны 185,0 мыңнан асады. Бүгінгі күні агроқұрылымдардың 93,3 пайыз шаруа қожалықтары, олардың 81 пайыз егістік алқаптары 50 гектардан аспайды. Елдегі барлық мал басының 52-ден 63 пайызға дейіні үй шаруашылығында шоғырланған, яғни оларға мал шаруашылығының жалпы өнімінің 74 пайызы тиесілі. Мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен үй шаруашылықтары айналысатынын ескерсек, саладағы өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік деңгейі өте төмен. Көптеген шаруалардың техника сатып алуға қаржылары жетіспейді. Фермерлер өз өнімдерін негізінен ортадағы делдалдар арқылы өткізгендіктен, сатылған әрбір тауар бірлігінен алынатын пайданы (70-75 пайыз) делдалдар көріп келді (шетелдерде бұл көрсеткіш 25-30 пайыз шамасында). Сондықтан бүгінде аграрлық саладағы мамандар кооперацияны дамыта отырып, өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым мен инновация арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Бүгінгі күні Қазақстандағы барлық шаруа қожалықтарының 84,2 пайызы еліміздің алты өңірінде — Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында орналасқан.

– Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға арналған заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда университет ғалымдары қандай үлес қосуда?

– Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін — озық білім мен инновациялық ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 87 жыл терең тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрларды даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке белсене араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз — ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру.

Қазіргі уақытта оқу орнымыз республикамыздағы барлық аймақтардың әкімшіліктермен тығыз қарым-қатынас орнатып, тауарөндірушілерге ғылыми-тәжірибелік қызмет көрсетуде. Халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және білім беру базасын құрудың замануи тәсілдерін меңгеріп, стратегиялық бағытта жүйелі даму жүйесін қалыптастыра алуы — университетіміздің кейінгі кездегі басты жетістіктерінің бірі.

2001 жылы Елбасы университетімізге Ұлттық статус бергеннен кейін, 2002 жылдан бастап білім, ғылым, агробизнес интеграциясын дамутуды қолға алдық. Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану процесіне кіріспес бұрын АҚШ, Еуропа, Азия, Тынық Мұхит мемлекеттеріндегі жетекші аграрлық зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибелері мен тың ізденістерін зерттеп, негізге алдық. Ең алдымен 2010 жылы Халықаралық Жобалық менеджерлер одағымен келісім-шартқа қол қойылды. Жобалық басқарудың стандарттарын қолдану арқылы Қазақстан университеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды. Трансформацияланудың бастапқы кезеңінде университетіміздің негізгі бағыттары бойынша бәсекеге қабілеттілікті дамытудың бағыттары анықталды; университеттің 2021 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалды; ғылыми жобалар портфелі әзірленді; университет дамуының 5 негізгі басым бағыттары белгіленді; трансформацияланудың нақты қадамдары мен мақсаттары анықталды.

Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ғылым, білім және өндіріс интеграциясының тиімді механизмдері әзірленіп, Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрылды. 2015 жылы Үкімет қаулысымен үш жетекші аграрлық университет ҚР Білім және ғылым министрлігі қарамағынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтті. Сонымен қатар, біздің университет жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы 100 пайыз құрайтын коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның ерекшелігі табыс акционерлер арасында бөліске салынбайды, ол тікелей университеттің дамуына бағытталады және оқу орнының Жарғысына коммерциялық қызметтің көптеген түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар университет автономиясын дамыту, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін іске асыру, сондай-ақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетін құру үшін нақты қадам болып табылады.




– Университеттің құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін қандай артықшылықтарға ие болдыңыздар?

– 2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық Хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық Хаб аясында орындалатын зерттеулер импорт алмастыру мақсатында экпортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шетелдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды. Агрохаб құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корей инновациялық орталықтары, Су проблемаларын зерттеу инновациялық орталығы, Инновациялық-индустриялдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы — ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханалар, Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығы, 7 ҒЗИ, мамандандырылған кафедралардың жанындағы 31 ғылыми зертхана, Жоғары фермерлер мектебі, Экстеншн орталығы, т.б. кіреді.

Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Мысалы, Корнель университетімен жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу, Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау бойынша, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен агроөндірістік кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру бойынша жобалар жүзеге асуда. Бұл ретте, университеттің инновациялық қызметі ауылшаруашылық өндірісті тұрақты дамытуға, әлемдік нарыққа шыға алатын, экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға ықпал етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге едәуір септігін тигізбек.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 6 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы өз салаларына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, cтуденттердің орындайтын барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялары өздері шыққан өңірлер бойынша зерттеліп, жазылуы керек.

Бүгінде Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымыздың 28 кафедрасында 750-дей жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Атап айтқанда: ҚР ҰҒА 16 академигі, 112 ғылым докторы мен 279 ғылым кандидаты, 33PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. Университеттің 6 факультетінде 27 ұлттың 10 мыңға жуық өкілі білім алуда. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді.

Университет өткен жылы 5 жылға институционалдық аккредитациядан, ASIN, ACQUIN (Германия) агенттігінен барлық мамандықтар бойынша халықаралық арнайы аккредитациядан өтті. QS рейтингі бойынша 2016 жылы дамыған Еуропа және Орталық Азия университеттерінің арасында 200 жоғары оқу орны ішінен 86-орынға ие болып, 100 озық жоғары оқу орны қатарына енді.

– Ендігі кезекте, отандық агросекторға қойылып отырған жаңа талаптарды іске асыру үшін қандай іс-шараларды бірінші кезекте іске асуру керек?

– Көптеген қиындықтарға қарамастан, мемлекет бүгінгі күні аграрлық ғылым, білім саласына көрсетілетін көмек, серпінді инновацияларды жүзеге асыру үшін мегагрантар бөлу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы көлемін ұлғайту, жобаларды технологиялық экспертиза мен сынақтан өткізетін ірі орталықтар құру сияқты көптеген өзекті мәселелерді шешуді қолға алуда.

Десек те, ғылыми-зерттеу институттары, тәжiрибе шаруашылықтары және білім беру орталықтарының санына байланысты біздің елде басқа мемлекеттермен салыстырғанда «төңкерілген пирамида» байқалады. Қазақстан ғылыми-зерттеу институттары саны бойынша көптеген шет елдерден озық тұр, бірақ білім тарату орталықтарының саны анағұрлым аз. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің өндіріске іс-жүзінде енгізілмей жатқанын, ал білім беру орталықтары агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері үшін тек біліктілікті арттыру курстарын өткізумен ғана шектелетінін көрсетіп отыр. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін жоғарылату үшін Қазақстандағы ғылыми зерттеулердін нәтижесін өндіріске енгізу, агробизнеске озық тәжірибе мен білімді тартуға, ауылдық кәсіпкерлердің білімдерінкөтеру үшін тәжірибе шаруашылықтарымен озық білімді таратудың заманауи жүйесін көбейту қажет. Сондықтан, Қазақстанда ғылыми-зерттеу институттарының санын көбейтуден көрі инновацияға бейімделген тәжірибе шаруашылықтары мен білім тарату орталықтарының санын арттыру тиімді болар еді. Себебі, қазіргі таңда елдің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің 12% ғана ортадан жоғары және жоғары білімі бар. Бәсекеге қабілетті, заманауи озық біліммен қаруланған, жаңаша ойлайтын кәсіби мамандардың тапшылығынан ауыл шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды игеру үрдісі баяу жүргізілуде.

Қазіргі кезде көптеген жаңа инновациялық жобалар өндірісте қолдау таппай келеді. Оның себебі: қаржылық кедергілер, экспертизаның жоқтығы, жобалардың технологиялық сынаудан өтпеуі, ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі жауапкершілігінің болмауы және инновациялық жобаларды ынталандыру механизмдерінің жетілдірілмеуі. Елбасы «Инновациялық Қазақстан – 2020» форумында инновацияның 4 бағытын анықтап берген болатын: елеулі, серпінді, түбегейлі, абсолютті инновация. Осы бағыттардағы инновациялық бастамалар елде жаңадан қалыптасып келеді. Мысалы, жалпы ішікі өнімнің 0,92% ғана инновациялық өнімнің үлесінде. Сондықтан, жаңалық ашқан ғалымдарға, ғылыми институттар мен агробизнес құрылымдарына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы нәтижелі жұмыс атқарған жағдайда мақсатты түрде инновациялық грант бөлінуі қарастырылғаны жөн.

– Толымды ой-пікірлеріңізге рахмет рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз!


Сұқбаттасқан Алмат ИСӘДІЛ

Суреттерді түсірген М.Ботабеков




Көрілген: 259    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 14.11.2017, 15:22

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
6 Қараша, 20:04
Инновация игілігі

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30