Ереуіл атқа ер салған Исатайдай ер қайда?!

Ереуіл атқа ер салған Исатайдай ер қайда?!

Қазақтың арғы-бергі тарихында ауыз толтырып айтарлықтай аңғал да қайсар, халық қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін алысқан батырлар аз емес. «Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған сол есіл ерлердің бірі Исатай Тайманұлы еді. Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы, Ағатай батырдың ұрпағы Исатай Тайманұлының туғанына биыл – 220 жыл!
Жыл басынан бері батырдың мерей­тойына арналған шаралар еліміздің әр түк­пірінде аталып өтіп жатыр. Жаздың соңғы күндерінде Исатай Тайманұлының кіндік қаны тамған туған топырағында арнайы ас берілсе, өзге аймақтарда осы тақырыпта әдеби-мәдени шаралар, рухани жиындар ұйымдастырылуда. Жуырда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тарих және тұл­ға. Исатай Тайманұлы» атты рес­пуб­ли­ка­лық ғылыми-теориялық конференция бо­лып өткен еді. Оған тарихшы ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысып, әлеуметтік теңдік, ұлт-азаттық үшін болған күрес та­қы­рыбын ғылыми тұрғыдан талқылады. Конференцияның мақсаты ұлт тарихында қазақ бұқарасын өзінің табиғи-тарихи және заңды құқы үшін мақсатты ұйым­дас­қан көтеріліске алып шыққан қаһарман да кемеңгер тұлға Исатай Тайманұлының та­рихи бейнесі арқылы жас ұрпақтың са­на­сында тарихи талғам қалыптастыру еді.
Білім қуып, ел ісіне ерте араласқан Исатай
Исатай батыр 1791 жылы қазіргі Аты­рау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы Тайман жалы деген жерде дүниеге келген. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руы­ның ұранына айналған. Исатайдың ел ісіне ерте араласып, кемелденуіне Тайманның інісі Жабал Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, сая­сат­тан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды беріш ауылына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін оның орнына старшина ретінде Исатай Тайманұлы бекітіледі.
Хан Бөкей Исатайдың басқаруына Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Қарақамыс, Күйгін, Көлденең, Байсары, Кемелі аралдарын береді. Осылайша, жа­сынан алымды, сөзге шешен, бірбеткей, өжет, қара қылды қақ жаратын әділ Исатай 21 жасында Беріш руының старшинасы болып ел басқарады, Ордадағы беделді адамдардың біріне айналады.
Исатайдың күн санап ел арасында бе­делі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі қастандықтар ойластырып, қара күйе жағумен айналысып кетеді. Соның сал­да­рынан бас- аяғы төрт-бес жылдың ішінде бірінде «старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады» деген, екіншісінде «кісі өлтірді» деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екін­ші­сінен Орынборға конвоймен айдалып бара жатқан жерінде есебін тауып, қашып кетеді.
Исатай көтерілісінің пайда болуы
Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшина болып жүрген беріш руы да көреді.
1833 жылы маусым айында Жәңгір хан осыған дейін И.Тайманұлы басқарып кел­ген Каспий теңізінің солтүстік жа­ға­лауын­дағы шөбі шүйгін, суы мол бес аралды зорлық-зомбылығымен аты шыққан сау­дагер Қарауылқожа Бабажановтың би­лігіне беріп, бұрын Исатайдың қарауында болған елді шаруашылыққа қолайсыз, суы да, шөбі де аз, құм басқан Мыңтөбеге ау­дарады. Жәңгір хан Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін озбыр Қарауылқожаға басқартып қояды. Бұл жағдай жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу-ызасын тудырды. Иса­тай ханнан Қарауылқожаның озбыр би­лі­гіне тыйым салуын талап етеді. Бұған ашуланған хан Исатайдың үнін өшіру үшін бес жүздей (кей деректерде 800) жасақпен Қарауылқожаны аттандырады. Оларды Исатай батыр 200 жігітпен күтіп алмақ бола­ды. Бетпе-бет шайқасқа келгенде Иса­тай­дың батыр жігіттеріне шамасы кел­мей­тінін біліп, Қарауылқожа кері қайтады. Бұрын ешкімнен тауы шағылмаған, қара­ма­ғындағы елге дегенін істеп әдеттенген Қарауылқожаның Исатайларға ештеңе істей алмауы бүкіл Бөкей хандығына тарай­ды. Осыдан кейін-ақ озбыр мінез Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашқан, үстем тапқа ызасы кернеген ша­руалар тобы әр жақтан Исатай батырдың қол астына жинала бастайды. Ішкі Ордада патша өкіметінің отарлық мүддесін іске асы­рушы ханның халыққа жасаған озбыр­лы­ғына И.Тайманұлы әу бастан қарсы болады. Оның қол астындағыларға ханның әмірі жүрмейді, ал Исатай батырға Жәң­гір­дің әлі келмейді. Ханның төңірегінде не­гізінен төрелер, билер, қожалар, мол­далар және соларға ерген аз ғана халық қалады.
Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жыл­дардағы Бөкей ордасындағы шаруа­лар­дың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көте­рілісіне ұласады. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. Әртүрлі алым-салықтан күйзел­ген, жайылым жерден айырылған, казак әскерлері мен жергілікті феодалдардың екі жақты езгісінен әбден шыдамы таусылған бұқара халықтың наразылығы арта береді, қолдарына қару алып, көтеріліске шы­ғады.
Жәңгір ханның және басқа да фео­дал­дар­дың халыққа жасап отырған қысым­шылығы туралы И.Тайманұлы бастаған бір топ старшина Орынбордағы Шекара комис­сиясына, тіпті губернатордың өзіне талай рет арыздар да жазады. Бірақ одан ешқандай да қорытынды шықпайды.
1836 жылғы маусымның соңы мен шілде айының басында И.Тайманұлы бас­таған шағын топ ханға халық талабын жет­кі­зу үшін Тасобадан Жасқұсқа аттанады. Исатайлардың келе жатқан хабарын естіген Жәңгір хан Астрахань әскери губер­на­то­рынан Орданы қорғау үшін әскер жіберуді сұрайды, сонымен бірге уақыт ұту мақ­са­тын­да Исатайлардың талаптарын білу үшін оларға өзінің сенімді адамын жібереді. Исатайлар оған Қ.Бабажановты, Б.Құдай­бер­геновті қызмет орындарынан босату туралы және Исатайдың үлкен ұлы Жақия­ның қолымен жазылған басқа да та­лап­тарды тапсырып, кейін қайтады.
1837 жылдың жазында Исатай батыр бастаған көтеріліс бүкіл Бөкей хандығына тарайды. Жәңгір хан мен оның айна­ла­сын­дағыларға наразылардың бәрі Исатайдың айналасына жиналады. Келген жігіттер ат­пен, азық-түлікпен, қару-жарақпен қам­та­ма­сыз етіледі. Осылайша, И.Тайманұлы белгілі бір тәртіпке негізделген азаматтық және әскери ұйымның басшысына айна­ла­ды.
1837 жылдың 16 қыркүйегі күні Исатай батыр бастаған 200-ден астам сарбаз ха­лық­қа әбден жек көрінішті Қарауылқожа Бабажановтың ауылын шабады. Одан алынған мал мен дүние-мүлік шаруаларға тара­тылып беріледі. 1837 жылғы 17 қа­зан­да көтерілісшілер Балқы Құ­дай­бер­ге­нов­тің, сұлтан М.Шөкиннің ауылдарын шауып, хан ордасы Жасқұсқа бірте-бірте жақындай түседі. И.Тайманұлының үлкен қолды басқарып, Жасқұсқа келе жат­қандығынан хабардар Жәңгір хан Орынбор және Астрахань әскери губернаторларына дереу хат жазып, өзін қорғауын сұрайды. Бөкей хандығындағы шаруалар қозғалы­сы­ның жаңғырығы Ресей астанасы – Санкт-Петербургке де жетеді. Император И.Тайманұлы бастаған «бүлікшілерді» қатаң жазалауды талап етеді. Хан ордасын қорғауға Астраханьнан подполковник Алиев, ал Орынбордан подполковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлер аттанады.
Таразы басын төңкерген шешуші шайқастар
Көп ұзамай Исатай батыр бастаған 2000-нан астам қол хан ордасын қор­шайды. Істі қантөгіспен емес, келіссөзбен шеш­пек болған олар алдымен хан елші­ле­рімен, кейін Гекенің елшілерімен нәтижесіз келіссөз жүргізеді.
Махамбет, Үбі, Сегізсері және басқа да ба­тырлардың «хан ордасын шабайық» деген ұсынысын Исатай қабылдамайды. Себебі дәстүрде ордаға шабу жаман ырым­ға бағаланатын, оның үстіне орданы шапқан күннің өзінде де патша өкіметі оларды тыныштықпен жүргізбейтіндігін, өйт­кені Жәңгір ханның артында патша өкіметі мен оның жазалаушы әскерлері тұрғандығын және сол әскерлерге қарсы тұ­рарлықтай өзінде күштің жоқтығын ескерген Исатай батыр халық талабын ханға, бір жағынан, айбармен, екінші жа­ғынан, келіссөз арқылы орындатуға күш салады.
Хан Жәңгір шақыртқан патша әскері мен Исатай батырдың іріктелген 500 сар­ба­зының арасындағы шешуші ұрыс 1837 жылы 15 қарашада Тастөбе деген жерде болады. Көтерілісшілер қаншама ерлікпен шайқасса да, ұрыстың тағдырын зең­бі­рек­тер шешеді. Осы ұрыста Исатайдың Мыл­қым деген әйелі, Ақай атты баласы қаза табады. Тастөбедегі шайқаста көте­рі­ліс­шілер жағынан 60-қа жуық адам өледі. Иса­тай батырдың оң қолына оқ тиіп, ас­тын­дағы аты жараланады. Осы ұрыстағы көтерілісшілердің ерлігіне подполковник Гекенің өзі де қайран қалады. Ол Орын­бор­дағы әскери губернаторға «Иса­тай­лардың өздері мен отбасын қорғаймын деп шамадан тыс ерлікке, зеңбірекке қар­сы шабуылға баруы олардың соншама ашын­ғандықтарын көрсетеді» деп жаз­ған.
Исатайдың өлімі
Тастөбеде қолға түспеген Исатайдың басына, оны тірідей ұстағанға 500 күміс ақша тігіледі. Алайда уәде етілген ақшаның қомақтылығына қарамастан, оны ешкім ұстап бермейді. Керісінше, халық оны және оның сарбаздарын қажетті азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етіп отырды.
Ішкі Ордада бытырап жүрген көтері­ліс­шілердің басын біріктірудің мүмкіндігі жоқ екендігін түсінген И.Тайманұлы бір топ жолдасымен бірге Кіші жүзге өтіп кету үшін Жайықтың қатуын күтеді. 1837 жылдың 12 желтоқсанынан 13-іне қараған таңда өзінің ескі досы Құрақ Маябасовтың кө­ме­гімен И.Тайманұлы бастаған 38 адам ұйыт­қып соққан боранды пайдаланып, қазіргі Махамбет ауданындағы Сарытоғай елді мекенінен сәл төмен маңда Жайықтың шығыс бетіне – Кіші жүзге өтеді. Олар қа­раң­ғылық пен боранның көмегімен арт­тарынан ілесе қуған казактар мен Бай­ма­ғанбет сұлтанның адамдарын адастырып, үш топқа бөлініп, Тайсойған жаққа бет ала­ды.
Кіші жүзге өткен И.Тайманұлы бастаған шағын топ осы жерде патша өкіметінің отарлық саясаты мен сұлтан Баймағанбет Айшуақов бастаған жергілікті фео­дал­дар­дың қарапайым халықты езіп-жаншуына қар­сы азаттық күресті ұйымдастыруға кіріседі.
Исатай батыр мен ақын Махамбет бүкіл Кіші жүзді аралап, патша өкіметінің отар­лық саясатын және солардың қолшоқпары – хандар мен сұлтандардың халыққа жасап отырған озбырлығын шаруаларға түсіндіріп, оларды қолдарына қару алып, өздерінің азаттығы үшін күреске шығуға ша­қырды. Сол мақсатпен Исатай Махам­бетпен бірге Маңғыстауға барып, оның билеушісі Қ.Есімовпен күш біріктіруге уағ­да­ласады Сонымен бірге Хиуа ханы Қайыпқали Есімовке патша әскерлерін тойтару үшін 20 мың әскер беруге уәде етеді.
И.Тайманұлы бастаған көтерілісшілерге батыр Жоламан Тіленшиев, би Жүсіп Құ­ла­нов бастаған сарбаздар қосылады. Адай, Шеркеш, Таз, Шөмекей, Табын, Кете ру­ларынан Исатай мен Қ.Есімовтің қол астына 3000-дай адам жиналады.
Патша өкіметі И.Тайманұлының бас­қа­руы­мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болып жатқан халық наразылығының одан әрі өршуінен қауіптеніп, оны басудың қамына кіріседі. Өйтпеген жағдайда бұл көтеріліс Кіші жүзге қарай жақындап келе жатқан Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көте­ріліске ұласып, патша өкіметінің отар­шыл­дық езгісіне қарсы халық-азаттық соғысқа айналуы әбден мүмкін еді. Осыны ескерген Орынбор генерал-губернаторы 1838 жылғы шілде айының басында под­пол­ковник Геке басқарған зеңбіректермен қаруланған әскерлерді Исатайларға қарсы аттандырады. Сонымен бір мезгілде Горск қамалынан бір топ әскерді бастап Бай­ма­ғамбет Айшуақов та шығады. Жа­за­лау­шылардың екі тобы 10 шілдеде Үлкен Қоб­да өзеніне жақын жерде кездеседі.
Баймағамбет сұлтан әдейілеп жіберген Балта деген алдаушының сөзіне сеніп қалған аңғал Исатай батыр қасына 500 сар­баз алып, сұлтан Б.Айшуақовтың ауы­лын шаппақшы болып, негізгі қолдан бө­лініп шығады. Жазалаушы әскерлердің келіп жеткендігінен бейхабар Исатайлар тобы 1838 жылғы 12 шілде күні Ақбұлақ өзенінің жағасында Геке мен Баймағамбет сұлтанның біріккен әскерінің үстінен шығады. Әскер күші жағынан тең емес шай­қаста Исатай батыр бастаған көтері­ліс­шілер асқан ерлік көрсетеді. Алайда мұнда да Тастөбедегі сияқты ұрыс тағдырын зеңбіректер шешеді. Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жастағы ұлы Оспан да қаза табады. Осы шайқастың басы-қа­сын­да болған Исатайдың 14 жастағы ұлы Досмағанбет астындағы атының жүйріктігі арқасында Махамбетпен бірге жау қолына түспей, құтылып кетеді.
Исатай батыр 12 шілде күні қапылыста қаза тапқаннан кейін, көтеріліс одан әрі дамымай, сарбаздар жан-жаққа бытырап кетеді. Осылайша, бас-аяғы алты айға жет­пейтін қысқа уақытты қамтыған, аумағы мен сарбаздардың саны жағынан Бөкей хандығындағы көтерілістен асып түсетін, бүкіл Кіші жүз даласын дүр сілкінт­кен батыр Исатай Тайманұлы бастаған ха­лық-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшы­райды.
Исатай батыр бастаған көтерілістің же­ңі­ліске ұшырағаны анық. Алайда дәл осы дүмпуден кейін халыққа қойылатын алым-салықтың мөлшерін жылдан-жылға көтере беруге шек қойылды; патша үкіметінің кө­те­рілісті қолдаған қазақ ауылдарының стар­шындарымен санасуына тура келді.
Бүгінде Исатай көтерілісі тақырыбына қалам тартқан кейбір тарихшылар, жур­на­лис­тердің Жәңгір мен Исатай, Баймағамбет сұлтан мен Махамбет арасын «табыстыру», «жарастыру» әрекеті байқалады. Жалпы, қазіргі күні Истай мен Махамбет кө­те­рі­лісінің тарихи бағасы әртүрлі беріліп жүр. Мәселен, конференцияда профессор Әзім­бай Ғали тарапынан Исатай мен Ма­хамбет Жәңгір хан жүргізген реформаға қарсылық көрсетті, яғни олар консер­ва­тивтік ұстанымда болды, ал егер қазақ қо­ға­мы Жәңгір хан ұсынған жолмен кеткенде бүгін біз шамамен Чехия сияқты еуропалық мемлекеттің деңгейінде болатын едік деген тұжырым да айтылды. Жалпы, мұндай пікір бұдан бұрын да жазылып жүр. Мә­селен, М.Құлкенов пен Р.Отарбаевтың Жәң­гір ханның өмірі мен қызметіне арнал­ған кітапта жазылған.
Бұған тарихшы ғалым Мәмбет Қой­гел­дінің айтар қарсы уәждері мынадай: «Біріншіден, Исатай Тайманұлы мен Жәңгір хан­ның өзара арпалысында ханның жең­гені күмән тудырмаса керек. Қазақ жеріне ентелеп еніп келе жатқан «еуро­палық» билік біржола орнады. Бұл Жәңгір хан партиясының жеңісі емей не?! Олай болса, Қазақстан осы билік жағдайында Чехия жеткен дәрежеге неге жетпеді? Екіншіден, Жәңгір ханның ағартушылық қызметі тарих ғылымында жоққа шығарылмайды. Ал бірақ оның саяси және экономикалық қыз­ме­тін асыра бағалап, бұқара халық мүд­де­сіне жасаған қиянатына көз жұму қан­ша­лық­ты негізді бола қояр екен? Үшіншіден, Исатай мен Махамбетті еуропалық ұс­та­ным­дағы Жәңгір ханның рефор­ма­торлық қызметін түсіне алмаушылар ретінде көрсету бұл кезінде большевиктердің Алаш қай­рат­керлерін табиғи ұлт мүддесін қор­ғау­шылар ретінде емес, ретроградтар ретінде айыптауын еске салады. Осыған орай мынаны айтуға тиіспін: Исатай мен Жәңгір хан арасындағы егес – қазақ қоға­мын­да, оның ішінде кіші жүз ауқымында бұрыннан келе жатқан, яғни Есім хан мен Сырым батыр, Жантөре хан мен Қаратай сұлтан арасындағы өзара текетірестің таби­ғи жалғасы».
Қазақ қоғамынан ХІХ ғасырдың ал­ғаш­қы жартысында-ақ әлеуметтік әді­летсіздікке қарсылық көрсетіп, хан мен оның сюзерен-қамқоршысы – империялық биліктен ақырып теңдік сұраған Исатай сияқты ұлы тұлғаның шыққанын мақтаныш тұтқанымыз әбден орынды да, негізді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Махамбет Өте­міс­ұлының туғанына 200 жыл толуына арналған жиында бұл тарихи оқиғаға: «Қазақ халқының өзінің жер бетінен жоға­лып кетпей, іргелі ел ретінде сақталып қалғаны – оның еркіндік сүй­гіш ерік-жіге­рінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі заман­дарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс – көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида ет­кен боз­дақтардың арқасы. Исатай мен Махам­бет басқарған халық қозғалысы солар­дың бірі емес, бірегейі», – деп баға бер­ген болатын. Ендеше біз бүгін Исатай Тайманұлының биік рухы ал­дында ба­сы­мыз­ды ие отырып, өткенге салауат айтып, Исатай армандаған заман­ның енді кел­генін, қаншалықты ауыр кезеңдерді басы­нан кешіргенімен, қазақ елі өзінің негізгі, басты құнды­лық­тарын сақтай білгендігін сеніммен айта аламыз.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Исатай Тайманұлы мен Махамбет  Өтемісұлы – қазақ тарихы көшіндегі кез­дей­соқ, тек бір кезеңге ғана тән өткінші тұлғалар емес, көтерген қоғамдық жүгі мен жеке азаматтық үлгісі тұрғысынан ұлт жадында мәңгі сақталатын қайталанбас құбылыстар. Өйткені олар өз ғұмырларын арнап, орнықтыруға күш салған құндылықтар, яғни халықтың өз ішіндегі әлеуметтік теңдігі, сондай-ақ өзге жұрттан тәуелсіздігі еш уақытта маңызын жоғалтқан емес.
Әрине, Исатай Тайманұлы тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, сол елдің сан ғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мәселенің табиғатына қиянат жасаумен тең болар еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы – ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ азаттық қозғалысының көш бастаушылары ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен элитаның осы мезгілдегі дәреже, деңгейін анықтаушы тарихи құбылыстар.
Көтерілістің басына Исатаймен бірге, Махамбет сияқты ірі тұлғаның келуі кездейсоқ құбылыс емес. Ол сол тарихи мезгілдегі қазақ қоғамының рухани әлемінің тереңінде жүріп жатқан ғаламат сілкіністердің көрінісі еді.
Біріншіден, Исатай қозғалысын ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында бүкіл қазақ елі көлемін қамтыған ондаған ресейлік экспансияға қарсы қозғалыстар контексінде ғана тура түсініп, бағалау мүмкін. Ол – сөзсіз, өзінің шығу негізі тұрғысынан ресейлік экспансияның нәтижесі.
Сонымен бірге Исатай мен Махамбет көтерілісінің сол тарихи мезгілдегі өзге қарсылықтардан бөліп тұрған басты бір ерекшелігі бар. Ол көтерілістің ашық та айқын «қара қазан, сары баланың» қамын жеген бұқаралық сипат алуында еді. Бұдан бұрын қазақ жерінде бірде-бір қуатты қоғамдық қозғалыс мұндай айқын әлеуметтік, анығырақ айтқанда, таптық сипат алған емес.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста