Алтын бұйымдарды жасандысынан қалай ажыратуға болады?

Алтын бұйымдарды жасандысынан қалай ажыратуға болады?

Қазақстан алтынының сапасы стандартқа сай болғанмен, нарықта жоқ. Сондықтан басқа елдерден әкелінетін алтынға сұраныс көп дейді мамандар.
Қазақстандық алтын тек құйма күйінде экспортқа шығарылады. Әртүрлі тастармен көмкерілген алтын, күміс әшекейлер негізінен шет елдерден әкелінеді. Сондықтан сапасына қарай бағасы да әртүрлі. Италия мен Біріккен Араб Әмірлігінің 750 сынамалы алтынына сұраныс жоғары. Аталған елдерден әкелінген алтынның бір грамы 12 мың теңгеден басталады.

Айта кету керек, бұл – базардағы бағасы. Ал зергерлік дүкендерде бағасы одан да жоғары. Өйткені халықаралық стандартқа сай сапалы жасалаған бұйымды дүкеннен ғана алуға болады.

Алтынды жай металдардан ажырату тәсілі бар ма?
Техникалық реттеу және метрология комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Кәрібжанова Меруерттен бұл сауалдың жауабын алған едік.

– Қазақстанға сырт елдерден әкелініп жатқан қымбат металдарға өзіндік талаптар қойылады. Егер қандай да бір әшекей бұйымды алғыңыз келсе, халықаралық стандартқа сай зерттеу палатасының тексеруінен өткен түрін алған жөн. Кез келген әшекей бұйымда құрамындағы таза алтынның салмағы, оған орнатылған тастың аты тайға таңба басқандай жазылып тұрады. Дүкендегі алтын мен базардағы алтынның айырмашылығы осында.

Тексеруден өткен алтынды қалай ажыратамыз?
– Біздегі алтын бұйымдардың көбін сатушылар Ресей, Түркия, БАӘ, Франция, Италия, Щвейцария, Испания, Германия, Қытай, Тайландтан әкелетіні белгілі.

Алайда шет елден әкелінген алтынға біз өз еркімізбен тексеріс жүргізбейміз. Сондықтан қаншалықты талапқа сай екенін білмейміз. Ал арнайы тексеруден өткен алтынға Қазақстанның kz халықаралық белгісі мен барыстың бейнесі және тексеруден өткізген мекеменің коды таңбаланады. Егер бұйым тым жіңішке болса, бирка жапсырылады. 

Ал бұл тексерулерді Қазақстанда зерттеу палатасы мен қазақ зергерлік орталығы жүргізеді. Зерттеу палатасы бес күн ішінде алтынның құрамын толық анықтап береді, – дейді Меруерт Кәрібжанова.

Сатып алушы тек тексеруден өткен алтынға қатысты арызданады
– Кеден одағына мүше елдер тек зерттеу палатасынан рұқсат алады. Оларға сол жеткілікті. Ал одаққа кірмейтін елдерден әкелінген қымбат металдарды зерттеу палатасының тексеруінен өткізілген соң, мемлекеттік бақылау актісін береміз. Бірақ қымбат металдарға актіні халықаралық стандарттарға сай жасалынған болса ғана толтырамыз. Сатып алушының тек тексеруден өткен алтынға арыздануға құқысы бар, – деп кеңес берді.

Арнайы зерттеусіз асыл тас екенін ажырату мүмкін емес
Алматыдағы зерттеу палатасының қызметкерлері алтын мен асыл тастарды кез-келген адам ажырата алмайды дейді. Сондықтан зерттеу палатасының көмегіне жүгінген дұрыс.

Ал базардағы алтынды басқа металдан ажырату үшін арнайы сұйықтық құйып тексеру тек оның сынамасын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, құйылған сұйықтық алтынның түсін өзгертіп, қарайтатын болса, сынамасы төмен екенін аңғартады.

Алтын сынамасына қарай бөлінеді
Ең жоғарғы сынама 999 болса, ең төменгісі 375 болып саналады. Мамандар ең жоғарғы сынамалы алтын жұмсақ болғандықтан, тез иіледі дейді. Сондықтан әшекейге құмар жандарға 750 немесе 585 сынамалы алтынды сатып алуға кеңес береді. Өйткені бұл сынамадағы алтынды ұзақ мерзім сақтауға ыңғайлы. Құрамында алтыны көп болғандықтан, уақыт өте келе құны да жоғары болады.

– Ал бізде тексеруден өткен алтындар сапа стандартына сай келмесе, нарыққа шығарылмайды. Тексеруден өтпей қалған алтын бұйымдарды сату 20 АЕК-тен (Қазақстанда 2018 жылға бекітілген бір айлық есептік көрсеткіш – 2405 теңге) 100 АЕК-ке дейін айыппұлмен жазаланады, – дейді Меруерт Кәрібжанова.

Қырғыз алтынының сынамасы – 375. Тойшы қазақ қай елдің алтынына құмар?
Жалпы алтын бұйымдардың ішінде ең қымбаты Италияда шығарылады. Өйткені әлемге әйгілі бренд алтын сол жерде жасалады. Ал қырғыз алтыны Қазақстандағы ең төменгі сынамалы бұйымдар қатарына жатады.

Алтын базарына бара қаласаңыз, негізінен түрік пен қырғыздың алтынына сұраныстың көптігін байқауға болады. Өйткені той қамымен жүретін қазақтар "құдалықтың алтыны" деген атауға ие болған қырғыз бен түріктің алтынын алуға құмар. Сапасына сай бағасы төмен.

Базардағы алтынды қайда тексеруге болады?
Оның бір ғана жолы бар. Ол – ломбард. Өйткені мамандар базарда сатуға шығарылған алтындарға тексеру жүргізбейді.Алтын сынамасы деген не?
Әшекей бұйымдарды алтыннан жасаған кезде күмісті, никельді, цинкті, мысты қосады. Өйткені таза алтын жұмсақ әрі тым тығыз болады. Сондықтан, оны басқа металдармен аздап араластырып, түсін жалтыратып, қатты бұйымға айналдырады.

Бұйымның құрамындағы бағалы металдың үлесін анықтау үшін сынама өлшем бірлігін ойлап тапқан. Алтын сынамасы (ағылш. probe, assay) – беріктігін арттыру үшін алтынға қосқан лигатураның анықтамасы, сонымен қатар бұйым құрамындағы бағалы металл үлесін анықтайтын өлшем бірлігі. Лигатура – беріктігін арттыру үшін алтынға және күміске қосқан мыс немесе қалайы қоспасы.

Алтынның сынамасын негізгі караттық және метрикалық тәсілмен анықтайды.

Караттық сынау жүйесі
Карат – 0,2 грамға тең. Бұйымның грамдық салмағын осы 0,2-ге бөлеміз, сонда бұйымдағы карат үлесі шығады.

Метрикалық сынау жүйесі
Мысалы, бір келі яғни, 1000 гр бұйымның сынамасы 750 болса, демек 250 грамы басқа металдан немесе лигатурадан тұрады деген сөз. Бүгінде кең таралған сынамалар: 375, 500, 585, 750, 900, 916, 958.

Бұрын 14 каратқа тең 583 сынамалы бұйымдар шығарылатын. Қазір өндірістен алынып тасталды. Себебі, батыс елдерінің 583 сынамалы бұйымдары олардан сапалы болып келеді.

Қазақстар неліктен бағалы металдарға әуес?
Бағалы тастар мен металдарды зерттеушілер қымбат бұйым адамдарға сенімділік береді дейді. Энергия алмасу нәтижесінде жоғары деңгейлі элиталық ортаға тартылуға, адам сенгісіз әрекеттер жасауға, ісі алға басып, армандаған ойын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін және қоғамдағы орнын айқындай түсуіне көмекші құрал дегенді алға тартады.

Тіпті алтын қазушылар да оны тек ниеті түзу, жүрегі таза адамдарға жолығатын қасиетті, бағалы металл дейді.

Алтын ережесі
Қазақстанда доллар мен евроның ұдайы өсуі халықты инвестициясын алтынға салуға үйрете бастады. Алайда мамандар алтынға инвестиция салуды Қазақстан тек бес жылдан кейін қолға ала бастайды деген пікірде.

Әзірге кейбір азаматтар ғана алтынның нақты пайда әкелетіне көзі жеткендіктен инвестиция құя бастаған. Экономист Жанұзақ Әкім алтын ұтылмайтын капитал көзі дейді.

– Қымбат металдардың ішінде алтын құнсызданбайды. Қайта уақыт өткен сайын бағасы арта түседі. Бізде алтын, картина сату секілді нақты табыс әкелетін инвестицияның түрі дамымаған.

Мысалы, француз суретшісі Поль Сезанның 1890-1895 жылдары салынған "Карта ойнаушылары" әлемдегі ең қымбат он картиналардың бірі. Бір атаумен салынған бес картинаның төртеуі Америка мен Еуропадағы мұражайларда сақтаулы тұр. Бесіншісі жеке тұлғаның қолында болған. Оны 2012 жылы Катар билігі ұлттық мұражайына қою үшін 250 млн долларға сатып алған. Ал картиналар онда бейнеленген карта ойнаушылардың саны мен өлшемімен ғана ерекшеленеді.

Сол сияқты ескі алтын теңгелердің құны артқанмен, біздің елде аукцион тұрақты өтпейді. Егер бұл нарықпен түсінетін адамдар айналысар болса, өте тиімді капитал екендігіне көздері жетеді. Ал күмістің бағасы бірте көтеріліп, бірте төмендеп тұруы мүмкін.

Кез келген мемлекет үшін алтын қорының мол болуы – сол елдің тұрақтылығын білдіреді. Бір ғана мысал келтірер болсақ, 1966 жылы Америка Еуропа елдерінің алтын қорын жинап алған болатын. Ал Түркия араға бірнеше жылдар салып, сол қорды үлкен күшпен өз еліне қайтарып алды. Ал Түркияға бұл алтын қорын екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халқының болашағын сақтап қалу үшін Америкада сақтауына тура келген. Өйткені еуропа мемлекеттерінің барлығында соғыс жүріп жатқан болатын, – дейді Жанұзақ Әкім.

Алтын бұйымдарды сатып алу – алтынға инвестиция салу емес
Халықтың басым көпшілігі зергерлік бұйымдарды, коллекциялық монеталарды, банктік алтын жамбыларды сатып алуды инвестиция салу деп ойлайды.

Асыл металдан жасалған бұйымдарды құр сатып алу – алтынға инвестиция құю емес екендігін түсіну қажет. Яғни, алтынға салымды болашақта табыс алатындай, ең болмағанда, кейін оны сатқанда ұтылмайтындай, ақылмен салған жөн.

Өкінішке қарай, көп адамдар мұны түсінбейді және алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды, коллекциялық монеталарды, алтын әшекейлердің сынығын сатып алуды салым деп ойлайды. Тек оларды сату қажеттігі туындаған сәтте неден және қанша ұтылатынын түсінеді, – деді Жанұзақ Әкім.

informburo.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста