Алаш үні

Кіші жарды көңілдеске теңеушілердің көздегені не?

  • Кіші жарды көңілдеске теңеушілердің көздегені не?

    Кіші жарды көңілдеске теңеушілердің көздегені не?

 Көп әйел алу – қай заманда да болған. Осының негізінде әлеуметтік, демографиялық, психологиялық, физиологиялық тұрғыдағы, тереңнен қозғасақ, рухани мәселелер шешіліп, жүйеге қойылған. Содан болар, қазіргі қоғамда тоқал тақырыбы жиі талқыға түседі. Қанша адам болса, сонша ой бар. Сол пікірлерге қарап отырып, көп адамның тоқал туралы пайымдары пасықтау көрінеді. Турасын айтсақ, біздің қоғамда ашыналардың тоқалдың атын жамылуы немесе тоқалды көңілдеске теңеуі өршіп барады. Мұндай келеңсіз көзқарастың салдары қандай, бізді қайда апарып адастырмақ?


2016 жылы жарыққа шыққан «Тоқал» картинасын тамашалаған шығарсыз. Көрмеген күннің өзінде естігеніңіз кәдік. Анайылық эпизодтан басталатын фильмнің аты «Тоқал» болғанмен, қазақы танымға сай тоқалды аңғармайсыз. Голливудты «табындырдым, таңдайын тақылдатып таңғалдырдым» деген туындының режиссері Гаухар Нұртастың «тоқал» деп отырғаны ашына, яғни ойнас. Сол образды өзі сомдайды. Дәлірек айтсақ, атаулы фильм алматылық дәулетті әулеттің өмірінен өрбиді. Кәсіпкер Қайрат бірнеше жыл бойы зайыбының көзіне шөп салып жүреді. Алайда көңілдесінің аяғы ауырлап, жасырын қатынасы әшкереленеді. Қайраттың заңды жары екінші отбасын құруға амалсыз келіседі. Бірақ осы мезетте екі әйелдің тартысынан олардың жақындары да, өздері де, күйеуі де қатты күйзеліске ұшырайды. Фильмдегі ер кейіпкерлердің бірқатары Қайраттың кейпін кешіп жүргендер...


Сонымен, нәпсәни қажеттіліктің жетегінде жүрген «көңілдесті» қазақтың дәстүріне сай келетін ақ некелі кіші жарға – арамды адалға теңегенін немен түсіндіресіз? Одан да фильмнің атауын «Ашына» деп атап, ашығын айтпады ма?


Сан сауалмен санамызды сансыратып, екі жыл бұрынғы «Тоқал» фильмін тектен тек еске түсіріп отырғанымыз жоқ. Сол уақыттан бері күшіне мінген әлдебір «жымысқы саясат» қазақтың тамырын тереңге жайған, іргетасы берік қаланған отбасы институтын әбден әлсіретуге бет алғандай. Қазақ эстрадасындағы кей сылқымдар көңілдес болғанына «шаттанып» жүр. Олардың отбасылы танымал жігіттермен көңіл қосып жүргені БАҚ беттерін шулатуда. «Көп жүрген жылан аяғын көрсетеді» демекші, жасырын қатынасы әшкере болып, ақыр аяғында, жұлдызды жігіттер жарымен ажырасып, ашыналарына үйленіп тынуда. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дегендей, біреудің шаңырағын шайқалтқан әншінің бірі телеарнадағы бағдарламада «тоқалмын» деп мақтанғаны шымбайымызға батып, кеуде қуысында ашудың дауылын туғызды. Осындайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір әйел бір еркекті отбасынан ажыратып, өзіне қаратып алса, ол әйел жәннаттың иісін иіскемейді» деген өсиеті ойға оралады. Ол ол ма, соңғы жылдары интернетте «тоқал боламын» деген жарнаманың жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетпесі бар ма? Қалталы азаматтарға көңілдес болып, қара басын күйттеп жүргендердің пиғылын қараңыз: жақында біреу «әкімнің тоқалы болғым келеді» деп, беті бүлк етпестен, ойын жалпақ жұртшылыққа жайып салды. Келесі біреулері «жағдайымды жасаса», «үй әперсе, көлік мінгізсе», «қалағанымды берсе» деп, талаптарын қоюда. Тіпті, «тоқал боламын» дегендер әлеуметтік желілерге бір күндік ақысын да жазған. Ал «Еуразия» арнасынан «Астанадағы шенді-шекпенділерге тоқал болуға асыққан арулар еліміздің түкпір-түкпірінен қоныс аударуда» деген жаңалықты да көрдік. Сондағы олардың көздегені не? Жеңіл ақша! Арсыз атақ! Нәпсіқұмарлық! Бұл өз тәнін саудалау емей не? Қылықтары жезөкшелікпен, ойнастықпен пара-пар. Олай болса, оларды неге тоқалға телуіміз керек? Әлде олар арам ісін адалдың атын жамылып, заңдастыруды мақсат тұта ма?


Мұқият болыңыз, ата-бабамыз кіші жарды ойнас қуып жүріп таппаған. Айтыңызшы, қайсымыз тоқалдан тумадық? Шежіреге толы тарихымызды ақтарсақ, кез келген қазақтың тегінен мысалды мыңдап келтіруге болады. Әлемге аты әйгілі көптеген данышпанымыз да, атап айтсақ, Абай да, Шоқан да, Шәкәрім де тоқалдан туған. Олар ақ некемен дүниеге келген текті тұлғалар. Ақылды да айбарлы бабаларымыз қатындарын бөлектемей, балаларын алаламай, бір үйдің балаларындай ынтымақта ұстағанына сүйсінесің. Әріден қозғасақ, Бәйдібек бабаның үш қатыны болған. Екінші жары Зеріптен Жаламбет туып, одан Шапырашты, Ошақты, Ысты дейтін үш рулы ел өрбиді. Ал үшінші кіші жары Домалақ анадан Албан, Суан, Дулат тарады емес пе?! Мәселен, мен де бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен екі әженің аялы алақанында өскенмін. Мұндайда «о заман мен бұ заманды сай емес» дейтін «сарапшылар» табылады. Сонда «заман өзгерді екен» деп адалды арамға былғап отыра береміз бе? Намыс қайда? Өз аналарымызды, әжелерімізді қорлық мәнде қабылдауымыз керек пе?


Не де болса, дәстүрге сай көп әйел алушылыққа қарсы құбылыстың қырсығы қоғамға тиіп отыр. Адами қалыптан айыруды көздейтін шығыстық шабуылдың, нақтырақ айтсақ, тоқал алып, талақ айтып, бір-бірінің қойнына тығып, қаракөздерге қиянат қылатын «сақалдылардың» сайтани сауығы елді шошытқаны аздай, осындай батыстық улы идеологияның да кесірлі әсері зор. Мінекей, «тоқал» ұғымын шын мағынасында қолданбағанның салдарынан адамдардың көбісі бұл ұғымды құлағы шалып қалса, төбе шашы тік тұратын жағдайға жетті. Осылайша, өскелең ұрпақтың санасына осы салтты жиіркенішті етіп көрсетіп жатқаннан қазақ жастары қазақ болудан қаша бастады. Өз ұлтының дәстүрін мансұқтауға көшкенін байқап отырмыз. «Тоқал болғанша тұрмысқа шықпағаным жақсы» деп, пейілі түзу, ер мінезді, текті жігіттердің етегінен ұстауға арланып, кеудесінен итеретін сасық намыс пайда болды. «Бірдің кесірі мыңға тиді» деген, батыстың былығына батып келген, «Тоқал» фильмін шығарған Гауһар Нұртас секілділердің жағымсыз жарнамалары және жеңілтек жұлдыздардың, ақшаңдаған сылқымдардың әдептен жұрдай әрекеттері бізді осындай күйге түсірді.


Енді өздеріңіз салыстырып қараңыздар: жасырын қатынастың салдары қандай болады? Айтайық: жезөкшелік, зинақорлық, шата балалар, тастанды сәбилер, түсік тастау, шайқалған шаңырақ, бұзылған әйелдер, жалғызбасты аналар, әкесіз өскен балалар, екіжүзділік, рухани азып-тозу және тағы басқа. Бір сөзбен айтқанда, тексіздік тамыр жайып, ел болудан қаламыз.


Ал қандастарымыз жария түрде ақ некесін қиып, тоқал алса немесе кіші жар болса, неден ұтамыз? Айтайық: қаракөздердің бағы ашылады, кәрі қыздардың саны азаяды, кенжелеп қалған демографияны дамытуға үлес қосылады, текті ұрпақ тәрбиеленеді, жесіріміз қаңғымайды, жетіміміз жыламайды және тағы басқа. Бұл ретте, батыстық ғалым Густав Ли Вонның: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық» деп ашық мойындағанын айтпай кетуге болмас.


Мұндағы айтпағымыз, қазақтың «Арам түбі – реніш, адал түбі – кеніш» дегеніндей, көңілдес пен кіші жардың айырмасы жер мен көктей. Ашыналық абыройыңды әшкере қылып, орға жықса, дәстүрінің дені Исламмен астасып жатқан бабалар жолы ұрпағын өрге сүйрейді. Олай болса, ардан безген бәзбіреулердің «тоқалдың» атын жамылуына және «нақсүйерді» кіші жарға теңеуіне жол берілмеуі тиіс. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адалды арамға, мұсылманды кәпірге теңеген адам – кәпір» деген хадисі еске түседі. Қалай десек те, таңдау әркімнің өзінде. Бірақ оның жауапсыз қалмайтынын, обал-сауабын да өзі көретінін ұмытпағай...


P.S. Бәрінен бұрын, мақаламызда көтерілген мәселе жөнінде қазақ зиялыларының үн қатпауы, күнделікті өмірден немесе жаңалықтардан көріп-білсе де, байқамаған кейіп танытып, бейжай қарауы бізді алаңдатып отыр. Бұл «зиялы», яғни «нұрлы», «ағартушы» деген атына сын емес пе? Олар үшін қазақтың ұлттық, отбасылық құндылықтарын қорғаудан, жаңғыртудан артық шаруа жоқ десем, сөзіме ешкім қарсы шыға қоймас. Ардақты аналарымызды қорлап, айбынды аталарымыздың аманатына қиянат қылып, қызыл-жасыл дүниеге алданған арсыздар тексіздіктің тамырын жайып, болашағыңды бұлыңғыр етіп жатқанда зиялылар бас көтеріп, ақ-қараны ажыратып, бағыт-бағдарымызды айқындап отырса орынды болар еді. Тіпті, бұқараны бұзатын былықтарды жілік-жілікке бөліп, майын шағып, түп-тұқиянына дейін талдаса дейміз. Бұл – елдікті, ұрпағының келешегін ойлаған көптің тілегі. Осы тілекке құлақ түрген зиялы болса, осы мақала төңірегінде және бүгінгі таңдағы отбасылық құндылықтарға қауіп төндіретін тақырыптарға қатысты пайымдарын айтады деген ойдамыз.


Ибраш ӘЛИ.




Көрілген: 1140    Пікірлер: 0

бейсенбі, 20.09.2018, 23:36

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31