Алаш үні

Келбеті нық Нәсекеңдей алыптың!

  • Келбеті нық Нәсекеңдей алыптың!

    Келбеті нық Нәсекеңдей алыптың!

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан мұнай-газ индустриясының майталманы Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаевтың туғанына 80 жыл!


Нәсіпқали Әбуғалиұлы Отанымыздың өсіп, өркендеп дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Туған елінің мерейі үстем болуы үшін жанын аямаған жасампаз азамат. Мұнай саласының танымы терең білгірі. Өмір жолы өнеге мен аңызға, ізгілік пен мейірімге толы алдаспанның ұшан теңіз еңбегін зердесі мен санасы бар алты Алаштың баласы ұмытпауы тиіс.

Нәкең ел тарихындағы қилы кезеңде Тәуелсіздік, Ел, Жер жолындағы дүбірлі шайқастардың алдыңғы шебінен табылған қайсар сардар, нағыз жампоздың өзі. Күрделі күрестер шынықтырған тұрлаулы тұлғалардың санатынан еді. Тумысынан басшылыққа лайық, кемел мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ мұнай өнеркәсібін кең қарымды өркендетудегі қолбасшыларының бірі ретінде танылған аса ірі өндіріс ұйымдастырушысы, уақыт тезінен өткен асыл азамат, өскен елін, туған топырағын қызғыштай қорғаған, әлеумет үшін отқа түскен құба даланың бұла перзенті!

Оның өмірі таусылмайтын жыр дастан! Марабаев мұнайға муза бітірген жан. Сондықтан оның жүрген жолы, сүрген өмірі мәңгіліктің мазмұнды жырына айналуы керек!


МҰНАЙ МУЗАСЫ


Маңғыстаудың топырағындай киелі,

Өмір жолы күмбірлеген күй еді.

Бар ғұмырын арнап өтті аянбай,

Боламын деп туған елдің тірегі!


Туған жердің сүйетін ол әр тасын,

Әрбір гүлін аялайтын қадірлеп.

Қиындыққа қорықпай төсеп арқасын,

Еңбек етті елі үшін жанын жеп.


Қаймыққан жоқ Отан үшін оттан да,

Бұлт үйріліп тұрған кезде жұртына.

Қай сәтте де кідірместен басты алға,

Адал болды өле-өлгенше ұлтына.


Түзде жүрді, үй көрместен түн қатып,

Нар көтермес жүк көтерді қайыспай.

Мінберлерден елдің мұңын тыңдатып,

Сын сағатта қалмаушы еді алыспай.



Ел қуанса қуанатын шаттанып,

Өтелгендей перзенттік бір парызы.

Күй тартатын, тебіреніп, баптанып,

Көкірегінен төгілгендей наз үні.


Жоғалтқан жоқ ешқашан да сенімін,

Болашақты ойлап жиі жүдейтін.

Табанына кірген тікен елінің,

Маңдайыма қадалсын деп тілейтін.


Қарт Каспийдің тағдырына алаңдап,

Айтып кетті ұлдарына арманын.

Болашақты ойша шолып бағамдап,

Шарқ ұратын таңға ұрып таңдарын.



Маң даланың тыңдап жүрек дүрсілін,

Сырласындай түсінетін кәдімгі.

Туған жердің әрбір атқан бүршігін,

Көруші еді жақынындай қадірлі.


Төзген шығар бәріне де халқы үшін.

Небір түрін көріп жүріп азаптың.

Құт мұнайдың әрбір тамған тамшысын.

Пайдасына жаратуға қазақтың.


Бітірді ол талай істі күрделі,

Мен істедім деп айтпай-ақ ешкімге.

Ірі болды, кесек болды іргелі,

Құмартпады мақтау-мадақ естуге.



Жәңгір ханды пір тұтатын өзіне,

Ғасырларға ой жіберіп толғанып.

Елестетіп сол заманды көзіне,

Басты сосын баба ізімен алға нық.


Махаббатта бағы жанды о бастан,

Ләйла қызды Алты Алаштан таңдады.

Жұп болды олар қос жұлдыздай жарасқан,

Шуақ шашып ататын әр таңдары.


Адал жардың символындай екеуі,

Тамыр тартты тым тереңге, гүлденіп.

Шаңырағы – махаббаттың мекені,

Айналаға сәуле шашар, нұр беріп.


Тәрбиелеп қос ұлы мен қос қызын,

Биіктерге самғап ұш деп өсірді.

Бағындырып асулардың шың-құзын,

Үйретті әркез арлы ғұмыр кешуді.



Үш Қиянның топқа түскен тұлпары,

Намыс туын тік ұстады, рухтанып.

Жалғап ізін текті туған ұрпағы,

Одан ары биіктерге шықты алып.


Туады ерлер заманына лайық боп,

Жасау үшін тарихтың әр парағын,

Ағады олар қасиетті Жайық боп,

Мұраты үшін аяулы Отан-ананың.


Қазасы оның ауыр тиді қазаққа,

Сыздатады әлі біздің жүректі.

Ғазиз жанын алып кетіп жаннатқа,

Жер-ананың кеудесі де дір етті.


Каспий толқып жоқтайды әлі қарашы,

Ер мінезді ойлап адал баласын.

Боз інгендей боздайды әлі даласы,

Жоғалтқандай арқа сүйер панасын.


Жайық кейде мұңмен ақты тұнжырап,

Нәсекең де кетті ме деп келмеске.

Шерқала да шерге толып тұр жылап,

Тағдырына амалы жоқ сенбеске.


Аққу қаздар айтады әнін мұңданып,

Нәсекеңді қимай әлі жүрме екен?!

Дала төсі жатыр, әне, сыр бағып,

Аппақ таулар теңселсе де тұр бекем.


Баққа орап гүлдендірген жер бетін,

Өмір сүрген найзағайдай жарқылдап.

Ер Нәкеңнің қайраткерлік келбетін,

Уақыт өзі сомдап берді айқындап.



Білсең егер зейін қойып ұғына,

Адал ұлдар айналады заңғарға.

Нәсіпқали Әбуғалиұлы да,

Ұмытылмас қазақ деген ел барда.


Өшпейді оның жаққан оты мәңгілік,

Еңбегі бар ел есінен кетпейтін.

Болашақта тұрар әлі жаңғырып,

Ұрпағы бар жайнап өсіп көктейтін.


Келбеті нық Нәсекеңдей алыптың,

Қара нары маңғаз дала төсінің.

Өшпестей ғып санасына халықтың,

Еңбегімен жазып кетті есімін!


Сайлау Есжанұлы ЖЫЛҚАЙДАРОВ,

Ардагер геолог-мұнайшы,

Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы»

қоғамдық қорының атқарушы директоры


 


 


 


 




Көрілген: 2049    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

жұма, 20.10.2017, 10:31

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31