Бір жатырға сыйғандар бір шатырға неге сыймай жүр?

Бір жатырға сыйғандар бір шатырға неге сыймай жүр?

Ауылда үлкен бір әулеттен шыққан ағайынды екі жігіт үйді бөлісе алмай, ауланың қақ ортасынан бойы екі кісілік қорған тұрғызыпты. Жасыратыны жоқ, ағайын арасындағы мұндай алауыздық бүгінде таңсық болудан қалды. «Ағайын – ащы, мал – тұщы» демекші, екі бауырды осынша еліктірген әке-шешеден қалған қарашаңырақ екен. Олардың көзі кеткен соң, үйге көз тіккен екеудің арасында талас-тартыс басталады. Бір анадан өрбіген ағалы- інілі жігіттердің дауын ағайын түгілі, ауылдың атқамінерлері де шеше алмай, тастүйін бекінген екеудің ісін ақыры өздеріне қалдырыпты. Жасым кіші деп іні иіле қоймаған, үлкенмін деп ағасы қайырылмаған. Не керек, іс насырға шауып, сотқа жеткен. Соттың шығарған шешімі осыған сайса керек, бір-біріне ызалы ағайындылардың осыдан кейін жандары байыз тауыпты. Басқа-басқа, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан осындай жайттарды көргенде, көңілің құлазып сала береді екен.

 

Кешегі ата-әжелеріміз жарты нанды бөліп, жарты құртты жарып жеп, ұрпағына мәрттік пен жомарттықты үлгі етіп қалдырды емес пе? Бір бөлмеде он адам тату-тәтті өмір кешкен ағайынның ауызбіршілігі қайда кеткен?! Үлкендеріміз «біз аядай ғана бір бөлмеде он жан тұрдық, ешқандай ренішті білдірмедік» деп өткен күнді еске алғанда, таң қалатын күйге жеттік. Сонда «көңіл сыйса, бәрі сыяды» деген кеңдігіміз кімнің уысында кетті? Сол баяғы бір атаның балаларымыз. Бірақ, туыстықтың туын берік ұстай алмай, бір-бірімізді сотқа сүйреп жүрген жайымыз бар.

Пендешілікке бойұрған ағайынды екеудің осындай өрескел әрекетін көріп, «алдына келсе, атасының құнын кешетін» кешегі кешірімді, кеңпейіл қасиетімізді жоғалтып алдық па деген ой келеді. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспаған әрекетін айтпағанда, түкке тұрмайтын үйішілік дауды «сахнаға» шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Ағасы інісін, қызы анасын, келіні енесін, әйелі күйеуін сотқа беріп жатқан мысалдар аз ба өмірде? Табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халықтың соңғы кездері дауға құмар болып кеткенін күні кешегі жылдық есебінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов та тілге тиек етті. Сонда бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті?

Сондағы мақсатымыз – әділдік емес, өш алу, қарсы тараптың абыройын айрандай төгу екен. Жалған намысты желеу етіп, сырт көзге әділетті көрінгіміз келеді. «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» дейтін кешегі ағайындық жайсаң мінез, тумысынан сөзге тоқтаған халқымыздың бүгінгі болмысы осы демеске лажымыз жоқ. Ұлттық құндылықтарымызға жат осындай әдеттерден қалай арыламыз? Оған бастар жол қайсы? Әрине, бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты идеологиялық мәнге ие еңбегі бізге тура жол сілтер тұғыр іспетті. Осы еңбекте «Біз қалай жаңғырамыз?» деген мәселе көтеріліп отыр. Ол үшін ұлттың ұмытылыңқырап кеткен ұлы мұраларын түгендеуден бөлек, сан жылдар бойы санамызға шегеленіп қалған жат қылықтардан арылуға шақырады. Ширек ғасыр бойы санаға сіңген, тұнығы лайланған осындай жамандықтардан арылмайынша, жаңғыра алмайтынымызды сөз етеді. Алайда, әлгіндей «жақынын тіріде аңдып, қолынан келсе, мұқатуға даяр тұратындар» көбейген заманда, рухани жаңғыруың қиын. Сондықтан осылай қайта түлеу кезінде ұлттық қасиет пен ұлттың мінезін қалыптастыратын қазақтың өмір салтына ерекше назар аударуымыз қажет секілді. Сол кері кеткен тірлікті бері тартып, ақ пен қараның аражігін ажыратып, ой салу – біздің міндет. Ой түйіп, нәтиже шығару – сіздің міндет.

 Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста