Алаш үні

Министр Біртановпен сұхбат. «Дымбілмес» дәрігерлер неге жазаланбауы керек?

  • Министр Біртановпен сұхбат. «Дымбілмес» дәрігерлер неге жазаланбауы керек?

    Министр Біртановпен сұхбат. «Дымбілмес» дәрігерлер неге жазаланбауы керек?

«Ақжол» Демократиялық партиясының ұйытқы болуымен Астанада ашық дискуссия форматындағы дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза жүргізіп, жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырза мен Мәжілістегі «Ақжол» партиясының фракциясы толық қатысты. Ондағы әңгімеге қазіргі Қазақстан медицинасындағы қолға алынып жатқан жаңа бастамалар, реформалар мен осы уақытқа дейінгі атқарылған шаруалар арқау болды. Ал дөңгелек үстел аяқталған соң министр мырзамен жеке сұхбат құрудың сәті түсті.


«Дымбілмес» дәрігерлер неге жазаланбауы керек?


- Елжан Амантайұлы, «Abai.kz» ақпараттық порталына арнайы сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Әйтпесе, түрлі лауазымдағы әріптестеріңізді сөзге тарту қиынның-қиыны болып тұр ғой қазір. Расында, біздің оқырмандардың, жалпы қоғамның сіз басқарып отырған министрліктің кейбір бастамаларына қатысты сұрағы көп.


Қазір әлеуметтік желіде, сіздің сөзіңізді қызу талқылап жатыр. Өткен жолы сіз Парламентке барыпсыз. Сөйтіп, сол жерде «дәрігерлерді қателігі үшін жазаламау керек» депсіз. Бұл барып тұрған абсурд қой. Менің білуімше, бұндай дымбілмес дәрігерлерді жазадан босату дейтін дархандық әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ.


-Менің Парламенттегі жиын барысында «кейбір жағдайда, әсіресе, дәрігер қателескен жағдайда сол дәрігерді бірден жауапкершілікке тартпау керек» деп айтқаным рас. Оны былай түсіндірейін. Түрлі жағдайлар болады ғой, түрлі себептер бар. Әңгіме нақты 137-бап жайлы болып отыр. Мысалы, өте ауыр жағдайда жатқан азаматқа дәрігер қасақана, әдейі көмек көрсетпеген жағдайда, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Оған ешқандай дауымыз жоқ. Тек бір ғана мәселе бар мұнда. Сол дәрігер науқасқа қате яғни стандартқа сай емес ем жасаса, оны қылмыстық жауапкершілікке тартпастан бұрын мәселені екі жағдайға бөліп қарастыруымыз қажет. Ол әдейі жасады ма? Егер әдейі жасаса, жазасы болуы шарт. Ал енді әр науқастың өзінің ерекшегілі болады ғой. Әр ситуация әр түрлі. Егер дәрігер қолынан келгенін аянбай, бар білгенін сарп етіп, алайда, сол науқасты емдей алмай, аман сақтап қала алмаса, ол дәрігерді бірден қылмыстық жауапкершілікке тартпай, әуелі қайта оқытып, үйретіп шешуіміз қажет. Барлығын бір бапқа енгізе бермеу керек.


-Біздегі дәрігерлердің орташа жалақысы қанша қазір?


-Дәрігерлердің жалақысы жоғары, жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Рас, барлығында жалақы аз. Салыстырмалы түрде айтсам, дамыған елдердегі көрсеткіш 3/1 болса, бізде 2/1. Оның үстіне бізде реаниматология аз. Ауруханаларда 130 орынға 6 жансақтау бөлімі. Бізде қазір ана мен бала өлімі азайды десек те, бұл процесс баяу жүріп жатыр.


-Неге?


-Біздің перзентханаларда реаниматология жоқ. Демек, әлі де алға қарай жүруіміз керек. Біз өзі жеке министрлік болып, бөлініп шыққанымызға 1 жылдан енді асты.


Сабильянов сенбеген «ертегі» және медицинадағы қағазбастылықты жоюдың жалғыз жолы


-Сіз өткенде медицина саласын түгелімен дерлік цифрландыру керек дедіңіз. Сол үшін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтан сөз естіп қалдыңыз. Депутат мырза сіздің жасаған баяндамаңызды «ертегі» деді. Енді соны тарқатып айтайықшы.


Бұл ауылдағы медпунктқа да, қаладағы ауруханаға да ортақ талап. Бұрынғы таудай қағазға көміліп отырған дәрігер енді барлығын компьютер арқылы жүргізуі керек. Шалғай аудандағы науқас квота алу үшін облыс орталығына сабылып жүрмейді. Интернет арқылы онлайн рәсімдейді.


Реформаңыз идеялық тұрғыдан өте жақсы. Ал шындығында бұл біршама утопияға келетін сияқты. Себебі, өңірлердің дені интернет жүйесімен қамтылмаған. Бар-жоғы 14-43 пайыз ғана. Алдымен осыны шешіп алу керек шығар?


- Бұл утопия емес. Мен мына мәселені айтқым келеді, біз қазіргі таңда республика бойынша барлық ауруханаларға берілетін тегін медициналық дәрі-дәрмекті қағаз түрінде бекітеміз. Еліміз бойынша 1,5 мыңнан астам мекеме бар. Сол мекемелерден 1200 дәрі-дәрмектің тізімі келеді. Бау-бау қағазды реттеу де, оны жоспарлау да оңай шаруа емес. Осы мәселені шешу үшін тез арада бүкіл медицина саласын цифрлы жүйеге өткізуіміз керек. Соған қажет жұмысты қазір жасап жатырмыз. Мысалы, дәрігер жазған ем тікелей бухгалтерияға барады да, бізге келіп түседі. Содан қай мекемеге қанша көлемде дәрі-дәрмек керек, біз оны көріп отырамыз. Жобалауымызша, бұны толық енгізу үшін 2 жылдай уақыт кетеді. Қазірдің өзінде әжептәуір интернетпен қамтылған аймақтар, қалалар бар.


Ал енді ауыл-аудандарды интернетпен қамтамасыз ету жалғыз біздің министрліктің мойнындағы шаруа емес қой. Оның үстіне кез келген аудан орталығында интернет бар. Оның жылдамдығына қатысты әңгіме болуы мүмкін. Дегенмен, аудандардың дені, басқасы болмаса да әлеуметтік мекемелер, әкімшілік, пошта, аурухана дегендер ақпараттандыру жүйесіне енгізілген. Тіпті болмаса енгізіп жатыр. Ол бір жылда ма, екі жылда ма, интернетпен толық қамтамасыз етілуі керек.


 


Бас дәрігер кім болуы керек? Менеджер ме, дәрігер ме?


-Жыл сайын жасалатын реформалардың ішінде ауыл медицинасын дамыту туралы арнайы бағдарлама бар ма?


-Ауыл медицинасына арналған арнайы бағдарлама жоқ. Дегенмен қазір отандық медицинаны дамытуға арналған үлкен бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қай бір жылдары "100 аурухана" деген бағдарлама болды. Ауруханалар, емханалар жыл сайын жаңа технологиялармен, заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып отыр. Ауылдың жағдайы «Денсаулық» деген бағдарламаның ішінде қамтылған.


Ауылдық жерлерде қазіргідей 2,5 мың адамға 1 медпункт емес, 1500 адамға бір медпункт болуы керек. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмын. Сосын мамандар керек.


Мен мынадай ұсыныс айтқым келеді. Медицина оқу орнын бітірген жас маманды міндетті түрде 3 жыл ауылдық аурухана, емхана, амбулатория сияқты мекемелерге жұмысқа жіберу керек. Дипломы бар жас маман ауылда міндетті түрде 3 жыл тәжірибеден өтіп, кейін басқа жаққа барса болады.


-Сіздің әкеңіз Алматыда Жедел-жәрдем ауруханасын басқарған, 7-ауруханада меңгеруші болған адам. Бірақ, сіз министр дәрежесінде жүріп, медициналық мекемелерді дәрігер емес, менеджер басқаруы керек деген сөз айттыңыз.


-Рас айтасыз, менің әкем де бас дәрігер болған. Қазір әр аурухана немесе емхана үлкен кәсіпорын. Түрлі жаңалықтар бар. Жаңа технологиялар келіп жатыр. Біріншіден, ақпараттық жүйелер. Оны түсіну керек. Қажетті дәрі-дәрмектерді жоспарлап, сатып алу және реттеуге де маман керек. Операциялық менеджмент дейміз оны. Қазіргі мекемелерді қарасақ, 60 пайыз құрал-жабдықтар ақпараттық технологияларға негізделіп жасалған. Барлығы цифрлы жүйе. Менің айтпағым, бүгінгі замандағы ауруханалар мен емханаларды меңгеру үшін арнайы білім қажет. Менеджмент қажет.


-Бас дәрігер менеджер болуы керек пе, әлде бас дәрігер болуы керек пе?


-Бас дәрігер ол – дәрігер болуы керек, ал аурухана меңгерушісі – менеджер болуы керек. Себебі, қазір мекемені меңгеру үшін ақпараттық жүйелер бойынша арнайы білімің болуы қажет. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар нәрсе. Біз де өткен жылдан бастап медициналық менеджмент деген бағдарламаны іске қостық. Қазір мамандар оқытылып жатыр.


-Қазір өзі жекешелендірудің нешінші кезеңі жүріп жатыр? Сол жекешелендіруге белгіленген мекемелердің ішінде денсаулықсақтау саласының мекемелері де бар көрінеді.


-Біріншіден, жекелешендіру мемлекеттің шығыстарына тікелей әсер етпейді. Республикалық деңгейдегі жекешелендірудің тізіміне кейбір ауруханалар мен емханалар кіргізілді. Ол тізім қалалық және республикалық мәртебесы бар мекемелерді қамтиды. Аудандық ауруханалар мен емханалар ол тізімге кірмейді. Себебі, ауданда тек бір ғана мекеме бар. Ол мемлекеттікі болуы керек. Ал қалалық ауруханаларға қазіргі күнде өте көп ақша салу керек. Өйткені, ескі, тозығы жеткен. Мемлекеттік ауруханалардың жағдайы нашар. Біз есептеп көрдік. Еліміздегі әлгіндей ауруханаларды ретке келтіріп, жөндеу үшін 1 триллионнан астам қаржы қажет екен. Ондай ақша қазір бізде жоқ. Бірақ, оны шешудің басқа жолдары бар ғой. Оған жеке инвестиция тартуымыз керек. Соның бір жолы – ауруханаларды жекеменшікке беру.


Жекешелендірудің соңы жарға соқтырмай ма?


-Ал біреу қаладағы аурухананың жекешелендіріп алды делік. Содан ол аурухана болып қалса жақсы. Басқа мақсатта пайдаланып кетсе ше?


-Олай болуы мүмкін емес, себебі, біз жекешеленген ауруханалардың қызметін бақылап отырамыз. Меншік иелері профильді сақтауы қажет. Біз мемлекеттік контракт, тапсырыс беріп отырамыз. Және әр азаматтың өзінің таңдауы болады. Алматыға бара ма, жоқ Өскеменге ме... Науқас адам аурухана мемлекеттік пе, әлде жекенікі ме деп жатпауы керек. Медициналық қызметтің сапасы жоғары және тегін болуы тиіс. Біз қазір жеке меншіктерге мынадай жағдай жасап отырмыз: инвестор келіп, ескі аурухананы алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, тегін медициналық көмек көрсететін болса, біз оған ақша төлейміз. Қазірдің өзінде сондай мекемелердің 44 пайызы жеке меншік. Оны көп жұрт білмейді. Біздің көздеп отырғанымыз –сапасына қарай қаржыландыру.


-Бюджеттен тікелей қаржыландыру ше?


-Жалпы медицинада нарықтық экономикалық даму деген үлкен мәселе. Қазір ел ішінде ғана емес, бүкіл мемлекеттер арасында да бәсеке ортақ болып тұр. Тек мемлекет қазынасынан қаржыландырамыз десек, оған көп ақша кетеді. Ал біздің қазіргі бюджеттік мүмкіншілігіміз оған жетпей жатыр. Қарапайым ғана арифметика. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан ақша, әр адамның басына 50 мың теңге. Шамамен 350 доллар, иә? Бұл – жылына. Ал дамыған елдерде бір жылда бір адамға 2 мың доллар бөлінеді. Бұл – Түркияда.


Сондықтан біз денсаулық сақтау саласын көтеру үшін – медициналық сақтандыру енгізуіміз керек дедік...


ММС неге тоқтатылды? 90-жылдан бір мысал


-Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Міндетті медициналық сақтандыру (ММС) дедік. Мендегі бар ақпар бойынша, күні бүгінге дейін қорға 20 миллиардтай қаржы түсіпті. Рас па?


- 20 емес, 35 миллиард...


-Дегенмен бұл бастама 2020 жылға дейін тоқтатылды. Елдің есінде болар, осы міндетті медициналық сақтандыру деген бастама бұрын да бір көтеріліп, жұрт қаржы аударып, ақыры соның басы-қасында жүрген азаматтар қарасын батырды. 90-жылдардың ортасында міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, оған директор болған Талапкер Иманбаев 2 жылда 150 миллион теңгемен бірге шетелге қашып кетті. Сөйтіп ел Үкіметі сәтсіз аяқталған қордан да, жүйеден де бас тартты.


Енді екінші рет енгізбек болғанда, қайтадан кейінге шегеріліп отыр. Бұл жолы қордағы өзіңіз айтқан 35 миллиардқа кім қарауыл болмақ? Неге кейінге шегерілді?


-Бұл үлкен әрі күрделі реформа болғаннан кейін, оған 2015 жылдан бастап дайындалдық. 2-3 заң жобасы қабылданды. Қазір 2,7 пайыз азамат медсақтандыруды төлей алмайды. Себебі, базарларда, тағы басқа жерлерде жұмыс жасайды. Қиындық осы жерден басталады. Ертең ол азаматтар тегін медициналық көмекті ала алмайды. Неге? Себебі жұмыс беруші сақтандыру капиталын құймаған. Ал азаматтер не істейді сонда? Біз әуелі соны шешіп алуымыз қажет болды. Жекеменшік компанияларда айлықты конвертпен алатын қызметкердің сақтандыру полюсі жоқ. Біз бірінші кезекте соны реттеп алуымыз керек. Ол азаматтар да тегін медициналық көмек алуы керек.


Әрине, түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береміз. Алыс аймақтардағы ел өз әлінше күнелтуде. Біз оларға ММС бойынша, ең төменгі төлемді –1400 теңгенің мөлшерін белгілеп отырмыз. Көбісі ойлайды: қазір тегін нәрсені ертең не қыламын деп.


-Ертең тегін болмайды ғой?..


-Ертең де тегін болады. Бірақ көрсетілетін көмектің тізімін бекіткен соң, біздің бюджет жетпей қалады. Сол қаражатты қазірден бастап жинауымыз қажет. Кеңейтілген медициналық көмекке ертең қол жеткізуі үшін халық қазір сақтандыруға қатысуы қажет. Сонда біздің мүмкіндігіміз де көп болады.


Ең бастысы бұл процесс толық тоқтатылған жоқ. Қазір жалпы халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сақтандыру жүйесі енгізіледі. Ол қаржыны басқарудың екі жолы бар. Біріншісі, әрине, әр өңірде қоғамдық бақылау комитеттері құрылуы керек. Содан кейін, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған барлық сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасына қатысты жыл сайын бұқаралық есеп жасалмақ. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық көре алады.


Бұған қосымша, кейбір медициналық қызмет түрлері бұрынғыдай мемлекет есебінен жүзеге асады. Әсіресе, зейнеткерлердің ем-домы да Үкіметтің мойнында. Жалпы, тегін медициналық көмек үшін бюджеттен жыл сайын 900 миллиард теңгедей қаржы бөлінеді. Биыл елімізде қолданылғалы отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлемдік тәжірибедегі Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия сынды мемлекеттердегі жүйеге сүйене отырып әзірленген.


Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Мұндай азаматтардың 15 санатын белгіленіп отыр. Олар: «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І, ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен кембағал жандар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан балалар. Сонымен бірге, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер т.б. жарна төлеуден босатылады. Ал ерекше санаттағы, яғни, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін мемлекет орташа айлық көлемінің 7 пайызы мөлшерінде төлемақы аударады.


Бізге медициналық турзимді дамыту қажет


-Түсінікті болды, Елжан Амантайұлы, сөзімізді қорытындыламас бұрын медициналық турзим жайлы сұрамақпын. Қазір қалтасы көтеретін азаматтардың көбі Қазақстан медицинасына сенбей ме, әйтеуір, шетелге барып, ем-домын алып келуге тырысады. Бұл – факт. Соның ішінде Оңтүстік Кореяға жиі баратын көрінеді. Олардың саны 4 мыңнан асады екен. Бұл – статистика. Енді жаңағы әр азамат Оңтүстік Кореяға 10 мың доллардан тастап келеді десек, бұл сома 15 миллиардқа жуықтайды. Ал Қазақстанда бір ғана онкология саласына бөлінетін жылдық қаражат 30 миллиард. Осыны ескерсек, Қазақстан да медициналық туризмді дамытуды қолға алуға болмай ма? Әлде оған біздің дәрігерлердің қабілет қарымы жетпей ме?


-Біздің дәрігерлердің қабілет қарымы жетпейді дегеніңізбен келіспеймін. Мысалы, осы Астанада Франциядан арнайы келіп, ақылы түрде емделіп жатқан адамдар бар. Бұл саланы әлі де дамыта түсуіміз қажет. Және медицина саласына инвестор тарту деген дұрыс пікір. Мен сізге бір дерек айтайын, қазірдің өзінде жекелеген инвестицияның көлемі 90 миллиардтан асты. Нақты айтсақ, 23 пайыздан 43-45 пайызға артты. Әрине, сомасы аз болғанмен, пайыздық көрсеткіш жоғары. Біздің дәрігерлердің де әлеуеті төмен деп айта алмаймын. Қабілетті, білімі жоғары.


-Жақсы, Елжан Амантайұлы, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге және бір мәрте рақмет айтамыз. Ісіңізге сәттілік!


-Жалпы медицина саласындағы кейбір мәселелерді халық түсінбей жатады. Ал оны ашып, түсіндіру керек деп есептеймін. Сондықтан, осындай ашық сұхбат үшін сіздерге мен де рақмет айтамын.


 


Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы


Abai.kz




Көрілген: 2506    Пікірлер: 0

сенбі, 10.02.2018, 21:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30