Алаш үні

Генерал жолы

  • © baq.kz

    © baq.kz

Тәуелсіз еліміздің арнаулы қызметінің қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосқан қызметкерлердің бірі генерал Михаил Юсупұлы Дәуенов екендігі сөзсіз. Ол кісінің өзіндік жұмыс стилі, жауапкершілігі және Отан деп соқққан адал жүрегі туралы әріптестері әрдайым әңгімелеп отырады.


М.Ю. Дәуеновпен бірге қызметтес болған, зейнеткер, оставкадағы полковник, тарих ғылымдарының докторы Орынбаев Сәкен Тиесұлы былай деп сыр шертеді: «Мен генерал-майор Дәуеновпен ҰҚК Орталық аппаратында (Астанада) 1999 жылы танысып онымен бірге қызмет жасадым. Бір-бірімізбен өте жылы қарым-қатынаста болдық. Бір сөзбен айтқанда М.Дәуенов барлық жеткен жетістіктерін өз қолымен жасаған тұлға. Ол Отанға мінсіз қызмет ету, ел мүддесіне қырағы болу, саяси және жедел жағдайларда нақты бағдарды айқындай білу, қоғамдық өзгерістерді дұрыс бағалау, алда тұрған міндеттерді шешуде мейлінше дәл жолдарды таңдай білу, оларды жүзеге асыруда өз рөлін айқын түсіне білген чекист- басшы. Сонымен қатар оның әрбір жұмысты атқару тәсіліне, маңызды іс-шараларды шегіне жеткізе орындау қарқынына ілесу кез - келгеннің қолынан келе бермейді.Себебі оның қызметтік, өмірлік тәжірибиесінен көп нәрсені үлгі тұтуға лайық».



ӨР ТОЛҚЫНДЫ ӨМІР


Дүниені дүлей дүмпуімен дүрліктерген екінші дүние жүзілік соғыстың қызған шағы. 1943 жылы 5 желтоқсан айында Ресей еліндегі Астрахань облысы Волга өзенінің сағасында орналасқан Лебяжье селосында балықшы отбасында ұл бала дүниеге келді. Атамекеннен алыс, жат жерде жүрген жанұя «тіл көзден» сақтасын дегендей оған «Михаил» деген есім берді. Михаил көп баланың ішінде тәрбиеленіп, өсті.


Соғыс уақытында туған балалар сол шақтың кермек дәмін бәрі бірдей татып ержетті. Себебі олар кисе киімге жарымай, ішсе тамаққа тоймай, аш құрсақ бола жүре, жастайларынан ауыр еңбекке тартылды. Мектеп бітіргенше Михаил Юсупұлы да мал бағу, жазғытұрым шөп дайындау, отындыққа қамыс шабу, ау салу, зауытқа балық аулап өткізу, қыста суаттан ойық ою, иықтап су тасу сияқты жұмыстарды белі қайыса атқаруға мәжбүр болды. Қазіргі балаларға айтсаң сене қоймас. Осындай жағдайда бастан кешірген кейбір балалардың мінез-құлқы өзгеріп, тұйықталып, тіптен ішкі жан дүниесі қаталданып кетуі мүмкін. Ал, Михаил керісінше, бәрі еңбекпенен келетінін түсініп, ата-анаға қолғабыс жасауды, бауырларға қамқор болуды парызым деп шынықты, есейді. Осылай еңбекпен ерте есейген жеткіншек селодағы орыс мектебін бітірген соң, Астрахань теңіз училищесіне оқуға түсуді мақсат етіп, дайындықты бастап та кеткен еді. Бірақ бір күннің кешінде мектепте мұғалім болып жұмыс жасайтын үлкен апайы - Райхан оны шақырып алып, келешек туралы әңгіме қозғап, ендігі жерде Қазақстанға барып, сол жерден білім алу керектігін алға тартады. Екеуінің ортасында болған әңгіме әсері, бозбаланың жүрегін тербегені соншалық оның 1961 жылы Қазақстанға келіп, Гурьев педагогикалық институтының студенті атануымен жалғасын табады. Міне, Ресейде ержеткен, жастайынан зерек, еңбекпен ысылған Михаилдың қазақ топырағымен қауышуы осылай бастау алған еді.


Тарихтан белгілі Куба дағдарысы кезінде Кеңестер Одағы мен АҚШ арасында туындаған «қырғиқабақ соғыс» кезеңінде 3-курс студенті Михаил КСРО Қарулы күштерінің мерзімді әскери - теңіз флоты қатарына шақырылады. Әскери борышын Кронштатта, Выборгта, Архангельскіде, Вологда (бұл жерде Юрий Гагарин ұшқыш болып қызмет атқарған) аумағында орналасқан қиырдағы барлаушылар полкында өтейді. Яғни осы аталған полк барлаушылары 1966 жылы Кеңес Одағының барлау ұшақтары АҚШ - тың бірінші атомдық авиатасымалдағыш кемесін Тынық мұхиты аймағында алғаш рет әуеде фото-суретке түсірумен атағы шыққан еді.


Михаил Дәуенов 3 жылғы «жолақ жейделі» теңізші әскери қызметін атқара жүріп, 1 - сыныпты авиация механигі деген мамандықты да қоса меңгерумен аяқтап шығады. Әскерден оралған соң институттағы оқуын жалғастырып, оны 1968 жылы физика мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Келешегін тарихи Отанымен байланыстырғысы келген Михаил өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сөйтіп, ол «Ел-елдің бәрі жақсы, Өз елің бәрінен жақсы» дегендей Ресейдегі зағип болған әкесін және анасын, бауырларын Қазақстанға көшіріп алуды міндетім деп ойлап, олардың Гурьев облысы аумағына қоныс аударуына себепші болады.


Алғашқы еңбек жолы Гурьев қаласындағы Калинин атындағы орта мектепке мұғалім болудан басталып, кейін мектеп директорының тәрбие және сыныптан тыс жұмыстар жөніндегі орынбасары болады. Михаил қай кезде де өсу үстінде болды. Оқуға, білуге, үйренуге құштарлығы оның өмірлік ұстанымына айналды. Оның бойындағы намыстылығы, қайсарлығы еңбекқорлығы сол кезде-ақ байқалатын. Арада бір жыл уақыт өтісімен М.Дәуенов Гурьев қалалық комсомол комитеті арқылы облыстық ЛКЖО комитетіне ұсынылып, бұл жерде лекторлар тобының басшысы, бөлім бастығы, жалпы мәдениет және насихат бөлімінде нұсқаушы лауазымдарын атқарады. Облыс көлемінде партия, комсомол, қоғамдық өмірдің барлық мәселелеріне араласып, белсенділік көрсеткен және оларды Отанға деген сүйіспеншілік тұрғысында бағамдап, байыптауға машықтанған, ұлттық мүддені қарашығынан қағыс қалдырмауға қалыптасқан М.Дәуенов жергілікті мемлекеттік қауіпсіздік органдарының назарына ілігеді. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қызметкері мамандығы әрқашан көпшілік қауымға жұмбақ күйінде болғаны белгілі. Сондай-ақ Михаил үшінде осы бір сирек салада ерекше қасиеттер мен қабілеттерге толы тұлғалар ғана жұмыс істей алатындай көрінетін. Сөйтіп бейбіт мамандықты әскери мамандыққа ауыстырған ол 1971 жылы Облыстық партия комитеті мен ЛКЖО облыстық комитетінің ұсынуларымен КСРО Министрлар кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Минск қаласындағы жедел уәкілдер дайындайтын Жоғары курсына оқуға жіберіледі.


Мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы әскери қызметін Гурьев облыстық басқармасында жедел уәкіл лауазымынан бастады. Жас «чекист» сол кезден - ақ, іскерлік және адамгершілік қасиеттері биік, күнделікті тұрмыста қарапайым, кәсіби шеберліктері жоғары, жан - жақты, Ұлы Отан соғысына қатысушы чекистермен бірге, жұмыс жасау арқылы тәжірибие алып, олардың жоғары сеніміне ие болады.


Нәтижесінде М.Дәуенов алған тәлім-тәжірибесін іс жүзінде дамытып оны жүзеге асыруға тырысты, тіптен үлгі болуға лайықты қызмет атқарып шықты десек те болады. Кейін өзі де солардың қатарында болып, қаншама жастарды тәрбиелеп, жолын ашты. Басқармада партия бюросының хатшылығына сайланды, сол заманға сай партия мүшесі болды. Әр уақытта жедел - қызметтік міндеттерге жоғары ынтамен кірісу арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізе алды. Әрбір атқарған істерін бақ, бедел әкеледі деп емес, біліктілікке бірлестіре отырып, оң жақты орындалуына баса мән берді. 1971 жылы жедел уәкіл болып қызмет жасаған алғашқы күндерден бастап «нағыз чекистке» тән қасиеттерді игеруге ынталылық танытқан Михаил Юсупұлы Дәуенов 1979 жылы Қазақ ССР Маңғышылақ облыстық МҚК басқармасының бөлімше бастығы болып тағайындалды.


Тағы бір тоқтала кететін жай, бұл аумақта адам денсаулығына әсер ететін қолайсыз факторлардың (құмды жел, аптап ыстық, теңізден соғар ылғалды тұзды ауаның адам ағзасының тері қабатына кері әсері, оттегі жетіспеушілігі, ауа құрамында БН-350 атомдық реактордың бар болуы) климаттық жағдайдың болуы еді. Сондықтан осы аумақта міндет атқарып жүрген әскери қызметшілер үшін әлеуметтік қолдау көрсетудің қосымша ережелеріне қатысты, олардың қызмет өтілінің 1 жылын, 1,5 жылға есептеуді реттейтін жеңілдікті қолдану жөніндегі өз ұсынысын беріп, осы негізде КСРО МҚК органдарының тиісті нормативтік актілеріне өзгеріс енгізілуіне қолтаңба қалдырды.


Бұдан кейін ол басқарма бастығының кадрлар жөніндегі көмекшісі, орынбасары, 1985 жылы Қазақ ССР МҚК Қостанай облыстық басқармасы бастығының орынбасары, 1990 жылы МҚК Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, 1992 жылдан (зейнетке шыққанға дейін) 1996 жылға дейін генерал-майор жоғары әскери шенінде МҚК Қостанай облыстық басқармасының бастығы болды.


1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасы кезінде еліміздің солтүстігі Қостанай облысында да күрделі саяси жағдай қалыптасқан еді. Оқиғадан кейін қылышынан қан тамған «Қызыл империяның» солақай саясатынан жүздеген жастар оқудан шықты, қаншамасы істі болды, ауруға шалдықты, жұмыссыз қалғаны, тіптен талай адамның тағдыры қыл үстінде болғаны ешкімге құпия емес. Осы орайда Қазақ ССР-і МҚК басшылығы мен облыстық партия комитетінің талап етуі бойынша сөз болып отырған оқиғаға қатысушылардың іс - әрекеті қылмыстық іс қозғаудың негізін құрайтындықтан оларды соттап, қамауға алу, сол сәт үшін заңды сияқты болып көрінгені рас. Алайда «оларды бір жақты қарап, жаппай түрмеге тоғытқанмен мәселенің түбегейлі шешілмейтіндігі, сондықтан заңға сәйкес алдын алу шараларын жүргізу керек» деген шешімге көнгісі келмеген басшылардың алдында МҚК Қостанай облыстық басқармасының басшылары тарапынан мән-жайды ашық түсіндірулер арқылы олардың «жазалау, соттау түпкі мәселені түбірімен жоймайтындығын, сондықтан осы жағдайды өте епті пайдалану арқылы адастыруға жол сілтеушілер мен оны ушықтыруға астар берушілерді айқындау мақсатында жалпы және жеке ескертулер жасау бойынша олардың жолын кесуге болады деген пікірлері мақұлданды.


Генерал - майор М.Ю. Дәуеновтің кәсибілігінің жан-жақтылығы шаруашылық жөніндегі мәселерді де күн тәртібінен түсірмейтін. Соның бір мысалы: Басқарма бастығы генерал - майор Н.Ф. Верещаев пен подполковник М.Дәуенов бірлесе отырып, аталған басқарма қызметкерлеріне арналған ғимаратты дер кезінде салынуына мұрындық болды.


1990 жылы подполковник Михаил Юсупұлы Дәуенов МҚК Қостанай облыстық басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан, МҚК Қызылорда облыстық басқармасы бастығы лауазымына ұсынылды. Осы тағайындау бойынша М. Дәуеновті Н.Ә. Назарбаев Алматыдағы резиденциясында қабылдау кезінде «Будьте внимальны на Юге, держите руку на пульсе, смотрите за обстановкой, грядут трудные события» деп жаңа тағайындалған басшыға сенім арта тұрып, оған Кеңестік жүйеден ажырап, келешек Егемендіктің де есік қағарына аз қалғанын, осылай ескерткен еді.


Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қауіпсіздік саласы өз міндеттерін таза беттен бастаған жоқ. Дегенмен қанша күрделі кезеңді бастан кешірсе де, өткеннің бай тәжірибиесі, кадрлық потенциалдың қаймағы сақталды. Қоғамдық қатынастарда ұлттық қауіпсіздік органдарының қажеттігі күшейді.


Сол тұста оңтүстік аумақтағы қауіпсіздік басқармасының стратегиялық тұрғыдан маңызды міндеттерінің бірі «Байконыр» ғарыш айлағы төңірегіне ерекше көңіл бөлу болып есептелді. Осы жұмыстар барысында КСРО МҚК Ерекше бөлімімен қарсыбарлау мәселелеріне қатысты орнатылған қырым-қатынас арқылы жүзеге асырылған кешенді іс-шаралар, ғарыш аймағындағы кедергілердің болмауына септігін тигізді.


Генералдың сол кездегі Қазақстаннан Тоқтар Әубәкіровтің тұңғыш ғарышқа ұшатыны мен ұшу сәтіне қатысты жедел іс-шараларға дайындыққа қатысқан күндері бүгінгіге дейін көңіліне қанат бітірер қуаныш күйінде сақталып қалған.


Әрине бұндай тарихи сәтті күтуде қиындықтардың болғаны ұмытылмақ емес. Алайда бұл мәселелердің барлығының негізгі салмағы Ел басшысына түскені анық. Сондықтан Елбасы Байқоңырда ғарыш кемелерін ұшыру кезінде сол кездегі КСРО Қорғаныс министрімен, Министрлер Кеңесі төрағасымен, Бас ғарыш генералитетімен, басқа да қоғам қайраткерлерімен кездесіп, Достастық елдері арасындағы келешек сыртқы саяси, экономикалық және әскери басымдықтарға байланысты олармен бірнеше сағатқа созылған кездесулер өткізуіне тура келді.


Ақиқатында сол бір егемендіктің өкпені қысқан өтпелі кезеңі ғарыш айлағында айналып өтпеді. Себебі 1992 жылы ақпан айында ғарыш объектілері ауданында орналасқан әскери-құрылыс бөлімшелерінің 12 мыңға жуық солдаттары: өз әскери бөлімдерінің штабын, жатын казармаларын қиратып, командирлері тарапынан жол берілген «әлімжеттікке», «зорлық-зомбылыққа», «тіл тигізуге» наразылық білдірумен бірге, Ресейге қызмет етуден бас тартуды және өздерін әскер қатарына шақырған Отандарына қайтаруды талап еткен «Солдаттар көтерілісі» орын алды.


Жағдай өте қиын болды. Жедел күш жұмылдырудың арқасында 9 мың солдат ТМД елдері бойынша жан-жаққа жөнелтілді. Нәтижесінде ғарыш объектілері қорғалып, қорғаныс құралдырын сақтау қауіпсіздендіріліп, қалада жаппай тәртіпсіздіктің болмауына тосқауыл қойылды. Бұл оқиғаның артынша яғни 25 ақпан күні тарихта «Ақпандағы айқас» атымен белгілі болған алғаш рет Қазақстанда террорлық топ «Қызылорда - Чимкент» бағытындағы жүргіншілер автобусын жолаушыларымен басып алып, оларды «кепілдікке» алған. Өз талаптарын орындату үшін «кепілдікке» алынған адамдардың өмірін құрбан етуге тайынбайтын қылмыскерлер әуе жолымен шет елге ұшып кетуді талап еткен төтенше оқиға болған еді. Сол кезде полковник М.Дәуенов «Набат» операциясын жариялап, өзі тікелей террористермен байланысқа шығып, олармен 23 сағат бойы «келіссөз» жүргізген. Нәтижесінде ол жасақталған жедел топтың қатысуымен «кепілдікке» алынғандардың қауіпсіздігін мұқият қадағалап, операцияның аяқталу орны – Шымкент қаласына дейін автобусқа қоса ілесе отырып, олардың қауіпсіздігін сақтауда қырағылық көрсетті. Сондықтан қарсылық операциясы шеңберінде қылмыскерлердің қатыгез әрекеттерінің құқыққа сыйымды тұрғыда жолы кесіліп, қауіп - қатер төнген адамдар өмірі сақталды. Ел азаматтары шұғыл жағдайда жол таба білу арқылы, жедел қызметтің ел игілігіне арналғандығын көрсетті.


Жедел жағдай тұрғысынан алғанда, осы бір тынымсыз аймақта сындарлы сәттің дабылы қағылғанда Сардарлардың сергектігіне сын таққызбаған полковник Михаил Дәуенов «Арыстан қызметінің ардагері» құрмет белгісімен марапатталды. Бұдан кейін Михаил Юсупұлы Дәуенов МҚК Қостанай облыстық басқармасын басқаруға бекітілді.


Ел Егемендігінің ең күрделі кезінде, солтүстік өңірде де, ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай, аймақтағы Ресей елімен шекаралас аудандар мен еңбекші ұжымдардың әлеуметтік - саяси ахуалының даму ерекшеліктеріне сәйкес, өзі басқаратын басқарманың уақытқа бейімделуіне басты назар аудару қажет деген мақсатпен жұмысты бастап кетті. Өзінің ерекше ұйымдастырушылық қабілетін бірінше кезекте, жеке құрамның жедел-қызмет жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағыттады. Басқарма бөлімшелерінде кадрларды іріктеу мен орналастыруды да назарынан тыс қалдырмады. Кеңінен ойлайтын білімдарлығы, тынымсыз еңбекқорлығының арқасында Михаил Юсупұлы жедел міндеттерді нақты шешіп, өз қарамағындағыларды, ауқымды шараларды кәсіби деңгейде жүзеге асыра алуға жұмылдырды.


Арнаулы қызмет саласының түбірін қайта құру мен жетілдіру кезеңінде бұларды шешуде ұлттық қауіпсіздік органдарының Достастық елдері арнайы қызметтерімен өзара әрекеттесу қажеттілігі туындады. Соның ішінде арнайы органдардың өзара әріптестік жұмыстарды жүзеге асыруларына екі жақтың КСРО МҚК жүйесі құрамында болуын негізге ала отырып, М.Ю.Дәуеновтың жеке бастамасы бойынша Орал аумағында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік органдарының солтүстік облыстық басқармалары мен Ресейдің қауіпсіздік органдарының арасында спорттық және жұмыс кездесулері ұйымдастырылды.


Кез - келген төтенше жағдайларда үйлестіре білуі, жеке басының жігерлілік, адами қасиеттері, жауапкершілікті сезіну қабілеті, ұлттық қауіпсіздік мүддесіне қатысты жедел және қатаң шешімдер қабылдай алуы қызметтестер арасында ғана емес, Қостанай жұртшылығы арасында бедел мен құрметке ие болды.


1995 жылы Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Михаил Юсупұлы Дәуеновке генерал-майор жоғары әскери атағы берілді.


Тағы да оның тікелей бастамасымен облыстық ҰҚК басқармасының ғимаратында Ұлы жеңістің 50 жылдық мерекесі қарсаңында Отан соғысына қатынасушы, чекист, Кеңес Одағының батыры Г.М.Кравцовқа қоладан есте сақтау ескерткіші орнатылды.


Елбасының астананы көшіру идеясын жүзеге асыру кезеңінде өзімізге жүктелген жауапкершілікті ерекше сезіндік. Осындай күрделі шешімді санаға сіңіріп қана қоймай осы жолда маңызды міндеттерді игеру мен жүзеге асыру қажеттігі туындады. Міне, осы бір күрмеуге келмес күрделі сәтте Михаил Юсупұлы да ерік-жігер танытып ат салысқан еді.Себебі құрметті демалысқа шыққан М.Дәуеновке 1998 жылы ҚР ҰҚК Орталық аппараты басшылығы тарапынан басқару және жедел қызмет барысындағы тәжірибесі ескеріліп (Астана қаласына) оны қызметке қайта қабылдау ұсынылады. Ұсынысты оң қабылдап, қызметке кіріскен генерал-майор М.Дәуеновке ҰҚК Арнайы мемлекеттік мұрағатын Алматы қаласынан жаңа Астанаға көшіру тапсырылады. Нәтижесінде оның басшылық етуімен ерекше құпиялық режимдегі мұрағат, талапқа сай құралдармен жабдықталып, арнайы транспорттармен ресімделіп Астана қаласына ауыстырылған еді.


1999 жылы жинақтаған өмірлік тәжірбиесі мен кәсіби- шеберлігі ескеріле отырып М.Дәуенов Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттыққа ұсынылды.


Бұл күндері құрметті зейнеткер ретінде жедел қызметтік жұмыстар барысында бойға жинаған білім мен тәжірибесін ол тәуелсіз еліміздің арнайы қызметіндегі жас ұрпақ бойына, оларды кәсіби шыңдау мен бейімділікке үйрете отырып сіңіруге белсенді ат салысып келеді.


10 жылдан аса құқықтану факультетінде декан болып қызмет атқарды. Бұдан кейін ректордың қеңесшісі болды. Жоғарғы білім реформасына ат салысты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің құрметті қызметкері», Халықаралық информатизация академиясының академигі атанды. Сөйтіп ол білім ордасындағыларды қазақстандық отансүйгіштікке үндейтін түйінді істердің жандануына ерекше үлес қосты.


Ұрпақ тәрбиесінде жастарды, аға ұрпақ өнегесін қастерлей білуге баулуда Михаил Юсупұлының бойынан басқаларда кездесе бермейтін қасиет бар.Оған мысал: 2003 жылы үкіметтік емес «За правовой Казахстан» ұйымын басқарғанда М.Дәуеновтың тікелей араласуымен Қостанайда «Жертвам политических репрессии XX века» ескерткіші тұрғызылды. Сондай-ақ құрбан болғандардың туысқандарына үлкен жәрдем көрсетіліп, 5 - тен аса кітаптар жарық көрді. Жыл сайын жұртшылықпен еске алу күніне арналған митинг өткізу дәстүрге айналған.


Кемел жастың кемеріне келсе де оның жұмыс кестесі күрделі. Бұқаралық ақпарат құралдарынан өзекті мәселелер туралы тұрақты пікір білдіріп тұрады. Жергілікті тұрғындарға құқықтық тәрбие беру жөніндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысады.


Облыс әкімі жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық кеңесінің комиссия мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «Мемлекттік қызмет департаменті және жемқорлыққа қарсы күрес» қоғамдық кеңесінің де төрағасы. Күнделікті белгіленген жиналыстар, әр түрлі кездесулер, бұның бәріне үлкен дайындық керек. Осындай жоғары жауапкершілікке өзін әбден үйреткен Михаил Юсупұлы ол бәріне үлгереді және кез-келген істі сапалы атқаруда алдына жан салмайды.


Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселеріне қатысты тәжірибиелі саясаткер ретінде 15 жылға жуық аралықта ҚР Президенті, Парламент депутаттары сайлауына, қадағалаушы ретінде қатысушы, 2005 жылғы Н.Назарбаевтың Президенттікке кандидаттығының облыстық штабын басқарды, бірнеше рет Ел Президентінің инаугурациясына, ҚР азаматтық форумдарының мемлекеттік салтанаттарына: 2010 жылғы Саммит ОБСЕ (ЕҚЫҰ), Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне, «Мәңгілік Ел» монументінің ашылуына, Нұр Отан» партиясының XVI cъезіне қатысты және 2012 жылы Ресей Федерациясы Президент сайлауына ТМД елдері бақылаушыларының құрамына бекітілді.


Саясатта сарапшыл, қарым-қатынасқа нағыз дипломат, ұлттық құндылықтарға жанашыр, адами қарым-қатынаста өте шынайы, мемлекеттік қызметінде адал, ұрпақ сабақтастығында дәнекер бола білген Михаил Юсупұлы ҚР «Достық», Ресей Федерациясы ІІМ «За заслуги» медалдарымен бірге КСРО МҚК, ҚР ҰҚК, ҚР БҒМ, 18 медальдарымен марапатталған және «Қостанай қаласының құрметті азаматы» деген атақтардың иегері.


Жаңа заманның мінезін, талабын түсіне білген. Қызмет бабында белсенді қимылдап, кәсіби іскерлігімен, «көрінбейтін майдан» істерінің қоғамға жағымды жағын арттыру үшін өзінің ақыл парасатымен, бел шешпей, өлшеусіз қызмет атқарған абзал азамат. Бұлай дейтініміз - білігі мінсіз, беделі зор басшы болу үшін ең алдымен, туа бітті дарыны, сондай-ақ құнарлы да нәрлі тілі, бұған қоса жан-жақты, әрі терең білімі болуға тиіс. Осылардың барлығы Михаил Юсупұлының бір бойынан табылады десек артық айтқандық емес. Оның еліне алаңсыз қызмет етуіне жары - Калиманың қолдауы жетерлік. Себебі олардың отбасына бақ қонып, ырыс дарығандығынан сапалы ұрпақ тәрбиелеп отыр. «Ері мен әйелі бір-біріне емес, бір жаққа қарағанда ғана сыйластық болады» деген қағиданың иегерлері 5 ұл-қыз тәрбиелеп, 11 немеренің ата-әжесі атанып отыр. Әке жолын жалғастырған ұлы - Азамат қауіпсіздік саласының қызметкері капитан, қызы - Шолпан майор.


Міне, аты аңызға айналған генералдың жүріп өткен жолына қысқаша шолу жасасақ осындай оқиғалар ойға түседі. Ең бастысы ол кісінің өн бойынан, еңбек жолынан елге адал қызмет етудің үлгісі сезіліп тұрады. Бүгінгі жастардың бойынан да осындай қасиеттерді көргің келеді.


ҚР ҰҚК қызметкері


полковник Ш. Алмаханова


 




Көрілген: 3174    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 12.07.2017, 11:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде, 14:07
    Алашшыл азамат
    12 Шілде, 11:51
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30