Алаш үні

Жетімектерден құралған «жас гвардия»

  • Жетімектерден құралған «жас гвардия»

    Жетімектерден құралған «жас гвардия»

Олар он бір еді. Әләйдар, Әлихан, Әйтбек, Бахыт, Сағат, Жакен, Қыдырбек, Ескен, Манаш, Мәлік бұлар шешелерінің арқасында есейгендер. Нағыз жетім, балағынан биті төгіліп тұр дейтін тұл жетім Оразбек пен Қадырды үшінші класқа көшкенде Ленгер қаласына жетім балалар үйіне алып кеткен-ді. Соғыс зардабын буыны қатпай тартқан балалар, қанша аш құрсақ болып жүрсе де, қазанда қалған сорпамен тояттап, калцилі сорпа сүйекке дарып қабырғалы, жілікті, бойшаң, атқа емін еркін мінетін болып жетілген. Суық күз түскенге дейін жалаң аяқ жүргендіктен бе, аяқтары күс-күс болып тілініп, көпке шейін аяқ киім кие алмай, кисе ақсаңдап «аяғыңды етігің қысса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деген аталар сөзін еске түсіретін. Соғыстан аман есен жаралы болып оралған ағаларының 41-42 размерлі етіктерін киіп бір жырғап қалатын. Он бірінші - Бағыс әке шешесі, аға жеңгесі бар бақуатты кісінің баласы. Бағыс жеңгесін «жеңге» деп атамай әкесінің атымен «Қыстаубайдың қызы» деп атайтын. Сонысынан ба қайнысын өте жақсы көріп «төрежан» деп сыйлап, айтқанын екі етпейтін. Түнгі бейуақытта келсе де «қайным келді» деп тамағын жылытып берерінде күйеуі қанша ұрысып, бұрқылдаса да сол әдетінен таймай жетпіс жасында қимай қоштасып өз қолынан шығарып салды. Әкесі кезінде Қаракесек-Мәдимен жолдас болып «Мәдиді қашпақ болды» деп атқан үш милицияны атып өлтіріп Мәдидің сүйегін тауға, бес алты күн жасырып Қарқаралы қорымына арулап көмген үш үзеңгілестің бірі болған жанкешті. «Жұмыс армиясынан қашты» деп қудаланып, Шаян ауылының түрмесінің дәмін де татқан адам.

1952-ші жылдың басында Шаян ауылында ұзындығы 80 метрлік, ені 16 метрлік жаңа клубтың іргесі қаланып қабырғасы көтерілді. 30 мыңнан аса халқы бар елді мекенге үлкен қуаныш әкелері хақ. 1953-жылдың 7-қараша революциясының мерекесіне қарсы төбесін жауып, ішкі қара сылақтарын бітіртіп береміз деген уәдесінде аудан басшылары тұрды. Ішіне тас қаланған (контромарка) 7-8 пешті де суық түскенше салынып іске қосылды. Балалардың қызығы кешкі үш мезгіл кино көсетуді бастап кетті. Жаңа клубта кино көрсету табыстың көзіне айналғалы тұр. Бұрын 1880 жылдың басында салынған мешіт-медресенің 1000 адамдық намаз оқитын бөлмесінде кино көрсетіліп, концерт қойылатын. Акустикасын зерттеген мамандар сырын аша алмады. Азан шақыратын биіктігінен күмбірлеген әуезді қоңыр дауыс бүкіл Шаян ауылын шырт ұйқыдан оятып, алты қырдан асып естілетін. Сахнада шырқалған әнге микрофонның қажеті жоқ, кімнің дауысы екенін далада жүріп анықтауға болатын. Енді ол зал-бөлме тың, тыңайған жердің, жаңа астығын қабылдауға жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындыққа кіріседі.

Мамыр айынан бастап жаңа клубтың айналасы тазартылып, афишалар жаңартылып, киноның аттары суреттермен безендіріліп, көз тарта қызықтратын болды. Ол кезде киноның дені соғыс туралы, неміс фашистерін совет солдаттары қалай жеңгенін, әсіресе жаяу солдаттардың қоян-қолтық соғысы балаларды еліктіріп жіберетін. Кино тарқағанда балалар ентіктерін баса алмай «мен танкист боламын», «мен летчик боламын», «мен комондир боламын» деп даурығып, шуылдап шығатын. Өздерін ересек санаған жетінші класты бітірушілер аудандық партия комитеті артындағы ылғал топырақтан түйгіштеліп соғылған аумағы екі гектардан асатын шарбақтың ішіндегі жоңышқалық, неше түрлі жеміс ағаштары егілген алқапқа кіріп демалыс жасайды. Әңгімелері оқыған кітап, кинолары жайлы болып қыза-қыза келіп арты қызу пікір таласқа айналып, әркім өзінің геройын мақтап өзіне үлгі тұтады. Осы отырыстың ұйытқысына айналған Бағыс:

- Достарым, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықтысын», Аркадии Гайдардың «Тимур және оның командасы» деген кітабын оқыдыңдар, осы аттас киносын да көрдіңдер.

- Оқыдық, көрдік - деп қоштады достары.

- Оқысаңдар, көрсеңдер, осындай команда құрсақ қайтеді? Бірақ аты да, заты да басқа. «Тимур командасын» мектептің пионер вожатиі мен комсомол комитетіне қалдырайық. Біздер «Жәбірленушілерді құтқару ұйымын» құрайық. Біреудің бір түйір құрты мен бір кәмпиті үшін қорасын тазалап, қиын ойып жүргеніміз жараспас. Қалай қарайсыңдар? Осыған келісесіңдер ме?

- Келістік, келістік – деп еңселерін көтеріп қызыға түсті.

- Келіссеңдер, комсомолдың жарғысындай қысқаша жарғы жазып әкелемін. Соны, талқылап бекітеміз. Біздердің бастарымызды асық ойнаған, доп қуған балалық, тағдырдың тауқыметі, соғыстың әлегі қосты. Асық ойнау қалғалы бері өмірге басқаша қарап, қызығушылығымыз артты. Кітап пен киноның көп әсері болған болар. Комсомол өз жарғысына қалай қатал қараса, бізде солай қаруымыз керек. Уәдеге берік, тілімізге сақ болайық. Біздің «ұйым» екенімізді не істеп, не қойғанымызды ешкім білмейтін болсын, мойындамаңдар. Ішіміздегі әңгіме сыртқа шықпасын. Ортамыздағы үлкендеріміз Әлихан, Әләйдар мен Ескен соғыстың зардабынан оқуға екі жыл кешігіп келгендер. Қалғандарымыз 1937 жылдың түлектеріміз.

Күн ұзарған шақ. Кешегі уәде бойынша Әйтбектің үйінде бас қосатын болып келісілген. Кешкі кинодан кейін үйлеріне қайтқан болып ыдырап әр тараптан бас қосып жиналғанда Әйтбектің шешесі дастархан жасап нан мен шәй беріп демдерін алдырды. Көрген киноларын әңгімелей отырып дастархан жиналып апа сыртқа шығып кеткен кезде Бағыс үш тараудан тұратын үш қағазды алып бірінші тарау - «Ұйымның міндетін» оқып шығып таныстырды. Кешегі айтып берген онбір пункт. Қосып алары жоқ болып, бір ауыздан бекітілді. Екінші тарау - «Ұйымның іс әрекеті» деп аталатын сұраққа жауапты елдің қарызға беріп өндіре алмай жүрген ақшасын өндіріп беруден бастауымыз керек. Бұл Темурдың жұмысы емес, милициның, қала берді, өзіміз оқып жүрген кітаптағы Шерлох Холмстың атқарған жұмысы. Қарыз алу оңай, қайтарып беруге көз қимай, сүйретпелеп жүре береді. Біздің әрекетіміз «қан шығармай бауыздап» ақшаны қайтарту. Басын жармай, көзін шығармай, мұрнын бұзбай, тісін сындырмай алған қарызын иесіне бергізу. Бірінші «жорықты» жақын күндерде бастап сынақтан өтейік. Үшінші тарау – Ұйымның мүшелері жинақталған қордан көмек алуға хұқы бар. Басқа пункт жоқ болғандықтан:

- Біздерге, енді қандай хұқық керек, қағазға түсірейік - деді Бағыс күліп

- Пәле іздеген біреулер елден ақша жинап жүр деп милицияға арызданбай ма?

- Қарыз берген адамнан да, алған адамнан да тілхат алып отырамыз. Аудандық милицияның орынбасры Әбілахат Қыпшақбаев көмектесіп ақыл кеңес беріп отырады. Бүл әңгімені ешкім білмеу керек.

Базарком, шолақ қол Ешмұхамбеттің елде 10 мыңға таяу қарыз ақшасы бар екенін естіген Бағыс сенер сенбесін білмей «бұл неғылған шашылып жатқан көп ақша» деп баласымен таныстығын пайдаланып, үйіне кітап сұрай барып, Ешекеңмен амандасып сөз арасында бәрін білетін адамдай «Сізге көп адамдар базар ақысын уақтылы бермей жүр» деп естіп едік деді Бағыс. Ешекең:

- Сендерге кім айтып жүр? - деп баласынып сенімсіздікпен бетіне қарап алып әкесін жақсы танып, сыйласқандығы себеп болды ма, бір жөткірініп алып:

- Ол қызыл шұнақ Қарасарт ұры, «ұры» демеске амалым жоқ базар сайын 10-15 ірі қараны сойғанын сойып, соймағанын тірідей сатады. Әлімжеттік көрсеткісі келе ме, базар ақысын бермей жұлқынып, өтпеген малын айдап шығып кетеді. Милицияға да айттым, «мал өтпей жатыр, өтсе бәрін қосып бір-ақ төлеймін» деп құтылып кетеді. Базар сайын орындайтын жоспарым бар, оны керек қылмайды.

- Ешеке, бізде «Жәбірленушіні құтқару ұйымы» деген ұйым бар. Жәбірленген адамдарға көмектесумен айналысады. Ертең командамызбен келіп, сізбен ақылдасайық. Жарайма - деді Бағыс.

- Жарайды.

Келесі күні бесін намазын оқып болды-ау деген кешкі мезгілде «Күлтөбе» ауылында тұратын Ешекеңнің үйіне кірмей биік дуалды қорасына кіріп екі-үш орындыққа Манаш, Бағыс, Ешекең отырды да қалғаны қоршалап сөз тыңдап тұрды. Ешекеңнің көрсеткен тізімінен Қарасартқа байланысты қарыздарды айы, күні, жылымен ақ қағазға көшіріп, жазып алған Манаш астына Ешекеңнің қолын қойдырып алды да?

- Қарасартыңыз келіп «ақшаны қайтарды» деген тілхат сұраса бермейсіз, шын қайтарса дауымыз жоқ - деп сөзін нығыздап қойды.

- Бермеген ақшаға қағаз беріп, жынды болдым ба - деп кеңкілдеп бір күліп алды. Жігіттер де қосыла күлді.

Көп ұзатпай Мәлік, Манап, Бақыт, Әләйдар Қарасарттың үйінде екенін анықтап алып үйге кірерде бет перделерін киіп ішке кірді. Әләйдар есік алдында бақылауда қалды. Шошып кеткен Қарасарт:

- Сендер кімсіңдер милиция шақырамын - деп еді жуан дауысты Мәлік.

- Біз «Жәбірленушілерді құтқару ұйымынанбыз» базарком Ешмұханбетке қанша қарызсыз, соны қайтарыңыз!

- Оттамасын, қарыз емеспін - деп баж ете қалды. Манап Ешмұхамбеттің қағазын көрсетіп еді:

- Ол қағазбен көтімді сүрттім деп шіренгенде Мәліктің ауыр жұдырығы қолтықтың астынан тиіп бүк түсіргенде, Манаптың жұдырығы көкжелкеден қонжиды. «Өлтіремісіңдер» деп әйелі шыр ете қалғанда «қарызды қайтарса өлмейді» деп Мәлік «ертең қайта айналып соғамыз, жауабын дайындап қойыңыз» деп Қарасартты тұрғызып кереуетке отырғызды. Қош айтысып шығып кеткенде қараңғылық түсіп біреуді біреу көрмейтіндей болған. Әләйдар үй иесінің әйеліне «біздің келгенімізді милициядан басқа ешкім білмейтін болсын» деп ескертіп кетті.

«Жалмауызға да жан керек екен» дегендей түнімен аһлап-укілеп күрссініп шығып таң атпай Ешмұхамбеттің үйіне келіп:

- Бұның қалай, басына қапшық киген бұзықтарды жіберіп, ұрып-соққызып қарызыңды қайтарайын деп пе едің, «қарыздан құтылды» деген қағаз бер. Бар малымды сатсамда келесі базарда беремін.

- Ондай қағаз бере алмаймын. Берсем өзім таяқ жеймін, - деп Ешмұхамбет азар да безер болды.

Сөз қысқа қайырылып пәтуаға келмей ренжісіп тарқасқан Қарасарт таңғы шәйін пайыз тауып іше алмай, жиған терген ақшасын қимай дөңбекшіп жатып-жатып көшенің бұзықтарынан таяқ жеп жатқанша «беріп құтылайынға» тоқтады. Түс ауа Ешмұхамбетті тауып қарызынан құтылып қолынан тілхатта алмай кетті.

Бұзықтарың енді келсе мен сені бауыздап өлтіремін деп кіжініп кетті.

Ешмұхамбет ақшаны санап алып, брезент плашын асығыс жамыла киіп Манашты ұйықтап жатқан жерінен үйінен тапты. Ол да ақшаны санап алып:

- Ешеке, мынауыңыз көп қой.

- Көп болмайды. Ұрып соғып, алдыма келтіріп кешірім сұратып ақшаны қайтартқандарыңның бағасы бұдан да қымбат. Сендерге Алла разы болсын деп тез бұрылып шығып кетті.

Бұндай көп ақшаны бұрын ұстап көрмеген Манаш кешкі бас қосуды күтіп ақшаны мамасына беріп қойды. «Бұл неғылған ақша» деп қызыққан мамасына да «ешкімге ештеңе айтылмасын» деген уәде есіне түсіп «кейін түсіндіремін» деп құтылды. Кешкісін бір жеті бұрын афишаланып теңіздегі толқынмен қағысып, үстінен асып түсіп келе жатқан жеңіл кеменің алдыңғы басында қара сақалды капитан-комондирі дүрбімен алысқа қарап тұр. «САДКО» деп үлкен жазумен жазылған жазуға көзі түспеген бала жоқ. Қатты қызықтырған суреттің көрермендері шынынла да көп жиналды. Ашық мұхитта үлкен сауда кемелеріне шабуыл жасайтын қарақшы-пираттар осы кеменің комондирінің есімі-Садко. Кино теңізшілердің өмірінен, тіршілігінен жағалаудағы елдермен таныстырады. Қарақшылардың батылдығын қызықты сюжеттермен көрсетіледі. Балаларды еліктіріп «мен сондай болсам» деп желіктіреді. Балалық емес пе «сен Садкосың» деп араларынан батырлар іздейді.

ЖҚҰ-ның кешкі кездесуі Жорабай шалдың жоңышқалығында өтіп киноның әсерін бөлісіп біраз демалғаннан кейін Манаш бес мың ақшаны Ешмұхамбеттің қалай әкеп бергенін, не айтқанын тәптіштеп қайталады.

- Ал енді оны не істейміз - дегенде Бағыс:

- Біз өз ризалығымен берілген ақша қорға түсетінін өткенде келіскенбіз. Ақша тиыннан құралатынын білесіңдер. Түскен ақшаның иесі (жауапкер) Манаш, Алихан, Ескен болған. Ақша Манаштың атында Жинақ кассада сақталады. Тұңғыш «жорығымыз» олжалы болғандықтан бір ұсыныс айтайын

- Ертең Әләйдар мен Әйтбекке бір-бір костюм, ботинка, төсек орындарын жаңғыртып берейік. Қалғанын салып қояйық.

Үш «Қаржыгер» екі костюм, көйлек, ботинка төсектеріне ақжайма алып беріп екі достың ризалықтарын алды.

Оқу жылы жақсы аяқталып 7«А» класынан Манаш, Бағыс, Фатима екі жағында Ленин мен Сталиннің суреті бар қызыл грамотамен марапатталды. Аудан көлеміне белгілі футбол шеберлері жетінші «А» класының атағын дүрілдетіп тұрған Әлихан мен Сағатты бірін Пеле, бірін Стрельцов деп мақтан тұтатындарын адақтап «спорттағы шеберлігі үшін» грмотасы тапсырылды. Демалысқа шығысымен Сағат, Бағыс, Әләйдар жалданып Шаянның саз балшығынан кесек құюмен айналысты. Бір кесек 1,00 сом күніне 500-600 кесек құйылады. Бағысқа әкесі көмектесіп, топырағын қопсытып, су құйып бөктіріп кетеді. Бағыс таң алакөбеңнен келіп 1000 кесекті кешкі 5-6 дейін емін еркін шығарса әкесі мал аяғына бастырмай қорып жүріп, күрекпен босатылған топыраққа су құйып дайындайды. Күніне 1000 сом табыс тапқан баласының қасынан шыққысы келмей түскі тамағын әкеліп жұмысқа деген ынтасын арттырып дағдыланған.

Ұйым мүшелерінің кешкі табысар жері клуб маңы. Киноға белет алып жоңышқалыққа кірген «Ұйым» мүшелері сырт көзге түсіп, ел ауызында, оқушылар арасында ұзын сонар әңгімеге айналып «бұларға басқалар неге қосылмайды», «бір кісіден таяқ жемейтін адамды кім ұрып соққан» деген жұмбақтың шешуі табылмай гулеп жүрген-ді. Ешмұхамбет те, Қарасарт та жарытып ештеңе айтпайды. «Өтті, кетті қойыңдардан» басқа сөз жармайды. Милиция басшылығы «бізге ондай арыз түскен жоқ» деп құтылады. Әйтбек, Бекет, Жакен үшеуі айналдырған екі айдың ішінде төрт «жорықтан» күш жұмсамай, тілге көндіріп 10-15 адам алатын зейнетақыны (ол кезде зейнетақы 45 сом) қорға түсіргенін Манаш жария етіп хабарлады. Бұны жақсылыққа жорып үн-түнсіз беделіміздің артып келе жатқаны деп бағалады. «Ұйым» мүшелерінің ләжі болса қол жұмсамай сөзбен табыстыруды, басты қару етіп жүрді. Оқу кезінде «Ұйым» мүшелерін ешкім іздеп, мазаламас үшін бөгде адамды «мал тапқыш» Көпбай шалды ішке тартып тыңшы ретінде пайдалануға келісті. Ол кімнің кімде есесі кетіп жүргендерді жақсы білетін. Сенім артқан соң ширай түсері анық. Бірақ оны ұйымның бас қосуына қатыстырмай, Бағыспен жеке кездесіп тұратын болды.

«Садко» деген киноны көргелі Әйтбектен маза кетіп «біздің Бағыс-нағыз Садко ғой» деп Манаш, Әлихан, Ескен де, басқалармен де ой бөлісіп жүрді. Бүгін ойын сыртқа шығарып тосыннан:

- Мен бір ұсыныс айтайын. Ел басшысыз болмайды дегендей «Ұйым» да басшысыз болмайды. Басшы қосшысыз болмайды. Біз қосшы болсақ Бағыс басшымыз болсын. Аты Садко болсын. Ұйымдасқанымызға бір жылдан асты. «Ұйымның» жұмысы Садко командасының жұмысына пара пар. Олар байлардың дүниесін барымталаса, біздер озбырлардың жәбірленушісін құтқарудамыз. Ұқсастық бар. Аты Садко болсын деп оң қолын жоғары көтерді. Отырғандар қолдарын қалай көтергендерін де білмей қалды. Еріксіз басын шайқап жымиған Бағыс достарының ұсынысына не дерін білмей «бізге Садко болудай қайда» деп достарының сөзін тыңдап күтіп отырды да:

- Менің атым Бағыс. Барыс десеңдер бір жөн. Екеуі ұқсас. Садко деген ұқсаспайды да, ұқсамайды да. Сөзге араласқан «Ұйымның» ең үлкені Әлихан:

- Жарайды. Ұқсасын, ұқсамасын қол көтеріп қойдық. Садко боласың, құтты болсын - деп еріксіз келісімін алып көңілдері мол күлкіге бөленіп, құлаққа сіңіссін дегендей «Садко, Садко» деп бірнеше рет қайталап барып тоқтады.

- Ақыры өзгерткен екенсіңдер бәріңде өзгертіңдер. Жеңіл айтылатын қысқа есім болғаны дұрыс. Қысылтаяң жерде болмаса, менің атымды «Садко» деудің қажеті жоқ. Жігіттерге ат қою Манашқа тапсырылды.

Көпбай тыңшы бірінің артынан бірі үш «жорық» тауып қойыпты. Алық беріктің азы көбіне қарамай «қайтарып берем» деген уәдесінен 1-2 ай асса, қатал ескертумен алдынан өтсе, бастарындағы тазкепеш-ақ (шлем) жүректерін ойнатып шыға келетін көрінеді. Тазкепеш кигендердің кім екенін білмекке әрекет жасағандар таяқ жеп тынышталып, үндерін шығармаса да «пәленше ала алмай жүрген ақшасын алыпты», «ақшамды бермей жүр» деп Сәлима да қарызға берген ақшасы көктен түскендей байып шыға келгенін, көршілері ауызының суы құрып айтады. «Қалай алдың» деп сұраса жұмған ауызын ашпайды. «Өзі әкелді» деп жөнін айтпайды. Гуілдеген өсектер осылайша отыз тістен шыға алмай тұншығып қалып жүрді. Шаян ауылының Жүзімдік жақ шетінде тұраты Байғабыл шалдың бес жылқысы бірдей қолды болғанына бір жылдан асқан екен. Айдап кеткен «ұрыны» да көрген адамдар бар, бірақ мойындамайды. Ізіне түсіп індетіп іздесе «Қызыларық» ауылынынан бес жылқының Созаққа аттандырылайын деп түрған жерінен хабары шықты. Байғабыл шал атпен іздеп барып жылқылары Байғабылды танып шұрқырап кісінеп қоя береді. Көзінен жас шығып жылап жіберген Байғабыл жергілікті ауылсоветке барып сөзін сөйлер адам таппады. Жылқыға иелік жасап жүрген кісі де табылмайды. Қамауда тұрған жылқыларын күзетіп қалғып мүлгіп отырғанда түн ортасы ауа екі-үш адам келіп қораның есігін ашып кірді. Қалтасындағы бәкісін ашып, неде болса пышақтасып өлмек болып алдарынан қарсы кездеседі. Адам бар деп ойламаған Қыздарбек, өзінің көршісі Байғабыл шалды танымай қалады. Не айтып, не қоярын білмей қатты сасқан Қыздарбек: «Созаққа апаратын мал еді, таң атпай шығып кетейін» - деп келгендерін айтып салды.

Мал ашуы жан ашуы деген Байғабыл шал Қыздарбектің жағасынан ала түсіп бауыздап жібергісі-ақ келді. Үшеудің аты үшеу емес пе, Байғабыл шалдың өзінің қол аяғын байлап тастады. Екі жігіт басын шүберекпен орап машинаға мінгізіп, алдыңғы бұрышқа жүресінен отырғызып қойды. Малды салып алып қыр асып, күн көзі найза бойы көтерілгенде машианы тоқтатып Байғабыл шалды түсіріп

- Малыңды танисың ба? Қандай ені, белгілері бар?

- Қыздарбек қайда?

- Ол кім? Ондай адам жоқ, - деп зекіріп малыңды танымайтын болсаң осы жерде қалырамыз. Біз Арқаның ұрыларымыз.

Айқай шумен екі жігітке әлі келмейтінін білген Байғабыл Қыздарбектің ауылда қалғанын місе тұтып «ісім сенімен түссін» деп ұры жігіттерге:

- Малды сойып жібермеңдер, айналайын деп жалынып, тірі жүрсем Қыздарбектің бұтын бұт, қолын қол қылып бауыздаймын. Бауыздалмаса сендерді іздеп табады.

Шалдың сөзінен секем алған ұрылар жылқыларды өздерінің сенімді адамдарына тапсырып әліптің артын бағып Шаян ауылынан тың тыңдап жүрді. Байғабыл шал елден естіген әңгімесімен Ешмұхамбетті іздеп тауып, үйінен шықпай, «Қарасарттан ақшаңды алып берген адамдармен таныстыр» мына Қыздарбектің қорлығы өтті. Сұрағандарын берейін деп жалынып етін жеп, шәйін ішіп жұмысынан қалдырып мазасын алған соң, кешкі қараңғылықта Манаштың үйіне алып барды. Байғабыл шал бәрін түсіндіріп болып:

- Шырағым, көмектесіңдер. Әбден қанымды қарайтты.

- Бізде оқу басталып кетті. Милицияға арызданыңыз.

- Милиция құрсын, шырағым. Олар 2-3 күн қамап шығарып жібереді, Сот соттаса 3-4 жыл берер, одан менің жылқым өнбейді. Ал маған жылқы қымбат.

- Қазір оқу кезі ғой. Жігіттермен ақылдасып көрейін, сенбі күні келіңіз.

Тағатсыз күткен сенбі күні Ешмұхамбетті ертіп тағы келді. Болған істі баяндап жаздырып алған соң:

- Ұрымен сіз сөйлесесіз, дәлелдеп мойынына қойып бере алсаңыз, әрі қарай біз сөйлесеміз, келістік пе?

- Келіскенде қандай! Әнеукүні «Қызыларықта» мойындататын едім, екі сыбайласы құтқарып қашырып жіберді. Содан бері қолыма түспей жүр, шырағым.

Өзара келіскен «Ұйым» мүшелері соғыс киноларынан естіген жаргонмен бұл «оперцияны» октябрь мерекесіндегі каникулда өткізуге келісті. «Бір сыбыс шығармай» өткізуге Әйтбекті бас етіп Жакен, Бақыт, Манш пен Сағатты қосты. Алдын ала іс қимылды бағдарлау Әйтбекке тапсырылып, үйді бос ұстап, апасын «Тұрмыс» колхозындағы жекжаттарына 3-4 күнге қонаққа жіберу ескерілді. Өздеріміз қыздармен бас қосып «бастаңғы» өткіземіз деген сылтау айтылатын болды. Оқушылар арасында, ел ортсында «Ұйым» туралы өсек аяңның болмауы, милиция тарапынан да әңгіменің шықпауы Әбілахат Қыпшақбевтың арқасы екенін түсінікті еді. Аңда саңда кездесіп қалған жағдайда «Қалдарың қалай, балалар» деуден артыққа бармайды, қазымырланып ештеңе сұрамайды.

Шаян өңірінің ызғырық желі биыл ерте басталып әйгілі «арыстанды-қарабас» қарашаның басынан соққаннан үздіге соғып, кейде қара суыққа ұласып желтоқсанның қысын қарлы борандатып жеткізді. Қыстың ерте түсетінін күтпеген ел бес жыл соғыстың зардабынан шығынға ұшырап, тұяқсыз қалғандар, енді малданып келе жатқанда ерте түскен суық қатты састырды. Жаздың ыстық аптабы, жаңбырсыз құрғақшылығынан қырдың шөбі сартап болып, ерте қурап, жем шөп дайындай алмағандар алашапқнға түсті. Малсақ шал-шауқандар жиған терген шөптерін үнемдеп, қораларын қымтап әлде қалай қыстың аяғы 1951-52 жылғы қатты қыс естерінен кетпегендер Арқа қысындай созылып кетсе, күніміз не болады деп белдерін қатаң буған-ды. Балаларының қысқы киімінің өзі жоқшылықтың зардабынан арыла қоймаған ата-аналарды әуре- сарсаңға салып кіші баласы үлкенінің ескісін жамап-жасқап бүтіндеп кисе, көрші-қолаң, ағайын туыстан ауысқан киімдермен бой жылытып, оқуларын жалғастырды.

1951 жылы комсомолға қабылданғандардың ішінен комсомолдың жалпы жиналысында әдебиет пәнінің мұғалімі, мектептің оқу ісінің меңгерушісі Әмзе Сариевтің ұсынуымен Бағыс Жамбин комсомол комитетінің органы «Коммунизм ұрпақтары» газетінің редакторы болып сайланды. Бағысты таныстыруда мақала, өлеңдері аудандық газетте жиі басылып тұратындығын тілге тиек етіп, әдебиеттен шығарма жаздырғанда, тек еркін тақырыпқа жазып дағдыланғандығын, дарыны ашылып, таланты ұшталып келе жатқан жас жазушы деп мақтаған-ды. Сол Бағыс 1953-ші жылы 7-ші ноябрде «Оқушылар мен мұғалімдердің арасындағы алтын көпір» деген тұңғыш очеркінің басты кейіпкері етіп Әмзе Сариевті жазып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұғалімдер ұжымынан әділетті бағасын алып, сыпайы сынды көтерген жас мұғалімдерден де жақсы тілектер естіп, марқайып қалған Бағыстың беделі арта түсті.

Әйтбек өз жұмысын тындырып, каникул кезінде қаннен қаперсіз жүрген Қыздарбекті аңдып жүріп, есігінің алдынан дайындап әкелген кенеп қапты басына кигізіп жетектеп алып кетті. Қорыққанан дыбыс шығаруға да мұршасы келмеді. Сезгені сүйрелеп келе жатқан адамдардың көп екені, дауысы естілмесе де Байғабыл шалдың жұмысы екенін пайымдап келеді. Бір сағатқа таяу жүріп келіп үш жерінен ұстап көтеріп әкетіп, тағы 10 мүйнеттей жүріп үйге кіргендей болғанын байқады. Бір адамнан дыбыс шықпай шам жағылғанда, Байғабыл шалдың дауысы шығып:

- Әй, Қыздарбек! Өлер жеріңе келдің. Бес жылқы үшін әуелі сен өлесің. Сенің құныңды арқалап мен кетемін.

- Сенің жылқыңды мен алғаным жоқ. Алған адамдарды көрдің. Өзің тауып ал. Менде не әкеңнің құны қалды, – деп әрі-бері бұлқынып қаптан босана алмай тынышталды.

- Жүзімдіктң жолында жүрген жылқыны «Қызыларыққа» айдап апарып берген сенсің. Мал ашуымен бауыздап жіберетін жерден құтқарған сенің алымсақтарың. Енді құтыла алмайсың, - деп кіжініп отырған Байғабыл шалды тұрғызып далаға шығарып үйіне қайтарды. Жауап алуға кіріскен Әйтбек, Жакеннің сөздері қысқа болып «жылқыны қайтарасыз ба, жоқ әлде осылай жатасыз ба?» болды. «Сендер кімсіңдер?» деген сұрағына «екі үш күн осылай жатасыз, сонан кейін милицияға тапсырамыз» олар аяғыңа қақпан салады, шыныңызды жылап отырып айтасыз деген жауап алып әрі-сәрі ойға қалған Қыздарбек көп уақыт үнсіз қалды. Далаға шығып кеткен Әйтбектер өзара ақылдасып серіктерін үйіне қайтрып Жакен екеуі күзетте қалды. Ұйқыларын қандырып Бақыт пен Сағат келді.

- Бастық қақпан беріп жіберді, - деп жатқан адамға естіртіп дауысын шығара айтты. - Аяқ киімін шеш бір аяғына салып көрейік, не айтар екен, естиік, - деп Әйтбек бақайларын кесіп кетпесін деп шүберек орап салған қақпанның дауысымен бірге Қыздарбектің жан дауысы шықты. Екінші аяғын шеш дегенде «ойбай, шешпе. Байғабылды шақырыңдар. Жылқысын қайтарамын. Қақпандарыңды алыңдар». «Милицяға барғыңыз келмей, оңай құтылғыңыз келген екен» деп қақпанды алды.

- Қолымды шешіп, басымды босатыңдар.

- Ол әлі ерте, - деді Әйтбек.

Екінші күні түсте Байғабылдың үйіне келген Қыздарбектің әйелі:

- Шалымды қайда құрттың, - деп бажылдады.

- Менің атымды мініп «Қызыларыққа» кетті. Жылқыңды айдап келемін деді.

- Байқұс, баяғыдан бері сөйтпей ме, - деп бұрылып шығып кетті. Байғабыл апыл-ғұпыл шәйін ішіп бұл жаңалықты Әйтбекке жеткізуге асықты.

Қыздарбектің қолын босатып бір кесе су беріп, бос қолын ішінде қалдырып қолтығынан төмен қаптың ауызын қатты тартып байлап тастады. Байғабыл шалдың келуімен, екеуін тілдестіріп жылқыны қалай жеткізіп беретініне уәделестірді.

- Айналайын Байғабыл ағатай, басымдағыны шештірт. Жасаған ұят ісім үшін соғымыңа бір семіз ту бие берейін.

- Шештіру менің қолымнан келмейді. Жігіттер бастықтарына кетті білем. Сені қарауылдауды маған тапсырды.

- Мені милицияға өткізіп жібермесін. Мына жерден шықсақ екеуміз екі атқа мініп, алты жылқыны бірақ айдап келеміз. Кешір ағатай, менің ұят ісімді? Екінші қайтып алдыңды кесіп өтпейін.

Әйтбектер кешкі қараңғылықта бір-ақ оралды. Байғабылмен далада оңаша сөйлесіп болған соң Қыздарбекті екі жағынан сүйемелдеп тұрғызып, үш жігіт тағы да, үш жерінен ұстап көтеріп, жарты сағатта үйіне бұрылатын жолдан тоқтап аяғымен жүргізді. Бұл қайдан шығып, қайда келгенін білдірмейтін әдіс еді. Қорасының ішіне кіргізіп, басындағы кенеп қапты алып жиырма мүйнеттен кейін шығасың деп ескертті. Қараңғыда басы айналып құлап, екі сағаттай жатып, әйеліне не айтарын ойланып, басын қайта-қайта соққылап орынынан әрең тұрды. Сипалап жүріп есікті тауып сыртқа шықса дала тастай қараңғы. Терезеден жарық көрінбей тоқылдатып жүріп есікті аштырды.

Өмір көрген, өмірде өз жолы бар кешегі Бағыстың әкесі, бүгінгі Садконың көкесі алпыс жастан асқан Жамбының ой толғамы көбейіп, күрсінуі жиілей бастаған. Желтоқсан айының соңына қарай қарлы борасын үдеп, даладағы қимыл азайған. Пештің түбінен шықпай қиялдың қызығына батып өзімен өзі болып жатқанда кемпірі есіктен сампылдай кіріп «әй, отағасы жаңадан совхоз ашылатын болыпты, соған орыстар көшіп келіп жатқан көрінеді» деп көршінің үйінен естіген жаңалығын шалына айтқанда «әй, татымай жүрші, сен-ақ бірдеңені естіп жүреді екенсің, осы боранда есі дұрыс ел көшеме» деп жастығын түзеп екінші жағына қисайғанда кемпірі:

- Сенбесең, далаға шығып жолға қарашы, - деп бөксесінен тартып, тұрғызғысы келіп еді оған ырық бермеді. Қызық қиялдарын бұзып жіберді ме, ренжіген кейіп танытып:

- Татисың да жүресің. Бар, сен де көшіп бар. Маза берші өзің, - деп кейіп тастағанына қарамай:

- Несі бар көшсек, көшіп барамыз, - деп қитығына тиіп сыртқа шығып кетті.

Жамбы ақсақал Николай заманының дәмін татып, Сталин заманының бейнетін тартып «Маленков берген байталды, Құрекең (Хрущев) келіп қайта алғанын көріп қартайды. Құрекең «уақытша» деген уәдемен ет пен май, сүтті қымбаттатып, далаңды астыққа, тоғайыңды жүгеріге толтырамын, - деп дырдулатты.

Кешкі мал жайлауға шыққан Жамбы ақсақалдың көзі Жүзімдіктің жолына еріксіз түсті. Кемпірі айтқалы бері қанша машина өткенін кім білсін, мына ағаш артқан, вагон сүйреткен машиналарды санап болмайды. 1954-ші жыл «тың көтеру-дүрбелең жылы» боларына көзі жетіп, жарық барда малдарын жылы қораға қамап, күні бойы азын аулақ шашқан шөптің кәшегін жинап үйге кіргені сол еді баласының жолдасы Манаш келіп сәлемдесті. Түрегеп тұрып шаруасын айтып:

- Байғабыл құрдасыңызға ақша жинап беріп соғым сатып алдырдық. Соны осында сойдырсақ ұрыспайсыз ба?

- Ыстық сорпа ішкенге қуанбаймыз ба, - деп күлдірді.

- Базар күні ертелеп барып түскен жылқының семізін таңдап саудалсып алды да Жамбы ақсақалдың жел соқпайтын жылы қорасында сойып он екі жілікке бөліп қойды. Алдын ала келген Әлихан ақ қағазға достарының атын жазып он екінші адамды «Шал» деп белгілеп, жереби тастады. Еттің сәнін кіргізіп тұрған алақаннан жалпақ қазыдан жанарын аудара алмай тұрған Әлихан:

- Мына қазы біздің түсімізге кірмеген қазы ғой, - деп таңданғанда Байғабыл ақсақал:

- Несібелерің жоғары болады екен, балалар. Бұйыртып жегізсін, Әумин! - деп екі шал бетін сипады. Онекінші жіліктегі «Шал» деген қағазды оқып «қай шал алады» дегенде Байғабыл ақсақал:

- Жамбы ақсақал алады. Бұ кісідей мал сойғыш, еттің салмағын көзбен өлшеп, жіліктегіш адамды көргенім жоқ. Мен, мал иесімін, қуырдағынан ауыз тиемін, жетеді, - деп бас тартты. Түс ауа келген қайнысының достарына «Қыстаубайдың қызы» мойын еттен мол турап, атасы берген сүйекті еттерді қосып бір қазан «су қуырдақты» бөктіріп қойған. Үлкен кісілерге бөлек табаққа салып дәу шара қуырдақты жастардың дастарханына қойып, көмбеш нан турап, бір-бір тарелка, қасық берді. Семіз қуырдаққа тойған жастар екі шалдың батасын алып тарқады.

Ауылдың іргесінде құрылған совхозға жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімін беріп, аудан басшылары жаңа клубта салтанатты жиналыс өткізді. Совхоз директоры әскери киім киген полковник, төсі толған орден, кеуделі де нардай жігіт ағасы екен. Ауданның бірінші басшысы қысқаша сөз сөйлеп, жиналысты ашты да жаңа құрылған совхоздың деректірі - Альберт Денисович Живков деп таныстырып өмірбаянын, соғыстағы ерлігін айтып, қанша орденмен марапатталғанын тізбектеп шықты. Совхоз үй құрлыстарынан басқа алпыс мың гектар жерге, жоғары сортты ақ егіс егіп, өнімін Отан қамбасына құяды деп тоқтады да Альберт Денисовичтің өзіне сөз берді.

- Асалаумағаләкүм, қазақ ағайындар! - деп сөзін бастағанда залдағы қазақтар ду қол шапалақтады. Қолын көтеріп басу айтқан полковник сөзін орысша жалғастырып:

- Мен Курск түбіндегі соғыста дивизия басқарған адаммын. Бізде бір рота қазақтар болды. Батыр халық. Қонақжай халық. Мен өзім Болгарияда туып өстім. Ұлтым болгар. Мен үшін қазақша үйрену жеңіл, орыстар үшін де оңай, - деп өзін таныстырып совхоздың алдында тұрған міндеттерге тоқталып жұмысшы күшінің жетіспейтіндігін, қазақтар жұмысқа келсе жеңілдікпен қабылдайтындығын түсіндірді. Қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап беріп ризашылықтарын алды. Салтанатты жиналыстан соң көркем өнерпаздардың шағын концертін берді. «Жамбыл» совхозынан келгендердің арасынан жақсы әнші орыс қыздар табылып, клубтың деректірі, әрі режиссоры Көпжасар Момышовтың баянды құйқылжыта ойнатқан сүйемелдеуімен бірнеше әндер орындалды. Орыстың жастары орыстығын жасап танцы-би ұйымдастырып кино жайына қалды.

Демалыс сайын екі машинамен, кейде үш машинамен келіп танцы-би ұйымдастыруды әдетке айналдырып он жасар балаларды «киш-киш» деп қуалап ішке кіргізбей клубтың айналасына топырлатып, үлкендерін «черно жопа» деп артынан теуіп жылатып жіберіп намысқа тиді. Аудан басшылары ата-аналардың арызын тыңдамады. «Тың көтеріп астық өндіруге келген жастар ғой, өздеріне клуб салып алған соң келмейді, шыдаңдар» деп жұбатып шығарып салады.

Ауыл адамдарының, оқушылардың реніш ызасын байқаған «Ұйым» мүшелері Әйтбектің үйінде бас қосып бұл «Жамбылдықтардан» қалай құтылудың жолын іздеді. Көпжасар ағаны тыңдайтын түрлері жоқ екенін байқады. Біздер түрмеден келгендерміз деп, күш көрсетіп, қорқытатынын біліп жүрді. Наурыз айы кіріп, күн ұзарып көктемнің жайма шуағы көбейіп көңіл сергіп елдің серуендеуі жиіледі.

- Жігіттер - деді Садко - жасырын «Ұйым» құрдық, жаман атымыз шыққан жоқ. Енді Манаш қойған есімдермен ашық айқасқа шығып танылудың реті келіп тұр. Ол Жамбылдықтармен жан аяспас төбелес. Ол үшін елді құлақтандырып, мектептің жоғары класстарынан жігіттер қатыстыру керек, мұғалімдер де білсін. Төбелесті Әйтбек ұйымдастырып «киш-киш», «черно жопа» деп жүрген орысқа бір баланы айдап салады. Ол баланы ұрған кезде Әйтбек да қарап тұрмай арашаға түседі. Бәріміз бірден кіріспей біртіндеп араласқанымыз дұрыс. Олар көп болғанмен бізді қолдаушылр да аз болмас. Баласы таяқ жеп, жылап жатқан кезде кім шыдап тұрар. Төбелес қызған кезде өз заңын өзі табады, - деп тоқтады.

Ауыл адамдары не төбелес, не үшін төбелес, кіммен кім төбелеседі деп түсіне алмай бірінен-бірі сұрағанмен ештеңенің ұшығына жете алмады. Бесінші наурыз күні кешкі киноның қарсаңында үш «Судовекр» машинасының ұзын қорабы толған «Жамбылдықтар» әкесінің үйіне келгендей клубтың артына келіп тоқтап үстінен бір-бір қыз, бір-бір жігіт дегендей 40-50 адам түсті. Оркестр аспаптарын арқалап, ішке кіргендер орындықтарды қабырғаға жайғастырса, тәртіпке жауап беретіндері киноға келген балалаларды «киш-киштап» қуып ішке кіргізбей әлекке түсті. Киноға келдік деп, сыртта көп жастар жиналып «орыстан басқалар би билемейме», ішке кіріп «тым боласа билегендерін көрейік» дегендерге де ұлықсат болмады. Осы кезде қатты жылаған баланың дауысы шықты. «Неге ұрасың» деген Батконың да дауысы қосарлана шыққанда Манаптың шоқпардай жұдырығы баланы ұрған орыстың құлақ шекесіне тиді. Қашып құтылуға жер таппай аяқ астына құлағанда тепкілемеген бала қалмады. Іштегі танцы-би тоқтап, бәрі сыртқа қарай ытырылды. Бұл кезде ымырт түсіп қараңғылық қоюлана бастаған. Есіктің маңдайшасындағы жалғыз лампочка да көмескіленіп жарығы ұзамайды, соданда ма, төбелес қыза түсіп, шегарасы кеңіді. Есіктің тақ ауызында бақылаушы болып келген Қасымбек пен Асхат мұғалім орыстарды тыныштандырамыз деп жүргенде есіктің арғы жағынан қолын созып ұрғыштап жатқандар көрінді. Ұрған олай емес былай» деп екеу үшеуін есіктің алдындағылардың алдына құлатып берді. Ортаға енді кірген орыс тілі мұғалімі Тұрсынбектің жағасына жармасып, түйгіштей бастаған орыстың жон арқасына Садко қайыс белдіктің қорғасын құйылған бляхасын отырғызғанда орыстың басы салбырап, Тұрсынбектің аяғына құлады. Іщтегі орыстар төбелеске араласқан кезде Сағат пен Бақыт, Жакен мен Мәлік жас балаларды шетке шығарып қоянқолтық айқасқа кіріскен. Қаша төбелескен орыстардың құлағаны бірі аяғын құшақтап, бірі іскен көз, жарылған басын сипап жиырмашақты орыс істен шыққан кезде бір топ милиция келді. Жігіттер тым тырақай қашып қуыс-қуысқа ұзап кетті. Бағыс беліндегі белдікті бір танысына беріп мектептің белсендісі ретінде Қасымбек, Тұрсынбектің қасында төбелестің неден шыққанын тексерісіп, орыстардың балаларды «киш-киш», «черно жопа» деп айтқанын растап протоколға қол қойды. Келген 7-8 милиция «Жамбылдықтарды» түгелдеп, машиналарына мінгізіп ауылдарына қайтарды.

Мектеп деректірі Нұрақыметов Құттымбет оқиғаның ізін суытпай бақылаушы болып, төбелеске қатысқан үш мұғалімдерден жауап алып оқушылардан кімнің қатысқанын тексерді. Тұрсынбек мұғалім деректір қатты кете қоймас деген оймен мектептің бетке ұстап отырған үш белсеендісі Бағыс, Сағат, Әлиханға қосып 9-10 класстың оқушылрын да атады.

- Аталғандардың барлығын сабақ аяғында маған алып келіңлер, - деп тапсырма берді деректір. Сабақ аяғында мұғалімдер кабинетін толтырған оқушылар сұрақ жауап алғанда «біз барсақ клубқа кіргізбей 3-4-ші класстың балаларын «киш-киш», деп қуып жүргенін көрдік. Кішкентай баланың жылаған дауысы шыққанда, бір үлкен кісі баланы ұрған орысты «неге ұрасың» деп шапалақпен тартып жіберді, төбелес содан шықты деді.

- Жақсы, Бағыс сен айтшы, саған сенем, - деп артта тұрған Бағысты алға шығарды.

- Ағай, маған сенсеңіз, - деді Бағыс - бұл «Жамбылдықтар» клуб қызметкерлерін әбден басынып алған, бір айға жуықтады сенбі, жексенбі күндері оркестрлерін арқалап келіп біздерді клубқа жолатпайды. Сіз айтқандай бастары жарылып, қолдары сынса оқушыларда да ондай жарақат болар еді. «Черно жопо» деген сөзге намыстанып төбелескендер сырттың жігіттері, біздер арашаладық, кішкентайларды қорғадық протоколға шындықты жаздырып қол қойдым, - деп сөзін аяқтады. Әрі қарай сөзін жалғаған Қасымбек мұғалім

- Орыстардың өздері кінәлі, балаларды балағаттап ұрыс керіс күшейіп бара жатқан соң есікті жауып, іштегілерді шығармай тұрдым. Арттағы есікті сындырып шығып төбелес күшейіп кетті. Мен танымайтын сойталдай-сойталдай жігіттер «балаларға кино көрсетпей клубын неге тартып алады» деп орыстарды топалаң тиген қойдай домалатып тепкіледі. Бастары жарылып құтылса жеңіл құтылған екен, бірін бірі өлтіре ме деп ойлап оқушыларды Асхат, Тұрсынбек үшеуміз тратуарға шығарып, үйіне қайтардық, - деп түсіндірді. Екінші қайтып оқушылардың түнгі киноға баруына тиым салынып, кезекші қоюға нұсқау берілді. Жиналыстан соң Тұрсынбек мұғалім Бағысты бос классқа апарып, жеке сөйлесіп отырып клубтағы төбелесте жағасынан ұстап ұрмақ болған орыстан арашалап, белдікпен ұрып сұлатқанына рақымет айтты.

- Бізде бала болғанбыз - деп жалғастырды сөзін мұғалім Шымкентте өскенбіз. Қорғасын зауытында токарь болып жұмыс жасайтын Маймақ деген жігіт болды. Шымкентті ашса алақанында, жұмса жұдырында ұстады. Шын атын білмедік. Қаланы аудан ауданға бөлген 10-15 тен жігіттері болды. бір орыс, бір шешен бас көтере алмады. Сырттың бандиттерін қалаға кіргізбей темір тәртіп орнатты. Кейін технология институтына оқуға түсіп, бітіріп хабарсыз кетті. Бағыс жақ ашпады. Сенің атыңның орысшасын білдім. Артыңнан келіп ұрмақ болған орысты «Садко артыңда...» дегенше болмай, аяғыңмен шиырылып соққанда аяқ құлақ шекеден тиді ме, жоқ жақтан тиді ме орыс екі аунап түсіп басын көтермей жатқанда жамбасынан тиген белдіктің басы одан сайын тұқыртты. Аяғыңмен жақсы жұмыс істейді екенсің. Сабо, Жако, Бако деген есімдер естілді, олар кімдер? Айта бер, жасырма. Деректір мен завуч сені қалай жақсы көрсе, менде солай жақсы көрем. Ешкімге айтылмайды, - деп столдың үстіндегі көлденең жатқан Бағыстың қолын қыса ұстап, шын пейілмен сұрап отырғанын сездірді.

- Ағай, Сабомыз - Сағат, Жакомыз - Жакен, Бакомыз - Бақыт.

- Есімдерің грузиндерге ұқсайды. Қайдан тауып алып жүрсіңдер? Сенің атың тіпті ұқсамайды.

- «Садко» деген киноның геройы көрінеді.

- Ол киноны көргем. Саған мықты келеді. Сендерді ұйымдастырып, ат қойып жүрген кім?

- Манаш.

- Оның орысша аты кім?

- Мано. Мұғалім күліп жіберді. Басқы буындарына «О»-ны қоса беріпті. Мұнда да бір білгірлік бар. Бірін бірі шақырғанда жуан дауысты қос әріптен дауыс қатты шығады. «Не зря отличник» деп орысшалап жіберді де орынынан тұрып: - Сені рақымет айтқалы шақырдым. Әңгімеміз осы жерде қалсын, - деп бұрынырақ шығып кетті.

Әйелдер мерекесі аудан басшыларының қатысуымен, мектеп оқушыларының қызықты концертімен өтті. «Жамбылдықтар» уақытша болса да келгенді қойды. «Ұйым» мүшелері күннің салқындығына байланысты Әйтбектің үйінде бас қосып, өткен іске талдау жасады. «Төбелестің» өте сәтті өткенін, дене жарақатын алмай аман-есен тарқағанын үлкен жетістікке санады. Бағыс өзінің милициялар жасаған протоколға Тұрсынбек, Қасымбек мұғалім үшеуі қол қойғанын, «төбелесті бастаған орыстар» екені жазылғанын жеткізді. Өз клубымызға өзіміз ие болған сияқтымыз. Тұрсынбек ағайдың өзімен жеке сөйлескенін айтып:

- Біздердің жасырын аттарымызды біліп алыпты. Оқасы жоқ, бізбен ниеттес адам көрінеді. Жағасынан ұстап ұрмақ болып жүрген орысты жон арқасынан белдікпен отырғызып құлатқаныма рақымет айтып, біраз сөйлесіп сырластық. Орысша есімдеріміздің кімдер екенін сұрап «грузин болып кеткенсіңдер ме» деп күлді. Ойлап тапқанның кім екеніне қызықты. Манаш дедім.

- Өз аты қандай - деді

- Мано - дедім. Шек сілесі қатып күлген мұғалім «не зря отличнк» деп тағы күлді.

- Неге күлдіңіз - дедім түсінбей.

- Аттарың да әдемі, жарасып тұр деді.

Әйтбектің хабарлауынша үш талапкердің қағазы бар екен оны қарап, анықтап не жасау керегін ойланып көктемгі демалысқа қалдырайық деп тарқасты.

Әйелдер мейрамын өткізісімен көп ұзамай су жаңа Газ-69 машинасы мектептің алдына келіп тоқтады. Ішінен үш адам түсті. Алдыңғы келе жатқан Альберт Денисович Живков екенін терезеден көріп таныған деректір Құттымбет қасындағыларды ертіп алдынан шықты. Жылы амандасып парторг, рабочком үшеуін кабинетіне кіргізіп келген шаруаларымен танысып болған соң мектептің военругі Қараходжаевты шақыртып таңертеңгі оқитын 8-9-10-шы класстарды каридорға қатарға тұрғызуға тапсырма берілді. Терезенің алдына үш қатармен тұрғызылған оқушылардың алдына мектеп деректірі бастаған төрт адам, артынан қоршалай мұғалімдер тұрды. Мектеп деректірі жаңа құрылған совхоздың деректірін таныстырып, аты жөнін айтып, сендермен танысуға келді деп сөз берді.

- Жолдастар - деп бастады сөзін әскери үлгімен. - Ауылдарыңның клубында біздің совхоздың жұмысшыларымен төбелес өткені белгілі. Мен сендерді кінәлаудан аулақпын. Олар арасында түрме көрген бұзақылары бар, тәртіп бұзғаны рас. Сол үшін сазайын тартты. Біреуінің аяғы сынып, екеуінің қолы сынып жұмысқа шықпай отыр. Басы жарылған, денесінен жарақат алғандар қаншама. Сонда да мен сендерден кешірім сұраймын. Жаман сөздермен балағаттап жатса әркім-ақ шыдамайды. Бірақ мен сендерді кек сақтамауға шақырамын. Бізде қазір клуб жоқ, кино көрмейді. Сенбі, жексенбі күндері автобуспен келіп тұрса шатақ шықпасын. Қонақпыз, қонақты сыйлау керек - деп тоқтады да:

- Төбелесті көзімен көргендер бар ма - деді. Деректір Тұрсынбекке иек қағып еді бір қадам алға шығып:

- Құрметті, Альберт Денисович! Біз үш мұғалім шатаққа дер кезінде бардық. Мектептің белсенді оқушыларының көмегімен жас балаларды бөлектеп шығарып, үйіне қайтардық. Милициялар кешігіп келсе де тәртіп орнатып сіздің жұмысшыларды түгелдетіп машиналарымен қайтарды, - деп сөзді көбейтпей қысқа қайырды. Оқушылардан сөйлейтіндер бар ма деп Альберт Денисович өзі сұрап алды. Деректір өзінің дайын ораторы Бағысты шығарып милициялармен бірге протоколға қол қойған бала деп, қабырғадағы «Коммунизм ұрпақтары» деген қызылды жасылды бояуы бар газетті көрсетіп, осы газеттің редакторы деп таныстырды. Қатарда тұрғандардың алдына шыққан бұйра бас сұңғақ бойлы, жып жинақы киінген бала шығып совхоз деректіріне сәлем ишаратын білдіріп бірден сөйлеп кетті.

- Жолдас деректір! Төбелестің мән жайын өзіңіз де жақсы біледі екенсіз, шығып сөйлеуші мұғалім де растады. Менің қосып аларым жоқ. Айтқандарын растап милициялардың протоколына қол қойдым.

- Бағыс - деді мектеп деректірінің сөзінен есімін ұғып қалған Альберт Денисович. - Сен байқаған жоқсың ба Садко деген жігіттің кім екенін білесің бе?

- Жоқ, білмедім. Сырттан келген жастардың бірі болар, – деп сенімді жауап берді.

- Жақсы, орныңа барып тұра ғой, - деп сөйлеп тұрғанын пайдаланып тағы бір екі ауыз сөз айтып деректірге қарады. Деректір басын изеді.

- Оқу бітірулеріңізге жақын қалды. Ауылдарыңыздың қасынан жаңа совхоз ашылды. Бізге жұмысшылар керек. Тракторшылардың қысқа курсын ашамыз. Жаңа тракторлар аламыз. Құрылысшылар керек. Көптеген үйлер клуб, мектеп, аурухана саламыз. Жеңілдікпен жұмысқа қабылдаймыз. Қой да, сиыр да бағылып, фермалар ашамыз. Қысқасы жұмыс көп, - деп қоштасты.

Шымкентке, ертеректе жетім балалар үйіне алып кеткен Есмұрзаев Қадыр аталас туысы жыршы Жорабектің үйінен 8-Б классында оқитын баласы Ташкенбаймен Бағыстың үйіне келді. Екеуі жылдам табысып, шәй ішіп болған соң «кешке өзім тауып аламын» деп шығарып салды. Ташкенбай жолшыбай өз әңгімесінде Бағыстың орысша аты Садко көрінеді. Өздерінің ұйымдары бар, ешкімді қоспайды. Өткенде клубта төбелес болып Садко деген атты сонда естідік. Мүшелерінің де орысша аттары бар, отыз шақты орысты ешкімнің көмегінсіз бықпырт қылып ұрып клубқа жолатпай жіберді деп Бағыс айтпаған біраз сырға қанықтырды.

Жақсы дастархан ұйымдатырып кең отыру үшін ет керек болып Көпбай шалды Батко мен Мано іздеп тауып бір тоқты сойғызып етін әкеліп «штабтағы» апаға берді. Жарты тоқтының етін басымен асып үлкен адамдарша қонақ күтуге дайындалды. Жыршы Жорабектің үйінен Қадырды ертерек ертіп шығып интернатты, мектепті аралатып клуб пен медрессе-мешітті көрсетіп күнді батырып «штабқа» келді. Жігіттер де жиналып қалған екен бәрімен амандасып ертерек кетіп есейген жерлестерін бет жүздерін әрең шырамытып таныды. Өз жағдайымызды асықпай біле жатар деп қонақты сөйлетіп қайда болып, қайда оқығанын сұрағандарға Қадыр жауап беріп:

- Шаян ауылынан алып кеткен соң Ленгрге апарып жетінші класс бітіртіп Шымкентте ФЗО-да токарьлікке оқытты. Менімен бірге барған Оразбек деген інішек менен екі класс төмен оқып қалып қалған. Содан хабарсызбын. Екі-үш рет іздеп бардым, біреулер бала қылып асырап аламыз деп алып кетіпті. Шынында да сүйкімді еді. Есейген кезде мен құсап Шаян ауылын іздеп табар. Туған елін, жерін ұмытпас. Ұзақ әңгімесі көңілді жадыратып аяқталды.

Апаның тамағы келіп Қадырдың алдына бас қойылды. Мұндай сыйды бірінші рет көрген қонақ ыңғайсызданып:

- Әлеке! Сіз үлкен емессіз бе - деп басты сырғытып еді, Әлекең:

- Сен 31 жылғы, мен 35 жылғы, қайсымыз үлкенбіз деп күлді.

- Басты сақалды кісілер ұстайды деуші еді, рақымет, арнайы қой сойып сыйлағандарыңызға, ауыз тиейін, өздеріңіз мүжіңіздер, - деп Әлекеңе қайта берді. Отырғандардың қайсысы болса да басқа құмар еместігін білдіріп басты тарелкасымен апаға ұсынды. Шүйіркелесіп отырып дәу екі табақ етті жәукемдеп, рақаттанған достар асықпай шәй ішісіп, кеш тарқады. Қадыр Бағыстың ұсынысымен үйге келіп, қатық қосқан бидай көжеден бір-бір жанан ішіп бөлмедегі екі кереуетке демалуға жайғасты. Көпке дейін әңгіме желісін үзбей ақтарыла сөйлеген Қадыр:

- Көлденең ақшаға қызығып «Қорғасын зауытының» бейресми билігіне таластық. Зауыттың ақшасынан салық алып отырған ұйымдасқан мафиямен сан рет кездесіп бас та жарылды, көзде шықты. Мен аяқтан айырылып, тобықтың сынғаны дұрыс салынбай, елеусіздеу ақсаңдап қалдым. Көшедегі қулар «Маймақ» атап, кличкам «Маймақ» болып кетті. Зауыттың «қамқорлығымен» үш бөлмелі үйлі болдым. Биыл Технология иниститутына оқуға түспекшімін. Сені ел «Садко» дейтін көрінеді. Намыстанбайтын есім. Мен «Маймақ» деген есімнен құтылу үшін басқа қалаға кетіп, жаңа өмір бастауым керек. Оған мүмкіншілік бар, Шымкентті қимаймын, семья құру керек, жоспар көп, қимыл аз. Жә, жарайды, ұйықтайық, - деп теріс айналып жатып көрпені бүркене түсті.

Асықпай тұрып ертеңгі шәйдің үстіндегі әңгіменің барысында Бағыстың әкесі Жамбы ақсақал Қадырдың әкесі Есмұрзаны танитын болып, жұмыс армиясына бірге шақырылып Житомир қаласында біраз уақыт бірге болған соң жүзшақты адамды басқа жаққа алып кетті. Оның ішінде сенің әкеңде кетті. Екі үш айдан кейін мені жасыма байланысты елге қайтарды.

- Көке - деді Қадыр мен арғы аптада тағы келем. Сізге арнайы сәлем берем, - деп дастарханның жиналуымен Жорабек жыршының үйіне барып қош айтысып Шымкентке қайтуға автобусқа кетті.

Келісім бойынша Әлихан, Әләйдар, Манаш, Ескен төртеуі Мәдениет үйінің деректірі Көпжаср ағаға келіп, ақылдаса отырып «Жамбыл» совхозы орыстарының клубқа келтірген зиянын есептетіп шығарып, қанша ақшадай пайдадан айырылған кірісті көрсетіп, балағаттаған моральдық шығынды қойғызып АКТ жасатып қол қойылды.

- Әй, осынымыз дұрыспа, кешірімді болсақ қайтеді? - деп тайсақтап еді. Манаш, Ескен қабаттаса:

- Олардың балағаттаған сөздері, «киш-киш», «черно жопа» деп қорлағаны өтіп кетті ғой. Ондай сөзді совхоз деректірінің өзі де кешірмейтін көрінеді. Болгар емес пе, орыстан қаны бөлек, - деп Көпжасар ағаны көндірді.

Совхозға баруға төбелес іздеп барғандай болмай, таяқ жесекте момындық танытып, деректірге жеке жолығуға тырысып, орысшасы дұрыс Манаш пен Ескен кіріп, Әлихан, Әләйдар сыртқы есіктің алдын бағып қалды. Ұзын бойлы екі жігітті баласынбай орынынан тұрып, қол ұсынып амандасты. АКТ-ні оқып көріп «мен мақұлмын» тек «Садконы таныстырыңдар» деп шарт қойды. Біз оны танымаймыз деп қипақтағанына деректір көнбей «Мен әскери адаммын, біздің де КГБ жұмыс істейді» деп АКТ-ні алып қалып «Садконы таныстырыңдар, талаптарың шешіледі» деп қайтарды.

Уәделі уақтысында келген Қадыр-Маймақ бірден Бағыстың үйіне келді. Түскі шәйдің алдында Жамбы ақсақалға арнайы әкелген сыйын ашып, қынабы да, сабы да жалтыраған күміспен өрнектелген қанжарды екі қолына алып «әкемнің көзін көрген сізге сыйламағанда кімге сыйлаймын» деп жалпақ қызыл қайысты белбеуімен ұсынды.

- Бұл қанжарды «Қорғасын зауытының» тәжірбиелі токарі жасаған. Жүзі қайралмайды, шаш алуға да болады - деп түсіндірді. Жамбы ақсақал рақыметін айтып:

- Мына қанжарды көрсе менің шалдарым шаш алдыра ма, қашар, - деп, іргеге киіздің астына көзден тасалады. Шәй жасалынып, еті мол күріш ботқасымен тойынған қонақ үйден Бағыспен бірге шығып жігіттердің кешке бас қосарын біле тұра жолығуды мақсат етті. Ең жақын үй Сағат пен Әләйдардікі сонда барып төртеуі біраз отырып әңгімелескенше кеш те батып киноға бармақ. Кинодан соң жоңышқалықта жатып әңгімелесіп ертеңгі сабақтан кейін интернаттың бос бөлмелерінің бірінде, көзден таса жерде Қадыр-Маймақ жігіттермен жаттығу өткізіп, өз өнерін көрсетуге шақырды. Құба құп келіскен достар жеңіл киініп, жаттығу жасайтын бөлмеге келді. Қадырдың үстінде көкпеңбек тоқыма спорт костюмі, сыртынан камзол кие салған, төбесінде шашағы бар тоқыма тақия, өзіне жарасып тұр. Қолға түсе бермейтін киім.

Жаттығу басталып бөлменің ішін айнала жүгіріп, керіліп созылып болып өзімен бойы теңдес Әлиханды шақырып қол айқастырысып жамбасқа түсірудің үш түрін көрсетті. Бұттың арасын жазып тіп-тік отырып үйрену буын-буынның икемді болуына, сіңірлердің кездейсоқ түйілмеуіне көп әсер ететінін айтты. Өзі қабырғаға жақындап, Бағыстың иығына бір қолымен ұстап, қабырға арқылы оң аяғын көкке көтере бұтын қабырғаға тигізіп тұрғаны шынында да шеберлік еді. Тағы да бойы ұзын Әлиханды ортаға шақырып, «басыңызды қорғаңыз, менің аяғым төбеңізде ойнайды» деді. Тұрған бойында оң аяғын төбесіне қатты тигізбей кезек-кезек бір сол аяқпен, бір оң аяқпен ұруды үйренсе екі-үш жігіттің шақ келмейтінін қимылмен дәлелдеді. Бағыстың «төбелестегі» әдіс қимылдарына баса назар аударып «сендер көріңдер» деп қарсыласын өзіне аямай «шабуылдатып» қалай тойтарыс беруді көрсетті. Көрсеткендерінің барлығы бүгінгі «Каретенің» қимылы. Карете деген ұғым ол кезде жоқ болатын. Бағыстың үйреніп жүргені ат қораның ішіндегі қатар тұрған екі тіреу. Жаман көрпе, ескі киіздерді орап, байлап қойып, ортасында тұрып екі аяқпен кезек теуіп үш күнде бір жоғарылатып бұты ауырғанша тепкілеу. Осы әдісті күнделікті әдетке айналдырып, аяғын бір жарым метрге еркін көтеріп, бойын қаз қалпында ұстауға дағдыланған. Қадырдан «жаман емес» деген баға алғанын достары үлкен жетістікке санап күнде болмаса да жетісіне бір рет спорт залға келіп жаттығу жасауға болатынына көздері жетті. Тек аяқты шынықтыру үшін военрукке, завучқа айтып жүріп бокстың төбеге іліп қоятын ауыр кенеп қабын алдыру керек екеніне тоқталды. Қадыр-Маймақтың арқасында үш сағаттың ішінде жігіттердің қолтығы жіпсіп, маңдайы терледі.

Бағыс Қадырмен табысқалы бері шешіліп сыр айтпаса да жұмыс күні таңертеңгі автобуспен «Жамбыл» совхозына ертіп баруға Сағатты, Жәкенді, Бақытты, Манашты қосуды жөн көрді. «Айқай» шыққандай болса нағыз Садко Қадыр-Маймақ екенін көріп танысын деген ойды Манашқа ғана айтып, іштей неде болса көріп алайық деп бекінген-ді. Таңертеңгі нарядты өткізіп кабинетінде жалғыз отырған кезінде Манаш мен Бағыс кірді. Орынынан тұрып дауыс шығарып сәлем берген Альберт Денисович

- О, Бағыс! Мен қуаныштымын. Нағыз Садконы көргеніме, - деп столдан шығып келіп, құшақтап амандасып қарсысындағы кішкене столға Манаш екеуін отырғызды. Хатшысына парторг, рабочкомды шақыртып алып, столының суырмасынан АКТ-ні алып бетіне бұрыштама қойып хатшы қызды шақыртып «кассирге» апарып бер деді. Кассир әкелген ақшаны Манашқа ұстатып, қасыңда телохранитель-қорғаушыларың бар ма деп Бағысқа қарап күліп қалтасынан әмиянын шығарып 500 сом ақша алып Бағысқа ұсынды.

- Мынаған Шаянға барып рестораннан тамақ ішіңдер, бізде асхана әлі бітпей жатыр - деп көңілдерін риза жасағаннан кейін «Шаян ауылының жастары мен Жамбыл совхозының жастары тату болу керек» деген тақырыпта әңгіме қозғап жарты сағаттай жақсы отырды.

Рабочком шақыртқан жүк машинасы қонақтарды Шаян ауылына апарып салатын боп соған мінді. Ауылға кіре берістегі үлкен магазиннің қасында күтіп тұрған жігіттерді мінгізіп, Тоғай ауылында тұратын Дамир дунғанның үйіне келіп түсті. Дамирдің кәсібі басқа болса да, үлкен бір бөлмесінің есігін сыртынан шығарып, қонақ үй жасап қойған. Бойжеткен екі қызы қазақ мектебінде оқығандықтан келгендердің бәрі таныс. Киіз алашаның үстіне көрпешелер төселген. Дастархан жайылып үлкен-үлкен жанан кеселерге үйіле салынған, қолдан созылған кеспе, ет араласқан жусайы, тәтті бұрышы, басқа да шөптер туралған қазақтар үшін дәмді, әуес ас 12 адамның алдына қойылды. Майға қуырылған қызыл бұрышты керегінше салып маңдайлары шып-шып терлеп нан жемей тойып алды. Қосымша тамақ сұрауға жігіттер ұялмасын деп:

- Дамир аға, қыздарыңыздың жасаған кеспесі өте дәмді екен, айып болмаса сұйығынан орта кесе құйып берсін - деді.

- Жігіттер, кеселеріңізді беріңіздер, ұялмаңыздар. Тамақта ұят болмайды деді.

- Тойдық, тойдық - деп рақыметтерін айтып кейін шегіншектеп отырды. Бағыс тамағын ішіп болып, Дамирді шақырып 100 сом ақша берді.

- Інім, мынау көп ақша ғой - деп таңданған Дамирге.

- Біздің жігіттер келіп кетіп тұрғандай болса қарызданып қалмасын. Сізде болсын. Мұндай дәмді тамақ басқа жерде жоқ.

Ауылға қайтайын деген Қадыр аялдамаға жетпей тоқтап:

- Алдағы айдың басында жалғыз басты әйелдің үйін жалдап, қой, керек жарақ сатып алып дайындалып, сендерді қонаққа шақырамын, - деп қош айтысып автобусқа мінді.

Сабақтан соң Әлихан, Әйтбек, Манаш, Ескен клубта отырған Көпжасар ағаға келіп АКТ-ті көрсетіп сұраған 5000 сом ақшасын бергенде Көпжаср «еңбек сендердікі, есік терезе бәрі жөнделген 1000 сомды мен алайын, төрт мыңды сендер бөліп алыңдар» деп қайтарып берді. Төртеуі рақымет айтып жинақ кассасына келіп, мұртын бұзбай 9000 сом ақшаны қосып салып қойды. Оқу жылы аяқталып келеді. Емтиханға дайындық басталып кешкі серуен, киноға бару сиреп тұрған шақта Қадыр келіп демалыс күні қонақ үйге жайғасты. Артынан қуып, ізін аңдып келген төрт жігіт асханадан тамақтанып шыққан Қадырды арнайы әкелген арқан тұзаққа түсіріп, асхананың артына сүйреп апарып ұрып соғып, қол аяғын байлап жақын тұрған сарайдың көмір салатын терезесінен ішке лақтырып жібереді. Сүйреп әкеткенін байқап қалған буфетші кездейсоқ жүрген милицияға айтады. Ол алдынан кездескен Әләйдардан «кімдер, төбелесіп жүрген» деп сұрайды. Бірінен бірі естіген адамдар «Садколар шығар, төбелесіп жүргендер» деп қаңқу сөз шығарады. Әләйдардан Қыдырбек естіп Бақыт, Сағат, Жәкен асханадағы буфетшіден сұрастырса, есік алдына шығып, аялдамадағы төрт жігітті көрсетеді. Қызу қанды Сағат «жаңағы байлап әкеткен адамдарың қайда?» деп дүрсе қоя береді. Төртеу жауап бермеген соң сарт-сұрт төбелес басталып, «арқандарың қайда, табыңдар» деген тепкіге шыдамай, асхананың артында деген дауыс естілді. Төртеуін де желкелеп апарып қайта тепкіледі. Тепкіге шыдамаған кішісі сарайдың тесігін көрсетті. Бақыт пен Жәкен үлкен дарбазаның кішкентай есігін ашып сарайға беттегенде, үйден, есік алдына шыққан келіншек «қайда барасыңдар, милиция шақырамын» деп айқайлады. «Біз өзіміз милициямыз» деп жауап беріп есіктің ілгегін ашып кірсе байлаулы жатқан өздерінің Қадыр-Маймағы, арқанын шешіп жүре алмай қалған «батырды» Жако арқалап төртеудің қасына әкелді. Ал «тірі қалдым, енді не боласыңдар» деп оларды ертіп, автобустың аялдамасына келсе, осыларды күтіп тұрғандай автобус та келді. Төртеуін мінгізіп «мыналарды жайғастырған соң келетінін» Жәкенге айтып «қонақ үйдің ақшасын төлегем. Келмейтінімді айта салыңдар» деп жүріп кетті

Бұл төбелес ауылды да, мектепті де шулатты. Райкомның екінші хатшысының сарайынан «адам өлігін арқалап шығыпты» деген қауесет желдей есті. Екінші хатшы мектепке «Садконы комсомолдан шығарыңдар» деп нұсқау беріпті. Мұғалімдер ұжымынан комсомол комитетіне өкіл (куратор) болып бекітілген Үсенбай мұғалім Бағысты шақыртып «екінші хатшының сарайына неге кірдің, кличкаңның Садко екенін» растап түсінік жазып бер. Комсомол жиналысында қарап шара қолданамыз дегенде Бағыс:

- Мен ешқандай Садко емеспін, екінші хатшынды танымаймын. Үйінің қайда екенін білмеймін, - деп теріс бұрылып, есікті тарс жауып шығып кетті. Бұған қатты ашуланған мұғалім «сенің көзіңді құртпаса болмайды» екен деп ұйымның хатшысына хабарландыру жазғызып комсомолдың жалпы жиналысын шақыртты. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе «Райком хатшысының нұсқауын орындау». Мұндай жұмбақ хабарландыру мұғалімдер ұжымын да дүр сілкіндіріп «не боп қалды» деген сұрақтың жауабы тез табылып, «Бағыс Жамбиннің жеке тәртібі» болып өзгертілді.

Өзін кінәлі сезінбеген Бағыс жиналыстың алдыңғы партасына келіп отырды. Әр кездегідей жиналыс алқасы сайланып төрге завуч Әмзе Сариев жайғасты. Қолына не жазылғаны белгісіз бір парақ қағаз алған Үсенбай мұғалім мінбеге шығып:

- Жолдастар! Біздің сеніп жүрген Бағыс Жамбиніміз өрескел тәртіпсіздік жасап, екінші хатшының сарайына түсіп, не алып шыққаны белгісіз айқайлаған әйеліне жауап бермей қашып кеткен. Мен шақыртып сөйлесейін десем «мені тексеретін сен кімсің» деп есікті сындыра жаздап, қатты жауып, шығып кетті. Сондықтан жиналыс шақырып «мүмкін сендерді сыйлар, өзінен сұрайық» деп шештік. Оқушылардың алдына шыққан Бағысқа «мінбеге көтеріл» деген Үсенбайға «мен баяндама жасау үшін келгенім жоқ» деп мінбеге көтерілмеді.

- Менің сізге берген жауабым, жауап. Басқа қосып аларым жоқ - деді.

- Қандай жауап беріп едің - естиік деді алқада отырғандардың біреуі.

- Менің есімім Садко емес. Сарайына кіргенім жоқ. Үйінің қайда екенін білмеймін, - деп әрі қарай сөйлеспей шығып кеткенім рас.

- Сені бүкіл аудан «Садко» деп біледі. Өткендегі тың көтеруге, игілікті жұмыс істеуге келген орыстармен төбелесті ұйымдастырып жүргенде сен, - деп ауызы көпіре ашуланып, отырғандарға қарап:

- Кәне, кім шығып сөйлейді. Бізден гөрі Бағыстың бұзықтығын сендер жақсы білесіңдер - деп сөз тартқанмен мүлгіген тыныштықты ешкім бұзбады.

Орта тұстан қыздың дауысы шықты «мен сөйлейін» деген.

- Кел, кел - деді Үсенбай мұғалім. Фатима екен. Бағыстың қасына қатарласа тұрған Фатима:

- Жолдас комсомолдар! Бүгін біздер сөйлеуіміз керек. Неге үндемейсіңдер?! Бағыстың қандай бұзықтығын білесіңдер, айтыңдар. Кеше ғана Бағыстан жақсы адам жоқ еді. Оқу озаты деп мақтадық. Сыйлықтар, грамоталар берілді. Жас жазушы деп «Коммунизм ұрпақтары» деген үлкен газетке редактор қойды. Өлеңдері, мақалалары үзбей аудандық газетке шығып тұрады. Қайда жүріп бұзықтық жасайды?

- Қасапина, отыр орыныңа - деді Үсенбай мұғалім қатқыл дауыспен Фатима партаны жағалап кетіп бара жатқан кезде Бағыс ашық тұрған айқарма кең терезеден секіріп қараңғылыққа сүңгіп кеткендей болды. Екі аяғымен қара жерге топ ете түскен Бағыс жерді алақанымен бір сипады да Шаян өзеніне қарай жүгіріп кетті.

Екі шекесін жұдырығымен сүйеніп ашу қысып отырған завуч Әмзе басын оқыс жұлып алып «құс боп ұшып кетті ме, қайда кетті» деген қатты дауысынан қасындағылар селк ете қалды.

- Әй, Үсенбай бұлай жиналыс өткізуге болмайды. Жиналыс жабық. Бағысты іздеңдер, табыңдар, - деді. Тас қараңғы түннен көз алдыңдағы адам көрінбейді. Қайдан іздейді?! Бағыстың үйіне келіп тың тыңдаса, бөтен дыбыс естілмейді. Іштен кіріп сұрауға әкесінен қорықты. Шаян өзенінің жағасындағы жалғыз үй Бағыстың туысы Момбек ағаның үйі. Жас кезінде палуан атанып, білімділігімен аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрған кезде мазасын ала берген мұғалім-арызқойдың артынан теуіп, шатын айрып екі жылға сотталып жақында ғана келген. Бағыс ентігін әрең басып үйге кірсе шәй дастарханының үстінен түседі. «Неғып кештетіп жүрсің» деген ағасы Момбекке бар жайды түсіндіріп бірер шыны шәй ішіп, үйіне қайтты.

Таңертең сабаққа бармай әкесіне «Қарағандыға шахтаға жұмысқа кетем. Үсенбай мұғалім жұмыс істеген мектепте оқымаймын» деп айтты да аудандық комсомол комитетіне келіп жолдама сұраса тізімге Ташкенбай, Әйтбек жазылып қойыпты. Әйтбектің екі күн сабақта болмағанын, жиналысқа қатыспағанын енді түсінді. «Оқуды неге тастадыңдар» деп жатқан комсомол комитеті жоқ. Бес комсомолды жол пұлын беріп автобусқа шығарып саларда Әйтбектің шешесі, Ташкенбайдың аға, жеңгесі, Бағыс үйіне мені «шығарып салмаңдар» деуімен ешкім келмей жолдастары бір топ қыздармен келді. Ішінде Фатима да бар.

Шымкенттің обком комсомолы Оралдан, Гурьевтен келе жатқан вогонға 34 комсомол мінген вогонды тіркеп өзінше бір вагон қосты. Үш күнде Қарағанды қаласына келгенде вокзалдан «Қош келдіңіздер» деген қызыл матаға жазылған ұранмен қарсы алды.


ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Екі жарым жыл өте шығып, 1957 жылы майда, еңбек демалысын алған Бағыс әке шешесіне келді. Сағынып қауышқан ағайын тумаларға, әкесі бір қойын сойып құдайы тамақ беріп, мәре сәре боды. Төрде отырған Момбек аға «Ай, Бағыс-ай, бір мұғалімге ерегісіп екі жылыңды босқа жібердің РайОНО-дан ұлықсат алып берейін, достарыңмен бірге емтихан тапсыр» деді.

- Жоқ, аға Үсенбай жұмыс жасаған мектепте оқымаймын - деп уәде бергенмін.

- Ол мұғалімді сегізінші класстың емтиханына да қатыстырмай «достарыңның» мүйіздеп-мүйіздеп қуып жібергенін сенен көріп жүр. Сен әлі «Үсенбай» деп жүрсің. Ол жоқ - деді Момбек ағасы.

Бұл қуанышты хабарды естіген Бағыс Қарағандыға қайта кетіп «кешкі мектепте, орыс тілінде оқыды» деген анықтамаға қосып барлық пәндердің бағасын қойғызып әкелді. Табелін көрген аудандық оқу ісінің меңгерушісі өз бұйрығын шығарып мөрін басты. Сол күннен бастап қосымша сабақтарға қатысып мектеп оқушысы атанды. Достарымен қайта табысты. Емтиханды жақсы тапсырған Бағыс «өз достарымен» кездесуді жиілетіп жүргенде Манаштан ақшаларың қайда, бөліп алдыңдарма деп сұрағанда «ақшадан ешкімнің хабары жоқ. ақша сұраған адамды көргенім жоқ» деп Бағысты таң қалдырды.

- Міне қызық. Кітапшаң қайда?

- Сен кеткенде «тығып қой» деп мамама бергенмін. Үйге барып сұрап көрейін.

- Неге теңдей етіп бөліп алмадыңдар.

- Біз ақшаның барын ұмытып кетіппіз. Оның үстіне сен жоқсың.

- Мені қайтесіңдер, жұмыс істеп жүрген шахтер деген атым бар адаммын.

Ертеңіне кітапшаны алып келген Манаш «мынау көп ақша ғой, бір пәлеге ұрынбаймыз ба? Мамам қорқып отыр.

- Неге қорқады? Бөліп алған соң екі-ақ мыңнан тиеді. Бағыс өзі бастап жинақ кассасына барып 29 мың ақшаны алдырады. Сол жерде столға отырып 2900-ден 10 адамға бөлді.

- Ал саған қайда? Сенің де үлесің бар емес пе, Бағыс, - деп Әлихан үлкендік жасады. 29 мыңды 11-ге қайта бөлгенде 2600 сомнан шығып 400 сом қалдық ақшаны Манаштың мамасына кітапшаы сақтаған еңбегі үшін беруге ұйғарды. Жоғарғы оқу орнына бару үшін қаражат ұйымшылдықпен жиналғанын паш етілді.

- Қартайғанда айта жүретін әңгіме болды - деді Әлихан. Әләйдар мен Ескен қоштады. Менде бір ұсыныс бар деді Әйтбек

- Дамирдің үйіне барып жуайық. Бағана тапсырыс беріп кеткенмін. Әрқайсымыз әр жаққа кетсек басымыз қосыла бермейді деп бәрін де көндірді. Дамирдің екі қызы «қонақ келеді» деп үйін тазалап, сыпырып сиырып, көрпешелерді төсеп лагманын дайындап әкесінің тапсырысымен етін мол салып дастархан жасады. Ұзағынан отырып көңілді әңгімелескен достар ой армандарын бөлісіп қайда оқуға баратындарын айтып отырғанда Әләйдар:

- Мен үйленетін шығармын, шешем қартайып тамақ істеп беруге де шаршап жүр дегенде Әйтбек те қоштап:

- Қадыр Шымкенттен екі бөлмелі үй әперуге көмектесем деді. Уәдесінде тұрса, менің де шешем ауру сырқаудан ажырамай қойды, ертерек үйленбей болмас, - деп тап бүгін үйленетіндей мәз бола күлді.

10-«А» классынан 3 қыз Фатима, Хатира, Дәмегүл Шымкенттің пединиститутына баратынын, өздерінен естідім деп сөзге қосылған Жәкен мен де соған баратын шығармын, үйдегілер солай шешіп отыр, - деп ойын нықтап алдындағы кеседегі сорпаны сарқып ішіп дастарханның шетіне қойды. Қалған жігіттер ауылда қалатындығын әңгімелеп, шәй ішіп болған соң өздерінше бата жасап «Жүрер жолымыз ашық болып, жолдастарымыз қайда жүрсе де аман болсын» деп бетін сипаған Сағат әкесі молла болғанын, өзі қожа тұқымы екенін бірінші рет білдірді.

Кешке қарай мектепке жиналған кезде Фатиманы бөлек классқа шақырып алған Бағыс мұғалім столының екі жағына отырып әңгімелесті. Жігіттермен Дамир дунганның үйіне барып қонақ болғандарын, өздері ұйымдастырған «ЖҚҰ» ұйымын төрт жыл өткен соң таратылғанын айтып, жиналған ақшаны теңдей бөліп алғандарын әңгімеледі. Қалтасынан қағазға оралған ақшаны Фатимаға ұсынып, «оқуға жүргелі отырсың» деп, ақыры Алматыға жібермейтін болды. Қалтаңның бір бұрышында жүрсін, Шымкентке барған соң кассаға салып қойып керегінде алып қажетіңе жарат. Ашып көргісі келіп еді, есікті ашып топырлаған оқушылар кіріп, бұлар амалсыз шығып кетті.

Кешкі қараңғылықпен Шаян өзенін жағалап, қол ұстасып, аяқты санап басқандай жәйлап жүріп, әр жерге бір тоқтап бара жатып Фатима:

- Менің «қалың малымды» өзіме төлеп құтылайын дедің бе? Ертең әке шешеме не бересің?

- Ол күнге жетіп алайық. Әке шешеңе, әке шешем береді. Өткенде газетке шыққан аты жоқ өлеңді түсіндің бе?

- Мен емес қыздардың бәрі түсінді. Зеберше ән шығарам деп жүр. Қазір атымды жазып жіберсеңде ешкім таң қалмайды. Екеумізді қосып қойғалы қашан?! Бағыс өлеңді жатқа оқып:

Сен тұрған ауыл, Фатима қандай бақытты,

Күнде көріп, тілдесіп, естір күлкіңді.

Сен тұрған ауыл, Фатима қандай бақытты,

Күнде көріп, әнге қосар көркіңді.


Сен тұрған ауыл, Фатима қандай бақытты,

Сен туған жерді атайды елің «Гүлтөбе».

Сен тұрған ауыл, Фатима қандай бақытты,

Ғашық мені, әкелген сені өмірге.


- Сен неге Шымкентке оқуға түспейсің? Студенттік дәуренді бірге өткізіп, жастық шақтан мол ескерткіш қалдыратын. Хатира да бірге оқығанымызды қалайды. Бізге қорған болып бірге жүрер едік деп - қиялдайды.

Аттестат қолға тиісімен Бағыс Қарағандыға кетіп, оқуға баратын болғандықтан жұмыстан шығып, есеп айырысып, еңбек кітапшасын алып Алматыға жетті. КазГУ журналистика факультетіне құжат тапсырып, нағашысы Исалдың үйіне жеті баласының бірі болып орналасты.

1990 жылдың басында Бағыс Шу ауданында орта мектептің деректірі болып жүріп «Бірлік» астық қабылдау пунктіне жұмыс бабымен барады. Жаңа элаватор салынып іске қосылғанын, оның бас инженері Есмұрзаев Қадыр екенін құлағы шалып қалады. Сөйлесіп отырған деректірден «бас инженерге жолықтыр» деген өтініш айтады. «Танушы ма едің» деп қызыққан деректір Қадырды телефонмен шақырып алды. Екі дос бірін бірі жыға тани алмай абдырап, шырамыта алмай «сенсің бе, сен емессің бе» деп тұрып «сен Шаян ауылының Қадыры емессің бе?» деуі мұң екен «Бағыс» деген дауысы қатты шығып кетті. «Мен қазір келемін» деп бұрылып кеткенде «бұл шалды қайдан танисың» деген деректір Бұлантаев «екі қатыны бар, шіріген бай» деп айтып үлгерді.

- Баке, шаруаңыздың бәрін осы кісі тындырады - деп Қадырға меңзеп айтты.

Қол ұстасып шыққан екі дос сыртқа шығып Қадырдың Газ-24 машинасына отырып Шу өзенінің жағасына жетті. Машинадан көрпешелер алып төсеп бір жартылықты екі стаканымен газеттің үстіне колбаса, тандыр нан қойып:

- Сені Қарағандыдан келіп Шаянда мектеп бітіргеннен кейін Алматылық болып кетті деп Әйтбектен естігем. Ол қазір Шымкентте тұрады. Кезінде екі бөлме үй алуға, жұмысқа орналасуға көмектескем, қазір милиция подполковнигі, зейнетке шығып адвокад болып жүрген көрінеді.

Қадырдың өзі алпысыншы жылдың аяғында кегі кеткен бақталастарының қолынан үйленемін деп жүрген қызы қызғаныштан өлтірілген соң басынан бағы тайып Жамбыл қаласына жұмысқа ауысады. Бұнда да көп тұрақтамай Шу қаласындағы астық қабылдау пунктіне келеді. Осы жерде орыс қызына үйленіп балалы шағалы болғанда «Бірлікке» келіп тұрақтап қалады.

Шаяндағы достарыңның көрсетуімен «Үсенбай деген мұғалімге кездесіп аяқ қолыңның аман сауында Шаян ауылынан көшіп кет» деп ескертіп «мен Маймақпын» дедім. Ол көшіп кетуін, кетті. Сен сегізінші класстың емтиханына қатыспапсың.

- Да, да - деді орысшалап ауыр күрсініп, талай қызықтар өтті. Енді мыж-мыж боп отырмыз. Өмірі қартаймайтындай, ауырмайтындай көріндік. Талай адамның обалына да қалдық, соның азабын да тартып жатырмын. Қант диабеті деген пәлеге қалдым, инцулин алмасам жүре алмаймын. Орыс әйелден төрт ұлым бар. Төртеуінде төрт жигули бар. Қазақтан ұрпақ қалдырайын деп, жас қызға үйлендім. Ауру меңдеп, өмір өтіп кетіпті.

- Жарайды, Баке. Сендер нешеу едіңдер, қазір қайдасыңдар?

- Мектепті алтын медальмен бітірген Манаш Алматыда. Математика ғылымының докторы. Үш шалымыз Әлихан, Әләйдар, Ескен оқымай қалды. Сағат кәтта молла болып Шаянның мешіт-медрессесін ұстайтын көрінеді. Жакен аудандық оқу ісінің меңгерушісі, Бекет Көкшетауда облыстық прокуратурада қызмет жасайды. Қыдырбек туысқаның 15 жыл екі ауданның комсомол ұйымын басқарып келіп, партия қызметіне ауысып партияны таратып тыныпты. Мен көз алдыңда отырмын.

- Жігіттер бақыттарына қарай жақсы орналасқан екен. «Бір жоқшылықтың, бір тоқшылығы болады» деген осы екен. Тағы кездесерміз, тағы әңгімелесерміз.

- Бұлантаевқа не шаруамен келіп едің?

- Ол шаруаны басқа күнге қалдырайын, сенімен кездесу бар шаруадан артық, Қадеке, - деп орынынан көтерілді Бағыс.

Базаның алдына келсе Бұлантаев үйіне қайтқалы тұр екен «шәй ішсін» деп іздетіп едім, жоқ екенсіңдер. Елу жылға тарта кездеспеген достардың әңгімесі көп болады деп, қол алысып машиналарына отырды. Ұзап кеткен Бағысты қуып жеткен Қадыр:

- Бұлантаевтан сұрағаныңды ертең жібертемін, - деп бұрылып кетті.


Садық СМАҒҰЛОВ 


 




Көрілген: 1165    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 24.01.2017, 12:33

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30