Алаш үні

ҚАЗАҚТЫ ҚАЙРАУ немесе ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ...

  • ҚАЗАҚТЫ ҚАЙРАУ немесе ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ...

    ҚАЗАҚТЫ ҚАЙРАУ немесе ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІҢ КЕЛСЕ...

Сен бәріне билікті, үкіметті кінәлайсың: үкімет маған мынаны бермеді, үкімет маған ананы бермеді деп. Ал сен, өзіңе не керектігін білесің бе? Сен қабағыңды шытып, шамданба. Бірақ, сенің шет тілін меңгеруге мүмкіндігің жоқ па? Википедияны оқуға мүмкіндігің жоқ па? Әлеуметтік желіде екі көзің талғанша телміріп отыра бермей, басқа пайдалы іспен айналысуға мүмкіндігің жоқ па? Телефоныңдағы «миыңды суалтатын ойындарды» ойнамай, жұмысқа бара жатқанда кітап оқуға мүмкіндігің жоқ па? Көлікте папсаны емес, жаныңның хошын келтіретін əндерді, джазды, блюзды тыңдауға мүмкіндігің жоқ па? Сенде шынымен де осындай мүмкіндіктер жоқ па? Мен сенбеймін!

Әлде сен үкімет: «Айналайын, өтінемін: мына жақсы кітапты оқышы, табиғат жайлы мына тамаша киноны көрші, спортпен шұғылданып, жаттығу жасап, бұлшық еттеріңді шынықтыршы, кеш батса болды кафе-барларды жағалып арақ ішпеші, сыраға бөкпеші» деп жалынады дейсің бе? Үкімет сенің және балаларыңның телефонына «мәңгүрттендіретін» емес, ой-өрісті дамытатын қосымшалар орнатып беруге тиіс пе? Жоқ әлде, саған ютубтан дизайн, программалау жөнінде немесе өзіңнің жан-дүниең қалайтын істің видеороликтерін тауып беруге міндетті ме?

Айтшы, сен өмірде бірнәрсемен айналысқың келе ме?

Сен теледидардан ар-ұяттан жұрдай, әдепсіз және лас дүниелер көрсетеді деп налисың? Көрме, өшіріп таста!

Әлде сен тұратын қаланың əкімі үйіңе келіп, осының бәрін жасап беруге тиіс пе? Әлде ол əкім интернетті қалай пайдалану керектігін көрсетіп, үйретуі керек пе? Жоқ əлде киімге, жақсы мызыкаға, жақсы киноға деген талғамыңды дағдыландыруы керек пе? Не болмаса саған балалардың көзінше бозқауыз сөз айту, көшеде қақырынып-түкіру, қоқысты қалай болса солай тастай салу - мәдениетсіздік деп айтуы керек пе? Айтшы, осының бәрін саған кім айтып, кім көрсетуі тиіс?

Қандай елде тұрып жатқаның маңызды емес! Барлық жерде маскүнемдер, нашақорлар, ұры-қарылар, бұзақылар, алаяқтар бар. Барлық жерде!

Айтшы, қайсы президент, қайсы елдің басшысы адамдарға "шошқа сияқты болыңдар"деп үндеу тастауда? Жоқ, ешқайсы!

Сенде кез келген елде жүріп өз-өзіңді дамытуға мүмкіндік бар! Ол үшін қомақты қаржының керегі жоқ! Өзіңді-өзің алдама! Ол үшін ерік-жігер, күш-қайрат керек! Мен қайран қалам: сен өзің үшін осының бәрін басқалардың істеп бергенін қалайсың. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргің келеді. Ізденгің келмейді, қателескің келмейді, күш-жігеріңді сарып қылғың келмейді. Бірақ, бұлай болмайды!

Сен басқалар жетістікке оп-оңай жетіп жүр деп ойлайсың. Мұның – барып тұрған қате пікір, керек десең - ақымақтық! Сен əрдайым қарапайым, оңай жолды іздейсің. Апауыт компанияда жұмыс істеп, қымбат машина мініп, жер жаһанды армансыз шарлағың келеді. Сөйте тұра, соның бәрін мен үшін әлдекім істеп беруге міндетті деп санайсың. Жоқ, қателесесің!

Қандай елде тұрып жатқаның маңызды емес! Рас айтам! Сенің еліңнің жолдары тақтайдай тегіс болуы немесе ойдым-ойдым, талқаны шыққан шұрық-тесік болуы мүмкін. Бірақ, бұл ештеңені де өзгертпейді! Себебі, бұл ештеңеге де ықпал ете алмайды.

Үкімет, сенің подъезіңді бояп-сырлап, аулаңа гүлзарлар салып, жұмысқа баратын жолыңа раушан гүлін егіп қоюы мүмкін. Бірақ та бұл сенің болмыс-бітіміңді, ішкі дүниеңді өзгерте алмайды! Егер өзің ештемеге ұмтылмасаң, егер пайдалы бірнәрсемен айналысқың келмесе, ешкім де сенің таным-түсінігіңді өзгерте алмайды! Ешкім де саған «былай бол» деп жалынбайды, тіпті әрбірден соң олардың саған түкіргені бар!

Мынаны құлағыңа құйып, санаңа түйіп ал: өмірде қандай да бір жетістікке жету үшін жасайтын алғашқы қадамың – маған ақша, жұмыс, көлік, яхта, келісті түр-əлпет, талант бермеді деп бүкіл әлемді, өзгелерді жазғыруды арылудан басталуы тиіс! Əрі мынаны есте сақта: әр күн сайын жетіліп, даму үшін, асқақ арманыңа жету үшін сенде бәрі бар! Білім де, ақыл-ой да, ең бастысы - денсаулық бар!

Сенің компьютеріңе мыңдаған кітап пен оқулық, музыкалық шедеврлер, жүздеген керемет фильмдер сыйып кетеді. Сен күндіз де, түнде де өзіңе қажетті кез-келген дүниені тегін оқи аласың әрі ол қолжетімді! Сен кез-келген қаладан, елден достар таба аласың. Сенде әр күн сайын өзіңе жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік бар. Бұрын адамдар мұндайды армандай да алмайтын.

Тағы мынаны есіңде сақта: ешкім де сені «осыны істе» деп мәжбүрлемейді! Өйткені, сен ересек адамсың. Бұл – сенің өмірің! Онда ешкімнің де шатағы жоқ! Ешкім де сені жүгір, денеңді шынықтыр деп мәжбүрлемейді. Ешкім де сені кітаптың бетін аш деп қыстамайды. Ешкім де сені сағаттың тіліндей тура, ұқыпты, жауапты болуға итермелей алмайды! Ешкім де! Президент те, əкім де, БҰҰ-ның өкілі де, басқалар да...

Түсіне біл! Қандай елде: мейлі Еуропада, мейлі Америкада, мейлі Азияда, тіпті Марста тұрсаң да өз-өзіңді дамытпайынша ешқандай да жетістікке жете алмайсың! Барлық жерде осындай жағдай!

Табыстың кілті – өз-өзіңді қамшылай білуде! Әрине, бұл - өте қиын, күрделі дүние. Ол үшін күн сайын тынбай еңбектену, іздену керек. Бала күніңде ата-анаң, мектебің сені дамуға мәжбүрледі. Ал есейгесін сен өзіңді-өзің мәжбүрлеуің керек! Әр күн, әр сағат, әр минут сайын қандай да бір жаңа дүниені оқып, ой-өрісіңді кеңейтуің керек!

Қателесуден қорықпа! Қанша жаста екенің маңызды емес, мейлі 20-да, мейлі 60-та бол!

Жетістікке жету, табысты болу оңай емес. Ол үшін: қорқыныш-үрейді, сәтсіздіктерді, өкпе-реніштерді, арып-ашып қалжырауды, депрессияны, жеңілістің ащы дәмін, сақындықты, ұяттан өртеніп жерге кіріп кете жаздайтын кездерді, жаныңды сыздататын сәттерді, кедергілерді, қызғанышты, күншілдікті, өшпенділікті, сатқындықты - бәрін-бәрін басыңнан өткеріп, соларға сабырмен төтеп бере білуге тиіссің!

Әрдайым өз-өзіңді жанып, өз өміріңді өзің қалыптастыр! Сенің өмірің – сенің қолыңда! Басқаша болуы мүмкін емес! Алтын кілт те, ғажайып дәрі де, сиқырлы шам да жоқ! Жоқ!

Көзіңді аш, сенде таңдау бар: сәтсіздіктеріңнің бәріне бүкіл әлемді, айналаңдығыларды кінәлай беруді жалғастырып, мына өмірде бәрінен құр қалу; немесе дүниетанымыңды өзгертіп, басқаша ойлауды бастау, өткен өміріңдегі қателіктеріңді мойындап, содан сабақ алу, өзіңе жаңа әлемді ашып, талмай оқып-үйреніп, білмекке ұмтылып, тоқтамау! Сөйтіп өмірден өз еншіңді ал! Бұл таңдау әркімнің алдында тұр.

Қандай елде тұрып жатқаның маңызды емес!

PS: Орысша мəтінді шама-шарқымыз келгенше аударып, кейбір тұсын тұздықтадық. Бір қазақ оқып, ой түйіп, қорытынды шығарып, келешекте табысқа жетіп жатса - миссиямыздың орындалғаны.



Ернұр Ақанбай

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1156    Пікірлер: 4
Пікірлерді оқу (4) preloader

сейсенбі, 28.11.2017, 12:23

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
желтоқсан
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31