Алаш үні

Ғазиз аналар - қалмақ қыздары

  • Ғазиз аналар - қалмақ қыздары

    Ғазиз аналар - қалмақ қыздары

Қай кезде де қалмақты тұқыртқыш болып алдық. Кездесулерде «қалмақты жусатып салдық» деп кеуде қағамыз. Киномызда да қыратынымыз солар. Қалмақ соншалықты қаныпезер жауымыз ба? Мағауинше айтқанда, «діні бөлек қалмақтың қанша қызы – ғазиз анамыз» емес пе еді? Тәуке ханның, Қабанбай батырдың анасы – қалмақ қызы. Шығай ханның анасы Абайқан-бегім де әсілінде қалмақ аруы болатын. Абылайдың атақты батырларының бірі Малайсарының да шешесі – қалмақ. Қазаққа Кенесарыдай батырды сыйлаған Қасым сұлтан қалмақ қызы Топыш ханымнан туды. Қазтуған жыраудың шешесі Бозтуған – қалмақ тайшысының қызы. Осылардың әрқайсысына жеке тоқталсақ…

Қалмақ қыздарының бірі – Абайқан-бегім. Жәнібек ханның ұлы Жәдік сұлтанның сүйікті жары. Екеуінен Шығай хан мен Мәлік сұлтан дүниеге келді. Бұл жайлы Қадырғали Жалайыр: «Қасым хан өмір сүрген кезде Жәдік хан да өмір сүрді. Оны Жыланды төбеде болған шайқаста Шығым мырзаның ұлдарының біреуі өлтірді. Оның бейіті Үргеніштегі Бақырған атада. Жәдік ханның әйелдері мен ұлдары көп болды, ұлдарының ішіндегі ең белгілілері – Тоғым хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан, Мәлік сұлтан. Соңғыларының анасы Абайхан бегім болды» деп жазды. Мұхтар Мағауин де: «Шығай хан – Әз-Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның перзенті. Анасы­ның есімі – Абайқан-бегім, қалмақ» деп растайды.

Ескі жол қалдырған Есім ханның Қасым деген ұлы болды. Қасым Есімнің Ділшах деген қалмақ әйелінен туды. Ділшах – Қалмақтың бірінші тайшысы Хо-Үрліктің (Қойырлық) қызы. Хо-Үрлік 1628-1632 жылдары бірнеше қалмақ тайпасын бастап келіп, Ноғай ордасын жермен жексен қылды. Сөйтіп, Еділдің төменгі жағынан Қалмақ хандығын құрды. Хо-Үрліктің қызы Дильшах ханымды қазақ ханына ұзатуы сол кездегі қазақ-қалмақ арасында одақтас, андалық байланыс орнағанын байқатса керек.

Хо-Үрлікті айтқанда, Қазту­ғанды айтпасқа тағы болмайды. Себебі, Қазтуған жырау – осы Хо-Үрлік әулетінің жиені. Ресей Ғы­лым Академиясына қарасты Қалмақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымы­ның кандидаты Владимир Тепкеев Қазтуған жыраудың анасы қалмақ екенін дәлелдеп жазып жүр. Қазтуған жырау өзінің толғауында:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт, – деп жырлайды. Жыраудың осы айтқандарын архив деректері де растайды. Себебі, 1647 жылы ноғай мырзалары мен қалмақ тайшылары династиялық одақ құрған. Соның нәтижесінде, Қалмақтың ханы Дайчин (Хо-Үрліктің ұлы) өзінің қызын жетісан мырзасы Салтамұрат Тінбайұлына берген. Ал Дайчиннің бауыры Лузан тайшы қызын Сүйінші Абдоллаұлына ұзатқан. Осы мәліметтерді келтіре келе, В.Тепкеев Қазтуғанның анасы Бозту­ған қалмақ қызы деген қорытындыға келді.

Лузан тайшы кім? Хо-Үрліктің ұлы. Ноғай Ордасы күйреткен батырлардың бірі. 1643 жылы ноғайдың жетісан ұлысы Қалмақ ордасының отары болды. Осы кезден бастап Қазтуған жыраудың әкесі Сүйініш Абдоллаұлы қалмақ хандарына қызмет етті. 1673 жылдың ақпанында Қалмақтың ханы Аюке тайшылармен (Хо-Үрліктің шөбересі) астрахандық билеушілермен кездесіп, қалмақ-орыс келісімін жасады. Қалмақтар ноғай мырзаларының орыстарға көрсеткен адалдығы мен Сүйініш Абдоллаұлының патшаға жасаған зор қызметін ескере келе Аманат сарайындағы Сүйініштің ұлын босатуды сұрады. В.Тепкеевтің жа­зуынша, аманаттағы сол ұл Қазтуған екен. Соған қарағанда, Қазтуғанның балалық шағы Астраханда аманат­та өткен секілді. Алайда жыраудың нақты қай уақытта Аманат сара­йында болғаны жайлы мәлімет жоқ.

Лузан тайшы – Қырым ханды­ғына бірінші болып кірген қалмақ. 1643 жылы 2000 қалмақ пен 500 ноғай қолын бастап Қырым ханды­ғына шабуыл жасады. 1651 жылы осы Лузан 15 мың қалмақ-ноғай қолымен кірді. 1652 жылдың ақпанында Лузан Астраханға қал­мақтардың Қырымды қиратқаны туралы мәлімдеді.

Қазтуғанның замандасы «Жеті жарғының» авторы Тәуке хан да қалмақ қызынан туған. Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл жайлы: «Әз-Тәуке Салқам Жәңгірдің қалмақ әйелінен туған баласы еді» деп жаз­ды. Нақтырақ айтқанда, Тәуке хан қазақтың Салқам Жәңгір ханы мен қалмақтың хошоуыт руының билеушісі Күнделен тайшының қызынан туған. Тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Ахмет Тоқ­та­бай: «Батур қоңтәжі Күнделен тай­­шыға келіп одақтасайық деген­де, ол өзінің Жәңгір сұлтанмен дос­тықта екенін және Жәңгірді өзі­нің ұлы деп есептейтінін айтады» деп жаза­ды. Күнделен тайшының күйеу баласы Жәңгірді құрметтегені осыдан-ақ байқалып тұр.

Қалмақтарда әлі күнге дейін «Ахаин табун барс» деген тіркес бар. Хошоуыт нояны Ханай Хонгордың Ахан-хатун деген әйелінен бес ұлы тараған. Олар қалмақ тарихында «Ахай ханымның бес барысы» деген атпен қалды. Бұл «бес барыс» Байбағас батыр, Күнделен Ұбаши, Гуши Номын хан, Засакту чинг батыр және Баян Отхон болатын. Күнделен – осы бес барыстың екін­шісі. Күнделен батыр кескілескен шайқастар нәтижесінде бар иелігі­нен айырылып, Тибет ауып кеткен. Сол жақта қартайып, 120 жасында бақилық болды.

Салқам Жәңгірдің бесінші ұрпағы Абылай ханның он екі әйелі болғаны тарихтан белгілі. Соның жетеуі – қалмақ қыздары. Бұқар жырау Абылайға арнаған толға­уында бұл жайлы:

Қалмақтан алдың бір зайып,

Сүйегіңді жоғалтпас.

Абылайымсың алқатқан,

Отының болсын жантақтан,

Қатының болсын қалмақтан,

Қосының болсын қазақтан, – деп жырлайды.

Ханның қалмақ әйелдерінің ішіндегі белгілісі – Топыш ханым. Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен­нің қарындасы. Хошу мер­геннің қызы. 1741 жылы жоңғарлар Абылайды тұтқынға алып, екі жыл­дай өздерінде ұстады. Соңыра Қалдан Серен Абылайды тұтқыннан босатып, оған Топышты қосты. Осы­лайша,Топыш Абылайдың бесінші әйелі болды. Топыштан Қасым мен Қамбар сұлтан туды.Қа­сымнан атақты Саржан, Кене­сары сұлтан тарады. Абылай бақи­лық болған кезде, тақ мұрагері ретінде Уәли мен Қасым қатар таң­далды. Нәтижесінде, Уәли сұлтан әкесінің тағын иемденді. Кім біледі, Қасымның хан бола алмауына қалмақ қызынан тууы себеп болды ма екен? Алайда Қасым сұлтан Қа­зақ­тың азаттығы үшін азап шектi. Топыш ханымның немерелері де қазақтың азаттығы үшін жан берді.

Абылайдың сенімді серіктерінің бірі, атақты Малайсары батырдың да шешесі – қалмақ. Малайсарының әкесі Тоқтауыл «түйені көтерген» балуан һәм«жолбарысты жалаң қолмен жарып өлтіретін» батыр болған. Қалмақтың Мөлдір (Мол­дыр) деген қызын алған. Бұл жайлы өлкетанушы Жеңіс Марданов: «Тоқтауыл батырдың Молдыр деген қалмақ әйелінен Малайсары, Қай­да­уыл, Бағыс туады, ал Алма атты қазақ әйелінен Қарнақ пен Көбес туады» деп жазады.Малайсары мен Гауһар осы Мөлдірден туды.

Малайсарының қарындасы Гауһар – Қабанбай батырдың жары. Қалмаққа жиен болғасын ба, Малайсары қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітімге келуге атсалысты. Тіпті жоңғарларға қазақтың елшісі болып барды.Шоқан Уәлиханов Малайсары батырға жоңғар қонтай­шысы Қалдан Сереннің «Тархан» атағын бергенін жазды. Соған қарағанда, Малайсары өз жұрты мен нағашы жұрты арасына алтын көпір орнатуға тырысқан секілді.

Қабанбайдың атын айтып қалдық. Енесі ғана емес, Қабанбай батырдың анасы да қалмақ қызы еді. Қалмақта қазақтың талай ерін қан қақсатқан Босмойын деген батыр өтті. Босмойынды бір жекпе-жекте қазақтың Анар деген батыры өлтірді. Сол Босмойынның ортан­шы қызы Күнбикені Қожағұл батыр алған. Қожағұл мен Күнбикеден атақты Қабанбай батыр дүниеге келді.

Кіші жүздің ханы болған Әбіл­қайыр ханның немересі Қаратай сұлтанның да анасы қалмақ-тұғын. Қаратай Нұралы сұлтанның Рысс (Ырыс) атты қалмақ әйелінен туды. Айтпақшы, осы Әбілқайыр ханның да Баян деген қалмақ әйелі болды. Одан ұлы Шыңғыс сұлтан дүниеге келді. Бұл жайлы А.И.Тевкелев «Поколенная роспись династий казахских ханов и султанов и описа­ние родоплеменного состава трех жузов» еңбегінде айтып өтеді.

И.Еро­феева «Хан Абулхаир» кіта­бында. «Чингиз-султан был сыном волжской калмычки Баян (Баяны), захваченной Абулхаиром в плен, вероятно, во время его походов против калмыков в 1723-1726 годах» деп нақты мәлімет береді.

Жоғарыда Есім ханның Ділшах деген қалмақ әйелі болғанын айттық. Осы Есімге жіберілген тағы бір қалмақ қызына Жолымбет батыр ғашық болып, өзіне жар қыл­ған. Бұл жайлы Халел Досмұхамед­ұлы «Аламан» атты еңбегінде былай баяндайды.

«Қалмақтың ханы Есім ханға сыйлыққа бір қыз жібереді. Жием­беттің Жолымбет деген інісі қызды жолшыбай тартып алып, өзі әйел қылады. Жолымбет пен Жиембет көрместей болып араздасады. Жо­лымбет ағасының үйіне Жием­бет жоқта ғана келіп, кетіп жүреді. Бір күні Жолымбет аттан түсіп жатып, Жиембеттің үйде екенін іргеден көреді де, атына қайта мініп кері бұрылады. Жиембеттің бәйбішесі Есенқыз батырдан: «Ініңіздің сізден қорқып, қайтып бара жатқа­нын көрдіңіз бе?» деп сұрайды. «Ондай есер жаманның маған керегі жоқ. Кетсе жүре берсін» деп Жием­бет қырсыға жауап береді. Сонда бәй­біше:

Екі жақсы бас қосса,

Жамандар кірер араға.

Жаманды жаман демеңіз,

Басыңа қиын іс түссе,

Жаман да шығар қараға, – деген бұрынғыдан қалған сөз бар емес пе? – дейді. Осы сөз ойландырған Жием­бет батыр сыртқа шығып, атына мініп кетіп бара жатқан Жолымбетке:

Ей, қыңыр ер, қыңыр ер,

Қыңырайма біздің ер.

Қыналы бозға мінген ер,

Қыз қалмақты сүйген ер.

Хан жалғыз да біз үшеу,

Қыңырайма, шіркін, бері кел! – деп дауыстайды. Жолымбет келіп ағасының қолын алады. Екеуі татуласады».

Алайда Жиембеттің інісі Жолымбетті қолдай кеткені Есім ханның қытығына тиеді. Тіпті жырауды жат көріп, жылы қабақ танытудан қалады. Сонда ханнан қаймықпаған Жиембет:

Атадан жалғыз мен емес,

Хан ие, ісің жол емес,

Жолбарыстай Жолымбет,

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алған сыйыңды.

Қаһарыңды басқалы,

Қалың елің жиылды, – дейді.

Қазақтың жыр-аңызында Жо­лым­бет секілді қалмақ қызына ғашық болған қазақ батырлары жетерлік. Мәселен, «Жаскілең» дастанында қазақ батыры Жаскілең қалмақ ханының қызы Қоңыршаға ғашық болады. Жырда екеуінің махаббат үшін ауыр да азапты күндерді кешкені баяндалады.Сол секілді «Жетіген батыр» даста­нында Ер Жетіген қалмақ ханының қызы Шырын сұлуға ғашық болады. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында да Батыр Баян­ның інісі Ноян тұтқынға түскен қал­мақ қызы Құралайды құлай сүйе­ді. Алайда жырдың соңы Баян батыр­дың екі ғашық Құралай мен Ноянды қан құштыруымен аяқта­лады.

Рас, қазақ тарихында қалмақ қызы көбіне елге іріткі салушы түрінде бейнеленеді. Баян батырдың қалмақ қызының кесірінен бауыры Ноянды өлтіруі. Жолымбет батыр­дың қалмақ қызын алып қашып, Есім хан мен Жиембет жырауды ерегестіруі, бәрі-бәрі қалмақ қы­зының қазақтың құтын қашырға­нын дәлелдей түседі. Алайда қалмақ­тың талай қызы қазақтың тау тұлғаларын әлпештеп өсіріп, аламанға қосқанын да қалай ұмытуға болады? Жоғарыдағы Бұқар жыраудың «Қатының болсын қалмақтан, Қосының болсын қазақтан» деп мадақтауы бекер емес болғаны ғой.


Серікбол Хасан,

"Айқын" газеті 



Көрілген: 1276    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 02.02.2017, 08:20

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30