Көне Тараз

Көне Тараз

«Сахара шаһарлары» айдарымен оқырман қауым назарына ұсынылып отырған ежелгі қаланың бірі – Тараз. Тараздың тарихи-археологиялық деректері сонау тас және қола дәуірлерінен желі тартады. Бұған қазба жұмыстары кезінде табылған шақпақтас, қырғыштар, жаңқалар мен кішкентай нуклеустар дәлел бола алады. Сонымен қатар Талас өңірінен табылған тас қоршаулар мен мәйіті өртелген жерлеу орындарының іздері, жерлеу мүліктерінің, жалпақ орақ, төске тағатын әртүрлі әшекейлер мен білезіктердің табылуы, бүгілмелі үлгідегі қола пышақтар, керамика сынықтары жоғарыда айтқанымыздай, тас және қола дәуірінен хабар беріп, осы өңірлерде тіршіліктің болғандығын айғақтайды.


Ал Тараздағы Жамбыл кірпіш зауыты аумағынан кездейсоқ табылған үлкен тас дәнүккіш, тас келі, ұңғылы қола шот, түп жағы үшкірлеу шар бүйірлі қазандар да бұл жерде отырықшы мәдениеттің болғандығын білдіреді. Мұны Тараздың солтүстігінен табылған ұңғылы жебе ұшы мен жауынгердің қола мүсіні айғақтай түседі. Осылайша сан түрлі археологиялық зерттеу жұмыстардың барысында табылған құнды дүниелер ұлы өркениеттердің белгісіндей біздің заманымызға жетіп, тарихтан сыр шертіп келеді.


ХVІ ғасырға тиесілі жазба деректерде Талас өңірі бірнеше қалалардың үйіндісі ретінде суреттелетінін тарихшылар үшін де, археологтар үшін де пайдалы дерек ретінде қарастыруға болады. Мәселен, бұл жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулатидың: «Моңғолдар даланы Янги Тараз деп атайды, олар мұны шамасы бірнеше қалалардың ізімен айтады, онда күмбездер, минареттер мен медреселердің ізі мен белгілері бар, осы ежелгі қалалардың бірі Янги, ал қалғандары қалай аталды» деп жазған сөзі бар.
Бүгінгі таңда көне қаланың зертте­луінің екі ғасырға жуық тарихы бар екендігі анықталып отыр. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында ша­һарды бірінші болып зертте­ген француз ғалымы М.Картмер болса, одан кейін 1867 жылы П.И.Лерх, 1880-1898 жылдары В.А.Каллаур, 1890 жылы Е.Ф.Кален, 1893-1894 жылдары В.В.Бартольд, 1894 жылы В.П.Лаврентьев деген ғалымдар зерттеп, қала туралы табылған деректер мен мәліметтерді өз еңбектерінде атап өтті. Жалпы, біздің заманымызды кешегі өткен ұлы дәуірлермен байланыстырып, рухани, мәдени жағынан мәнін арттырып тұрған қала жайында бүгінгі таңда тарихи дереккөздер, мағлұматтар мол. Оның барлығын бір мақаланың көлемінде айтып шығу мүмкіндігі болмағандықтан, солардың кейбіреулеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.
Ежелгі Тараздың орны қазіргі қаланың орталық базары астында болғандықтан, ол біраз уақыт зерттеу жұмыстарынан тыс қалып келгені мәлім. Ал бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта археологтардың қолына қала туралы жаңа әрі тың деректер түсетіні сөзсіз.
Шаһарға әр кезде жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында көптеген ғимараттардың орны, атап айтсақ тұрғын үй, монша және тағы басқа да сәулеттік құрылыс орындары табылды. ХІ ғасырға жататын монша Қазақстан аумағынан табылған моншалардың ең ежелгілерінің бірі саналады. Өзіндік жоспарлануы мен қабырғасындағы өрнекті сылағы ескерткіштің маңыздылығын арттырып отыр.

Тоғыз жолдың торабы
Таразға қатысты тарихи ең­бектер не дейді? Енді соған тоқталайық.
Талас өңіріндегі тайпалар туралы құнды мәліметтерді қытай саяхатшысы Чжан-Цяньның жазбаларынан кездестіруге болады. Чжан-Цяньның хабарламалары ежелгі қытай тарихын сипаттаудағы Орта Азия елдерін суреттеуге негіз болды. Осы жазбаның негізінде біздің заманымыздың 27 жылы қытай тарихшысы Баньгу «Цянь-Хань Шу» атауымен «Үлкен Хань әулетінің тарихын» құрастырды. Осы тарихта Талас өзені алғаш рет айтылып, отанымыздың тарихына тікелей байланысты ірі оқиғалар атап көрсетіледі.
Чжи-чжи басшылығындағы ғұндар бөлінгеннен кейін Қаңлы мемлекеті иелігіне қоныстанады. Кейінгі археологиялық зерттеулер Талас өңірінде б.з.д. І ғ. – б.з. V ғ. аралығында қаңлы тайпа­ларының өмір сүргендігін дәлелдеп отыр. Қытай деректерінде кездесетін Да-луй сөзі бұл ежелгі қытай транскрипциясы бойынша Талас өзенінің атауын білдіреді. Сонымен қатар Тараз және Талас өңірі туралы деректер Византия, Персия, Үндістан, Қытай елдерінің қатысуымен VІ ғасырда болған тарихи оқиғаларда атап көрсетіледі. Мәселен, 568 жылы соғды Маниах бастаған түрік елшілігі Византияда болғанда, ал түрік қағаны Дизабулдың (түрікше Істеми қаған) астанасында Византиядан шыққан император ІІ Юстинның Земарх Киликийский бастаған елшілігін қабылдайды. Тараз қаласында олар Византия елшілігін қабылдап, қайтар жолда Земарх Дизабулды (Істеми) сасанидтік Иранға қарсы жорыққа алып барады. Мұны ортағасырлық Тараздың мәдени қабатынан табылған византиялық алтын солида (теңге) дәлелдейді. Беткі жағында (аверс) І Юстинианның жоғарғы жағы бейнеленген, дулыға киген, оң қолында найза болса, сол жағын қалқан жауып тұр. Артқы жағына (реверс) ұзын әрі жалпақ крест ұстап тұрған хитондағы жеңіс әйел құдайы бейнеленген.
572 жылы Жетісу жерінен Қара Шұрын Датқа өтеді. Тараз бұрынғысынша астаналық қала мәртебесін сақтап, Түрік мемлекетінде айтарлықтай орын алғандығын осы уақытта болған оқиғалар дәлелдей түседі.
580 жылы Соғдыда Абруй басқарған түріктер мен бұхаралық ақсүйектер арасындағы қақтығыс нәтижесінде халықтың бір бөлігі Таразға қоныс аударады. Бұл оқиғаны тарихшы Нершахи былай суреттейді: «Уақиға бойынша біршама уақыт өте Абруй билігі күшейіп, ол осы аймақты (Бұхара) қатаң басқара бастады, тұрғындардың төзімі таусылды. Диқандар мен көпестер бұл аймақтан Түркістан мен Тараз жаққа кетті және ол жақтан жаңа қала салып, оны Хамукет, яғни Хамука мырзалар қаласы деп атады». Таразға келген ақсүйектер мен диқандар Қара Шұрыннан көмек сұрайды, осы ұлылығы үшін халқы Биягу Жабғу қаған деп лақап ат қояды. Абруйды (Або-хан) Қара Шұрынның ұлы Шаболио (түрікше Чуло-хэу) өлтіреді.
Археологтар Хамукет қаласын тауып, онда археологиялық зерттеулер жүргізді. Аталған қала Тараздан 2 фарсахта (12 шақырым) жерде орналасқан.
Таразға соғды ақсүйектерінің айтар­лық­тай саны келгендігі, сонымен қатар Бұхарадағы көтерілістің жаншылғандығы туралы дерек осы өңірдің саяси өмірінде қаланың маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді.
Көпестер қаласы
630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады деп суреттеді. ІХ ғ. бірінші жартысында математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазылған. Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хау­каль «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазған. Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында» деген. Махмұд Қашғари «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Міне, осылайша Тараз қаласына қатысты көптеген деректерді алға тартып, сөйлете беруге болады. Бұл қаланың шын мәнінде өзіндік бай тарихқа ие екенін, өркениеттердің тоғысқан жері екендігін анық көрсетеді.
VІІІ-Х ғғ. Қазақстанның ұлан-байтақ даласын Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейін, Балқаш пен Ыстықкөлдер арасын, Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан ортағасырлық Отырарға дейін қарлұқ тайпалары иеленгені тарихтан белгілі. Бұл туралы араб географы Ибн Хаукаль (Х ғ.): «Қарлұқ жерін батыстан шығысқа қарай жүріп өту үшін 30 күндік жол керек болды. Қарлұқ астаналарының бірі Тараз қаласы» деп жазған. Таразда Ибн әл-Асирдің хабарлауы бойынша аймақтағы Қарахан әулетін басқарған өкіл Сатұқ Қарахан (Сатұқ Боғра хан Ибн әл-Керім) болады. Оның ұлы Боғра хан Харун Мұса 960 жылы Тараз қаласында исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Тараздың саяси дербестігі мен аймақтағы автономдығы экономика мен мәдениеттің дамуына әсер етпей қоймады. Осылайша қала әр ғасырдың айтулы тарихи өзгерістерін басынан кеше отырып, мол мұрасымен, құнды жәдігерлерімен біздің заманымызға жетті.
Уақыттан асқан байлық жоқ. Заманалар биігінен қарасақ, ежелгі Тараздың біздің ұрпаққа айтары аз емес. Ең бастысы, содан тағылым ала білсек болғаны. Биыл елімізде кең көлемде атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығында да ежелгі Тараздың алатын орны айрықша. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Тараз ұлы өркениеттерді танып-білуге жол ашатын қастерлі де қасиетті мекен.

Арнабай НҰРЖАНОВ,
Ә.Марғұлан атындағы Археология
институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
тарих ғылымының кандидаты

Ералы АҚЫМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің PhD докторанты

Редакциядан: Мақаланың көлемді болуына байланысты ықшамдалып беріліп отыр. Толық нұсқасын «Ана тілі» газетінің сайтынан оқи аласыздар

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста