Сұрақ-Жауап. Кеңес

Кенеден қауіп төнуде!

  • Кенеден қауіп төнуде!

    Кенеден қауіп төнуде!

Кенеден келер қауіп көп. Елімізде, 2018 жылдың 1 қаңтарына Конго Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша (бұдан әрі – КҚГҚ) 324 қолайсыз елді мекен тіркелді (2017 жыл – 287), оның ішінде, Жамбыл облысында - 68, Қызылорда облысында -117, Оңтүстік Қазақстан облысында -139.

Айта кетерлік жайт, Жамбыл облысында КҚГҚ – ның қолайсыз елді мекен саны 2016 жылы 66 елді мекеннен 2017 жылы 68 елді мекенге, Қызылорда облысында - 2016 жылы 100 елді мекеннен 2017 жылы 117 елді мекенге, Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы 121 елді мекеннен 2017 жылы 139 елді мекенге артты.

2017 жылы КҚГҚ – ның эпизоотиялық ахуалын анықтау мақсатында 1488 елді мекеннен 156743 кене жиналып, 12905 кене сынамасы зертханада зерттелініп, нәтижесінде 347 (2,7%) сынамасынан КҚГҚ – ның вирусы анықталса, бұл көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында– 2,9% және Қызылорда облысында – 2,8% құрады. Республика көлемінде 2017 жылы кене шағуынан медициналық көмекке 7237 адам жүгінді. Республика көлемінде тұрғындар арасында КҚГҚ - мен 2017 жылы 16 жағдайы тіркелді, оның ішінде Жамбыл облысында - 6, Қызылорда облысында - 2 және Оңтүстік Қазақстан облысында - 8. Айта кетерлік жайт, 16 науқастың 4 - уі (25,0%) қайтыс болды, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында - 2 жағдай, Жамбыл және Қызылорда облыстарында - 1 жағдайдан.

Өкінішке орай, бұл ауру ересек адамдармен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Ауылдарда балалар мен жасөспірімдер үй шаруашылығымен (мал, қора тазалау, шөп жинау, мал бағу) айналысып, кенеден қорғануға немқұрайлы қарап, өз денсаулықтарына қауіп туғызу жиі кездеседі және өлім жағдайына да әкелуде.

Жалпы иксод кенесі жылы қанды организмнің қанымен қоректенетін болғандықтан, адамдар мен жануарларға аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырып, зиянын тигізуде.

Кене адам ағзасының температурасын 100 метр қашықтықта сезеді, жүру жылдамдығы 5-7см/с, қоректенуі тәулігіне - 200 мг. қан, ал қорексіз кене бірнеше жыл тіршілік етеді. Кенелер қора-жайларда, қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Аналығы 5-18 мыңға жуық жұмыртқалайды. Кенелер жұқпалы індет вирустарын 25 ай сақтап, ұрпақтарына береді.

Сонымен, кенеден таралатын індеттің бірі - Конго Қырым геморрагиялық қызбасы (Көкала). Бұл, жұқпалы вирус кене шаққанда, кенені жалаң қолмен езу - жаншу, жануарларды сою, бөлшектеу кезінде және індетпен ауырған науқастың қанымен жанасу арқылы жұғады.

Адам ауырғанда дене қызуы көтеріледі, бас, буын және бел ауырады, қан сұйылып, қан (мұрын, тістің қызыл еті) кетеді, денеде қан бөртпелері байқалады, індет, көбінесе, өліммен аяқталады.

Аталған індет мамыр, маусым және шілде айларында өршиді. Оған себеп, жартылай шөлді және шөлді аймақтарда «көкала» ауруын таратушы кененің түрі H. аsiaticum «Г. Азиатикум» кенесі тіршілікке наурыз айында шығады да, қыркүйекке дейін белсенді өмір сүріп, өсіп - өнеді.

Кене шаққан жағдайда шаққан жерге қарапайым әдіспен 2-3 тамшы сұйық майын тамызып, пинцетпен немесе қолғап киіп, кенені асықпай, мүмкіндігінше, тұмсығымен бірге денеден алу қажет. Алынған кенені қақпағы бар ыдысқа салып, денедегі шаққан орнын кез келген залалсыздандыратын медициналық (спирт, дезинфекциялық ерітінді) ерітінділермен сүртіп, тез арада медициналық көмекке жүгінген дұрыс.

Әр адам жеке басының қауіпсіздігі және кенеден қорғану үшін - табиғатқа шығатын тұрғындар мен саяхатшылар ұзын жеңді көйлек киіп, жеңдерін түймелеп, ұзын балақты шалбарды шұлықтармен қымтап кию керек, аяқ киім, бас киім киіп, өзімен бірге дененің ашық жерлеріне себетін медициналық дәрілік заттарды алып жүру қажет және өзінің қасындағы адамдардың денесінде кененің бар жоғын жиі тексеріп отыру керек.

КҚГҚ – на қолайсыз елді мекендерде мал қораларын және маңайын, үй ішін т.б. дезинсекциялау керек. Бұл жұмысқа мал шаруашылығы қызметкерлері (мамандары), әсіресе, сол жердің тұрғындары міндетті түрде қатысулары қажет. Сонымен қатар, тұрғын үйлерде, мал қораларында кенелердің болмауын қадағалау керек.

Ауырған адамдардың қаны үй заттарына жанасудан сақтанған жөн. Маңайдағы керексіз заттар, мал қораларындағы қи - қоқыстар жиналып өртеледі. Малды механикаландырылған шомылдырғыштарда тоғытқан дұрыс. Мал қораларды, сарайларды дезинсекциялау керек. Бұл жұмыстар міндетті түрде мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы шарт.

Естеріңізде болсын, жеке бастың сақтық шараларын сақтай отырып, ауруды ауыздықтай аламыз.




ҚР ҰЭМ ТҚҚК – нің СЭСжМҒПО- ның

карантиндік және аса қауіпті

жұқпалар мониторингі департаментінің зоологы Ө. Б. Үсенов


ҚР ҰЭМ ТҚҚК – нің СЭСжМҒПО- ның

карантиндік және аса қауіпті жұқпалар

мониторингі департаментінің дәрігер эпидемиологы З. С. Турлиев




 




Көрілген: 1109    Пікірлер: 0

сейсенбі, 06.03.2018, 17:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан, 00:07
    Ақ түстің энергиясы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31