Алаш үні

Мемлекет идеологиясы сыпыра мақтаумен шектелмеуі керек

  • © zanmedia.kz

    © zanmedia.kz

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист, «Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары:


– Серік аға, журналистиканы «төртін­ші билік» деп атау қалып­тас­қанымен, мұнымен келіспейтіндер де бар. Сіз қай жағындасыз?

– Ең әуелі журналистика­ны «төр­тінші билік» деп атау «арбаның бесінші дөңгелегі» деген секілді кекесіннен барып шыққанын айта кету керек. Ортағасырлық Еуропада қоғам ақсүйектер, діни көсем­дер, қара халық болып үшке бөлінгені тарих­тан мәлім. Солардың әрқайсысының өз үнін, талабын тыңдата алатын амалы, құдіреті болған. ХVІІІ ғасырда Бри­тания билігі ақпарат құралдарын өзінің мүдде­сіне пайдаланып, сол кезең­де «төртінші билік» ұғымы күшіне енді.

Ал, біздің елге оның жаңғырығы ғана жеткен. Газет-телевидениені шоқпар етіп ұстаған постсоветтік кеңістікте «төртінші билік» туралы «қай­та құру» кезеңінде ғана сөз бола бастады. Одан кейін Тәуелсіздік ал­ған­да шетелдер аузынан суы құрып айта­тын демократия, сөз бостандығы деген­дердің бізге жұғыны тиіп, он жыл­дай жырғап қалдық. Одан соң сабамызға түстік. Сондықтан, «төртінші билік» деген біз үшін алыстау, бұлыңғырлау ұғым.


Бірақ, фейсбу, туиттер секілді ауыздықтап тастауы қиын әлеуметтік желілердің жұмысына, оған биліктің елеңдеуіне қарап БАҚ-ты шын мәнінде биліктің бір тармағы болмаса да, бұра тартқанды салып қалуға бишік ретінде қолдануға болатынын байқаймыз.

– Қазақстандық БАҚ қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлінетіні белгілі. Ішкі бәсекеде қайсысы алда және ақпараттық қызметте екеуінің ұстаным, көзқарас тұрғысынан тоқай­ласатын һәм алшақтайтын тұстарын айта аласыз ба?

– Ұлттық идеологияға негізделмеген, келте саясат кесірінен журналистиканың бағыты екеу болып тұр. Орыстілді жур­налистердің біразы бұл елді уақытша мекен санайды. Сондықтан, кез келген мәселеде ел иесінен именбей аузына келгенін айта береді. Бұл мемлекеттің қыр арқасына батқан мәселесіне аса бас ауыртпайды. Кезінде «Караван», «Времялардың» алдында құрақ ұшты… Сол басылымдарды басқарған азамат­тардың біразы жағдайын түзеп алғаннан кейін тарихи отандарына тайып тұрды. Қабағын баққан қазақ та, құрақ ұшқан Үкімет те осы Қазақстанда қалды. Кім ұтты?!

Бір нәрсені түсінуіміз керек, «біз­де 140-150 ұлт бар» деп елпектей берген­нен ешкім ұшпаққа шықпайды, үйдің бір-ақ иесі болатынындай, бұл мемлекеттің де негізін құрған, тұтқа болып отырған бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ! Түрлі тағдырмен жан сауғалап келген ағайындар оған ренжімейді, араларынан бұра тартушылар шық­пайды. «1 арнаның» жер мәселесі төңіре­гіндегі комедиясы Үкіметтің де, өзгенің де көп нәрсеге көзін ашты деп ойлаймын. Шухов, Мельцерлер өз еліне кетіп, дүркіреген орыстілді БАҚ-тың да шамасы белгілі болды осы күні. Бізде соларға еліктеушілер, аянышты көшірмелер ғана қалды. Сонда да ел мүддесіне қиыс ой айтып, бұзық сөзді озық сөзге балап, қазақтың қытығына тиіп отырады. Өзім ондай кертартпалықты «шәукентаевшылдық дерті» деп атаймын. Алты ауыз сөз бен деректің ортасында адасып жүріп Познермен терезе теңестіруді көксейтін, ділмарсу, данышпансуға құмар «ерге­жейлілердің» басым болып бара жатуы осы күні орыстілді әріптестердің қазақ журналистеріне бәсеке болудан қалып бара жатқанын байқатады.

– Отандық сайттарда (әсіресе, орыстілді) «қазақстандық телеарналар неге ресейлік әріптестерімен бәсе­кеде әлсіз» деген тақырып жиі талқыға түседі. Расында, солай ма, әлде солай етіп көрсетуді мақсат еткен ақпараттық «шабуылдың» бір түрі ме?

– Қазақстандағы кез келген сала секілді Тәуелсіздіктің 25 жылында БАҚ та дұрыс дами алмады. Қазір қоғамның көкейіндегі ойды айтатын қанша тәуелсіз арна немесе газет бар?! Телеарна десек, ресейлік СТС еншілеген «31» ауызға ілігеді. Қожайын тізгінді кере тартатын кезі келсе, ол арнаның да дымы өшеді. Сонда біз қандай телеарнамызды Ресей арнасымен салыстыра аламыз, «Хабар» мен «Қазақстан» ба? Журналистердің біліктілігіне шүбәм жоқ, бірақ, сол арна­лардан соңғы рет қай жылы бойды шымырлатар, жалғанның бет-пердесін сыпырып, кемшілікті сойып айтар пікірталас көрдік? Ал, саяи дебатқа, оны егжей-тегжейлі талқылауға дайын емес журналист, я болмаса арна кімнің жыртысын жыртып жарытады?!

– Бір сұхбатыңызда «Кез келген діңі мықты мемлекетте «Ақпараттық қауіпсіздік саясаты» жүргізіледі. Ол ақпараттық кеңістікті қызғыштай қоруы тиіс» дегеніңіз бар. Бізде осы екі мәселе қай деңгейде жүзеге асуда?

– Ақпарат құралдарына келсек, дүңгіршек, вокзалдарда ресейлік газеттер самсап тұр, теледидарды қосып қалсақ қаптаған бөтен арна. Патриоттық сезіммен Қазақстан арна­ларын көрейін-ақ дейсің. Бірақ, 2х4 студияның ішіне 20 адам жинап алып, жұпыны декорацияның тұсында «Ұлы қазақ елі, Мәңгілік ел» туралы түсін­діріп жатқан «ток-шоуларды» көргенде жылағың келіп бұрылып кетесің. Қай облыстың телеарнасын қарасаң да, сол бір сарындағы, атауына дейін айнымайтын хабарлар. Басқаға шамалары келмейді, басқаға ешкім қаржы бермейді. «Телевидение» деп ауыз толтырып айтатын, студия, жарық, жабдық-жарағы сай телеарналарды санап көрсеңіз бір қолдың саусағына толмайды. Журналистика идеология құралы, сарбазы десек, мұндай «көтер­ем жауынгерлермен» қандай ақпа­рат­тық экспансияға төтеп бере ала­мыз?! Идеологиялық соғыс – ең қатерлі соғыс.

– Журналистика өз бейнесін жоғал­тып, жалаң үгіттік құралға ай­нал­ды. Бүгінгі теле­жүр­гізуші­лер­дің «нанын» әнші­лердің тартып алуы, телеарналарда ойын-сауық, әзіл кештері мен концерттік бағдар­ла­малар үлесінің артуы секілді құбы­лыстарды неге балауға болады?

– Меніңше, бұл «халықтың саяси сауатты болуы қауіпті» деген ойдың жемісі. Ойлы, айтары бар журналис­тердің тықсырылуы, олардың орнын әнші-бишілердің басуы, журна­лис­терді соларға сценарий жазатын қолбала есебінде ұстау түбінде абырой әкелмейді. Мемлекеттің идеологиясы сыпыра мақтаудың, әлдебір бағдар­ламалардың, стратегиялық жоспар­лардың «жарқын жетістігін» жамырай дәріптеумен шектелмеуі керек. Еш­бір журналист Отанына жамандық ойламайды. Әсіресе, қазақ журналисі. Сондықтан, олардың жақсылықты да, кем-кетікті де електен өткізіп, сарап­тамалық материалдар жазуына, сыни бағдарламалар түсіруіне мүмкіндік берілуі тиіс. Зерттеу, сараптамаға жол ашылып, БАҚ қайта қалам құдіретіне сүйенгенде бәсекелестік туындайды, эфирді жаулап алған «жұлдыздар» өздігінен топырлап жерге түседі.

– Журналистиканың жағдайы мен қызметі, арқалаған жүгі жайлы сөз болғанда аймақтық БАҚ назардан тыс қалып кете беретін секілді. Аймақтық телеарна жетекшілерінің бірі ретін­де оның күйі, қызметі, өзіңіз айтқан «ақпараттық қауіпсіздік саясатын» жүргізудегі рөлі туралы не дейсіз?

– Алматы облыстық «Жетісу» арна­сының материалдық-базалық жағ­дайы жақсы екенін тұтас республика біледі. Соңғы үлгідегі техника, 800 шаршы метрлік студия, оймен жасалған декорациялар… Елдің түкпір-түкпірінен әріптестер келіп көргенде «біздікі ит өмір екен ғой» деп күйініп еді.

Енді «өз функциясын қалай атқарып жатыр?» дегенге келсек. «Жапырып жатырмыз» десем жалған болады, шама-шарқымызға қарай сауатты, ел мұңын айтар бағдарламалар жасауға күш салып келеміз. Осы арнаның журналисі Арман Кәдірбектің салафизм қатері туралы жасаған арнайы репортажы күллі республикаға тарап, дәріс ретін­де көрсетіліп жатыр. Әр саланың басшыларын шақырып алып тікелей эфирде терлетіп алатын «Тұжырым» деген хабарымыз да бар. Өңірде қиыны «біз ақша береміз, сендер мақтауға тиіссіңдер» деген астам көзқарас. Біртіндеп ол көзқарастан да арылып келеміз. Ал, эфирге шығатын материал міндетті түрде сүзгіден өтеді. Тіпті, сатып алатын көркем және деректі фильмдердің өзін қарап, ұрпаққа, ел санасына кесірі тимейтіндерін іріктеп аламыз. Басқа арналардағы әріптестеріміз де дәл осындай жауапкершілікпен қарайтынына сенімдімін.

Біздегі үлкен қателік «ел респуб­ликалық арналардың ғана аузына қарайды» деп ойлайтынымыз. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да өз өлкесінде салмағы орасан. Бірақ, олардың көбінің жағдайы қандай екенін жоғарыда айттым. Ақпарат майданына сауыт-саймансыз салып қойған жауын­герлер қауіпсіздік шекарасын күзетіп тұр. Газеттердің де жағдайы осы шама­да.

– Әңгімеңізге рақмет.

 




Көрілген: 770    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

жұма, 20.01.2017, 10:08

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30