Алаш үні

Қайрат Рысқұлбековты соңғы рет моншаға апарған түрме қызметкерінің әңгімесі

  • Қайрат Рысқұлбековты соңғы рет моншаға апарған түрме қызметкерінің әңгімесі

    Қайрат Рысқұлбековты соңғы рет моншаға апарған түрме қызметкерінің әңгімесі

Басқа салада еңбек етсе де елдің тарихы мен ұлттың мүддесіне жаны ашитын, қажетті кезде белсенділік таныта алатын азаматтардың аз болмағаны қандай жақсы! Көпшіліктің кәдесіне жарайтын дүниені көппен бөлісу де нағыз азаматтықтың белгісі емес пе? Біз осындай халықшыл азаматтардың арқасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке қатысты бірқатар тың деректер естіп отырмыз. Естігенді қойып, Қайрат Рысқұлбековты сан мәрте көрген түрме қызметкерімен көзбе-көз жолығып әңгімелесіп те қайттық дейді zheruiyq.kz сайты.


Шағын да болса осы сұхбаттың жазылуына алғашқы себепкер болған азаматты айтпай кетуге болмас. Кезінде Семей облыстық қаржы полициясының (1994-96) басшысы болған Мэлс Асқарұлы бүгінде қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көпшілікке таныс тұлға. Таяуда, Мэлс Ақсарұлы бір әңгімесінде Қайрат Рықұлбеков түрмеде отырған жылдары сол мекемеде қызмет істеген, Желтоқсан қаһарманын көзі көрген азаматты танитынын және оның ел біле бермейтін әңгімелерді айтып бере алатынын сөз етті. Сонымен бірге, сол азаматпен жолықтырсам сұхбат алуға ықыласымның бар-жоғын білгісі келетінін байқатты. Бар мақсаты – сол түрме қызметкерінің білетін деректерін қағазға түсіріп алу, сол арқылы Желтоқсан көтерілісінің Бас батыры туралы деректер мен мәліметтер қатарының толығуына өзінің азаматтық үлесін қосу. Міне, Мэлс Асқарұлының азаматтық жауапкершілігінің нәтижесінде бір адамның ішінде 30 жылдай уақыт бойы сақталып келген «сартап сұхбатқа» қол жеткіздік.


Сонымен, сұхбаттасымыздың есімі Мақсұт Жүнісұлы Оспанов. Семей қаласындағы оқшаулау тергеу изоляторында 1979 – 1991 жылдары еңбек еткен. Осы мекемедегі старшина жасағында конвой, бақылаушы, каптерщик қызметтерін атқарған. Қайрат батыр түрмеде отырған мерзімде каптерщик болып істегендіктен Мақсұт Жүнісұлы заманымыздың қаһарманын жиі көріп тұрған. Оның үстіне Мақсұт Оспанов қызметтік міндеті бойынша камералар мен тұтқындардың тазалық, камералардың санитарлық жағдайына тікелей қатысы болған.


Енді осы М.Оспановтың сөзіне кезек берейік.


-Қайрат Рысқұлбеков Семейдегі оқшаулау изоляторына келіп түскенде мен осы мекемеде Старшина құрамында каптерщик болып істейтінмін. Негізгі жұмысым камералар мен тұтқындағылардың санитарлық жағдайын қадағалау. Тұтқындағыларды 10 күн сайын моншаға түсіріп тұрамыз. Оның да өз реті бар. Алдымен жалпы камерада отырғандарды, ең соңынан жеке отырғандарды апарамыз. Дәл сол күні де солай рет-ретімен апарып, ең соңғы кезек Қайратқа келді. Негізі, моншаға апарар кезде мен бөлек бір офицер, екі конвой бірге баруы шарт. Қалайда, сол сәтте бұл құрам толық болмай қалды. Маған «өзің апара берсеңші» деді. Жанымда бір конвой бар Қайраттың камерасының жанына келдік. Мошаға түсетін уақыты болғанын естіген бетте бірден әзірлене бастады. Моншаға енгізіп жіберген соң да ауызғы бөлме де күзетіп отыру менің міндетім. Шаш, тырнақ алу қыжеттілігі болып жатса, сұраған дүниелерін ұйымдастырып отыруым керек. Сол күні шашын алған жоқ, тырнағын ғана алды. Моншасына шомылып болған соң ішкиімнен бөлек ақ жейде-дамбалын да тазасынан кигісі келетінін айтты. Сұрағанын бердім, ауыстырып алды. Бұл кезде конвой тағы бір шаруаларға шақырылып екеуміз ғана қалдық. Оңаша сәтті пайдаланды ма, менен каптеркадағы заттарының арасынан күнделік дәптерін әкеп беруін өтінді. «Бұл тәртіпке қайшы келетінін, олай істегенім мәлім болса жұмыстан қуылатынымды» айтып, өтінішінен бас тарттым.


Алайда, ол: – Аға, күнделігімді бір қарап шыққым келіп тұр, ешкімге сездірмеймін. Біліп қойған жағдайда да сізді сатпаймын, бір қисынын келтірем ғой, – деп қиылып сұрады. «Берсем, берейін» деген ой келді де, өзін камерасына кіргізіп, күнделігін әкеп бердім. Бұл кезде жұмыс уақытым да аяқталып қалған, сағат 17.00 де жұмыстан қайтып кеттім. Таңертең жұмысқа келсем барлығы абыр-дабыр, тексеру … тағысын-тағы басталып кетіпті. Сұрасам «Рысқұлбеков камерасында асылып қалды» дейді. «Олай болуы мүмкін емес еді ғой» деп аңырдымда қалдым. Ойыма бірден кешегі күнделік орала кетті. Жүгіріп барып каптеркадан, өзге де жерлерден қарап таппадым. Содан бері көкейімнен «Сол күнделік қайда екен?» деген ой кетпейді.


– Сіздің ше ол күнделік қайда болуы мүмкін, кезінде оны талай көрген боларсыз?


– Қайраттың күнделігі 56 беттік қалың дәптер. Қателеспесем сырты қоңырқай болды. Сыртында шығыршықтың (кольцо) суреті бар. Сол кезде қалың дәптердің жартысынан көбі жазбаларға толы болатын. Бірқатар патриоттық өлеңдері де болды. Кезінде оған мән беріп, не жазылған, мазмұны қандай екен деген нәрселерге назар аудармаппын. Күнделікті иесіне апарып немесе әкеле жатқан кезде жазбаларға бір көз жүгіртіп өтетінмін. Сол сәтте байқағаным өлеңдерінің кейбір жерлері ритмнен шығып кетіп жататын.


Ал, сол күнделік қайда болуы мүмкін дегенге келсек, мүмкін сол кезде ҰҚК мұрағатына өткізілген болар. Негізі, ол күнделіктің анық-қанығын сол кезде басшылық құрамда істеген Фунт Альберт Алексеевич жақсы білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, ол азамат бала күнінде Ақсуатта өскен, қазақ тіліне ауызша, жазбаша жүйірік болатын. Сол кезде ол күнделікте не жазылғанын екеумізден басқа ешкім оқи алмайтын. Сонымен бірге, кеше жұмыстан қайтарда каптерканың кілтін беріп кеткен адамнан «Каптерканы біреу ашты ма» дегенімде, ол каптеркаға Альберт Алексеевичтің ғана кіргенін айтты. Мен каптерканы қараған кезде Қайраттың бірде-бір дүниесі жоқ болып шықты.


– Мақсұт Жүнісұлы, әңгімеңізге қарағанда Қайарат Рысқұлбековты бір емес бірнеше рет көріпсіз. Жалпы, сіздің түсінігіңізде ол қандай азамат еді, бір рет болсын еркін әңгімелескен кездеріңіз болды ма?


– Менің көзқарасымда Қайрат өте ұстамды, тұйық жігіт. Аузынан бір артық сөз шығармайтын, кісінің жүзіне қарағанда ішіңдегін барлап, танып тұратындай әсер ететін. Түрмеде істеген 10 жыл ішінде талай тұтқынды көрдік. Келсін-келмесін әлдекімді сыбап-тілдейтін, жоқ жерден шатақ шығарып шағымданатын, «мен сөйтем де, бүйтем» деп доңайбат жасайтындардың талайын кездестірдік. Бірақ, Қайрат Рысқұлбеков ондай жеңілтек, ұшқалақтың біріне ұқсамайтын. Түрмеде, әсіресе, ол секілді ерекше режимдегі тұтқынмен еркін әңгімелесу мүмкін емес. Десе де, аз да болсын сөйлесіп қалған сәттер болды. Есімде қалғаны – күнделікті не үшін жазатыны туралы сұрағыма ол маған: «Аға мен жазушы да, ақын да емеспін. Қапаста отырғанда ойыма келген нәрселерді жазып жүремін. Енді мені осы кеткеннен тірі қайтармайтын шығар. Олай-бұлай болып жатсам артымда бір із қалса екен деп ойлаймын» деп еді. Осы сөздер менің құлағымның түбінен әлі кеткен жоқ.


– Сіз Қайратты соңғы рет моншаға апарған адамсыз. Сол соңғы көргеніңізде оның жүзінен қажығандық, әлденеден түңілу, кейістік секілді әдеттегіден бөлек сипат байқаған жоқсыз ба?


– Ешқандай реніш белгі байқамадым. Мен үшін де түсініксіз әрі жұмбақ нәрсе оның асылып қалуы. Мен кісі танысам Қайрат өзін-өзі өлімге қиятын жан емес. Іс-қимылынан, жүріс-тұрысынан, сөз әлпетінен тек оптимистік, өмірге құштарлық аңғарылып тұратын. Камерасының саңылауынан (глазок) қарап жүргенімде денесін шынықтырумен шұғылданып жатқан сәттерін жиі көретінмін. Ол сондай шымыр денелі, ширақ жігіт болатын. Бір емес, екі жігітке оңайлықпен алдыра қоймайтындай көрінетін. Ал, ана «жанында болған, сол асып қойған» деп жүрген сотталушы азаматтың Қайратқа мүлде шамасы келмейді, бір ұрғанынан қалмайтын ілмиген біреу болатын. Оның үстіне ол сүмелекті көзіміз көрген, денсаулығын есірткі мен арақ құртқан біреу. Сонымен бірге ол сотталушының Қайраттың қасына қалай тап болғанына таңым бар. Мен моншадан апарып қамағанда Қайрат камерасында жалғыз болатын. Ол №22 камерада үнемі жалғыз отырды.


– № 22 камера дейсіз бе?! Қалай сонда, осы уақытқа дейін барлық жерде №21 камера деп айтылып, жазылып келді. Сіз қателесіп отырған жоқсыз ба?


– Қателесіп отырғамын жоқ. Мен сол түрмеде неше жыл істедім ғой. Қайрат «өлімге кесілгендер камерасы» аталып кеткен №22 камерада отырды. Мен оны моншаға апарып, қайта әкелдім де сол 22 ге кіргізіп кеткем. Мен таңертең жұмысқа келгенде ел шулап жүргендіктен қай камерада асылып қалғанына мән бермеппін. «21 камера» дегенді кейіннен естіп, таңқалдым. Жалғыз отырған тұтқынның жанынан тағы бір тұтқынның қалай «шыға келгеніне» де миым жетпеді.


– Жалпы, сол кезде Қайратты жерлеуге қатыстыңыз ба, кімдер жерледі?


– Жерлеуіне қатысқам жоқ. Барып келгендердің айтқандарынан түсінгенім; Оны «беймәлім қайтыс болған» адам ретінде, еш белгі қоймай жерлепті. Орыс рәсімімен костюм-шалбар, аяқ киім кигізіп көмген. Ол киімдерді базардан сатып алып келдік деп жүрді.


– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет, аман-сау болыңыз!


 


Сұхбаттасқан Қ.Жүмәділ,


 




Көрілген: 3140    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

жексенбі, 07.05.2017, 21:16

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30