Алаш үні

Алаш алыптары мен арыстарының ең лайықты ізбасарымын

  • Алаш алыптары мен арыстарының ең лайықты ізбасарымын

    Алаш алыптары мен арыстарының ең лайықты ізбасарымын

Иә, бұл – расында да бұлтартқысыз имандай шындық. Бұл – Құдай алдында да, ұлы бабалар аруақтары алдында да тарихи айдай анық ақиқат. Қазақ елінде бабалардың қаны мен аналардың көз жасына бөкен киелі жер үшін, ұлт, ұрпақ, шәкірт қамы үшін кімнің кім болғанын, кімнің қандай дәрежеде тіршілік кешіп жатқанын қазақ халқы бәрін де талдап, өте жақсы біліп отыр. Бүгінгі қазақ елінде ұлт, ұрпақ үшін адал туған, жанын қияр зиялы қауым жоқтың қасы екенін халық жақсы біледі. Бұл ащы шындықты Алаштың ғасырлық тойының қарсаңында ашық айтуға да, еріксіз мойындауға да міндетті елміз. Сол себептен де ұлтсыздық пен опасыздықтан, жағымпаздық пен сатылымпаздықтан аулақ болғандықтан күллі ұлт, халық, ұрпақ алдында арым таза күйде ғұмыр кешуге мәжбүр болғандығым, адал адамгершілік пен текті кісіліктің алауы әрқашанда аса асқақ дәрежеде айқын болғандығы сөзсіз. Себебі халқымның маған деген теңдесі жоқ ұлы махаббаты мен сенімінен артық сыйлық болуы мүмкін бе, ағайын?! Жоқ. Болмайды. Болуы мүмкін де емес. Демек, ол – кез келген мемлекеттік сыйлықтан әлдеқайда аса жоғары әрі аса бағалы екені әлімсақтан аян.

Айталық қазақтың бүгінгі және келешек дербес тәуелсіздігін, мемлекеттік ұлттық ұтқыр құрылымды ұтымдылықпен орнықтыру жолында «Оян, қазақ!», «Елім қайтып күн көрер?!», «Ел мен жерді қорғар ер қайда?», «Ұқпасаң, қор боласың қазақ!»... басқа да көптеген сан алуан қилы өткір де жанақайлы өлең жолдарын, түйткілді де өзекті мақалаларды ұдайы жариялау арқылы һәм қазақты тәуелсіз ел бола білуге, алаңсыз көктеп өркендей білуге үндеу сонау 1970 жылдан, яғни өмір бойы үнемі ат үстінде жарқырап жүріп, жанқиярлық дәрежемен күресіп келемін. Құдіретінен айналайын киелі Жердің, қасиетті Елдің қамы үшін, ұлт, ұрпақ, шәкірт қамы үшін өлшеусіз тер төгумен, өмірлік озық үлгі-өнегелердің алтын дәнін себумен, сәулелі шуағын шашумен келемін. Ақырында бұл қажымас қажырлы да қайсар еңбекқорлығыма қатысты Алаш жұрты аса жоғары бағасын беріп, Ұлы Даланың Халық Академігі деп атап кетті. Сонымен бірге Алаш алыптары мен арыстарның ең лайықты ізбасары деп айшықтады. Ел өнегесі мен құдіреті зор атқарылған ұлттық істерің мен қалдырған іздеріңді халық бағалап жатса, ел есінде қалдырып жатса – ұлы бақыт. Қысқасы, бұның бәрі менің өмірімдегі ең ұмылмайтын ең айтулы ұлы құбылыс – міне, осы. Бұл, әрине, ертеңгі күні о, дүниеде де тыныш ұйықтау үшін аса қажет.

Мінеки, осылайша соңғы ақтық демім таусылғанша, қазағым деп соққан жұдырықтай жүрегім тоқтағанша, аттан бір сәтке де түсуді, белімді тыныстауға шешуді білмей күресе беру ең негізгі міндетім болды. Өйткені ұлы ата-бабаларымыз бен Алаш алыптарының қазақ ұлты үшін аңсаған арманы да, ұлттық аманаты да толыққанды дәрежеде орындала қойған жоқ. Демек, олардың ұлтшылдық ұстанымы қандай еді? Бүгінгі қазақ елінің, оның билік иесінің Алаш алыптары алдындағы қарызы мен парызын қапысыз өтеудегі ұлттық шынайы дәрежесі қандай күйде? Шындыққа әділ де тура жол қашан ашылады?


АЛАШ ҰСТАНЫМЫ – ҰЛТ МҰРАТЫ


«Өзінің күрескерлік күшіне сенбеген халық та, адам да

ешқашан өмірлік бәйгесін қолға түсіре алмайды».

Әлихан Бөкейхан.


Айтпаса сөздің атасы өледі.

Қазақ ұлты бәсекеге қабілетті, яғни өзіне тиесілі ұлттық бәйгеге, мәңгілік мұралы олжаға ие болуға қол жеткізу жолында сан қилы тағдырды бастан кешті. Сол кезеңдерде ұлтымыз Әлиханның: «Бәсекелі талас-тартысты күрес жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді» деген қанатты сөзінен айрықша күш алды. Ал біз, қазақ қауымдастығы, бүгінгі таңда сол тәмсілдегі тірі қалған, бірақ қорғансыз күйде жүрген балапандар секілдіміз... Ұлтсыз, тексіз, дәрменсіз, әлжуаз, жұмыссыз, үйсіз, күйсіз, ең кедей... кеудемнен шықпашы жаным, шықпашымен ғана өмір кешіп жатырмыз. Қазақ ұрпағын өзге ұлт-ұлыстың аяғына тек жығып беруден, оның ұлттық рухын тірілуге жібермей, ой-санасын құлдықтан шығармай жаншудан әрі аса алмай отырған елміз. Бұл – тарихи факт. Бұл – әлемге аян. Бұл – айдан да анық ақиқат.

Айталық, біз Тәуелсіздікті жария еткеннен кейінгі 26 жыл ішінде қолдау мен қорғауға аса зәру кешегі балапандар қазір қарлығаш емес, ұлт, халық, ұрпақ, шәкірт қамы дегенде сұңғыла қырандарға, жанын қияр көкжал күрескерлерге жаппай айналып үлгеруіміз керек еді. Қазақ халқы өнегеліліктің шамшырағы әрі темірқазығына айналуы ауадай қажет еді. Сонда ғана ХХІ ғасырда тәуелсіз елдігіміз бен қаһарман ұлттығымыздың мәңгілік негізгі арайлы таңы алаңсыз дәрежеде жарқырап атушы еді. Әзірге, өкінішке қарай, құдіретті игіліктері мен ізгіліктері зор шуақты таңының бұл ауылы қашық... Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Өйткені өз ұлтын, өз халқын қалмақ тиіптес аяусыз тонаушы ұрлар мен қорлаушы қасапшылардың мемлекетін жасақтадық. Ұлтсыз, білімсіз, біліксіз, тәрбиесіз, тексіз, ар-намыссыз... болғандықтан қазақ республикасын орнықтыруға ешқандай да жол жоқ. Ұлттық ұтқыр ұстахананың табантасын озық дәрежеде қалау мен ұтқыр қалыптастыруға жол ашылар емес.

Әйтсе де, ерте ме әлде кеш пе, келешектегі есті де текті, кемел де сұңғыла ұлтшыл қырандар «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан көсемнің ұлы сөзінің шынайы мәні мен мағынасын терең түсінетініне, оны іс-жүзіне мінсіз асыратынына сенгіміз келеді. Ел күрескерлігі орасан зор ұлтшыл Ерімен ғана еңселі. Ел, ұлт үшін сіңірген қажымас қайсар өнегелі еңбегімен бағаланады.

Сол себептен де бүгінгі тәуелсіз атанған елдік, ұлттық тағдырға қатысты, һәм ұл-қыздарымыз бен шәкірттеріміздің тағдырына қатысты, ең көкейтесті де, ең түйткілді де, өзекті де өткір тағдыршешті мәселелерге байланысты отызға жуық жанайқайлы Ашық Хат пен Үрейлі Үндеудің жазылған мәтіндерін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жария етуге қол жеткізіппіз. Расында да күрес 1959 жылдан бастау алған кешегі қызыл империя орта мектепті бітірген қазақ балаларын мал соңынан шығармай, мәңгүрттік пен кещелікке жығуды, малға айналдыруды ұстанған солақай саясаттың күшін қайткен күнде де тоқтатуға бағытталған күрестен басталып еді. Кейін ұлттық күрестің ауқымы мен өмірлік маңызы орасан зор түйткілді ұлттық мәселелерге ауысты және оның қоғамдағы ықпалы күшейе түсті. Мысалы, солардың кейбіреулерін ғана атап кеткеніміздің ешқандайда әбестігі бола қоймас. Сонымен олар:

– «Анасыз – бала жоқ, Баласыз – қоғам жоқ» жетім-тастанды балалардың санының көбеюіне қатысты және басқа да көптеген ұлт тағдырына, әсіресе әйел тағдырына қатысты өзекті өткір мәселелердің шектен тыс ушығып бара жатқандығына байланысты Ашық Хат;

– «Арал қасіреті – Адамзат қасіреті»;

– «Қарт Торғайдың қарғысына ұшырамайық!» бес облыстың жабылуына байланысты Ашық Хат;

– «Жерді сату – Отанды сату» немесе «Жер кімнің кім екенін анық айқындайды»;

– «Қазақ халқы туберкулезден қалай қырылып жатыр?», «Туберкулез проглотит казахов разъедая как червь»;

– «Сағақ үзбес мәңгүрт ұстаз кімге тиімді? немесе Жанқияр халықшыл нағыз ұстаз қашан қаулайды?»;

– «Әлем Түркі, бірігіңдер!»;

– «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»;

– «Асылдан, қазақ!»;

– «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз»... сияқты басқа да көптеген өзекті ұлттық мәселелер жайында жан-жақты толық жазылған Ашық Хаттар, Үндеу Хаттар бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарық көрді.

Алайда, осы сияқты мәселелерге қатысты барлығы 30-ға жуық тағдыршешті ұлттық стратегиялық мәселелердің бет-пернесін айшықтап аша отырып, Ашық Хат пен Үрейлі Үндеулерді жарыққа шығару, бұл – жеңіл шаруа емес. Бұл – шындығында қиямет-қайымды мәселе. Бұл – тек айтуға ғана оңай... Әй, бірақ...

Әйтсе де билік өңшең көзбояу Ұраншылдықты, Даңғазашылдықты, Науқаншылдықты оздыра білуден алдымызға жан салмай озық шығудың рекордтық обыр үрдістерін ерекше тыңғылықты дәрежеде орнықтырдық. Ендігі жерде, келешек қазақ елінде Жалғандықпен ұшынудан жазылар, Өтірікпен тұщынудан арылар адал да таза, әділетті де қайырымды, жалпыхалықтық қоғамдық құрылымы жасақталар күні туар ма екен?.. Кім туғызады? Қашан?

Әрине, ол кезеңдегі қасаң қоғамымызда осыншама ұлттық халықтық іс-шараларды кедергісіз оп-оңай жолмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария ете салудың өзі мүлде мүмкін емес еді. Қорлаушы сорақылық қиямет-қайымы зор еді ғой. Басқан ізің, сөйлеген сөзіңді нақақтан қаралап, жау жасап, есепке тізетін болғандықтан аңдушы мен азапқа салушы қырағы күйде болғаны ақиқат. Сол себептен де сан алуан қиямет-қайымның небір сорақы түрлерін бастан өткердік. Шынайы өмірлік шындық жаңғақ сияқты: сүйегі қатты, дәні тәтті. Ендеше киелі жер, қасиетті ел дегенде, һәм ұлт, ұрпақ қамы дегенде жанын қия білетін, адал туған шынайы дарын иелері жағдайдың ауыр-жеңілін таңдамайтыны, қолда байлықтың барына, жоғына қарамайтыны, қажетті бапты күтіп жатпайтыны даусыз.

Осыған байланысты Жүсіп Баласағұн: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» десе, ал данышпан Абай хакім: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден», – дейтін үлгілі өнегесі орасан зор бұл өмірлік ғақлияттары кім-кімге болса да ең ұлы палсафа емес пе?! Иә, шындығына келгенде, ақыл-есі түзу, есті де текті, кемел адамға дәл солай екені ақиқат.


ТЕКТІЛІК ТАБЫНДЫРМАЙ ҚОЙМАЙДЫ


«Мың шақырымдық жол

бір қадамнан басталады».

Лао Цзы.


«Өзі жана білген адам ғана лапылдатып жаға алады».

П.Павленко.


«Өз өмірінің соңын оның бастауымен

ұштастыра білген адам бақытты».

В.Гете.


«Әлем құпияға толы, өмір де

соның біріне саналады».

Д.Холден.


Дуалы ауыздан шыққан сөзі алмас қылыштай өткір, өзі нар тұлғаға лайық күйде жүре біліп, табанды да текті қайсар қажырлықпен ұлтты ойландыра білсек қана, рухтандыра білсек қана һәм қазақты жаңарту мен асылдандырудың серіппедей серпілісіне түсіре алатынымыз даусыз.


Бір дарақтың бұтағымыз, нәріміз,

Бір қазақтың ұрпағымыз бәріміз – екендігімізді бүгінгі және келер ұрпақтың ой-санасына айрықша шегелеп құйып, сүйегіне сіңіріп, ұлтын, Отанын бар жан-тәнімен беріле қастерлей білуге, ерекше сүйе білуге тәрбиелеу, бұл – ең басты ұлт мұраты.

Қамшы сабындай қысқа өмірлік тіршіліктегі жасаған кішкентай ғана жақсылықтың өзі – адамға бақытты өмір сыйлайды. Қоғамдағы кемшілік түзелмей кемелденудің таңы атпайды. Ол үшін кемел кемеңгер көсемдіктің шыншыл да жанқияр халықшылдығы орасан зор арайлы таңы атуы қажет.

Иә, атам қазақ «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» демекші, бүгінгі заман көбік ауыз, көп сөзді мылжыңдар мен даңғазашыл мақтаншақтардың заманы емес. Бұндай әрекеттің арты қасіретке жығады. Керісінше, ең алдымен сансыраған кемшіліктеріміз бен олқы тұстарымыздың бетін шұғыл түрде аша отырып, сол кемшіліктерді тезірек жою мақсатында мемлекет тарапынан күллі ел-жұртты ерекше мүдделікпен ортақ ұлттық іске түгелдей жұмылдыру, құлшындыру, ынталандыру аса маңызды.

Алайда, айтылуға тиісті өзекті әңгіменің қисыны келіп, сәтті орайы туып тұрған соң ел-жұртты құлаққағыс ете кететін бір мәселе бар, ол – түйілген түйіндеріміздің толыққанды дәрежеде ұтқыр шешімін таба алмай тұрған тағдыршешті мәселе сан қилы екені, көкейтесті және түйткілді ұлттық мәселелердің шектен тыс тым көп екендігі еріксіз алаңдатады.

Қай ұлт болсын, мейлі қай мемлекет болсын, тіпті кез келген қазақ болсын, ең алдымен өзінің күнбе-күнгі өтіп жатқан іздеріне ерекше сыни көзқараспен қарап, оның сан қилы кемшіліктер мен олқы тұстарын жан-жақты терең талдап білмей, жаһандық өркениетке, елдің, ұлттың бүгінгісіне және болашағына сөзбен емес, керісінше нақты ұтымды да озық қадам жасау мүлде мүмкін емес. Бұған тарих та куә, уақыт та куә. Елді озық дәрежеде жаңаша өмір сүруге үнемі жетелеу, көземелдеу, бұл – ең негізгі айтулы азаматтық борышымыз әрі міндетіміз. Ендеше ел ішіндегі бір қазақтың тағдыры бүкіл қазақтың тағдыры екенін, бұл өз кезегінде біртұтас мемлекеттің тағдыры екенін көреген көсемдікпен дұрыс түсуініміз қажет. Осы өмірлік пәлсафаны мойындай отырып, қоғамымызды қаулау үрдісімен жайлаған және шектен шығып ушығып бара жатқан ащы шындықтарға адами тұрғыдан тіке қараудың мезгілі әлдеқашан жетті.

Айталық, ұлт тұрғысынан алғанда да, мемлекет тұрғысынан алғанда да қазақ елінің ішкі ұлттық өзекті де өткір мәселелерімізге біздің алаушылығымыз аса басым күйде болып отыр. Бір-ақ мысал. Бүгінгі жас ұрпақтың үйсіз, күйсіз, қаңғыбас... қорғаусыз күйде болғандықтың кесапатынан отбасын құруға деген және дүниеге бала әкелуге деген құлықсыздығы, мүддесіздігі, ұлтсыздығы... дәстүрге айналды. Әлемдік ғаламдану-жаһандану заманында, бұл – ұлттық демографияға төнген аса айрықша қатерлі қауіп. Бұл – ең жойқынды қауіпті апат.

Олсыз да біз, қазақ, аз-ақпыз. Мүшкіл, дәрменсіз күйдеміз. Бұның несін, кімнен, қай жерімізге жасыра аламыз? Сөздің шындығын айтуымыз керек, біз отбасылық, әл-қуаттық, әлеуметтік, тұрмыстық дәрежеге келгенде мүшкіл күйде отырған халықпыз. Бұл – бұлтартқысыз тарихи шындық. Соңғы ширек ғасыр ішінде қазақтың санын ұтқырлықпен көктетіп өсіруге деген саяси бет бұрысымыз мүлде байқалмайды. 1994 жылғы дерек бойынша қазақ елінде халықтың жалоы саны 17.8 млн болатын. Ақпарат құралдары беттерінде соңғы 25 жыл ішінде Өзбекстан халқының саны 10 миллионға өскенін көрсетіп жүр. Ал бізде ше?

Оның үстіне қазіргі қоғамымызда әйелдер еңбек нарығына белсенді араласып жатқан кезең екені белгілі. Сондықтан отбасы жұптарына баламен өмір сүру қиынға соғып отырғандығы да әлемге аян ақиқат.

Қалай болған күнде де бізде ұлттық ұрпақты қайткен күнде де еселеп көбейте білуге қатысты жан-жақты материалдық қолдау мен ынталандырудың ұтқыр тетіктері мен озық үрдістері мүлде жоқтың қасы. Бұл – расында да кезек күттірмейтін ұлттық және мемлекеттік стратегиялық ең түйткілді тағдыршешеті мәселе. Әрине, айналамыздағы елдерден көреген іскерлікпен, ұлтқа шынайы жанашырлықпен үлгі алатын да, үйренетін де ұтқыр да озық үрдістер жетерлік. Бірақ... Бұған, әрине, билік тарапынан тек қана адал да ынталы, құштар ықылас, ұлт дегенде жанқиярлығы зор, мүдделі ниеті мол болса, болғаны. Өйткені, елдегі ұтымды да ұтқыр мүмкіндіктеріміз бен артықшылықтарымыз жетіп артылады.

Осы ретте даңғазалық лепірме сөзді қарша боратпай-ақ, біз шынымен де бұқара халыққа аса жағымды әрі пайдалы коэффициенттерімізді еселей отырып зор табысқа қол жеткізіп жатқан болсақ, құба-құп қой. Әлде, аз сөйлеп, ұлттық көп істерді тындырып, қолға түсірген табысымыз қалтамызда қалмайды ма?! Дарақылықпен сүйіншілеудің қандай қажеттігі бар? Бұдан халыққа тиетін ұтқыр ұтысы қандай? Бізге ауадай керек ең негізгі мәселе – ел-жұрт болып, билік болып құлшына жұмылып, алдымен бұқара халықты қан қақсатып жатқан опасыз кемшіліктерге жол бермеудің ұтқыр да ұтымды бағдаршамын қалыптастыру, бұл – әлемдік бәсекеге қабілетті межелі табыстың да, жеңістің де ұлы бастауы емес пе?!

Осы тұрғысынан келгенде бабаларымыздың халық қамы үшін жанқиярлықпен сіңірген еңбектерінің озық тарихын біліп, ұрпақтарымыз пір тұтар ұлт дегенде аттан бір сәтке де белін шешуге түсуді білмей өткен жанқияр халықшыл тұлғаларымыз бен қайраткерлерімізді жан-жақты тани білгенде ғана, халықтың еңсесі биіктеп, рухтана түседі, мерейі тасиды.

Қазақ еңсесі биік ұлттық мемлекетті ұтқыр жасақтай білудің негізгі кепілі – рухани байлық.

Ұлттық ой санамызды жаңа ұтқырлыққа қарай қалай жаңғыртқан, қалай жаңаша жаңартқан, асылдандырған жөн болады? Ұлттық рухты ше... Кәнеки, бұл сұрақтарға ұтымды жауапты бірге іздестіріп көрейікші.


ҰЛТТЫҚ РУХТЫ АСҚАҚТАТА АЛМАЙ ТҰРҒАН ШАҚТА

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ СӘТІ ТУМАЙДЫ


«Білімді – оқығанына, көргенсіз – тәжірибесіне сүйенеді».

Цицерон.


Ең алдымен елдік, ұлттық рухты, ой-сана мен намысты бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде көкке асқақтатпайынша рухани жаңғыру мен кемелдікпен жаңарудың ұтқыр сәті түспейді.

Қазақ «Ештен кеш жақсы» демекші, осыған орай 2017 жылы қоғамдық талқылауға түскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы біз көптен бері көтеріп келе жатқан ұлттық өзекті мәселелердің түйіндерін тезірек шешсе, ұлтқа серіппедей серпіліс пен сілкініс әкелсе, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Бұл үшін ел болып, ортақ ұлттық іске бір кісідей жұмыла білуіміз керек. Енді осынау мақаладағы бағдарды қоғам болып талқылап, одан жуық арадағы онжылдықтарда не істеуіміз керектігі туралы нақты бағдарламалар құру, ұтқыр бағыт-бағдарымызды жүйелеу сіз бен біздің, яғни, қоғамның ең айтулы міндеті.

Біз дамылсыз дамыған мемлекет қатарында болғымыз ке¬летіні сөзсіз. Қоғамды, мемлекетті дамытатын ұлы күш – адам. Бұл ең басты теңдесі жоқ алтын қор. Олай болса, әр адам, қоғамдық құрылым ең алдымен нен¬дей аса қатерлі дерт пен кесапаттан тезірек арылуға тиіспіз?

1. Құлдық санадан,

2. Парақорлықтан,

3. Жемқорлықтан,

4. Жағымпаздықтан,

5. Сатылымпаздықтан.

Ол үшін не керек?



  • «Ұлттық жаңғыру» имани оқу – ағартушылық бағыты озық дәрежеде болуы керек,

  • «Ұлттық құндылықтар мен асылдықтарды құнттау» бағыты керек,

  • Ұлттық – өнім, ұлттық брендті қалыптастыру керек,

  • Жаңғырған БАҚ – сана жаңғыруының қозғаушы үлкен күшін жасақтау керек,

  • Конструктивті сын – ұлттық даму мен кемелденудің мәңгі кепілі екенін кемел кісілікпен мойындап, қолдау мен қорғаудың алтын бағыт-бағдарын тезірек жасақтау керек,

  • Ұлттық жанқияр қайраткерлерді үнемі ұлықтау мен оларды қолдап отыруды озық дәрежеде үйлестіруді, қалыптастыруды жедел түрде қолға алу керек.


Адамзат тарихында халықты, ұлтты, ұрпақты қалай болған күнде де жан-жақты терең ойланта білуден, толғанта білуден, елдікті, қоғамдық дамуды саралай білуге құлшындырудан, өмірлік жаңа серпілісті сілкініске түсіруден асқан құдіреттің болуы мүмкін бе?! Жоқ.

Кемел толық адам болуға, ұлттық тұлғаға айналуға мүдделі адамды даңққа бастайтын, межелі мұратқа жеткізетін жол біреу, ол – жаңашылдығы мен бастамашылдығы зор, ізденімпаз еңбекқорлығы мол, қайтпас, қажымас қажырлы еңбек қана. Ендеше ұлттық ұлы мақсатқа қол жеткізу үшін біздің ой-санамыз істерімізден анағұрлым озып жүруі, яғни одан бұрынғыдан да бетер жаңаша жаңғырып, жаңарып, асылданып оты¬руы тиіс. Сонда ғана ұлттық ұтқыр істеріміз алға озуды арттыра түседі.


ӨМІР БОЙЫ ҰСТАНҒАН ҚАҒИДАЛЫ ҰСТАНЫМЫМ (КРЕДОМ)


Өмір деген ұлы күрестен үздіксіз жасақталып, үнемі шыйрығады, жетіледі, өрістейді. Өмірлік мақсат-мұраты асыл, кемел адамның аңсаған арманы да, күрескерлік қабілет-қарымы да ұтқыр болғандықтан қайткен күнде де жеңіске жеткізбей тынбайтыны даусыз ақиқат. Сондықтан өмірлік қағидалы алтын ұстаным (кредо) текті де кемел, көреген де кенмеңгер адамды ұлттық ұлы мұраттарға үнемі жетелейді, жетілдіреді, оздырады. Көңілі соқыр, көкірегі қараңқы, тексіз, жігерсіз адам бақытсыз. Бұл – бұлтартқысыз тарихи факт.

Сонымен қазақтың қанына бөккен киелі Жер, қасиетті Ел дегенде, һәм ұлт, ұрпақ, шәкірттеріміздің бүгінгі және болашақ қамы дегенде, тәуелсіз елдігіміздің мәңгілік тұғырын баянды ете білу дегенде өмір бойына күнделікті күйбелең тіршілік пен белсенді күрескерліктің барысында үнемі басшылықта ұстанып келе жатқан өмірлік үш ұлы қағидам (кредом) бар. Атап айтар болсақ олар:



  • Ертең Анам мен Балам жылайтын болса, онда мен бүгін өлуім керек!

  • Келешегім, Алаш баласы ұлтыңды сүйсең дәл мендей егіліп сүй!

  • Әр қазақ – менің жанымдай айрықша сүйетін жалғызым!


Қалай дегенде де әркімнің бәлкім өзіндік дара жолы болуы әбден мүмкін. Бірақ жердің, елдің қамы үшін, һәм ұлт, ұрпақтың қамы үшін нағыз жанқияр халықшылдықтың дара жолындағы көкжал атына қона білу, өмір бойына, өле-өлгенше жанкештілікпен күресе білу, ұлттық дана күрескерліктің өнегелі абызы атану, ұлттық өрені орасан зор тұлғаға айналу, бұл – өз қолдарыңызда екендігін ешқашанда ұмытпағандарыңыз абзал.

Бір сөзбен қысқаша айтқанда, текті ата-баба, әке-шеше атына кір түсірмеудің жолында Ұлың текті кемел кемеңгерлікке құлшынса, Қызың ұлттық көкбайрақты көкте желбіретуге құлшынса, Немерең өнегелі ұлағатқа құштар болса, Шөберең абырой-қадіріңді көкке асқақтата алса, бақыт деген, міне осы. Кемелдікпен дәл осылай озық болса нұр үстіне нұр!

Байтақ киелі Жер мен қасиетті Елдің тағдырына қатысты, һәм ұлт, ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеріміздің, шәкірттеріміздің тағдырына қатысты бір сәтке де аянып қалған күнім жоқ. Сан алуан қиындықтан қорқып, жасырынып қалған күнім мүлде болған да емес. Алайда адамның сәттілікке жетуін оның қанша жетістікке жеткенімен емес, оның осынау елдік, тәуелсіздік, ұлттық, халықшылдық күресте қаншама қиямет-қайым қиындықты бастан қажырлықпен өткере білгендігіне қарап бағалау қажет. Ең бастысы – жаһандық бәсекеге қабілетті тәуелсіз елдігіміз бен жаңашыл ұлттығымыздың тұғыры берік қалануы үшін күрескерлік рухты үнемі ту ете білу жолына белін буған адам өзінің күшіне сенуі керек. Аумалы-төкпелі кезеңдерде адамдардың қоғамдық, ұлттық көзқарасы күнде өзгеріске түсіп тұратыны сөзсіз.

Десек те, қашанда ұлттық мерейімізді көкке асқақтата білетін Тұлпардан тұяқ, Байтеректен бұтақтар қаулау үрдісінің арқасында ғана сан салада өрбіп, бүгінгі ХХІ ғасырдың сахнасындағы әлемдік бәсекелі жарыстардың бәрінде де ат үстінде үнемі жарық жұлдыздай жарқырап жүріп, тек алдыңғы қатардан ұтқыр ұтымдылықпен оқ бойы оза білгенге не жетсін!

Ұлы Дала – ұлы бабалардың ең құдіретті Ата мекенінің ойына да, қырына да, яғни ұлан-байтақ жердің, оның асты-үсті, аспан астындағы теңдесі жоқ байлықтың қазақ халқы қапысыз иесі де, киесі де бола білуге және рахатын молынан көруге міндетті. Ең ұтқыр дәрежеде ұлттық мемлекеттік құрылымның жасақталуы ауадай қажет. Олсыз тәуелсіз елдік те, дербес егемендік те, ұлттық бақыт та жоқ. Болуы мүмкіін де емес. Ендеше һәм қазақ, ХХІ ғасырда ағымдағы уақыттың бәрінде де өткен тарихтың жанқияр күрескерлігі аясында бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде тірі болу керек, тірі болған соң ірі болу керек, ірі болған соң тек қана кемел де кемеңгер тұлғаға айналу аса қажет. Сонда ғана қазақ ұлты ең қуатты, ең бақытты өнегелі ел бола алады. Кешегі Алаш алыптары аңсаған, қол жеткізуге міндетті болған ұлы арманы – осы!

Олай болса, ерекше мүдделі текті кісілікпен осынау өмірлік ұлы мақсат-мұраттарды жүзеге мінсіз асыра білу жолында ең алдымен кез келген қазақтың отбасы ұлттық рухты намыспен, қажымас қайсарлықпен, еңбекқор ізденімпаздықпен, жан-жақты талғампаз көрегендікпен қарулана білуіміз керек. Сонымен қатар ұрпақтарымызды қаулаумен өрбіте білудің үрдісімен теңдесі жоқ дәрежеде тезірек жаңаша жаңғыра білудің, жаңаша жаңара білудің, жаңаша асылдана білудің нәтижесімен ғана ұтқыр да озық дәрежеде өмір сүруге құлшыну, озу қажет. Ерекше құштарлықпен бастамашыл да жаңашыл көшбасшылыққа лайық алтын жобаларды іс-жүзіне бір кісідей жұмыла асыруды шұғыл қолға алуымыз аса қажет.

Құрметті оқырман қауым, жоғарыда айдай айшықтап тұрып, ерекше атап өткен қадау-қадау деректі мәліметтерімізді тек мақтаныш үшін де, әлде көпке қалайда көрініп қалу үшін де, немесе жеке қара бастың қамын күйттеу үшін де, әлде мансап-атаққа қол жеткізу үшін де жазып отырмағанымызды дұрыс түсінеді деп, көздеген бағыт-бағдарымызды жөн ұғады деп ойлаймын, сондай-ақ солай болатынына кәміл сеніммен қарағымыз келетіні де рас. Алқынған арман көп.

Өйткені өмір бойы туған киелі жеріме, қасиетті еліме өнегелі де озық дәрежеде қызмет етуге ант-су ішіп тырыстым. Жағаласқан жанталасты күреске түстім. Кіршіксіз адал да таза жүрегіммен, барлық күш-жігерімді, білімді, білікті, мол тәжірибемді ұлтыма, халқыма сарқа жұмсаумен, белімді бір сәтке де шешпейтін үрдіспен келемін. Шектен тыс қаншама арбаса да, қорқытса да Елдік, Ұлт, Ұрпақ қамы дегенде адал адамгершілік пен текті кісілік жолдан айнып, опасыздық, сатылымпаздық жолына түспедім. Халық жағында бірге жүріп, ұлттық қазанда бірге қайнап, у ішсе у, су ішсе су іше жүріп, өле-өлгенше ұлттың, ұрпақтың қорғаны болуды және олардың алаңсыз өсіп-өніп, жарқын бақытты ғұмыр кеше білудің нұрлы күнін қайткенде де жақындау жолына сүбелі қосуды айрықша қаладым. Өн-бойымда іскерлік қабілет пен жоғары абыройлы беделім жеткілікті бола тұрғанына қарамастан жеке бастың қамын күйттеп, атақ-даңқтың, мансап пен байлықтың соңына түсіп, қамбамды толтырып қалу үшін өлермендікпен есебін тауып, ортақ ұлттық байлықтан қарпып қалуды мүлде қаламадым. Жеңіл жолмен оп-оңай лезде байып кетуге қатысты ұтқыр ұсыныс пен байлықтың болғанына қарамастан, өте лас жолмен ғұмыр кешуге мүлде жоламадым. Жылпос пысықайлық пен алаяқтық дәстүрге түсіп, ұрылармен сыбайлас болуға бармадым. Өйткені көздеген өмірлік мақсат-мұратым мүлде басқа болды, яғни тәуелсіз елдік, ұлттық, халықтық ұлы бағыттың қана, оның ұлылық қағидасының табантасын ғана жаңаша қалауды, теңдессіз дәрежеде оздыруды қаладым. Қай заманды алып қарасақ та, туа біткен есті де текті, кемел де кемеңгер кісілік пен жанқияр халықшыл азаматтық келбет кез келген қоғамдық ортаны табындырмай қоймайды. Сондықтан болар ондай қауымның, яғни қазақтың өмірлік несібесі орасан зор, батасы – киелі, болмысы – өнегелі, тіршілігі – берекелі болады.


ОЙДА ЖҮРГЕНШЕ – ОРТАДА БОЛСЫН


Жалпы өмірі үлгі болған болашаққа, прогрессивті бағытындағы жаңашыл да бастамашыл өнегелі тұлғаларды да, жаңа идеяларды да көпшілік халықтың білгені, ортақ ұлттық игілікке айналғаны абзал. Ойда жүргенше – ортада болғанға не жетсін.

Ендеше шыққан айтулы тегім – әке-шешем жайындағы ақиқатты қысқаша ғана айта кетелік. Ел болған соң ағайын арасында даулы мәселе болмай тұрмайды. Бұндайда жұрт әділдік іздейді. Сол туындаған дау-дамайға қатысты даулы мәселенің түйінін шешуге келгенде қара қылды қақ жара білетін, турасын дөп басып, әділдігін дәл айта білетін абырой-беделі аса жоғары адамды іздейтіні, соның алдына барып жүгінетіні ақиқат. Өзінің турашыл принціпімен қара қылды қақ жара білетін қасиетінің арқасында, кездескен дау-дамайды әділ шешіп, ел-жұртты татуластыра білуінің арқасында әкеміз Матқанды жұрт Елмәтекесі деп айшықтап, оны ерекше қастерлей білуі өз алдына бір төбе әңгіме болса, елді ашарлық жайлаған заманда құралайды көзінен ататын мергендік қабілет-қасиетімен ауылды қалай қырылып қалудан аман сақтап қалған текті азаматтығы жайында ел әлі күнге дейін аңыз қылып, жыр етіп айтып отырады. Әкемнің арқасында жұттан қалай аман қалғанын, қалай өсіп-өнгенін 105 жастағы Қарашолақ Дүзімовтың дүйім жұртқа айтқан әңгімесін 2013 жылы өз құлағыммен есіттім. Әкемнен ес білмей, 2-3 жасымда қалсам да дәл сол күні әкемді көрдей болдым. Жанары жасқа толған Қарашолақ қария құшағына қысып, маған деген жүрекжарды ақ батасын қарша боратқаны ел есінде. Ұмытыла қойған жоқ. Оның үстіне бұл бас қосудың ортасында болған қарт журналист Сембай Қарин осынау әңгімені газет, кітап арқылы жариялап үлгерді. Жалпы адамға жасалған игі жақсылық еш ұмытылмайды екен. Өйткені, бұл төтен ерлік, елден ерек ерен кісілік екені хақ. Бұдан ұғарымыз атамыз (әкемнің ағасы) Ақтас пен Матқан шын мәнінде жанқияр халықшыл, турашыл да әділ тұлға болғаны әмбеге аян. Сондай-ақ әкем талай рет Орынбор қаласында өткен Бүкілодақтық Мергендер Слётіне қатысып, бас жүлде мен 1-ші жүлдені қанжығаға байлағаны тарихтан белгілі. «Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» демекші, артындағы ұрпақтарының да аудан, облыс, республика көлемінде абыройлы дәрежеде қызмет атқара білгендігін бүгінгі Алаш жұрты жақсы біледі. Ал енді шешем жайына келетін болсақ, Сары Шоңай биден Отаралы мен Қасым би туады. Отаралыдан туған Нияз би Алашқа аты шыққан Сары-Шонай бидің немересі, қысқасы, жеті атасы би болған, өзінің ғұмыр кешкен заманында аузымен құс тістеген, өле-өлгенінше болыстық тақтан түспеген, орақ тілді, кемеңгер тұлға Нияз бидің тікелей тұқымы болғандықтан тәуелсіз елдік, тектілік, кісілік, шыншылдық, әділдік деген мәселелеріне келгенде өмір бойы қайтпас қайсарлығы зор, қажымас қайратты, тілі шешен, ер мінезді өжет, намысшыл, алғыр, зерек, іскер, қолға алған істерді орындауға келгенде шапшаң, турашыл, қажымас қайраткер Шауһар (Сақыпжамал) анамыз ұзақ өмір сүрсе, ал әкеміз тым ерте қайтыс болды. Сонымен бірге әке-шешеміздің шеберлігі мен іскерлігі ұтқыр он саусағынан тамған алуан түрлі қолөнерімен де, көпшіл, бауырмашыл, ішіктің ішкі бауынан да бетер ыстық жылуымен де елге, әсіресе жетім балаға, жесір әйелге, әлсіз, мүсәпір, кедей жандарға қайырымды қолын үнемі соза білуде айтулы дәрежеде қамқор бола білуді оздыра жүріп, өнегелі із қалдырудың да үлгілі істерін үнемі ұтқырлықпен тындырудың да ұлағатын оздыра білді. Өзінің қатар-құрбыларынан, замандастарынан оқ бойы озық, шоқтығы биік дәрежеде бола білу мақсатындағы мүдделі құштарлығы мен белсенді күрескерлігі аса жоғары болды. Колхоздың тынымсыз еңбек майданында жүрген кезеңдерде ел-жұрты үлгі тұтарлықтай, туған баласын озық дәрежеде тәрбиелей білуге қатысты бүткіл ауыл ұлағатты өнеге аларлықтай, пірлік күйде, озат дәрежеде өмір кешті.

Ол кезеңдерде адамдар бірі-біріне жұмыла өте қайырымды, жанашыр, сүйеніш болуға құмар, сүбелі үлес қосуға ерекше ынталы да құштар болатын. Жұртшылық ынтымақты бірлігімен, щуақты мейірімімен ерекшеленіп тұратын. Сондықтан елдің көмегінің арқасында үйсіз адам киіз үйдің шаңырағын көтеріп, отбасын құрды, балалы-шағалы болып, өсіп-өнді.

Міне, Шауһар анамыз қайсар бейнетқорлық пен ізденімпаз талғампаздықтың нәтижесінде ғана өзінің отбасылық тұрмыс-тіршіліктерін де алаңсыз ауқатты дәрежеде ұтымды ғұмыр кешу бағытында айтарлықтай ұтымды өткізді. Бұның сыртында өмір бойы киген ұлттық үлгілі киімімен де кешегі текті қазақтың теңдесі жоқ озық мәдениеті мен өнегелі өркениетін көкке де, көпке де өле-өлгенше айрықша әйгілеп өтті. Мысалы, мына фото шүбәсіз дәлелдеп тұрғандай.






Қысқасы: міне, осындай үлгі өнегесі зор есті де текті әке-анадан адал туылып, ананың ақ адал уызына толыққанды дәрежеде жарығандықтан, ұлылығы зор тектілерді үнемі үлгі-өнеге тұта жүріп, ұтқыр дәрежеде ерекше күймен жетіле білгендіктен ерте есейіп, қамшы сабындай қысқа ғана өмірлік тіршіліктің аясында тек қасиетті елімнің, ұлтымның, халқымның, ұрпағымның, шәкірттерімнің алдында кіршіксіз адал да таза дәрежеде ғұмыр кешудің қамы ғана болды. Өйткені ең алдымен киелі жер, қасиетті ел, Атамекеннің алдында, һәм ұлт, ұрпақ, халықтың алдында ешкімге де кіріптарсыз тәуелсіз елдікті озық қалыптастыру мақсатында ат үстінде жүріп жанын құрбан еткен күллі Алаш алыптары мен арыстарының, халықшыл қайраткерлерінің аруақтарының алдындағы перзенттік өлшеусіз қарызымызды қапысыз өтей білу, бұл – әу бастан ең айтулы парызым болатын.

Иә, сол себептен де мен Бөрілі Байрақты, текті Көктүрікпін! Сол Көктүріктің көк бөрісін пір тұтқан Бөлтірікпін. Ендеше барлық тарихи кезеңде де Абыз ретінде ел, ұлт, ұрпақ қамы жолында көреген кемелдікпен өмірлік ақиқат-шындықты әркезде де бүкпесіз айту аса қажет. Бұл кекті ұмыттырып, текті кемелдікті асқақтату үшін қажет. Қобыз болып, зарлап айту қажет. Бұл рухы асқақ көкбөрілік пен кемел кісілікті көкке ұлыту, ұтқыр асылдығын ұлықтау үшін қажет. Көреген ұлы кемеңгерлік пен дана көсемдікті жоқтаушысы ретінде де, күрескер Көкбөрі тұлғасы ретінде де Алаш ұрпақтарына үн қату үшін қажет. Ұлт, ұл біткенді құл ету үшін емес, керісінше, қайткен күнде де тек кемел де кемиеңгер ұлы тұлғаға айналдырып, көкте еркін самғату үшін аса қажет.

Ендеше ХХІ ғасырда күллі ел, ұлт, ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелерімізді және шәкірттерімізді қалай болған күнде де алаңсыз бақытты ете білудің өнегелі үрдістерін оздыра білу қамында Ойлан, қазақ! Оян, қазақ! Асылдан, қазақ! деп жан-жақты оянуға, ұлттық ой-санасын, намысын, рухын тірілтіп, бар қазақты озық өнегенің атына тезірек қондыру үшін үндеу қажет. Олай болса, Алаш алыптарының аңсаған армандарын іс-жүзіне асыру үшін бүгінгі және келешек ұрпақтарымызды өнегелі өркениеттің ұлы көшіне жеткізбей, ұлағаты зор жаңашылдық пен бастамашылдықтың көшбасшылығына жеткізбей өлме, қазақ!


Молдағали МАТҚАН

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы

Алтын медалдің иегері, қоғам қайраткері,

публицист-жазушы, академик.




Көрілген: 2873    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 27.12.2017, 12:16

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде 2017
Алашшыл азамат
12 Шілде 2017
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
сәуір
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30