Алаш үні

Наурызнама идеологиясы хақында наз

  • Наурызнама идеологиясы хақында наз

    Наурызнама идеологиясы хақында наз

Нұх пайғамбар заманынан бастау алған Әз-Наурыз мейрамы күллі түркі жұрты, Кіші Азия мен Орта Азия елдерінде (тіпті шығыс славян халықтарында Наурыз мейрамының атрибуттары сақталған) үш мың жылдан бері тойланып келеді. Көнеден ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардугаш», буряттар «сагаян сара», соғдылықтар «наусарсыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе», Түркия «Сұлтан-й-Наурыз» деп әрқилы атап, тойлап келе жатқаны халықаралық мереке ретінде Наурыздың тарихи тамыры терең әрі жағрапиясының ауқымды екенін айғақтаса керек. Көнедегі Русьте христиан діні қабылданғанға дейін Жаңа жылды бірінші март күні қарсы алу дәстүрі болса, ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 мартта тойлап келді.


Кеңес өкіметі тұсында «діни мей­рам» деген сылтаумен 1926 жы­лы мерекелеуге тыйым салынған Әз-Нау­рызды арада 62 жыл өткен соң, яғ­ни алғаш рет 1988 жылы ұлтымен қай­та қауыштырған Өзбекәлі Жә­ні­бе­ков: «Наурызды елден, елді Нау­рыз­дан ажыратуға болмайды», - де­ген еді. Алайда Тәуелсіздік алғалы бе­рі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мей­ра­мын асқақтата тойлаудың орнына ақ шаңқан киіз үйлерге шен-шек­пен­ді­лер мен бай-бағландардан өзге жанды жолатпайтын сараңдық пиғыл мен елді мезі ететін жаттанды сах­на­лық көріністер, даңғаза концерттер ұйым­дастырудан әрі аспай, төл мей­рам­ның қадір-қасиетін аяқасты ет­кеніміз жа­сырын емес. Ауылдағы аға­йын өз бе­тімен ұйымдасып, тәп-тәуір атап өтеді. Ал қалалық жерде Наурызды әдет­тегі өзін­дік пәлсапа мен мән-маз­мұннан ада көше мей­ра­мы деп түсінетін бол­дық. Шыны ке­рек, шаһарларда Нау­рыз­ды қалай той­лау керектігін біле бер­мейміз. Өйт­кені оны тойлаудың тұ­жы­рым­дамасы, кешенді бағ­дар­ла­масы, не жо­басы жоқтың қасы.


Соңғы кездері зиялы қауым өкіл­дері, дәстүрді білетін үлкен кісі­лер, жазушылар мен этног­раф­тар, тарихшылар мен әде­биет­шілер, қоғам, мәдениет, өнер қай­раткерлерінің басын қосып, елі­міз­де Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мере­кесі­нің кешенді концептуалдық негізде­месі нақтыланып, оны жалпыұлттық ауқым­да атап өтудің бағдарламасы жасалуы керектігі айтылып жүр. Бәлкім, елге идео­логиялық бағыт-бағдар беруге тиісті мұн­дай бағдарлама жобасын «Наурызнама» деп атау керек шығар. Осы орайда, ұлық Наурыз мейрамын толық нәшінде той­лау­дың ұлттық-тарихи жаңғыру, мәде­ни-рухани, бірлік пен татулық, ақпа­рат­тық-насихаттық, адамгершілік пен эко­ло­гиялық, интеграциялық-бауыр­лас­тық тұр­ғыдан жан-жақты зерделеу керек сияқты.


Ұлттық-тарихи, саяси жаңғыру тұрғысынан


Басқаны қайдам, маған Ұлық Нау­рыз мейрамы бүкіл ұлттың тұтасқан идео­логиясының көрінісі секілді. Әз-Нау­рыз­дың шеңберіне бүкіл қазақтың бол­мысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәде­ни, тарихи мұра­сын сыйғызуға болады. Нау­рыз­наманың басты миссиясы - бар Алаш­тың қадым заманнан бергі даң­қты өткені, киелі шежіресі, жасампаз өмір ­салты елестеп, әрқайсымыздың бойы­мызға рух бе­ріп, өз халқымызға деген сүйіс­пеншілік сезі­міне жетелеуі тиіс. Наурыз­наманың жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағым­дар­дан қорғайтын ұлт­тық иммунитетіміздің қал­қаны, алынбас қамалы болмағы керек.


Ұсыныстар:


1. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесінде наурыз айы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан барлық сала бойынша есеп беретін, қорытынды түйетін, аса маңызды саяси мемлекеттік рәсімдерді өткізетін мезгіл болса игі.


2. Жыл қорытындысы ретінде әртүрлі сала үздіктерін «Наурыз» сыйлығымен марапаттау дәстүрін енгізсек.


3. Мәжіс депутаты Мұрат Әбенов ұсын­ғандай, әкімдер мен басшылар, министрлер өз үйінде, өз ауласында тамақ дайындап, дастарқан жайып, қарапайым қыз­мет­керлерді шақырып, оларға құрмет көр­сетсе, бұл ең қажет және ең керемет әлеу­меттік теңдік болмақ. Қалталы азаматтар әлеу­меттік жағынан қорғалмаған адам­дарға көмек көрсетуді үрдіске айнал­дыр­са, Наурыздың мәні мен сәні келісер еді.


Интеграциялық-бауырластық тұрғыдан


Әз-Наурыз - түбі бір түркі жұртына ортақ, бауырлас елдерді елдестіретін, біріктіретін мереке. Осы ретте Наурыз мейрамы түркілік интеграцияға дәнекер, алтын көпір болса.


Ұсыныстар:


1. Осы Ұлыстың ұлы күнінде түркі елдері басшыларының және делегация­ла­рының мәдени-рухани форматта Наурыз құрылтайын (бейресми саммит) өткізу дәстүрге айналар болса, шіркін!


2. ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және өзге ұйымдар Наурыз мейрамы аясында әртүрлі іс-шаралар, фестивальдер, симпозиумдар өткізуге мұрындық болса, игі іс болар еді.


Ақпараттық-насихаттық тұрғыдан


Ұлық мейрамды жоғары дәрежеде атап өту елдің түкпір-түкпірінен әлі де бізге белгісіз этнографиялық мәліметтер жинауды, ақпараттық насихат жүргізуді талап етеді.


Ұсыныстар:


1. Елдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарында Наурыз мейрамын кешенді түрде атап өту жөніндегі медиа-жоспар жасалуы керек.


2. Наурыз тойының мән-мағынасы, Ұлыс күнінде жасалатын жөн-жорал­ғылар туралы әртүрлі деректі фильмдер, қазақ аңыз-әпсаналары, ертегілеріндегі Қыдыр ата, төрт түлік иелері, Алдар көсе, Жиренше шешен т.б. секілді кейіпкерлерді насихаттайтын мультфильмдер т.б. теле­өнімдер шығарылса.


Мәдени-рухани тұрғыдан


Күн мен түннің теңескен сәтінде Жер-Ана қайта түлеп, табиғат дүр сілкіне оянып, тіршілік құлпыра жанданған шақта адам баласы - қазақ жұрты да мәдени-рухани жаңғыруға бет бұруы тиіс.


Ұсыныстар:


1. Азиада алауының эстафетасы секілді облыс әкімдері «Наурыз» керуенін ұйымдастырса дейміз. Өйткені қазақта «21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды» деген сенім бар. Алаш жұрты Ұлыстың ұлы күнін жаны, тәні таза қалпында, жаңа киіммен, жақсы тілекпен қарсы алады. Осы мазмұнда «Наурыз» пойызымен Қыдыр ата, жыл басы Қоян мен жыл он екі ай кейіпкерлері, елдің дәстүрлі және эстрада әншілері, театр әртістері, ақын-жыршылар бір ай мерзімде бүкіл облыстарды гастрольдік сапармен аралап шығады.


2. Көкпар, жамбы ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс және тағы басқа ұлттық ойындардан «Наурыз» ұлттық спартакиадасы ұйымдастырылса қандай жақсы болар еді.


3. Қазақтың ұлттық тарихы, жәдігер­лері, салт-дәстүрлері, ділі, діні хақында «Наурыз» мұражайын ашсақ игі.


Бірлік пен татулық тұрғысынан


Наурыз - Шығыс елдері үшін ежелден ынтымақ-ырыс мейрамы. Бұл күні араздасу, харамдыққа жол беру - ауыр күнә. «Наурызда Самарқанның көк тасы ериді» демекші, бұл мейрамда араздасқан, өкпе­лескен ағайын бір-бірімен татуласып, құшақ жайып қауышады. Наурыз - бай-кедей, бастық-қызметкер демей, бәрінің арқа-жарқа, мәз-мейрам болатын күні.


Ұсыныс:


1. «Қыстан аман-есен, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел шықтық» деп, ағайын-туыс, жолдас-жора Наурызды бір-біріне барып, көрісуден бастаған. Қазақстанның батыс аймағында сақталып қалған игі дәстүр: «көрісу» немесе «амал» салтын бүкіл елде жаңғыртқан ләзім.


Адамгершілік және экологиялық тұрғысынан


Былтыр БҰҰ аясында халықаралық мейрам болып бекітіліп, мәртебесі асқақ­таған Наурыздың аса маңызды атрибуты - адамзат пен жаратылыстың ажырамас бірлігі, табиғаттың етене жақындығы, астарында сырға толы ырым-жоралғы, наным-сенім, өткенге тәуба, ертеңге деген үміт, оптимистік көңіл күй сарыны жатқан адамгершілік қағидаттармен тығыз байланысты. Адамзат өркениеті шырқау шегіне дейін дамып жетілсе де, фәниден бақиға дейінгі жұмыр бастының бар ғұмыры жаратылыс заңдылықтарына кіндігінен бай­лан­ғаны ақиқат.


Ұсыныстар:


1. Әлемнің көптеген халықтарына ортақ Наурыз мейрамының ілкідегі философиясы мен атрибуттарын заманға сай модернистік тұрғыдан ішкі мән-мазмұнын бұзбай санаға сіңіріп, жалпыұлттық ауқым­нан отбасылық шеңберге дейін һәм адамдар арасын­дағы қарым-қатынасты ізгілік шуағына бөлеуі керек, адам бала­сының таби­ғатқа деген ашкөздік пиғы­лынан арыл­тып, махаббат пен құштарлық ниетін оятуы керек.


2. Наурыз мерекесі аясында бір ай бойы жер-жерде тазалық шаралары, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей көшет отырғызу дәстүрі жаппай үрдіске айналуы қажет.


Тұжырым


Наурыз идеясы, наурызға қатысты дәстүрлерді, салт-жораларды, тағамдарды ұлттық брендке айналдырып, тұрмыста қолданысқа енгізу жайын ел болып ойласқан жөн. «Кеңес түбі - нараду» демекші, Ұлыстың ұлы күнін атап өту тұжырымдамасын ойласып, қолға алсақ қана әдепкі Жаңа жылдың басты атрибуттарын төл Наурызымызға еншілеп, мәңгілік бойтұмар ете алмақпыз. Азат таңымызбен арайлап атқан Әз-Наурыз мейрамында әр шаңыраққа құт-береке ұяласын, аузымыз аққа тисін, ырысымыз мол болғай, Алаш жұрты!


Құбаш Сағидоллаұлы.


 «Алаш айнасы» газеті


 




Көрілген: 713    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 21.03.2017, 18:08

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
26 Шілде, 14:07
Алашшыл азамат
12 Шілде, 11:51
Генерал жолы

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30