Құдайберген Жұбановтың домбырасы кімге сатылды?

Құдайберген Жұбановтың домбырасы кімге сатылды?

 Тіл білімі саласындағы қазақтың алғашқы профессоры, түркітанушы Құдайберген Жұбанов сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болғаны белгілі. Ол «халық жауы» болып жазықсыз ұсталып кеткеннен кейін, артында қалған бала-шағасы күн көру үшін аяулы ағамыздың заттарын, соның ішінде домбырасын да сатуға мәжбүр болған екен.
2006 жылы академик Ахмет Жұбановтың ғасырлық тойына орай «Ахмет Жұбанов» атты кітап жарық көрді. Осы кітапта ақын Әбділда Тәжібаевтың Құдайберген Жұбановтың домбырасы туралы айтқаны бар екен. Былай делінген: «Алматы енді жапырақтап, тауымыз да молайып көріне бастаған шақ болатын. Қыстайғы әр түрлі қыспақтарды құдіретті көктем ысырыңқырап тастап, жаңа шуақ, жаңа бояулар әкелгендей. Қысылып шыққандардың бірі — Ахаң болатын. Оның ағасы — атақты тіл ғылымының ғалымы Құдайберген Жұбанов қамалған соң, Ахметтің кішкене тұлғасы бір уыс болып қалған. Әрі бауырдан айырылу, әрі көзге түрткі болу, әрине, оңай болған жоқ. Жай басып, ақырын қимылдайтын болған Ахмет өзінің музыкаға байланысты ғана тіршілігін біледі. Бұрынғы аралас-құралас жерлерінің көбі-ақ тыйылып қалған-ды. Осындай тұста бір кездесіп қалған мен:
— Аха, хабарласпайтын боп кеттің ғой, — дедім.
— Қорқытып алмайын дегенім шығар, — деді, тіпті әрең естілетін дауыспен.
Қалған сөзді көшеде, біздің үйге келе жатып сөйлестік. Ештеңе болмағандай, бәрі келісіп тұрғандай, күліп сөйлескен боламыз. Онымыз да өзімізше ақылдылық: сырттан баққан көз сезіктенбесін, «неге сыбырласып, күбірлесіп бара жатты бұлар?» — деп шектенбесін дегеніміз.
— Шалдардың біреуінен мен туралы сұрапты: «Сөйлей ме, қандай кеңестер береді?» — депті.
— Шал не депті?
— «Сөйлейді, домбыраны жақсы тартыңдар, дейді». Басқа ештеңе айтпаған соң боқтап-боқтап қуып шығыпты. «Ойлан, шал, өзіңді ойла. Бізді алдасаң… жоныңнан таспа аламыз» депті.
«Сақта, Құдай, құдіретті жонымызды» — деді Ахаң.
— Онда, Құдай, қисайтпа жонымызды, — деп мен әндеткен болдым.
Ахаң күліп жіберді.
— Бұл менің жыл бойындағы бірінші рет күлгенім шығар, — деді маған бір түрлі сүйкіммен қарап. Осыдан бірнеше күннен кейін Ахмет біздің үйге телефон соқты:
— Әбеке, мен сені қорқытайын деп тұрмын, — деді күліп.
— Сақта Құдай, — дедім, анадағы даусыммен әндетіп. Ол тағы күліп жіберді.
— Жеңгеміз ағаның домбырасын базарға шығарады екен, соны есіңе салып тұрмын, — деді бір түрлі ыңғайсызданған дауыспен.
— Түсіндім, Аха! — дедім оны ыңғайсыздықтан тезірек құтқару үшін көңілді, шымыр дауыспен, — базарда мені күтсін. Не болса да көрініп, тілдесіп кетемін, — дедім. Содан кейін телефонмен асығыс хабарласып, Мұхтар Әуезовтің үйіне соқтым.
— Маған шамалы күнге бес жүз сом бере тұрыңыз, өте қажет болып қалды, Мұха, — дедім. Сырлас достан жасырын сөз бола ма, Құдайберген Жұбановтың домбырасын алатынымды айттым… Аса қадірлі қазақ, қымбат ағаның домбырасы сол күні менің меншігіме ауысты.
— Ах! — деді анам, домбыраға жас толған көзімен жылай қарап. — Көрінген біреудің қолында кетпей саған келгені жақсы болды ғой, балам, күтіп ұста, азамат аман қайтса өзіне тапсырарсың.
— Қандай қымбат сөз айттың, апа! — дедім шешемді баладай көтеріп алып, бетінен сүйіп.
— Келе ме, көрісеміз бе тағы да бейкүнә кеткен достармен? Айтшы, апа, айтшы!
— Келеді, Құдай бұйырса, бәрі келеді, — деп, ол да менің маңдайымды сүйіп, көзімді сүртті.
Шешеміз екеуміз домбыраны ашып көрдік. Аяулы адамның аяулы дүниесі екені көрініп-ақ тұр. Сыртқы қабының өзі екі жерден кілттеледі екен. Ал ішін қара қошқыл, кейде қызыл күрең де болып көрінетін барқытпен астарлапты. Кебуі әбден жеткен, шертіп қалсаң, шексіз-ақ дыңылдап тұрған ағаштан жасалған домбыраның беті пілдің сүйегімен ұқсас боялыпты. Құлағы мен тиегі де бір ағаштан жасалыпты. Шамалы қағып көргеннен кейін Ахметке телефон соқтым.
— Мен ғой, Әбділдамын.
— Рақмет, Әбеке.
— Күй тартайын тыңдаймысың, Аха?
— Тыңдамағанда ше?..
Мен телефонға тақала отырып, өзім білетін «Көбік шашқанның» бас жағын тартқан болдым. Тіпті ыңылдаған үнмен қосылып жібердім.
— Шақыр, келсін, — деді апам сыбырлап.
— Апам сыбырлап тұр, сені үйге шақырады, — дедім Ахметке.
— Ертең кешке болсын, жарай ма?
Мен апаммен келісіп:
— Жарайды, — деп жауап бердім.
Ахметпен уәде бойынша келер кеште біздің үйде кездестік. Ол кірген бетте апаммен құшақтасып амандасты. Одан соң екеуміз құшақтастық. Бұл шілдехана ма, әйтпесе, той үстінде кездескендей қуанышты табысу боп шықты.
Біздің үйде Құдайбергеннің домбырасы емес, өзі күтіп отырған сияқты еді. Осы екі арада шай жабдығын көтерген менің келіншегім Сара да кеп қалды.
Мен Ахметті түпкі бөлмедегі кабинетіме кіргізіп, өзім әйелдерге жәрдемдесетін боп қайта шықтым. Шынымды айтсам: бұл менің Ахаңның домбырамен кездескенін көрмей-ақ қояйын дегенім еді…
Ауыздағы бөлмеде столға дастарқан жайылып, ыдыстар қойылып жатыр. Мен де көмектескен боп жүрмін. Бірақ, құлағым да, көңілім де — түпкі бөлмеде. Мен домбыра даусының қалай шығатынын күтудемін…
Мен күткелі күн өткен, ай өткен сияқты. Сабырым сарқылып, шыдамым шорт сынардай күтудемін. Бірақ домбырадан дыбыс жоқ…
Жай ғана есікті ашып ішке кірдім. Ахаң терезенің қарсы алдында домбыраны құшақтап қатып қалыпты. Ол менің кіргенімді сезбеген де болу керек. Мен жай ғана барып, оның мойнына қолымды салдым. Ол да менің қолымды жұмсақ қана сипап, ауыр күрсініп қалды.
— Көп отырып қалдым ба? — деді маған бұрылып.
— Көп емес шығар…
— Ой деген қызық қой, Әбеке, — деді ол бетін орамалымен сүртіп. — Мен жаңағының арасында соңғы жиырма жылдық өмірді түгел аралап шықтым…
Ахмет ортаға кеп отырды да домбыраны бұрай бастады. Кейбір пернелерді қайта қозғап, өзі сүйетін дыбыстарды тұсына жапсырды. Менің шала сауат бұрағанымнан шіңкілдеп шығатын үндерді сыпырып тастап, қоңыр күмбірге ауыстырды.
— Әбеке, дұрыс па? — деп мені де қағыта кетті.
Жанағыдай пұшайман қалыптан өзгеріп, менімен қағысқанына іштей қуанып та қалдым. Ахаң бунақ-бунақ ұзын саусақтарымен бабына жеткен екі шекті шалып қалды. Домбыра көмейінен күміс төгілгендей сыңғыр-сыңғыр етті…
— Мен мұны үш рет қайта істеткенмін, — деді домбыраның шанағын алақанымен жұмсақ қағып-қағып қалып, — домбырашысы кездессе, бұдан табылатын дыбыста есеп жоқ, бұрауын жетістірсек, бойында титтей де жалған дыбыс қалмайтын домбыра…»
Осылайша ғалымның домбырасы ақынның меншігіне ауысқан екен. 1943 жылы Жазушылар одағы мен әдебиет институтының шақыруымен Ақтөбенің атақты ақыны Нұрпейіс Байғанин Алматыға келіп, Әбділда Тәжібаевтың үйіне түседі. Әбділда мен анасы Айманкүл екеуі Нұрпейіс ақынды жылы ілтипатпен қарсы алып, сыр шертісіп, біраз күн қонақжайлықпен күтеді. Бір күні қарт ақынның көзі домбыраның қабына түсіп:
— Мынау не, қарағым? — деп сұрайды.
— Домбыра, Нұреке, — деді үй иесі, қарияға қақпағын ашып ұсынып. Қарт ақын домбыраны жай ғана алып, шалып қалып еді, үні сыңғыр етті. Осылайша Нұрпейіс ақын ғалымның домбырасын алғаш рет қолына ұстаған…
Одан бері қанша уақыт өтті? Нұрпейіс ақын да, Әбділда ағамыз да бұл дүниеден өтті. 2014 жылы Алматының «Қазығұрт» баспасынан шыққан Нұрпейіс Байғаниннің шығармалар жинағында ақынның ұлы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, республикалық күйшілер сайысының бірнеше дүркін лауреаты Момын Байғаниннің естелігі бар. Осы естелікте ғалым домбырасының әрі қарайғы тағдыры баяндалады: «Әкем жасының ұлғайғанына қарамастан өзін өте қуатты сезінетін. 1943 жылы Алматыға республикалық ақындар айтысына шақырылды. Осы жылы маған сырты қапталған өте әдемі домбыра әкелді. Ол былай болған. Алматыда әкем Әбділда Тәжібайұлының үйінен кетерінде үй иелері: «Құрметті ақын ата, біздің үйден не қалайсыз?», — дегенде, әкем: «Ренжімесең, мына домбыраны бер» — депті. Сол домбыраны қимастықпен атаға тарту еткен. Әкем өз өсиетінде анама: «Мына домбыраны балам 10 жасқа толған кезде қолына берерсің» — деген. Бұл тілегіне қарағанда, ол менің болашағымды болжаған екен деуге болады. Әкем айтқандай, мен 10 жасымнан мектеп сахнасында өнер көрсетіп, көпшілік көңілінен шығып жүрдім. Сондай жиындардың бірінен кейін, байқамай домбырамды қиратып алғаным өкінішті-ақ. Кейін білсем қимас домбыра марқұм ағамыз Құдайберген Жұбанұлыныкі екен. Осындай құрметті ағадан қалған мұраны өз қолыммен ұстағанымды үлкен мақтаныш етемін».
Осылайша, Құдайберген Жұбановтың домбырасы сақталмаған екен. Бірақ, Әбділда ағамыздың, одан Нұрпейіс атамыздың қолына түспей, беймәлім біреуге кеткенде, кім білсін, домбыраның дерегі де қалмас па еді? Бір өкінішіміз — ең болмаса домбыраның суреті не қабының сақталмауы… Десе де, аяулы ағамыздың домбырасы туралы естеліктер, деректер қалғанын да көңілге медет тұтамыз.


Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА

aktobegazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста