Алаш үні

«Қазақ өлейін деп тұр» – Тұрсын Жұртбай

  • «Қазақ өлейін деп тұр» – Тұрсын Жұртбай

    «Қазақ өлейін деп тұр» – Тұрсын Жұртбай

 Елімізде қаншама профессор, доктор, академиктер бар. Санасаң – саннан жаңыласың. Егер солардың бәрі ұлттың, мемлекеттің дамуына үлес қосса, тың дүниелер бастаса – Қазақстан баяғыда-ақ дамыған отыз ел тұрмақ, одан ырғып алдыңғы қатардағы он мемлекеттің бірі болар еді.


Жалған ғылым Қазақстанды жарға соқтырады

Амал қанша? Өкінішке қарай, бізде жалған ғылым қалыптасты. Көшірме диссертациялар, ғылыми еңбек деп аталатын шикілі-пысылы, шалажансар дүниелер мемлекеттің дамуына мысқалдай да пайда қоспайды.


Осы «жалған ғылым» мәселесін кезінде ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай күйініп отырып бірнеше мәрте тілге тиек еткен. Енді сол кісінің айтқанына (сұхбат 2010 жылы «Айқын» газетінде жарық көрген) тағы бір назар аударалық. Өйткені бұл проблема әлі бар. Қайта қанат жайып «өркендемесе», кеміген жоқ.


— «Мен «Жалған ғылым» деген сөзді жай қызыл сөз үшін емес, жаным әбден күйген соң айтамын. Неге? Өйткені


қазір біздің ғылым деп жүргеніміздің көбі, мен бұл арада қоғамтану саласын айтып отырмын, көпірме идея, көбік нәтиже. Жалған тақырып пен көлгір талдауға құрылған.


Нәтижесі ғылыми ой ретінде ұйымаған. Өйткені оның мәйегі – мәйек емес, шалап.


Тура біздің қазіргі салынып жатқан ғимараттарымыз сияқты. Қабырғаның сырты әдемі қапталған, ортасында түк жоқ. Бұл ойымды министрден бастап, қатардағы қарапайым профессорға да дәлелді дәйектермен мысалдар келтіре отырып айтуға әзірмін. Солардың бір де біреуі бұл пікірге қарсы шықпайды. Тіпті менің мысалдарыма мысал қосып, асыра талдап беруі де мүмкін. Өйткені осы жайды әр саладағы ғалымдар өзінің басынан кешіріп отыр, ал сол тауқыметті саясатты жасап отырған шенеуніктер. Тіпті бұл саясатқа кезекті министр де өзгеріс енгізе алмауы мүмкін.


Себебі, ғылым мен білім саласы туралы дүниежүзінде қанша келісімшарт үлгісі болса, соның бәріне кезінде қол қойыла берген. Енді одан бас тарта алмайды. Ал соны кезекті министрдің пәрменімен кезінде жүзеге асырған ұсақ шенеунік, қазіргі комитеттер мен департаменттегі орта шенеуніктер өздерінің қателігін әшкерелеп алмас үшін, нығыздағанның үстіне нығыздап, қасарысып дес бермейді.


Жұмырланып кеткен ол тамырды үзіп тастау тек Президенттің ғана қолынан келеді. Ол үшін тәуелсіз ғылым туралы жарлық керек.


Ал ғылым туралы жаңа заңның үлгісі ғылым мен ғалымды басыбайлы етуге бағытталған.


Егер ғылым саласына бюджеттен қаражат бөлінбесе, онда әркім өз күнін өзі көрсін деген қатыгез сауатсыздыққа көнуге болар еді. Бірақ қаражат бөлініп отыр ғой. Ендеше ол неге Қазақстанның тәуелсіз ғылымын дамытуға қызмет етпейді? Әртүрлі жобаға конкурс жарияланады. Сол конкурстардың жетекшілері кімдер дейсіз бе? Комитеттер мен департаменттердің протекциясындағы жолбике ғалымдар, ректорлар мен проректорлар, декандар, институттың директорлары. Ал күнделікті тәжірибеде көріп жүргеніміздей, олар тұрақты ғылыммен айналысуға уақыты жоқ адамдар. Олардың әрқайсысында кемінде төрт-бес жоба бар. Тіпті «Болашақтың» да бағдарламасын солардың өзі алып, әрі басқарып, әрі шетелде оқып, екеуін қатар жалғастырып жүргендер де бар.


Сонда ғылыммен кім айналысады?

Напалеон мен Лениннің қабілеті бойларына бірдей біткен күннің өзінде де, бір аяғын шетелде, бір аяғын Қазақстанда басып, үнемі талтайып тұра алмайды ғой. Сондай жолбикелер аяғын жимай ғылым түзеледі деп айта алмаймын.


Бұл тәуелсіздіктің басты нысанасына жасалған бопса. Не үшін? Соны түсінбеймін.


Нұрлан Темірғалиев деген бұрынғы одаққа белгілі, қазір де халықаралық математика ғылымның қабырғалы тұлғасының бір профессоры бар. Сол ғалым осыдан 4-5 жыл бұрын:


«Қазақстан ғылымы бірте-бірте жалған ғылымға бойын үйретіп барады, бұл өте қауіпті бағыт» – деп күйіне айтқан еді. Араға екі-үш жыл өткенде, басқаны былай қойғанда, сол математика ғылымының өзінен, жаңағы Нұрлан Темірғалиев зар илеп айтқанындай, 5 диссертация жалған формуламен шығарылған есепке құрылыпты. Сұмдық қой!


Бұл теміржолдың бойынан тыс жерде вагон тартып бара жатқан паравоз сияқты. Теміржол жоқ, бірақ паравозбен состав кетіп бара жатыр. Қайда кетіп бара жатыр, қандай жолмен кетіп бара жатыр, жалпы, орынынан қозғалды ма, оны ол араға кім көтеріп апарды, ешкім білмейді.


Ал енді қоғамтану ғылымына, оның ішінде тарих пен әдебиетке келсек, біз жалған ғылымға толығымен көшіп болдық.


Екі мысал келтірейін, біріншісі: биыл Қазақ автономиясының мемелекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. Автономиялық республика 1920 жылы қазан айында жарияланды. Қазақстанды Ресей болсын, әлемнің өзге елдері болсын, кезінде құрылған сол мемлекеттің негізінде тәуелсіздігін таныды ғой. Бұл жерде айтайын дегенім, Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясының бекігеніне де 90 жыл толды. Яғни құжатқа 1920 жылы 24 тамыз күні Ленин қол қойған. Қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін, бес ай айтысып-тартысып жүріп, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов кеңесшісі ретінде бірде Ленинге, бірде Сталинге кіріп жүріп Қазақстан автономиясының мемлекеттік шекарасын бекітті, Әлімхан Ермеков баяндама жасады Соған биыл 90 жыл. Айтулы дата. 90 жыл атап өтетін нәрсе ме? Әрине, атап өтетін үлкен дүние. Біз сол бекітілген территорияның қазір 15 пайызынан айрылып қалдық. Қарақалпақстан кетті, Саратов жағы, Алтай жағы, кетті. Елуінші, алпысыншы жылдары біраз жер Өзбекстанға елу жылға, Жазатыр жотасы Ресейге жалға берілді.


Бұл ащы шындық. Біле жүрген дұрыс. Жасырып қалуға болмайды. Десек те, біз сол Ленин қол қойған жердің негізін сақтап қалдық. Ал енді осындай маңызды оқиғаны мемлекеттік тұрғыдан ескеруге болар ма еді. Болар еді. Біздің университетте (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) осыдан бір-бір жарым жыл бұрын студенттер кездесуге шақырды… Студенттерді Алаш идеясымен қолдан келгенше таныстырдық. Бір ай өткен соң, жаңағы балалар тағы келіп тұр. «Не болды?» – деймін ғой. Олар:«Біз екіге бөлініп таласып жатырмыз» – дейді. «Не болып қалды» – деймін. Олардың жартысы: «Қазақ халқының жауы – Әлихан Бөкейхан. «Алашорда» үкіметі – қазақ мемлекеттігін сатқан үкімет. 1991 жылға дейін Қазақ мемлекеттігі болған жоқ, шекара болған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялан соң ғана, шекара анықталды» – деседі. Қалған жарты топ шыр-пыр болып оларға қарсы шығады.


Сұмдықтың көкесі алда. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұл – шындық. Ал қалған уәждері көкейге қонбайды ғой. «Мұны қайдан шығарып алдыңдар» – деймін ғой оларға. Олар беттері бүлк етпестен: «Тарих пәнінен беретін ұстаздар солай дейді, тарихта солай жазылған» – деседі. Мен таң қалдым. Тарих ғылымының осыншалықты көрсоқырылыққа ұрынғанына жағамды ұстадым. Ең құрмаса тарихи оқиғаны, түрлі жағдайларды рет-ретімен жүйелеп, ақ-қарасын ашып, түсіндіріп шәкірттеріне ұсынуға болар еді ғой.


Сөйтсем, сондай тағылым беретін жалған оқулық жазылыпты. Біз қазір сол жалған тұжырымдардың өзін ғылым деп зерттей бастадық. Мен ғылымдағы мұндай топастықты, можантопайлықты, тіпті, айтқым да келмейді. Бірақ айтпасаң, сөздің ғана атасы өлмейді, қазақ өлейін деп тұр».


Иә, Тұрсын Жұртбай кезінде осылай деген екен. Одан бері біраз жыл өтті. Ғылым саласында не өзгерді? Әлде «баяғы жартас сол жартас» болып қалды ма? Кім не дейді?


Ақбота Дастан,


фото: Courtesy Photo


kaz.365info.kz




Көрілген: 3003    Пікірлер: 1

сенбі, 13.01.2018, 11:50

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31