Алаш үні

Кондрюриннің есімін қашанға дейін дәріптейміз?

  • © didar-gazeti.kz

    © didar-gazeti.kz

 «Бұл барлық заставаларда бар, шекара әскерінде ерекше қалыптасқан дәстүр. Шекара қызметінде қазаға ұшыраған жауынгерлердің ерлігін үлгі етеміз, құрметтейміз, жас шекарашыларды ерлікке баулимыз. Бірақ өз басым заставаның атын өзгертуді қалар едім», - дейді осы заставаның қазіргі бастығы, аға лейтенант Жандос Кәженов.


Бір қызығы застава бастығының өзі де, оның қарамағындағы жауынгерлері де Кондюрин жөніндегі ел айтатын әңгімелерден тым жақсы хабардар болып шықты. Ендеше жаңағыдай салтанаттың бәрін олар жалғандықпен атқарып жүргені ме? Әскери тәртіпке қаныққан застава бастығы олай деп тура мәлімдемегенімен пейілінің басқа екені білініп тұрды. «Тіпті, шекарашы болмаса да, қазақта батырлар көп қой, солардың біреуінің атын берсе де болар еді», - деп қосты әскери әдептен озбаған жас офицер.


Шекараның шындығын көзімен көрген қариялардың бірталайын біз де жас күнімізде көрдік. Солардың көбі көргенін ашық айтудан бертінге дейін қорқатын. Енді олардың өкшесін басып бірге жасасқан қазіргі 80-90 жастағы ақсақалдар «Бұл Кондюриннің қылмаған қиянаты, салмаған лаңы жоқ қой», - деп отырады. Сол кездегі заставаның бастығы Богаревтың да, Кондюринмен бірге қаза болған Семен Петровтың да, басқа жауынгерлердің де шекарадағы қанды қырғындарға қатысы бары сөзсіз. Бірақ солардың арасында Кондюриннің есімі ерекше аталады. Ол жасады деген кейбір айуандықтарды айтуға аузың, жазуға қолың бармайды. Шынында, тұтастай бір ауылдың көшін оңтайлы жерден қоршап ап, қырып жіберу бір ғана адамның ісі емес шығар. Дегенмен, солардың арасында Кондюриннің әсіре белсенді болғаны даусыз.


ШАЛШЫБАЙ САЙЫНДА ШАШЫЛҒАН БАСТАР...


Ойшілік ауылының байырғы тұрғыны 80 жастағы Садуақасов Әділбек ақсақал да әңгімесін осы сарынмен бастайды: «1942 жылы бала кезімізде шекара түбіндегі Шалшыбай сайында бұзау бағушы ек. Сондағы ақжоңқа болып жатқан адам сүйектерінің көптігі сондай, аяқ алып жүргісіз деуге болатындай еді. Ересек адамдардың оқ тескен бас сүйектерінен бастап, баланың жұдырықтай бастары да шашылып жататын. Үлкендер күйлері келгенінше топыраққа жасыратын да, «Мұнда Қытайға өтіп бара жатқан бір ауыл бала-шағасымен түгел қырылған», - дейтіні есімізде қалыпты.


Кондюринді көзімен көргендердің бірі Жақыпов Нұрсолтан ақсақал дәл сол кезде, сол заставада ат бағушы болған екен. Өзі асқан мерген және жүректі де адам еді. Кейіннен Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Сол кісі: «Кондюриннің жауыздығына жаным түршігетін. Босқын халыққа жасаған қиянатына шыдамай, оны екі рет атып тастауға нақтылы бекінген болатынмын. Екі жолы да артымды ойлап, өзімді-өзім тежеп едім», - дейтін.


Қазіргі застава тұрған Тымырсық өзенінің аңғарында аласа жиылған үлкен-үлкен тас бейіттер бар. Сол жерде ұмытпасам Матайдың қызай елінен болуы керек, шекара аспақ болып бара жатқан бір ауылды тұтастай пулеметпен қырған. Олардың аңғарда көмусіз қалған мәйіттерін жергілікті халық топтап-топтап таспен бастырған екен. «Тура шекараға барып тірелетін «Бектұрдың тұйығы» деген сайда Мұрын елінің бір ауылы түгелімен қырғынға ұшыраған. Қара үңгірдің тұсындағы бір сайда осы елдің тағы бір ауылы тұтасымен қырылған», - дейтін сол заманның куәлары.


Әділбек ақсақалдың әңгімесін растаушылар да, толықтырушылар да көптеп кезігеді. Алматы облысының Жетіген ауылында тұратын 1946 жылы туған Ережепхан қажы Сәтенұлы «Осы Тарбағатайдан Қытайға қарай асып бара жатқан ауыл шекарашылардың тосқауылына тап келіп, үлкен-кіші, жас-кәрісі түгел қырылған екен. Содан, кездейсоқ тірі қалып, аман-есен Қытайға өткен жалғыз адам – менің әкем ғана еді», - дейді.


Шекарада болған қатыгездік жайында жазушы Ахмет Жүнісовтың «Нарынның суы қызарды» деген повесінде терең сайдың қыспағында өзенді бойлап түнеп жатқан бір ауылды қос пулеметпен шекарашылардың қалай қырғаны егжей-тегжейлі көркем баяндалады. Ал енді сайланып келіп, қапысын тауып Кондюринді өлтіріп кеткендер әлдебір қарақшылар емес, осы өлкенің азаматтары болғанына ешқандай талас жоқ. Солардың бірі Әбіш Шәріпов деген ақсақал 1990 жылы 92 жасында Сұлутал ауылына келіпті. Кондюринді атқаннан кейін Алтай өлкесіне өтіп кетіп, 60 жылдан соң оралған азамат жайында Қ.Алтынбаев пен Е.Жұмаханнның «Ақсуат. Құнарлы топырақ, құдыретті ұрпақ» атты кітабында нақтылы айтылған.


Заңгер Иса Момбаев интернеттегі «Застава қандықол қарақшының атымен аталмауы тиіс» деген мақаласында сол кездегі шекарада жасалған қиянаттарды ашына жазады. Мақаласын: «Шекара бекеттеріміздің сол өңірді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаудан азат етіп, ұрпағына табыстаған Қаракерей Қабанбай, би Боранбай сияқты қол бастаған батырларымыздың аттарымен аталмай, Кондюрин сияқты қанішер, жауыздың атымен аталуы қазақ деген атымызға, намысымызға ұят, сүйекке таңба. Олар қырған қандастарымыздың аруақтарының алдында біз үшін кешірілмес күнә.

Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы заңында белгіленген тәртіппен жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, аталған шекара бекетін қайта атау туралы мәселені шешетін кез жетті», - деп аяқтапты.



Осы пікірді толығымен қуаттап, құптай отырып, өткен тарихымызға, елдік намысымызға, болашаққа жасалып отырған осы бір өрескел қиянат сол қалыбында қалмаса екен, оған Алаш азаматтарының бірде-біреуі бейжай қарамаса екен деймін.


Т.Салқынбаев

Тарбағатай ауданы.


didar-gazeti.kz




Көрілген: 2361    Пікірлер: 0

жексенбі, 19.11.2017, 18:04

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31