Елбасына бата берген Шәкір Әбенұлының болжамы тура келді

Елбасына бата берген Шәкір Әбенұлының болжамы тура келді

1980 жыл болатын. Шәкір ақсақалдың жұбайы Серікбүбі шешей 60 жастан асқан шағында дүниеден озды. Бұл кезде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ақынға бұл осал соққы болған жоқ. Осы кездерде мен ол кісінің жанында жиірек болып, көңілін аулауға тырысатынмын. Өмірдің теперішін көп көрген атамыз тағдырдың бұл сынағына да сыр бермеуге тырысып, бізге ішкі күйігін білдіртпеуге тырысатын. Кейде түн баласы көз ілмей, дөңбекшіп жатқанын да сезем. Өзі бастап тіл қатпаса, бізді бәлендей сөзге араластырмайтын. Тіпті, төрт-бес сағат бойы үн-түнсіз отырып алатын кездері болушы еді. Бір күні жадырай түсіп:

– Маған алаңдама, мен әлі ұзақ өмір сүрем. Және бір қызық күтіп тұр, – деп сөз бастады.

– Оның мәнісі қалай? – деген сұрағыма атамыз ешқандай жауап қатпай қойды. “Ұзақ жасау-жасамауы – бір Алланың ісі, ал, күтіп тұрған қызық не болды екен?” деп іштей сан-саққа ой жүгірттім де қойдым.

Осы оқиғадан соң да талай уақыт өтті. Сексен беске, тоқсанға келген мерейтойларында мүмкіндігінше тойлап жүрдік. Бірақ, әлгі күтіп тұрған қызықтан ешқандай хабар болмады. Содан, 1991 жылы Архат кеңшарынан атаға сәлем беруге келгенімде, ол маған:

– Әй, Көлембай! Әлгі күтіп тұрған қызығың болайын деп тұр. Ол ешқандай туыстың той-томалағы емес, мен Қазақстанның қазіргі патшасына бата беретін болдым. Бұдан артық маған да, саған да қандай қуаныш керек болсын. Қарағым, бата дегеніміз – халықтың өзімен бірге жасап келе жатқан ежелгі мұрасы. Ұлттық мәдени игіліктердің ішінде елдің ең рухани қазынасы. Білген адамға батаның мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Бата – халық бойында ғасырлар бойы мысқалдап жиналған нақыл жиынтығы, даналық қорытындысы, адамгершлік ережесі. Сондықтан да бата – халықтық тілек. Бата берушіні де, бата алушыны парасаттылыққа, ізеттілік, батылдық, өжеттікке, үлкен табыстарға жетіп, ел-жерін қорғай білетін нағыз ер болуға шақырады. Ал, ханға бата беру маған мүлде бөлек жауапкершілік жүктеп, теңдесі жоқ сенім артылып отыр, – деп көңілдене сөйледі.

Сөйтіп, Шәкір атамыз Елбасына бата беруге Алматыға аттанды. Сонда атамызға жолсерік болған азаматтар: “Ақсақал, батаңыздың мазмұны қандай?” деп сұраса: “Құдай аузыма не салса, соны айтам” деп нақты жауап бермей діңкелеткен көрінеді. Қолына не қаламсап, не қағаз ұстамаған бетте Президентке бата беріп қайтқаны есімізде. Елге оралған соң сәтін келтіріп:

– Ата, осы он миллион қазақтың ішінен тұңғыш Президентіміздің бата жөнінде сізге тоқталғанын қалай бағалайсыз? – деп сұрағанымда:

– Әй, Көлембай, сен менің осы сөзімді есіңе мықтап сақта. Айтқандарым тура келетінін мен емес, сен көретін боласың. Нұрсұлтан – ғаламат стратег, ол әлі алысқа шабады. Мен сияқты қазақта шал аз деймісің? Ол менен бата алып отырған жоқ, Абай туған топырақтан, ұлылар мекенінен бата алып отыр, – деп еді.

Міне, сол дария кеуде қазыналы қартымыз Шәкір Әбенұлының артында қалдырған мұрасы аз емес. Өмірдің тұщысынан гөрі ащысын көп көрген ол Абай топырағының тумасы, жыраулардың сарқыты, Алаш арыстарымен мұраттас ғұмыр кешкен қазақ әдебиетінің үлкен өкілі. Қазіргі уақытта оның төл туындылары мен өзінің айтуымен сақталып қалған қыруар хисса-дастандары жетерлік. 20 күй, 30 ән, 20 халықтық сарындарына әлі назар аударылған жоқ.

“Жақсы менен жаманды танып өттім,

Бәйгеде қалың топты жарып өттім.

Өмірдің құдай берген арқасында

Тоқсанмен тоқтаса алмай ары кеттім”

деп жырлаған абыз ақынды кезінде Иса, Саяділ, қырғыздың Оспанқұлы секілді халық ақындары зор бағалап кеткенінің өзі неге тұрады!

Осы орайда Шәкір Әбенұлының өмір жолына да қысқаша тоқтала кетсек. Жүрекадырда жарық дүние есігін ашқан Шәкір 13 жасында отау құрып, Шәрапиядай шешемізбен көңіл қосқан. Жастайынан өлеңге араласқан Шәкірдің алғашқы өлеңдері 15 жасында баспа бетін көріпті. Бізге жеткен мәліметке қарағанда 1916 жылы “Айқап” журналына “Борсықтар” деген өлеңі жарияланыпты. 1917 жылы әкесі Әбен дүние салғанда жаназасын өзі шығарып, мәйітті шығарып салу рәсімін Ботағазы деген кісі жүргізіпті. Әке жаназасын өзі шығаруының сыры неде? Бұл да әлі жұмбақ. 13 жасында отау көтерген оның 1916 жылы Орынбасар, 1918 жылы Кенесары, 1924 жылы Сапарғали деген балалары дүниеге келеді. Ұлдарының біріне Кенесары есімін бергені үшін де сол кездегі қоғамнан таяқ жемей қалған жоқ. 1914 жылы Тінібай мешітінде азаншы болып қызмет атқарған Шәкір осы мешіт мұнарасынан бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанын да жұртқа хабарлаған екен.

Жастайынан өнерге бейім Шәкір (1918 ж.) әйгілі әнші, ақын Әсеттің алдында “Тарбағатай” деген өлеңін әнімен орындап бергенін біреу білсе, біреу білмес. Сондай-ақ, Шәкірден жасы көп үлкен Төлеу Көбдіков 20 жастағы ақынға ризашылықпен:

“Семейде менен басқа тоғыз ақын,

Бәрі де тілінен бал тамызатын.

Інжудей сөз асылын тізілдіріп,

Бұлақтай мөлдір етіп ағызатын.

Абайда Әбенұлы Шәкір отыр,

Бәрінен адымы алыс бөлек ақын”

деп жыр арнаған.

Шындық жолында шынардай қайыспаған қайран Шәкір Алаш зиялыларының мақсатын терең түсіне білген. Міржақыптай марғасқа елге “Оян, қазақ!” деп тастаған ұранын Шәкір де өз шамасына қарай ел ішінде насихаттай білген. Осындай ұстанымда болған оның да жырлары жұртқа жігер берді, қызылдардың құрып жатқан қоғамының кемшілігін уытты тілмен айта білген.

“Жеріңді, малыңды алып, басқа ұрады,

Аузыңды аштырмайды, бастырады.

Бұрынғы көрген қорлық дәнеңе емес,

Екі үйге бір-ақ қазан астырады”,

немесе

“Халыққа әпердік деп теңдік-азат,

Азат-теңдік дегені сайқымазақ.

Ертедегі арабтың күң-құлындай,

Азат-теңдік орнына тартқызды азап”

деп жырлаған өлеңдерінің негізгі мазмұны қазақтың көсегесін ешқандай ақ пен қызыл емес, төл дербестігі ғана көгертеді дегені болатын. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде де осы ұстанымнан айрылған жоқ.

“Белсенділер халыққа құрған қақпан,

Жазықсыз жазалылар мұңын шаққан.

Тауығың жоқ болса да үй басына

Жүз жұмыртқа төлеткен қайдан тапсаң”, деп өзі өмір сүрген ортаның келеңсіз көрінісін, жағымсыз әрекетін байқап, баршаға жая білді.

Қазақтың белгілі ақыны Қалихан Алтынбаев та кезінде Шәкірдің жанында болып, бірқатар әңгімелерін тыңдаған екен. Бірде Қалихан аға өз естелігінде: “Мен екі нәрсені біліп анықтай алдым. Шәкір – жанында биік қамысы, терең суы бар бір құпия арал емес пе! Біз өзімізді оның жанында ақынбыз деп мақтанғанымыз бекер. Ол өз замандас ақындарының қайсысынан болсын қозыкөш емес, ұзақ көш алда тұрған сөз иесі”, – депті таза ниетпен. Қалихан ақынның осынау шынайы бағасын Шәкір дүниеден өткенде шығарған өлеңінің мына бір үзіндісі де дәлелдей түскендей:

“…Ашық қол мәрт едің,

Қазыналы қарт едің.

Ескінің арты едің.

Серуеншіл сері едің,

Еңіреген ер едің.

Тіршіліктің бетіне

Түкірдің де, жөнелдің” дейтін ұзақ толғауы бар.

Әйгілі Мұхтар Әуезов: “Қазақ ауыз әдебиетінің бар қасиетін өз бойына дәл осы дастандай мол жинаған шығарма жоқ” деп Ә. Шәкірдің “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” поэмасына баға бергенін де естен шығармаған жөн. Шәкірдің өз замандастарынан ерекшелігі – ауыз әдебиетіміздегі дастандардың бірнеше нұсқасын жатқа айтып жеткізген. Ол жөнінде Әуелбек Қоңыратбаев: “Қозы Көрпеш-Баян сұлуды” қазақтың халық ақындары ішінен Абай ауданында тұратын Шәкір Әбенұлы жаңғырта жырлай білген” депті. Осы аталған жырға терең үңілген Әлкей Марғұлан да халықтық шығармаға көп жаңалық енгізіп, мазмұнын байытып, тың нұсқасын шығарушы Абай үлгісінен тәрбие алған Ш. Әбенұлы екенін айтады. Фольклорымызда жиырмадан астам нұсқасы бар “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының ең мазмұндысы да Ш. Әбен-ұлының нұсқасы екені кейінгі ғалымдар тарапынан да мойындалып отыр. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосының Ш. Әбенұлы нұсқасы түркі тектес елдердің бас жыры” деп атаған еді филология ғылымдарының докторы А. Еспенбетов.

Сонымен, Ш. Әбенұлы туралы ойымызды қорытындылай келе сөз түйінін ақынның өз сөзіне берсек:

“Ақын таңдап, көздесе нысананы,

Сөз-жебемен дәл атып тұсағаны.

Мінін мінеп, толықтай кемшілігін,

Халықтың өзінен ол күш алады.

Ақынның ажарына бәйге бермес,

Бәйгені ол жырлаған іс алады”.

 

Көлембай ӘЛІМБЕКҰЛЫ,

Ш. Әбенұлы атындағы мұражай қызметкері. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста