Сұрақ-Жауап. Кеңес

Декреттік демалысқа шығу және еңбек құқығы туралы не білу қажет?

  • Декреттік демалысқа шығу және еңбек құқығы туралы не білу қажет?

    Декреттік демалысқа шығу және еңбек құқығы туралы не білу қажет?

 Елімізде декреттік демалысқа шығудың реті қандай? Жүкті қызметкерлер қандай маңызды ақпараттарды білуі тиіс? Заң бойынша жүкті қызметкерлер жұмыс кезінде қандай жеңілдіктер алуға құқылы? Декреттен декретке шығуға бола ма? Бала күтіміне байланысты әлеуметтік жәрдемақыларды қалай алуға болады? Оларды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет? Бүгінгі материалда осылар жайлы біле аласыз.


1

Баланың туылуына байланысты демалыстың қандай түрлері бар?


Жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:


жүктілікке және босануға байланысты демалыс;

бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;

Бұл туралы, Еңбек Кодексінің 99-бабында жазылған.


2

Қай уақыттан бастап жұмыс беруші қызметкерді декреттік демалысқа жіберуі тиіс?

Жүкті әйелге "еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы" беріледі. Осы парақтың негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады.


Жұмыс беруші парақта көрсетілген күннен бастап, жүкті қызметкерді жұмыстан босатуы тиіс. Басқаша айтқанда, декреттік демалысқа жіберуі керек.


Еске салайық, демалыс мерзімі: босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 (қиын босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) күнге жүктілікке және босануға байланысты демалыс беріледі.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 99-бабының 2-тармағында көрсетілген.


3

Жұмыс беруші қызметкерді жүктіліктің қандай мерзімінде жұмыстан босатуға құқығы жоқ?

Жұмыс беруші қызметкерді жүктіліктің 12-аптасында және одан да көп мерзімінде жұмыстан босатуға құқығы жоқ. Яғни, еңбек шартын бұза алмайды.


Сондай-ақ, жұмыс беруші: жасы үшке толмаған балалары бар; жалғызбасты аналарды; он төрт жасқа дейінгі баласы бар (баласы мүгедек болса, 18 жасқа дейін) қызметкер әйелдерді жұмыстан босата алмайды.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабының 2-тармағында көрсетілген.


4

Жүкті қызметкер жұмысын жеңілдетуді талап ете ала ма?

Иә, талап ете алады. Жұмыс беруші жүкті қызметкерді денсаулығына зиян келтіретін жұмыстан басқа қызметке ауыстыруға тиісті (медициналық қорытынды негізінде). Сондай-ақ, мұндай жағдайда қызметкердің орташа жалақысы сақталуы керек.


Жүкті әйелге басқа жұмыс берілгенге дейін, жұмысты орындаудан босатылуы керек. Бұл кезде де орташа жалақысы сақталуы тиіс.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 44-бабы, 1-тармағында көрсетілген.


Сондай-ақ, жүкті қызметкер вахталық жұмысқа жіберілмейді.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 135-бабы, 3-тармағында көрсетілген.


5

Декреттік демалысқа баланың әкесі шыға ала ма?

Иә, шыға алады. Әкелер де бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа шыға алады. Алайда, отбасы мүшелері таңдауы тиіс: декреттік демалысқа не анасы, не әкесі шығуы керек.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 1-тармағынан біле аласыз.


6

Қай уақытта қызметкер декреттік демалыстан шыға алады?

Баласының жасы үшке толмай тұрып, қызметкер кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бірақ жұмыс берушіге бұл туралы бір ай бұрын ескертуі тиіс.


Ескеріңіз, жүктілікке және босануға байланысты демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға заңмен рұқсат етілмейді.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 4-тармағынан біле аласыз.


7

Декреттік демалыстан уақытынан бұрын шықca, қызметкердің бала күтіміне тағайындалған жәрдемақысы сақтала ма?

Иә, сақталады. Баланың бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақы қызметкердің демалыста болғаны-болмағанына қарамастан беріледі.


Айта кетейік, декреттік демалыс уақыты еңбек өтіліне кіреді.


8

1,5 жасқа дейінгі баласы бар аналар жұмыс уақытында қандай үзілістер алуға құқылы?

1,5 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, бір жарым жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (бала асырап алушыларға) баланы тамақтандыру үшін, жұмыстың әрбір үш сағатынан сиретпей ұзақтығы мынадай:


1) бір баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде 30 минут;


2) екі немесе одан көп баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі.


Қызметкердің өтініші бойынша, баланы тамақтандыруға арналған үзілістер тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерге қосылады. Үзілістерді жинап, жұмыс күнінің (ауысымның) басында немесе аяғында алуға болады.


Ескеріңіз! Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Үзілістер уақытында әйелдердің, әкелердің, бала асырап алушылардың орташа жалақысы сақталады.


Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 82-бабының 3, 4, 5-тармақтарында көрсетілген.


9

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін баласы бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақы көлемі қандай?

Бұл жәрдемақы бала күтімімен отырған жұмыссыз әйелге немесе ер адамға беріледі. Бір жыл көлемінде ай сайын беріліп отыратын жәрдемақының мөлшері мынадай:


бірінші балаға – 5,76 АЕК – 13 853 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК – 16 378 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК – 18 879 теңге;

төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК – 21 405 теңге;

Босану жәрдемақысы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық әйелдерге республикалық бюджеттен төленеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК, яғни 91 390 теңге; төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК, яғни 151 515 теңге беріледі;


10

Жұмыс істейтін әйелдер үшін баласы бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақы қалай есептеледі?

Бұл жәрдемақыны кім ала алады? Қордан әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар міндеті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыс істейтін әйелдер алады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдарды жүргізетін қызметкер әйелдерге беріледі.


Жәрдемақысы қалай есептеледі?

Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысының көлемін 24 айға бөлу қажет, содан кейін 0,4 көбейту және 10% зейнетақы жарнасын алу қажет.


Мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 100 мың теңге алды, екінші жылы 150 мың теңгеге дейін еңбекақысы көбейді. Енді осының барлығын және зейнетақы жарналарын, табыс салығын түгелдей қосып есептейміз:


12*100 000+12*150 000=1 200 000+1 800 000= 3 000 000 теңге


Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге


125 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.


Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4-ке көбейтіп, 10% зейнетақы жарналарын шегеру керек, яғни:


125 000*0,4 = 50 000 теңге, 10% шегергенде босанған әйел ай сайын 45 000 теңгені алады.


Осы мысал негізінде Сіз де жәрдемақыңызды есептеп шығара аласыз.


11

Декреттен декретке шығуға бола ма?

Декреттік демалыста жүріп, екінші балаға жүкті болатын жағдайлар жиі кездеседі.


Мұндай кезде, декреттегі қызметкер бала күтіміне байланысты тағы да демалыс сұрап, өтініш жазады. Сол арқылы бұйрық шығарылады. Жұмыс орнын сақтау үшін, жұмыс берушіге қызметкер өзінің жүктілігін растайтын тиісті құжаттарды беруі тиіс.


Декреттік демалыстың бүкіл кезеңі еңбек өтіліне қосылады.


Екінші декреттік демалыстан шыққан қызметкер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқылы.


Айта кетейік, жұмыс беруші декреттегі қызметкердің міндетін уақытша атқарып жүрген қызметкерге еңбек қатынастарының өзгергені туралы (жұмыстан босату немесе басқа лауазымға ауыстыру) дереу хабарлау керек. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 48-бабында көрсетілген.


12

Жүкті әйел еңбекке қабілетсіздік парағын қалай ала алады?

Бұл парақ қандай жағдайға қажет болады?


жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуына байланысты декреттік демалысты беру үшін;

жүктілікке және босануға, баланы немесе балаларды асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алу үшін қажет болады.

Парақты алу үшін жеке басын куәландыратын құжат жеткілікті.


Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын медицина қызметкері (акушер-гинеколог дәрігер), ал ол болмаған жағдайда – ДКК қорытындысынан кейін, бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер береді.


Асқынған босану, екі және одан да көп бала туған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы босандыратын денсаулық сақтау ұйымының шығару қағазына сәйкес бақылаған жері бойынша әйелдер консультациясында (кабинетінде) қосымша күнтізбелік 14 күнге ұзартылады.


Мұндай жағдайда босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі демалыстардың жалпы ұзақтығы күнтізбелік 140 күнді құрайды.


Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы қалыпты босанған жағдайда, 27 аптадан бастап ұзақтығы күнтізбелік жүз жетпіс күнге және асқынулары бар босанулар немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда күнтізбелік жүз сексен төрт күнге беріледі.


13

Баланың бір жасына дейін берілетін жәрдемақының тағайындау үшін қажетті құжаттар

Өтініш.

Жеке басын куәландыратын құжат.

Тұрақты мекенжайы бойынша тіркелгенін растайтын құжат документ, (мекенжай анықтамасы немесе ауыл округі әкімінің анықтамасы, Байқоныр қаласының тұрғындары үшін – Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы).

Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме.

Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын «ҚазПошта» АҚ сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады.

Егер құжаттарды үшінші тұлға берсе, нотариалдық куәландырылған сенімхат.

14

Жүктілігі, босануы, баланы асырап алуы бойынша біржолғы әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар керек?

Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда өтініш.

Жеке басын куәландыратын құжат.

Тұрақты мекенжайы бойынша тіркелгенін растайтын құжат документ, (мекенжай анықтамасы немесе ауыл округі әкімінің анықтамасы, Байқоныр қаласының тұрғындары үшін – Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы);

Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша қабілетсіздігі парағы (төменде сіз оны қалай алуға болатындығы туралы біле аласыз).

Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының (Шотты кез келген ҚР ЕДБ ашуға болады), немесе түзету мекемесінің қолма қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар қосымша мынадай құжаттарды ұсынады:

жеке кәсіпкер терінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік;

Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы №622 бұйрығымен бекітілген Дербес шоттарды жүргізу қағидаларының 17 қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдарымен берілген салықтар және бюджетке төленетін өзге міндетті төлемдер бойынша салыстыру акті (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекетік тіркеу тізілімінде №5446 санымен тіркелген).

Егер құжаттарды үшінші тұлға беретін болса, нотариалдық куәландырылған сенімхат.


baribar.kz




Көрілген: 689    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 13.01.2018, 11:58

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Желтоқсан 2017
    Ит жылынан не күтесіз?
    23 Желтоқсан 2017
    Бесік қашан пайда болған?
    15 Желтоқсан 2017
    Көлік атауларының тарихы
    6 Желтоқсан 2017
    Миллиардерден 5 кеңес

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31