Әбілқайыр хан жұмбағы

Әбілқайыр хан жұмбағы

Ол жайлы не білеміз?!
Еліміздің егемендігі мен тәуел­сіздігін нығайтудың маңыз­ды факторы мемлекеттік идео­логияны, оның іргетасы – объек­тивтік тарихи сананы қалып­тас­тыру екендігі баршамызға аян. Өткен өмірдің тағылымдарын дұрыс таразылап, одан тиісті сабақ алмай, қоғамның алға жыл­жуы мүмкін емес. Қазақ халқы үшін, әсіресе, бірнеше ғасыр бойы бодандық қасіретін шеккен кезеңін зерделеудің ғылыми-та­нымдық қана емес, саяси, прак­тикалық маңызы ерекше. Осыған байланысты зерттеушілердің Әбілқайыр хан мен оның өмір сүрген дәуіріне әлсін-әлсін бет бұруы заңдылық болып табылады. Себебі, ол – XVІІІ ғасырдағы қазақ даласында бірімен-бірі астасып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің жиын­тық көрінісі ретіндегі аса ірі және күрделі тұлға.
Әбілқайыр феноменін танып-білуге ұмтылыстар толастар емес, солардың бірі – жақын арада жа­рық көрген профессор С.Мәшім­баевтың зерттеуі (Әбілқайыр хан. Астана, 2007.).
Жеті тараудан тұратын кітапта XVІІІ ғасырдың 30-жылдарын­да­ғы кіші жүз бен орта жүзде қа­лыптасқан саяси, экономикалық ахуал, Әбілқайырдың шыққан тегі мен ортасы, көрші халықтармен, Ресеймен қарым-қатынасы, Орын­бор әкімшілігі мен хан сая­саты арасындағы қайшылықтар, ханның қолбасылық, мәмілегер­лік қырлары түрлі зерттеулер мен мұрағат мағлұматтары негізінде пайымдалып, бұл мәселелер төңі­ре­гінде автор өз пікірлерін білдіреді.
Отандық және шетелдік зерттеулерде Әбілқайыр ханның тарихтағы орны, қайраткерлігі мен адами кескін-келбеті көпші­лік жағдайда Қазақстанның Ресей империясының құрамына “енуі­не” байланысты анықталып ке­ле­ді. Бұл орайда ханның Ресей про­текциясында болу туралы өтініші орыс бодандығын қабылдау ре­тін­де суреттеліп, “бодандық” ка­те­гориясына басқаша сипат берілуде.
Шындығына келсек, Әбіл­қайыр­дың анталаған жаулармен алыса жүріп жасаған жанкештілік қа­дамында заңдылық та, кез­дей­соқтық та баршылық. Бәрінен бұрын Әбілқайырдың өтініші шығысқа қарай бет алып келе жат­қан мемлекеттің шапқыншы­лы­ғының алдын алған шара бо­лып табылады. Қазақ даласы ерте ме, кеш пе орыс мемлекетінің экспансиясына ұшырайтындығы белгілі еді.
Сол кезеңнен бастап бұл оқиға еркіндікті бәрінен де жоға­ры ұстаған қазақтар үшін де жауа­бы жоқ сұраққа айналды. Қазақтармен бірде құдандаласып, бірде жаға жыртысып келген көрші башқұрттардың қанша көтерілсе де отарлықтың қанды шеңгелінен шыға алмағанын көре тұрып, торға өзі барып түсуіне нен­дей жағдай итермеледі, не түлен түртті? Дау-дамайдың да, айтыс-тартыстың да нобайы осы сұрақ төңірегінде.
Тарихи құжаттар Әбілқайыр Ресей протекциясын сұрауға шын ниетімен бармаған, ондай қадам жасауға мәжбүр болған деген тұжырымға итермелейді. А.Тев­ке­левтің “Неліктен сіз басқа хандар мен сұлтандардың, беделді стар­шындардың келісімінсіз бұл іске (яғни, Ресей бодандығын қабыл­дауға.) бардыңыз?” деген сұра­ғына, Әбілқайыр “Жылдар бойы қонтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үс­тіне Еділ қалмақтары, башқұрт­тар, Бұқара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық” деп жауап береді.
Бұл жағдайлар – ешкім жоқ­қа шығара алмайтын объективтік шындық. Оның үстіне Әбіл­қайыр­дың Ресейге бет бұру се­беп­терінің бірі оның басқа қазақ хандарының алдына шығуға, оларды өз билігіне бағындыруға тырысушылығы болды делінеді. Кіші жүз ханының бұл қасиетін аталмыш оқиғада басты фактор болды деп санауға ешкім сене қоймас, себебі ел басқарған адам­ның билікқұмарлығын қоғам дамуына кереғар келмесе, теріс мағынада түсіндіруге негіз жоқ.
Әбілқайырдың өтініші бойынша қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі 1731 жылы 19 ақ­пан­дағы Анна Иоановнаның грамо­тасында мынандай шарттар қойыл­ды: а) башқұрттар секілді қызмет ету және салық (ясақ) төлеу; ә) жаулар ша­буыл жасағанда орыстар тарапы­нан әскери көмектің көрсетілуі; ал өздерінің (яғни қазақтардың) башқұрттар, қалмақтар және Жайық казактарына шабуыл жасамауы; б) орыс тұтқындарын қайтаруы және орыс көпестері мен сауда-керуен­деріне зәбір-жапа, қысым көрсетпеу, қайта қазақ ауылдары арқылы өт­кенде оларды қорғау және сауданың дамуына қолдау көрсету.
Орынбор әкімшілігінің басшы­ларымен болған келіссөздерде “Мені қан майданда жаулап алған жоқсың, орыс бодандығын өз еркіммен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қай­тара алмайды” деп ашу шақыр­ғанда, Әбілқайыр әлі де болса Ресей билігінің құлақкесті құлы еместігіне кәміл сенді. Оны А.Тевкелев те растайды.
Әбілқайыр ханның патша өкі­метіне толық бағынғысы келмеген­дігін оның нақтылы істері де, әсіресе, 1746 жылы Иран шахы На­дир­ге “орыстар жағынан қысас­тық­қа ұшыраған шақта паналау үшін Бесқала қалашығын беруді” сұрап хат жазуы да айқын дәлелдейді. Қазақтардың Ресейді сюзерен ретінде ғана танығаны, кіші жүздің про­тектораттық статусты ғана көз­дегенін шетелдік ғалымдар да қостайды (А. Боджер т.б.).
Ресей көмегіне сүйену арқылы қа­зақ жерін қоршауға алған жау­лардан құтқарамын деп абайсызда бодандық торына түскен Әбілқайыр ханның бұл әрекеттері патша өкіметі тарапынан ескерусіз қалмады… Отар­лықтың сойылын соғып, бас пайдасының қам-қарекетін ел мүд­десінен жоғары қойған, кеудем­соқ­тық пен көреалмаушылықтың құлы болған Барақ сұлтан уақытша болса да тарих сахнасына шығады. Оның жасақтарымен бірге 1748 жылы тамыз айында Әбілқайырды өлтіруі Ресей отаршылдығының мүддесіне толықтай сай келді.
Әбілқайыр қазақ жерінің бүтіндігін сақтауға, бір орталыққа бағынған қуатты қазақ хандығын құруға тырысты. Оның барлығын сол замандағы өз танымы, өз пайы­мы тұрғысынан, Ресей көмегі арқылы жүзеге асыруға әрекеттенді. Бірақ ол оқиғалар шырғалаңынан шыға алмады, бір халық келіп екін­ші халыққа жұмақ орнатпайтын­ды­ғы туралы философиялық ой-пікір болашақтың сыбағасында қалды. Әбілқайыр ханның мысалы ел тәуел­сіздігін күмәнді есептерге негіз­делген саяси ойын құралына айналдыруға болмайтындығын көр­сетеді. Тарих мемлекет егемендігіне балама жоқтығын дәлелдейді.
Осылайша, ой түйіндегеннің өзін­де де қазақ жерін анталаған жау­лардан қорғаған, даңқты Аңырақай шайқасында бас қолбасшы болған тұлға ретінде ол ұрпақтар жадында мәңгі қалады. Біз Әбілқайыр ханға осы тұрғыдан тағзым етеміз.
Оқырмандарға ұсынылып отыр­ған монография – Әбілқайыр хан туралы осы бағытта, жаңа көз­қарас тұрғысынан жазылған ізденіс.
Біз жас ұрпаққа Әбілқайырды мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы, мәмілегер ретінде таныстыра отырып, оның шалыс басқан тұстарын да байыпты жеткізуіміз керек. Бірақ ол еш­қашан да жеке басының мүддесін өз халқының мұң-мұқтажы мен ар-намысынан артық көрген емес. Оған бір ғана мысал келтіре кетейік. 1747 жылы, яғни ажалынан бір жыл бұрын өз ордасында өткен кіші жүз бен орта жүз сұлтандары мен старшындарының жиналысында Әбілқайыр: “Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақыра­мын” деп сөзін аяқ­тайды. Ханның бұл үндеуі – бүгінгі күні де өзекті.
С. Мәшімбаевтың зерттеуінде келтірілген мағлұматтар Әбілқай­ыр ханның орыс патшасынан әс­кери одақтастық, тіпті, әрі кет­кенде “протекторат” жөнінде ғана сұрағаны туралы концеп­циялық тұжырымды растайды. Әбілқайырдың 1748 жылдың маусым айының аяғында Орын­бордан И.Неплюевпен қоштас­пай кетіп қалуы “бодандықта” болудан біржолата бас тартуы деп түсінген жөн. Хан онымен де, А.Тевкелевпен де келіссөз­дерінде алдына қойған мақсатын орындамай, болашақ ұрпақ ал­дын­да абыройсыз болудан “өлім­нің артық екендігін” ашық айтады.
Нақты тарихи фактілерге емес, сезімге негізделген даурық­па­лардың жарық көре беруіне байланысты автор Әбілқайырдың өз жері мен елін сату арқылы тағына нық отыруды көздеген “тұлға” еместігін басқа да дерек­термен нығарлай түседі.
Осындай құнды ой-пікір­лері­мен бірге кітапта олқылықтарға да жол берілген. Автор кейбір жағ­дайларда зерттеу хроноло­гиясы шеңберінен шығып кетеді. Қазақтардың ХІХ ғасырдағы шаруашылығы немесе “Қазақ төңкерісінен кейінгі Қазақстан жері­нің тұтастығын қалпына кел­тіру жолындағы қазақ зиялы­лары­ның күресі” деген тараудың зерттеу тақырыбына еш қатысы жоқ. 6-тараудың “Әбілқайырдың кіші жүзді Ресейдің боданына айналдыру саясаты” деп аталуы да кітаптың тұжырымдық бағы­тына қайшы келеді. Әбілқайыр­дың 1730 жылы қыркүйек айын­да Сейітқұл мен Құтлымбет ар­қылы жіберген хатынан келтіріл­ген үзінді (93-б.) жөнінде де осыны айтуға болады.
Мағынасы бұлдыр, түсініксіз сөйлемдер де ұшырасады. “Сы­ңар­лық баға” (15 б.), “қара сұл­тан” (73 б.), қазақтардың сауда керуендерін “тонаушылығы” (91 б.) т.б. сөз тіркестері, Х. Сетон-Уо­тсонды “Х. Сетов”, Дж. Кэс­тльді “Кэстель”, қалмақтарды “қалпақтар” (96 б.), дипломат Тевкелевті “дипломант Тевкелев” деген, т.б. қателер де көзге түрпі­дей тиіп тұр.
“Д.Кэстльдің салған сурет­терінің көшірмесін жариялап отырмыз” (163 б.) деп, ешбір суретінің берілмеуі де бұл жолдар белг­ілі бір дереккөзінен сол күйін­де алына салынғанын байқатады. Ағылшын суретшісі Әбілқайыр ордасына Орынбор әкімшілігінің жұмсауымен емес, өз еркімен сапар шегеді; Гурьев қалашығын “Ақтау” (177 б.) деп түсіндіру де ақылға сыймайды.
Алайда, кітаптың негізгі маз­мұндық, идеялық бағыты, онда қаралып отырған мәселелердің пайымдалуы тарихи шындыққа сәйкес келеді, сол себепті оқырмандар сұранысына ие болады деп ойлаймын.
Әбілқайыр хан туралы И.Еро­фееваның, Ә.Мұқтар мен Ж.Жақ­сығалиевтің еңбектері қатарына келіп қосылған С.Мә­шім­баевтың ізденісі тарихи тұл­ғаларға арналған зерттеулер га­ле­рея­сын жасау ісін жалғастыра тү­су­ді қажет етеді. Ол – заман талабы.

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста